Сұхбаттасқан: Ақмарал Айтбаева
Алма ханым, премьераңыз құтты болсын! Әңгімені бірден осы “Аттила мен Аэций” қойылымынан бастасақ. Бұл пьесаны қоюды театрға Сіз ұсындыңыз ба? Әлде, театр режиссер ретінде Сізді таңдады ма?
Әр режиссердің ойында елге байланысты, жалпы рухани өмірімізге, тарихымызға байланысты жүретін проблемалар болады. Адам осылайша үнемі бір дүниені шын қалап, ойда жүргенде сол ойға ғайыптан жолдар ашылып, тылсым әлем көмекке келетіндей. Бұндай құбылыстардың болатыны рас...
Мен де бір жаңа дүниелерді армандап, ойлап жүргенде «Аттила мен Аэций» спектаклінің суретшісі Қабыл Халықов Францияға жолы түсіп, пьеса авторымен кездесіп келді. Бұл кездесуде ол кісі Аттиланың қазақ топырағына жақын Ғұн екенін ескерте отырып, оны қазақ сахнасында сахналасаңыздар деген ниетін білдірген. Содан ұжым болып бұл идеяны осыдан бес жылдай бұрын ойластыра бастадық. Ол кезде пьеса әлі қолымызға тимеген. Бірақ, жасаймыз деген мақсат-тілегіміз болды.
Әр елдің өз рухани капиталы болатынындай, бізде де ондай капиталдар көп. Аттила соның біреуі ғой деп ойладым. Өйткені өркениетте, Еуропада бұл кісі өте белгілі тұлға. Ал, қазақ топырағында неге ол белгілі болмауы керек? Неге біз осы капиталымызды қолданбауымыз керек деген ой туды. Және бұл құпия дүние ғой. Яғни, Аттила туралы деректердің дәлдігіне тарих та толық жауап бере алмайды. Мен құпиясы көп дүниелерге ұмтылғанды жақсы көремін. Себебі бұл режиссерге еркіндік пен фантазия сыйлайды.
Қойылымның драматургиясы жөнінде актерлерге ойларын жеткізу үшін және оқиғалардың көрерменге мейлінше түсінікті болуы үшін тексттер мен диалогтар жеткіліксіз деген сынды қайшы пікірлер айтылып жатыр. Менің ойымша, бүгінгі заманға осындай драматургия керек. Бұл жәй жазылған, қарапайым шығарма болып көрінуі мүмкін. Басқа қырынан қарасаңыздар пьеса режиссердің астар іздеуіне, көру процессіне үлкен көмек келтіреді. Сондықтан да біз бұл дүниені эстетикалық құрылымдардан құрауымыз керек болды. Себебі қазіргі жаңа толқынға, жас көрерменге керегі осы. Мысалы мен премьераның екінші күні қатты таң қалдым. Жас көрермендер қойылым тіліне ілесіп отыр. Рухтанып отырды. Өте жақсы қабылдады. Бұның өзі біз үшін үлкен прогресс.
Дегенмен де, әлі күнге дейін біздің саламызда тапталып қалған заңдылықтар мен көзқарастар бар. Мен ондай дүниелерге қарсымын. Мүлдем келіспегендіктен емес, тоқтап қалудан қорыққандықтан. Жалпы өнер деген күнде өзгеріп отыруы керек құбылыс қой. Және оны жасайтын адамдардың да ой-санасы, өресі, талғамы мен өнерге қатынасы қазіргіден 5-10 жылға алда жүруі керек. Сондықтан да кей сәттер түсініксіз де болуы мүмкін. Оны түсінуге де ой керек. Меніңше біраз уақыттардан соң, біз осы қазіргі кезеңдерден өткеннен кейін, ішкі мәдениет өсе келе бұл дүниелер түсінікті болады деп ойлаймын.
Және ең бастысы театр – ұжымдық өнер. Біз баршамыз бірге тақырыпты көтердік, жұмыла күш салдық. Сәйкесінше бұл спектакль мен идеялар бір менің ойымнан емес, бірнеше суретшінің, философтардың және композиторлар мен театртанушылардың ойынан туды.
Еуропа тарихында “Тәңір қамшысы” деген атпен қалған Батыс Ғұн империясының көсемі Аттила туралы жазылған дүние аз емес. Алайда оның көпшілігінде “қанішер”, “жауыз”, “варвар”, “басқыншы” ретінде суреттеу басым. Ал, Сіздің қойылымда Аттила бейнесі барынша ақкөңіл, ақ-жүрек. Бұл актер жасаған бейне ме, әлде Сіздің режиссерлік шешіміңіз бе? Жалпы қойылымда не нәрсеге баса мән бергіңіз келді?
Бұл ең негізгі сұрақ деп ойлаймын. Қойылымға дайындық барысында біз Аттила жайлы қаншама кітаптарды, шығармалар мен талдауларды оқыдық, фильмдерін қарадық. Аттила туралы материал қанша көп болса, екі ұшты дүниелер де соншалықты телегей теңіз. Расында да біраз материалдарда Аттиланы «варвар» деп қабылдаған. Ал, Еуропаның бізден бір артықшылығы – олар Аттила жайлы қаншама кері пікірлер көп болса да оны басқыншы-қанішер деп емес, парасат-пайымы биік үлгі – тұлға ретінде мойындайды. Еуропа оны қатты ұлықтайды. Аттила күндерін өткізеді, ескерткіштерін қойған. Оның есімін үздіксіз насихаттайды. Ал, біз неге насихаттамаймыз?!
Мен осы спектакльде Аттиланың бойына қазаққа қанмен келген жақсы қасиеттерді сіңіруге тырыстым. Себеп, өздеріңіз де ойлап қараңыздаршы, егер ол «варвар» болса, ол сонда Римді жаулап, жермен жексен етсе Рим қазіргідей гүлдеп тұрар ма еді?! Мәдениеттің ошағына айналар ма еді?! Аттила бар дүниенің бағасын білді. Қарабастың қамынан мәдениет пен тарихты биік қойды. Егер ол қанішер болса, Рафаэль оны XV ғасырда Құдайға теңеп, бүкіл Ватиканның төбесіне салмас еді ғой. Демек ол төмен адам емес. Бұл адамның рухы өлмейді деп ойлаймын. Себебі сол рухтар бізді биік етіп тұр. Текті түбірді қалыптастырған осындай кісілер.
Аттила өмір сүрген кезең тым арыда. Тіпті хандықтар да, қазақ деген сөздің де пайда болмаған уақыты. Осының өзі режиссерге шабыт пен еркіндік сыйлайды. Үлкен кеңістік пен фантазия береді. Содан да мен оны таза қазақи ұғымға батыл жақындаттым.
Тағы да деректердегі ол кісінің іс-әрекеттерін жіті бақыласақ, Аттила Францияға, сол дәуірдегі Галияға барып, шалқып, зәулім сарайлар салып өмір сүруіне болушы еді. Ол кісінің қаны, жаны өзінің елінде болды да, қайта оралды.
Мысалы пьесада Леонмен болған сахнада, Леон Аттиладан лауазымы жағынан қаншама төмен болса да оның айтқан сөзіне тоқтап, оған көнуі үлкен азаматтық пен парасат биігі деген ұғымдарға келіп саяды. Бұл дүниелер автордың тарапынан ремаркамен беріле алмайтын болғандықтан менің шешімдеріммен көрініс тапты.
Елін сүймейтін, халқын сүймейтін адам Аттила сияқты болмаушы еді. Бүкіл әлемге қолын созып, билігін жүргізіп отырған тұлға соншалықты қарапайымдылыққа ие. Оның ішкі мәдениеті өте жоғары. Досттықа деген, махаббатқа деген қатнастары биік. Біздің менталитетпен салыстырып қарасақ та, қазақта бәйбішесін ешкімге айырбастамайтынындай, Аттила да Кере-Коны сүйді, мәңгілік ұмытпады. Оның өзі де пьесадағы сөздерінде махаббатта тұрақты адам екенін айтады. Бәйбішесін ешкімге айырбастамады. Қалған әйелдері империясының үлкеюі үшін ғана керек болды. Былай алып қарасақ психологиялық тұрғыда тура өзіміздің қазақтың менталитетіне, қазақи ұғымға өте жақын. Мен өзім солай деп қабылдадым. Дәл осы спектакль біздің табиғатымызға жақын болуы керек, біздің ең мықты деген дүниелеріміз осы кісінің бойында болу керек деп шештім.
Естуімізше, театр ұжымы қойылым барысында француз аттилатанушы ғалыммен тығыз байланыста болған екен. Еуропалық зерттеушінің кеңесі не қосты?
Иә, жоғарыда айтылған аттилатанушы, ғалым, пьеса авторы Григорий Томский спектакльге барынша зерттелген, тарихи дәлдіктер мен дәйектер қосты. Ол кісінің Аттиладан бөлек Қазақстанға жасап жатқан еңбегі толағай. Аттиланы терең зерттеп келе жатқан ғалымдардың бірегейі Томский Францияда Аттиланың сарайы секілді керемет көрмелер ашты. Оның бұдан бөлек бізге осы материалды ұсынып, қазақ сахнасында сахналасаңыздар екен деген тілек-ниетінің өзі спектакльдің дүниеге келуінің бастауы болды.
Және Халықаралық Адам иниститутының президенті Жанұзақ Әкім деген кісі де үлкен қолғабыс болды. Жалпы менің таң қалғаным, бұл кісілерден бөлек, бізге Аттиланы бастағалы менің өзім білмейтін, танымайтын қаншама тұлғалар, зиялылыр хабарласып, үлестерін қосуға ниет білдірді. Осы спектакльді болсын деп қалағандар көп болды.
Рөлге актер таңдауда қандай талаптар қоясыз?
Мен өзімнің интуицияма сенемін. Бұл қабілет те маған көп жылғы тәжірибемен келген. Театрда бірінші жыл жұмыс істеп жатқаным жоқ. Театр артисттерін де жақсы білемін. Кім алға бір қадам жасай алатынын да сеземін. Сондықтан да қателесуім мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі артистеріміздің не бітіріп, қандай рөлдерді ойнап жүргенін жақсы білемін. Актерлерді басқа уақытта да көз алдымда ұстап, бақылап жүремін. Содан осы жасай алады-ау деген актерлерге рөлді сеніп тапсырамын. Ешбірі туғаным да, туысым да емес. Мен менің талаптарыма сай келетін, еңбек ете алатын актерлерді таңдаймын. Өмірде өте жақсы араласып жүрген актер, сахнада салғырттанып тұрса оның менен асқан жауы жоқ. Танымай кетуге де барамын. Мен процесс барысында өте мәдениетті, сабырлы болып отыра алмаймын. Ренжітіп те, жылатуым да мүмкін. Бұл біздің жұмысымыздың табиғаты. Режиссер процесс кезде нағыз диктаторға айналады. Режиссерлік үлкен эмоциялы, қайшылықты жұмыс. Бірақ бұл біздің робот емес, адам екеніміздің айғағы ғой. Дегенмен мен көбінде актерлерге бір ұшы өзіме тип жатса да, еркіндікті мейлінше көп беруге тырысамын. Өйткені оның шығармашылыққа әкелер пайдасы үлкен.
«Аттила мен Аэций» толғағы ұзақ спектакль болды. Осыдан 3-4 жыл бұрын қойылым жайлы ойлап жүргенімде Аттиланың рөлін Азат Сейтметовқа бергім келген. Өйткені қазір Азат нағыз бабында. Ойлау жүйесі болсын, философиялық қырларды жеткізе алу қабілеті болсын, рухани толысуы мен жас мөлшері де тура келіп тұрды. Содан белгілі бір себептерге байланысты Азат Сейтметов рөлді ала алмайтын болды.
Ал, Ақберген Жұмабаевты алған себебім ода ерекше бір “изюминкалар” бар. Жалпы спектакльде герой тууы керек қой. Талантына немесе ойлау қабілетіне байланысты елестеткенде ол біздің брендіміз болуы керек сияқты болды. Содан осы баланың бағын сынап көрейік деп, қанша жерге шабатынын бақыламаққа рөлді тапсырдым. Жалпы жаман емес сияқты.
Бұл қойылымда тек 1-2 актерден басқа біріңғай жас актерлар жұмыс істеді. Жалпы жастар қазір жұмыс жасамаса, рөл алмаса кейін кеш болып кетеді. Мен оны да үнемі ойда ұстаймын. Рөл берген жас актер ақ тер-көк тер болып жұмыс жасап, сахнада тұла-бойы дірілдеп, төселеді. Міне сол діріл артистке қажет. Онсыз ол өспейді. Жүрегінде дірілі болмаса, ол қобалжымаса ол аяқ астынан сұмдық профессионал болып кетпейді ғой. Бұл әртіске ең керегі. Кез келген үлкен артистке барып сұрасаңыз да айтады, бәрі де осы толғаныспен өскен. Қазіргі жастар да психологиялық, харрактерлі рөлдерге, лирикалық рөлдерге сұраныс түсіріп жатыр. Артистің ізденісі – үлкен дүние. Менің режиссер ретінде актер бойындағы бағалайтын қасиетім де осы.
Қойылым композиторларының бірі ҚР Мәдениет және спорт министрі, белгілі композитор Ақтоты Райымқұлова ханым екен. Жалпы ол кісімен жұмыс барысы қалай жүрді? Шығармашылық тандем жасай алдыңыздар ма?
Ол кісімен етене жұмыс жасалған жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын қыпшақтар туралы деректі фильм түсірілген. Сол фильмде харал музыкасын естіп қалғанмын. Зерттей келе бұл шіркеу музыкасының да түбі қыпшақтардан алынған екен. Содан маған Аттилада соңғы бір кішкентай сахнаға үлкен рух беретін, фон жасай алатын музыка керек болды. Бірден әлгі әуен құлағыма келіп, есіме түсті. Мен Ақтоты ханымның осы дайын шығармасын ғана сұрап алдым.
Бір спектакльді жасау үшін автормен, суретшімен, хореограф және композиторлармен жеке-жеке жұмыстар жасалуы керек. Мен осындай прцесстердің бірінде өзіме Әсел Омарова деген композитор қызды ашқан болатынмын. Ол менің «Таңсұлу», «Көмбе нан» спектакльдеріме музыка жазды. Қазір оныменен жұмыс жасайтын режиссерлер қатары да көбейді. Ал, Аттилада маған музыкадан бір уақыттың екпіні есуі қажет болды. Содан достарым арқылы Сәтжан Шаменов есімді композитор жігітті таптым. Ол жігіт нағыз маған керегін жазып берді. Екеуміз шығармашылық тандем құрып, үйлесімді жұмыса жасай алдық.
Қойылымнан байқағанымыздай қоюшы-суретшінің жұмысы да ерекше көзге түсіп тұрды. Заманауи технология, 3D форматта құрастырылған сахналар көрерменге ерекше әсер еткендей болды. Өз қойылымдарыңызда декорацияны, реквизиттерді режиссерлік шешімге қаншалық пайдаланасыз?
Негізі менің спектакльдерімде декорациялар аз болады. Декорацияны көптеп жасағым да келмейді. Аттилада да тек бір тақ ғана жұмыс жасайды. Қалғаны техниканың көмегімен. 3D форматта. Бұл бір жағынан өте ұтымды. 3D формат Еуропада кеңінен тараған дүние. Бізге кішкене таңсық болып жатыр. Қазірде көпшілік режиссерлер осы экрандық декорацияға бет бұрды. Бұл қаптаған декорацяны алып жүру қиындығынан да арылтады. Мысалы қытай спектакльдерін қарасаңыздар театрда қаншалықты заманауи техниканы қолдануға болатынын көресіздер. Ал, бізге оның енді ұшы ғана жетіп жатыр ғой. Бұл шешім актерлердің ойынына басында қатты қиындық тудырды. Себебі осыған дейін бұндай дүниемен жұмыс жасап көрген жоқпыз. Содан бір формасын таптым. Экрандарды тарих парақтары ашылып жатқандай етіп жасаймын деп ойладым. Кітаптың әр бетінде өз оқиғалары бейнелене береді. Сахналар қойылады. Былай қарап тұрсақ қарапайым дүние. Ал тетігін табатын болсақ соның бәрі жұмыс жасайды. Актерге де, режиссерге де көмектеседі. Дегенмен де мен бұл декорацияларды актерден кейінгі планда тұрып, оған көмектесуі үшін ғана қолданамын. Спектакльдерімде эстетикалық дүниелерге көп қараймын. Режиссер ретінде күшті мизансцена құруға саламын. Өйткені мизансцена - бұл сахнаның тілі. Менің сахнадағы тілім. Дегенмен голографиялық сахналар сол мезеттегі менің ойларымды алып кетуге көп көмек тигізді. Бұл кино емес қой. Бұл - спектакль. Тірі сахна. Бір сағаттың ішінде екі әлемдегі екі мемлекеттің тарихын сипаттап, психологиясымен, сол кезең атмосферасын бере білу керек. Содан бұл сахналар символикалық шешімдермен кетті. Кейбірі түсінуі мүмкін. Көбі түсінбеуі мүмкін. Сол секілді Кере Коның қаза болуы сондай ұтымды сахналардың бірі болды. Оны сахнада шалқасынан түсіріп, өлтірмей-ақ символдық шешімдермен қаза болғанын көрсеттік.
Сізді Алма Кәкішева деп білетін жұрт, Алма Арғын деген жаңа есім-сойыңызға тосырқап қалған жоқ па? Жалпы мұның сыры неде?
Жалпы Жапондықтар жастары алпысқа келгенде өзгереді екен (күліп). Тегін, түрін, есімдерін, жалпы болмыстарын өзгертіп жаңарады. Содан қайта туғандай болып, жаңғырғандай болады. Сол сияқты жапондық менен де алыс емес қой. Біздің де, олардың да қандарында ғұнның қаны бар. Сонымен қоса Алма Арғын деген де естілуі жағынан көркемдік тандем, әдемі “псевдоним” болды. Әр спектакль қойылғаннан соң сахнамен қоса режиссердің де өмірі бір серпіледі. Сіз бір кезеңнен өтесіз. Бұл жұмыс біреуге ұнауы, біреуге ұнамауы мүмкін. Маңыздысы бұл емес. Маңыздысы сенің сол кезеңнен өтуің. Бір кеңістіктен екінші бір кеңістікке ауысуың секілді. Ал сол жаңа кеңістікке кіргеннен соң саған тағы бір идея туады. Солай жалғаса береді. Жалпы өзгеріс қай мағынасында да жақсы дүние.
Соңғысы дәстүрлі сұрақ, Сіздің пайымыңызша Қазақ театрының соңғы он жылдағы жетістігі мен кемістігі неде?
Мен сыншы емеспін. Ал театр кеңістігіндегі жеңіс пен кемістікті кәсіби сыншы өз сапалы сынында айтуы керек. Мен ешқашан өз әріптестеріме сын айтпаймын. Мейлі ол режиссерлер, актер қауымы болсын. Оны айтуға хақым да жоқ. Себебі мен де солардың ішінде жүрген адамның бірімін. Егер сырттан кәсіби сын айтылып жатса, оны қабылдаймыз.
Бірақ, біздің халық жақсы дүниені өздері бірінші көре бермейді ғой. Біреу алыстан барып жүлде алып келсе, соны ғана көкке көтереді. Ал расында оны оған дейін көріп те, естіп те жүрді ғой. Мәселе лайықты дүниеге лайықты мән аудармауда. Талғамның төмендігінде. Оған ренжуге де болмайды. Шынында біздің халық өте талантты халық. Біздің халықтың қанында, ДНК-сында қаншама ұлылардың ағзалары бар. Сондықтан да бұндай көп дүниелер таңсық та болмауы мүмкін. Содан кейін де қатты бағаламауымыз мүмкін. Мен әлі де біздің төңкерер дүниеміз көп деп ойлаймын. Артымыздан қаншама талантты жастар келе жатыр. Соның ішінде, айта кетсем, қыздардың режиссураға көбірек келгенін қалар едім. Режиссурада қыздардың қолтаңбасы бірден білінеді. Олар бәріне өте нәзік жол табады. Ал жігіттерр табиғатынан жауынгерлер ғой. Бәрін жұлып-салып жасайды. Қыздар көп дүниені ұқсататын, жоқтан бар жасай алатын халық. Олар ерінбейді. Дегенмен бұл мамандық әйелдікі, ердікі деп бөлінбейді. Бұл тек көзқарастар мен болмыстардың ерекшеліктері ғана. Алланың кей адамға берген таланты, мүмкіндігі.
Менің ойымша біздің бір кетігіміз мәдени ошақтарда мәдениеттің, ондағы өзекті тақырыптардың кеңінен талқыланбауы. Проблемалардың түбірін тарқатпайтындығымызда, және оны насихаттамайтындығымызда. Тек мақтаулар жаудырмай, ақиқатын ашып айтпайтындығымызда. Мен мақтауға қарсы емеспін. Мақтау да бір форма ғой. Қуану, өкініш, ұрсысу сияқты. Бірақ оның бәрі жүйелі, кәсіби түрде болуы керек. Оның бәрінен бұрын ішкі мәдениетті көтеру керек. Ал мәдениетсіз адамға біз не істей аламыз? Ештеңе де істей алмаймыз. Мен мәдениет пен кәсіби сынның көтерілуін қалаймын.
Сұхбатыңызға көп рахмет, Алма ханым! Шығармашылығыңызға табыс тілейміз!
Сөз соңында; Талантты жастар бар, олар өсіп келеді. Мен бұны үнемі айтып жүремін. Ал Аттила сияқты бабамыздың биік қасиеттері сол жастарға да дари берсін деген оптимисттік көзқараспен сұхбатымызды аяқтайық.
фотограф: Ардақ Төлеубай