Әлішер, марапат құтты болсын! Форум қалай өтті?
Рахмет! Керемет өтті. Қырғыз ағайындар қонақжайлылықтың барлық үлгісін көрсетті. Қонақ болып, еркелікке салынған сәттерде қабақ шытпай, шырайлы көңілдерінің шынайы екенін көрсетті. Дегенмен, «неге ұлттық конкурстағы режиссерлерге де қонақтар секілді көңіл бөлінбейді» деген ой келді. Бұл жағдай біздің елдің кинофестивальдерінде де орын алып жатады. Фестиваль – өтіп жатқан елдің киносын дамыту үшін жасалады емес пе? Ал ұлттық киноны сол елдің азаматтары жасайды. Болашақта осы бір «әттеген-айға» кинофестиваль директорлары көңіл бөлсе деймін.
Қырғыз өнерпаздарының ұнаған қыры?
Қырғыз жас киногерлері шынайылықтың көзіне тура қарай алатын секілді көрінді. Шынайы өздерін көрсету арқылы қырғыз фильмдері көптеген фестивальдерде жүреді. Қырғыз киногерлеріне «Осы шынайылыққа өз дәрежесінде режиссура қосылса, сіздерде Ақтан Арым Құбат секілді режиссерлардың саны көбейер еді» деп бірнеше мәрте тамсана айттым.
Біздің жас киногерлер де шынайылыққа жақын болуға тырысады. Сеніңше не жетіспейді?
Кейде академияның студенттері реті келіп қалса, «Қандай кеңес бересің?» деген сұрақ қояды. Өзі ілініп-салынып жүрген адамнан кеңес сұрағанда, қолымдағы таяғыммен қойып қалғым келеді. Күніне бірнеше фильм көріп, мамандығына қатысты кітап оқып, қолына камерасын алып түсірсе... Еңбектенбейді, бірақ керемет режиссер болғылары келеді. Бір рет қолынан келмесе күйзеліске түсіп, бейшараның өмірін кешеді. «Не боп қалды?» десең, «Шығармашылық күйзеліс» дейді. Табандылық жетіспейтіні көрінеді.
Бізде қатарластарынан кеңес сұрау қалыпты нәрсе ме?
Ең алғаш академияға түскен сәтте, педагогтардың бірі: «Біз сендерге мынау «А», мынау «Б» деп үйретеміз» дегенде қуандым. Бірнеше аптадан кейін, С.Эйзенштейннің «Режиссураны үйретуге болмайды, бірақ оны үйренуге болады» сөзін қайталап, бүкіл міндетті өзімізге аударды. Сол сәттен бастап, әліппедегідей а – т –а «ата», а – п – а «апа» деп ізденуді бастадым. Өнердегі ардагерлер өздері жасай алмай қалған дүниелерді бізге, жастардың мойынына артып жатыр. Жолды қазып, «шұңқырлап» кетіп, бізге «жамаңдар» дейді. Бірақ, біз өз жолымызды іздегіміз келеді.
Форумға қатысқан «Карантин» деректі фильміне дейін көркемсуретті фильмдер түсіріп жүрдің («Адыраспанды» қаншалықты деректі деуге келетінін білмеймін). Деректі фильммен «Байқоңырда» «Үздік деректі фильмді» алып, «Үмітте» марапатталғаныңды қалай қабылдайсың?
Бұған дейін мен қиял әлемінде өмір сүрген секілдімін. Бастапқы фильмдерім мейірімді, аңғал фильмдер болды. Кейін «Адыраспан» шықты. Көбі қойылған фильм дейді. Оған келісемін. Бірақ, көркемсуретті фильмнің реставрациясы ракурсынан қарағанда деректі фильм. «Карантин» өзімнің отбасымды бақылау. «Үмітте» жүргенімде «Бұл отбасыны қалай бақыладыңыз?» деп сұрады. «Бұл менің отбасым» дегенде таңырқады. Жақындарым арқылы нағыз өзімді көрсеттім. Осы арқылы «шынайылық менікі шығар» деген ой келді.
Шындығында, нағыз киноны деректі, деректі емес деп бөлуге келмейтін секілді. Болашақ кинематография деректі кино мен көркемсуретті фильмнің қосындысы боп қайта тірілуі мүмкін. Қайта тіріледі деуімнің себебі, бұған дейін кино екі бағытта да шегіне жетіп үлгерді. Режиссер өз ойын қандай тәсілмен жеткізе алады, сонымен қолдануы тиіс. Қатып қалған қағида болмауы керек.
Ендігі кезекті анимация алатындай көрінбей ме?
Анимация мен үшін балалық шағымда ала алмай қалған, толтыра алмай қалған сезімдерді алу. Адамдардың мейірімсіздігінен, қоғамдағы жауыздықтан демалғым келген кезде көремін. Бірақ анимация нағыз адамдардың шынайы сезімдерін бере алмайды. Адамның эмоциясын адамнан басқа жаратылыс жеткізе алады деп ойламаймын.
Қандай да бір фильміңді көргеннен соң, нендей сезімді бастан кешкеніңді сезуге болады. Уақыт өте келе суреткерлер шынайылықтан, шынайы эмоциядан алшақтай бастайды. Осы мәселеге тап боламын деп қорықпайсың ба?
Менің түсінігімде жанның жаратылғанына миллион жыл. Адам оқып, көріп, іздену арқылы тереңдей түседі деп ойлаймын. Кейде адам кішкентай биікке жеткенде, сол биікте қалып кетеді. Ары қарай секіруге қорқады. Көп режиссерлардың түбіне жеткен де сол секілді. Оны Э.Кустурица секілді «Андеграундтан» кейін өзіңді қайталап жатқандайсың» дегенге, «Мен биігіме жеттім, енді құлдырау ғана қалды» деп, мойындағандар бар. Кейбірі бұны үзілді-кесілді мойындамайды. Адамзаттың мүмкіндігі шектеулі екендігіне көндіге алмай үнемі қарсыласатын – режиссерлар. Қазіргі менің шығарып жатқаным білімсіз, әлем көрмеген, өзінің шеңберіндегі Әлішердің толғағы. Сегіз ай карантинде жатып, түсірген бірнеше фильмдерімде мен емес, басқа адам түсіріп жүргендей сезімде болдым. Бірақ, туындыны түсіріп, ішімдегіні шығарғаннан кейін жеңілдедім. Өнердің бірден бір құдіреті осында ма деймін.
Барлық фильмдеріңде оқиға ауылда өтеді. Қашан қалаға көшесің?
Мен әлі ауылдың өмірі туралы толық метр түсірген жоқпын. Қалалық адам кім болғысы келсе де, жағдай бар. Ауылда ондай мүмкіндік те, жол көрсететін адам да жоқ. Жанбай жатып, сөнген жастар көп. 10-11 сыныпта оқып жүрген жастардың ата-аналары көбіне «аштан өлмейтін» мамандықтар таңдатқызады. Қыстан аман-есен өту, той-жиын бола қалған жағдайда ұятқа қалмау қағидаларымен өмір сүрген ата-ана баласына көп дүние үйрете алмайтын шығар. Болашақ фильмімде осы тақырыпты қозғасам деймін. Мақсатым адамдарды тәрбиелеу емес – әлемдік төрт дін адамзатты тәрбиелей алмағаннан кейін менің қолымнан келмесі анық – адамға ой салу. Ал қала сол мәдениетті сіңіргеннен кейін бірге келетін шығар.
Бүгін Халықаралық Кино күні. Осы күні режиссерға қойылатын дәстүрлі «Сіз үшін Кино деген не?» деген сұрақты ұмытып кетпейік...
Кино – жоғары құдірет. Суреткер Кино деген үлкен энергияның бір бөлшегін алып, ішінен өткізіп шығарады. Киноның көмегімен менің түйсігімнен, ойлау дәрежемнен асып шығатын құдірет бар. Сол үшін киноны жақсы көремін.
Бүгінгі күні кинематограф неге өзіне дейінгі өнерді ысырды деп ойлайсың?
Өзімді де көп толғандыратын сұрақ. Бұның жауабын діни философиядан таптым десем, артық болмас. Адамның екі ұлының бірі екіншісін өлтіріп, өлген денені не істерін білмей арқалап алып, кете берген деседі. Бір уақытта бір қарға, екінші бір қарғаны өлтіріп, өлген денені жерге көмгенін көреді. Соны қайталап, адам өлген бауырының денесін жерге көмген. Бұдан біздің көргенімізді тез сіңіріп, тез қабылдайтынымызды айтуға болады. Сол себепті де кино адам өмірінде ерекше орынға ие болды деп ойлаймын.
Театрда да көрермен визуалды қабылдауын қолданады ғой?
Театрдың негізгі құралы – сөз. Декорациялар қойылған. Көрермен режиссер құрған әлемді өзінің фантазиясымен елестетуге тура келеді. Ал өзге әлемді тереңінен елестете білу үшін, сіздің фантазияңыз дамыған болу керек. Кинода бәрі дайын, онда жалғандыққа жол жоқ.
Қазақ кино өндірісінде не өзгергенін қалар едің?
Біздің кинематограф қарт әке-шешесінің зейнетақысына жабысқан еңгезердей ұл секілді. Бізде киноны әлі де аяғынан тұра алмаған бөбек секілді көреді. Бюджетке қарап отыру – КСРО-дан қалып қойған жаман әдет деп санаймын. Осыны тоқтатса жас кинематографисттер мемлекеттік бюджетті күтпес еді. Тәуелсіз продюсерлер көбейер еді. Нағыз өнер дәрежесіндегі кино түсірсе продюсер ақшасын ақтап, атағын ала алар еді. Қазақстанда кинопрокатты жолға қойған мемлекет емес, жеке дара продюсерлер ғой. Осыны енді артхаус кинода қолданса.
Келер жылдан не күтесің?
Аман-есен індеттен құтылсақ және алғашқы толықметражды фильмімді түсірсем деймін.