Кристина Михайлова – кинорежиссер, сценарист, өнертану магистрі.
- Диссертация тақырыбы – «Метамодернизм кезеңіндегі Азия кинематографиясындағы кино тілінің ерекшеліктері». Бұл зерттеу жұмысы Қазақстандағы шығармашылық жоғарғы оқу орындарының магистранттары арасында өткен республикалық байқауда І орынға ие болды;
- Darolfonoun Talent Campus of 37th Fajr International Film Festival (Тегеран, Иран), Almaty Film Festival, Eurasia International Film Festival, Looking China Youth Film Project, International Space Art Summer School т.б. халықаралық кинофестиваль мен жобалардың қатысушысы;
- Baiqonyr ISFF - «Algiz» фильмі, «Ең үздік фильм» (Алматы);
- Б. Қилыбаевтың шеберханасы мен «Хабар агенттігі» бірігіп ұйымдастырған «We love KZ » сценарий байқауында «Ай қояндары» атты қысқаметрлі фильмінің сценариі бойынша жеңімпаз атанған.
Кристина, сәлеметсіз бе! Метамодернизм – бұл сіздің магистрлік диссертацияңыздың негізгі зерттеу нысаны. Кинодағы метамодернизм тақырыбына қалай келдіңіз? Бұл сізді не үшін қызықтырды? Шынында, бұл бағыт сіздің фильмдеріңіздің өзінен анық көрінеді.
Сәлеметсіз бе! Сіздің бұл байланысты көре алғаныңыз тамаша. Біріншіден, режиссер әрі киноны сүйетін адам ретінде мен соңғы жылдары түсіріліп жүрген фильмдерден ортақ жаңа нәрсенің барын байқадым. Бұл жаңа нәрсені сөзбен айтып жеткізу қиын еді, бірақ бұл бір фильмнен екінші фильмге жалғасып, көшіп жүрді. Кейінірек мен магистрлік диссертациямның тақырыбын таңдайтын кезде постмодернизмнен кейінгі пайда болған әртүрлі парадигмаларға тап болдым. Ондағы ойым, бәлкім, солардың ішінен біреуі маған жаңағы бақылаған жаңа нәрсенің не екенін түсінуге мүмкіндік беретін болар деген үміт. Сөйтіп, ішіндегі бір парадигма маған өте әсер етті. Сонымен, метамодернизм дегеніміз не? Бұл постирония, қабылдаушының санасының өзгермелі, тұрақсыз күйі, білімді аңғалдық т.б. Әрине, бұның бәрі шартты естілуі мүмкін, бірақ негізгі сипаттамасы – қазіргі мәдениетте не болып жатыр деген сұраққа жауап береді. Осы жерде тағы бір маңызды нәрсені атап өткім келеді, метамодернизмде/метамодернистік туындыда жарық әлемге деген қандай да бір үміт жасырынып тұрады. Ал режиссер ретінде мен де үнемі соңында сондай үміт беруге тырысамын, яғни бір сәйкестік бар.
Екіншіден, мен азиялық кинодағы метамодернизмді зерттедім. Шекаралық тұрғыдан қарағанда біз шығыспен байланыстымыз, бірақ батыстық нарыққа бағыт алғанбыз. Әрине, біз азиялық кинонарықпен де өте жақынбыз. Бірақ мені мәселенің басқа жағы қызықтырды: «Біз азиялық ел ретінде азиялық контексте дауысымыз қалай естіледі? Біз бұл континентте қандай орын аламыз?». Бұл белгілі бір дәрежеде өзіңнің бірегейлігіңді, кім екеніңді іздеу деген сөз. Осы себептен де мен ғылыми жұмысымды тек осы азиялық кинематография тақырыбына шоғырландыруды шештім, тіпті мен онымен өте жақын таныс болмасам да. Бұл зерттеуім маған бір оқпен екі қоян атып алуға мүмкіндік беретінін білдім, яғни парадигманы тәжірибелік тұрғыдан қолданып үйренемін, әрі өзім үшін мүлде жаңа әлемді ашамын. Сондай-ақ өзімді сынап көру де қызық болды: басында зерттеуші ретінде мен азиялық кинода метамодернизм бар дегенге онша сенімді болмадым, бұл жай ғана гипотеза болған еді.
Сонымен, метамодернистік азиялық кинода Қазақстан қандай орын алады екен?
Ең басты жаңалық бұл дәл қай қазақстандық режиссерлер метамодернизм ішінде жүр деген нәрсе болды. Ғылыми жұмысымның нәтижелеріне сүйене отырып, қазір бізде метамодернистік бағыттағы фильмдер бар деп толықтай дәлелді түрде айта аламын. Бұл фильмдер жаһандану процессінің ішінде, әлемдік контекстте прогрессивтілік туралы ой қозғайды. Бірақ дегеніменде біздегі киноның басым көпшілігі бұл –постмодернизм. Бірақ оның өзі екі ұшты, бұлыңғыр. Мәселен, бұндай кинолар постмодернистік формаға ие бола отырып, бірақ әлі модернистік мазмұнды беру мүмкін. Немесе керісінше – фильм академиялық формада болуы мүмкін, бірақ постмодернистік мазмұнға ие. Осындай тенденцияларға қарамастан, мен қазақстандық төрт фильмді метамодернистік бағыттың үлігісі ретінде атай аламын. Олар: Жәнібек Мұртазиннің «Қыс бойы жабық», Самғар Рахымның «Дипломмен ауылға», Әмір Әменовтің «Жаздың салқын түні» қысқаметрлі фильмдері және Ерлан Нұрмұхамбеттің «Жаңғақ тал» толықметрлі фильмі.
Олар конструктивтілікті постмодернизмнің деконструкциясына қарсы қояды. Жалпы алғанда, азиялық кинодағы метамодернизмнің жарқын мысалдары бола алатын белгілі кинорежиссерлер, олар: Жия Жаңке (Jia Zhangke), Дяо Инән (Diao Yinan) (Қытай), Ли Чаң-доң (Lee Chang-dong) (Оңтүстік Корея) және Наоми Кауасе (Naomi Kawase) (Жапония).
«Рух шаттығы» категориясы маған өте қызықты болып көрінді және менің ойымша, сол нәрсе сіздің фильмдеріңізде де бар. Соңында әрқашан бір позитивті күй кешесің. Көп жас режиссерлерде кездесетін мұң жоқ. Бұл категория сіздің шығармашылығыңызда маңызды ма?
Мен бұл «рух шаттығы» категориясына келгенде Г. Гессенің «Бисер ойыны» шығармасына сүйенемін. Бұл әдебиет болса да, менің ойымша, шығарманың тақырыбы оның біраз тұжырымдамаларын ғылыми айналымда пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Рух шаттығы» категориясын Н. Гогольдің «жарқын күлкісімен» де анықтауға болады. Қазіргі азиялық кинематографияда юмор батыстық киноға қарағанда мүлде басқа сипатқа ие. Батыстық метамодернистік туындыларда «постирония» бар – бұл әзілдің өте күрделі архитектурасы, ол сондай нәзік, кекесін бар, бірақ таңдаулысы және саркастикалық. Соған қарамастан ол жерде бір аңғал ой жатады. Азиялық фильмдерден мен ондай сарказмды көрген жоқпын. Мүмкін бұл адамдардың рухани болмысына, мәдениетіне тән ерекшеліктен болар. Азиялық фильмдерде бар болудың қуанышынан шығатын күлкі бар. Бұл «ирония» немесе «постиронияға» қарағанда конструктивті көзқарас. Кез-келген әзіл өзі әзілге айналдырып отырған нәрсені құнсыздандырады, сөйтіп біз ол нәрсені мүлде салмақты қарамайтын деңгейге дейін түсіреміз. Бұл жағдай батыстық метамодернизмнің сипаттамасы бола алады. Мысалы, Уэс Андерсонның фильмдерін алайық. Оларды метамодернизмнің үлгісі деп атайды. Маған режиссер ретінде «рух шаттығы» мен «жарқын күлкі» жақынырақ.
Ирония да, постирония да іштегі азаптан шығады – бұл табиғи реакция. Бұл категориялар керек емес деп отырғаным жоқ. Әрбір сатыдан өту керек. Өзіндік бір жаңалық ашуға бағытталған Қазақстандық фильмдер де ол тек өз уақытымен ғана. Әдетте жаңа парадигма өзінен бұрынғылардан бас тартуға тырысады. Бұл бәлкім, дұрыс емес шығар.
Сонда сіз сабақтастықты қолдайсыз ба?
Ия, бір құбылыс екінші құбылысқа жалғасады, бұл қалыпты процесс. Кей шығармаларда бойына бірінші мен екіншісі бірігеді және осындай шығармалар әлі көбейеді.
Герц Франк фильм үшін ең лайықты тақырып бұл туу мен өлім деп айтқан екен. Ал сіз үшін шығармашылықта қандай тақырыптар қызықты?
Туу және өлім бұл өте қарапайым және жақсы тақырып. Мен Герц Франктың фильмдерін қалай түсіргені жайында өз тәжірибесімен бөлісе отырып жазған кітабын оқығанмын. Мәтінді оқып отырып менің жаным шынымен ләззат алды, шабыттанды. Ол жерде барлығы қарапайым. Қарапайым форма, қарапайым тақырыптар. Бұл маған өте жақын. Мені еркіндік тақырыбы да қызықтырады.
«Альгиз», «Ай қояндары» фильмдеріңізде басты рольдерде барлығы балалар. Бірақ, бұл туындыларды балалар фильмі деп атау қиын. Не себепті фильмнің идеясын балалар образы арқылы беруді жөн көрдіңіз?
Түсірілім кезінде бізде балалар болды, жануарлар болды, суық деген секілді қиындықтар болды. «Ай қояндары» фильмінің продюсері Диана Ашимова дәл айтқан сияқты: «Біздің режиссер жеңіл жолды іздемейді!» (күледі). Шынымды айтсам, мен бұны әдейі істеген жоқпын, жай ғана фильмдегі мен көрсететін оқиғаларға балалар образы көбірек келетін еді. Фильмге балаларды алудың астарлы мәні болған жоқ.
Жас режиссерлер фильмдерінде балалар бейнесін өте жиі қолданады. Солай олар өз басынан өткен жалғыз тәжірибеге алыстан баға бере отырып, балалық шағын зерделей алады. Бұндай баға берулерде өте көп қайғы, мұң кездеседі. Бір кездері менде осындай фильмдерге деген ішкі қарсылық болатын. Бірақ, кейін мен жас режиссерлердің қайғылы балалық шақ туралы мұңды фильмдер түсіруі заңды екенін түсіндім.
Фильмдеріңіздегі операторлық жұмыс туралы айтыңызшы. Менің ойымша ол режиссерлік концепцияны өте дәл береді.
Кадрда адам артында орналасқан, кейде тіпті адамсыз өзі ғана көрінетін натура мен үшін басты кейіпкер. Бізді қоршаған орта, табиғат тек декорация, сыртқы фон болмауы керек, тіпті бола алмайды дегенге сенемін. Мен оны нақты тірі нәрсе ретінде қабылдаймын. Мені әдетте біз елей бермейтін қарапайым дүниелердің кадрда қалай көрінетіндігі қызықтырады. Ешқандайда ерекше емес: қарапайым заттар, бізді қоршаған дүниелер. Ал кадрда олар шынайы тірі көрінеді. Міне, осы ойды операторға түсіндіру маңызды.
Кристина, сіздің авторлық киноға деген көзқарасыңызды білгім келеді. Сіз үшін авторлық көрқарасты беру маңызды ма, әлде түсірілім тобына шығармашылық еркіндік бересіз бе?
Түсірілім тобымен келісімге отыратын кезде сіз алдымен кімдерді таңдайтыныңызды шешесіз. Әрі ол адамдардың ойлау жүйесі сіздің кино туралы тіпті, өмір туралы көзқарастарыңызға белгілі бір дәрежеде сәйкес келуін ескересіз. Егер мен біреуді жұмыс істеуге шақырып отырсам, онда менің оған сенгенім. Бастысы сондай сенім білдіре алатын адамды табу керек. Әрі қарай мен өзімнің режиссерлік жұмысыммен айналысамын, оператор өзінің операторлық жұмысымен, дыбыс режиссері өзінің шаруасымен деген сияқты. Егер мен бастапқы таңдау кезінде жаңылысқан болсам, онда әрине, автор ретінде өз позициямды қорғауым керек болады.
Демек, сіз авторлық киноның қолдаушысысыз, барынша коллективті авторлық киноның дегенім дұрыс болар.
Ол коллективті емес бола алмайды да. Тіпті, режисер диктатор болған күннің өзінде де.
Тарковский секілді ме?
Ия, бәрібір де режиссердің мүмкіндіктері шексіз емес. Ол жерде тек өзінің мамандары ғана істеу керек көптеген дүниелер бар. Мен авторлық кино дегенді авторлық көзқарасты жеткізу деген түсінікпен байланыстырамын.
Сіздің фильмдеріңіздегі кейіпкер характерінің метафорасына айналған немесе өзіндік белгілі бір қызмет атқарып тұратын тамаша пейзаждарға ерекше назарым ауды. Сіз үшін кадрдағы сұлулық қаншалықты маңызды?
Сұлулық бұл өте субъектив түсінік. Әрине, ол өте маңызды, себебі әрбір кадр өзінше бөлек бөлшек. Киноның өзі осындай бөлшек кадрлардың түйісуінен пайда болады. Бірақ бұл бөлшектер жеке-дара тұрғанда қандай болса да маңызды емес дегенді білдірмейді. Сұлулық пен қарапайымдылық мен үшін тығыз байланысты. Бәлкім, сұлулық - бұл жеке адамның көзі үйреніп қалған ерекше ұнататын, артық көретін нәрсесіне байланысты шығар. Сондықтан да, не көретініңді дұрыс таңдау бұл тек киногерлер үшін ғана емес, бәріне бірдей маңызды. Мысалы, "көру гигиенасын" мектептен бастап оқыту өте өткір мәселе.
Кадрлардың түйісуі демекші... Мен келесі сұрақты монтаж тақырыбына бағыттағым келіп отыр. Оған деген көзқарасыңыз қандай? Сіз өз фильмдеріңізді өзіңіз монтаждайсыз ба? Фильмнің соңғы нұсқасына кірмейтін материал көп бола ма?
Көбіне жоспарым бойынша барлық материал фильмның соңғы нұсқасына енеді. Фильмдерімнің көбін өзім монтаждадым, бірақ бәрін емес. Монтаж режиссері ол режиссердің басты жақтасы, онымен жұмыс істей білу – қажеттілік. Бірақ, монтаж үстелінде отырып жұмыс істей алу қабілеті әрбір режиссерге пайдалы болар еді деп ойлаймын. Себебі, бұл жұмыс сізге ең соңында экранда не қалатынын түсінуге мүмкіндік береді, ал бұл түсірілім барысында көп көмектеседі.
Кейбір режиссерлер біздің мамандықтың техникалық, өндірістік жағынан өздерін алшақ ұстайды. Техникалық мәселе жағынан барлығының қалай орналасқанын түсіне алмайды. Менің ойымша, студенттерге техникалық бақылау бөлімінде quality-check курсы сияқты экскурсия өткізу керек. Кино бұл цифрлы әлем, сондықтан сен бұл салада сауатты болмасаң, онда сен өз мамандығыңды толық білмейсің деген сөз.
Кристина, сіз киноның түсіріліміне барынша тиянақты ойластырылған дайындықпен келесіз. Сіз үшін фильмді дайындау процессінде шығармашылық дайындық қаншалықты маңызды?
Дайындық түсірілімнің фундаменті. Бұл сізге әрі қарай түсірілім барысында шығармашылықпен айналысуға және өз фильміңіздің кеңістігінде болуға мүмкіндік береді. Мысалы, бірде мен түсірілімнің үшінші күні көзілдіріксіз жүргенімді байқадым, негізінде онсыз көзім жақсы көрмейді. Бір қадамнан ары қарай бәрі бұлыңғыр, бергі жағы анық. Сөйтіп, мониторға жақын отырып қарауға, актерлермен де жақынырақ жұмыс істеуге тура келді. Сәйкесінше мен визуал түрде фильмімнің ғана уақыты мен кеңістігінде өмір сүрдім. Бұл ешқандай артық нәрселерге көңіл бөлмей, ойыңды бір жерге шоғырландырып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Түсірілім - өте үлкен энергияны қажет ететін процесс. Егер сен түсірілім барысында тағы бір нәрселерді ұйымдастырумен жүрсең, қуатыңды бос шашып, режиссер болу мүмкіндігінен айырылып қалуың мүмкін.
Кристина, жақын арада өз аясында сіздің «Ай қояндары» фильміңізді республикалық бас арнадан көрсететін жоба туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
Бұл 50 сериядан тұратын «Мен Қазақстанды және қазақстандықтарды не үшін сүйемін» деп аталатын жоба. Әрбір серия - шынайы оқиғаның желісімен түсірілген қысқаметрлі фильм. Олар әртүрлі адамдар туралы түсіріліп, Қазақстаннығ барлық аймағынан келген фильмдердің ішінен іріктеліп алынған таңдаулы жұмыстар. Маған бұл жобаның концепциясы өте жарқын көрінді. Басты ерекшелігін атап өткім келеді: деректі оқиға көркем фильмге айналуы керек. Бұл жерде айналадағы шынайлықты көркемдік тұрғыдан түсіну деген этикалық мәселе қозғалады. Негізінде бұл салыстырмалы түрде жаңа болып есептелетін еркін интерпретация, қазір бұл жанр «постдок» деген атаумен танымал. Бұл фильмдер қандай болса да, бір ортада өмір сүретін шынайы адам туралы жасалған шынайы адамның шығармасы.
Жалпы жобаның негізінде патриотизмдік пафос бар, бірақ сіз фильміңізде бұл пафосты өзіңіздің «жарқын фильм» деген анықтамаңызға дейін түсіріп ала білдіңіз, бұл идеяны позитивті, шынайы, қарапайым қабылдауға дейін жеткіздіңіз.
Көп адам менен: «Бұл идеяға қаншалықты салмақты қарайсың?» деп сұрап жатты. Барынша салмақты қараймын. Ал қысқаметрлі фильммен телеарна эфиріне шығу өте сирек кездеседі.
Жобаның географиясы туралы кішкене айтып өткім келеді: әртүрлі қалалар мен әртүрлі продакшндар қатысты, оқиғалардың өздері еліміздің бұрыш бұрышынан таңдалды. Мысалы, Оралда өтетін оқиғаны Қарағандыдағы продакшн түсірді. Бұндай фильмдерде шынайылық тіпті көлемдірек болып шығады деп үміттенем.
Оқиғаны қалай таңдадыңыз?
Конкурсқа сценарист емес қазақстандықтардың өтінім жіберуін сұрады. Ел отбасы, туыстары, балалары, таныстары туралы оқиғаларды жібере бастады. Ал мен өзімнің танысым, астрофотограф туралы оқиға жаздым және Айда өмір сүретін қояндар туралы жеке фильм түсіруге мүмкіндік алдым.
Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Толықметрлі фильм түсіру ойда бар ма? ҰКҚМО питчиңге қатысуға өтініштерді қабылдай бастағанын хабарлады...
Ия, біз оған дайындалып жатырмыз. Өтінім беретін уақытты асыға күтесің ғой. Өз жобалары үшін жанып-күйіп жүрген өзің сияқты әртүрлі адаммен, әріптестермен кездесесің. Фондқа өтініш формасын жіберудің өзі біршама дайындықты қажет етеді. Өте көп құжаттарды жинау керек болады: синопсис, сценарий, қосымша мәтін файлдары, жоспарлар, смета - бұл фильм бойынша істелетін өте үлкен шаруалар. Бұл батыстық киноөндірісте subject деп аталады. Бұның бәрін орындап болған соң өз фильміңнің түсірілу мүмкіндігін сезе бастайсың. Мен адамды осындай көңіл-күймен көргенді ұнатамын.
Толықметрлі фильм түсіру туралы айтар болсам, ия, оған дайындық керек. Оған дейін режиссер көрермен назарын жеке-дара жаулайтын біршама фильм (көптеген минут) түсіруі керек. Өз фильмдеріңе дайын болуың керек. Яғни, тек қалау ғана емес, жасауға дайын болуың керек.
Кристина, өте қызықты әңгімелеріңізге көп рақмет! Шығармашылық шабыт тілейміз! Ісіңізге сәттілік!
Сұхбаттасқан: Камила Габдрашитова
Орыс тілінен аударған: Мерей Қосын