Қайырлы күн аға! Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, «Кино және ТВ» факультеті бітіруші студенттерінің және магистранттарының дипломдық, диссертациялық жұмыстарын қорғауы бойынша осымен екінші жыл мемлекеттік комиссия төрағасы болып жұмыс атқарып келесіз. Бірнеше күнге жалғасқан қорғау да кеше ғана аяқталып отыр. Биылғы бітірушілер қандай мамандықтар бойынша кімдердің шеберханасынан бітірп жатыр?
Жеті күнге сыйған 6 бакалавриат тәмәмдаушы студенттердің дипломдық жұмыстары мына мамандықтар бойынша қорғалды: "көркем фильмдер режиссурасы" (А.Айтуаровтың шеберханасы), "ғылыми- көпшілік фильмдер режиссурасы" (М.Бекқожинның шеберханасы), "телевизия режиссурасы" (Э.Гильманның шеберханасы), "анимациялық фильмдер режиссурасы" (Э.Құлбаевтың шеберханасы), "кино және телевизия режиссурасы мен продюсерлігі" (Б.Шәріп, А.Байбеков, Н.Лавриктердің шеберханасы), "кино және телевизия операторы" (Г.Ройтманның шеберханасы). Осы аталған мамандандырулар бойынша дипломдық фильмдері мен презентацияларын, кинотанушы ғалымдар Баубек Нөгербек пен Гүлнар Аманкелдіқызының ғылыми жетекшілігімен магистрлік диссертацияларды және бір режиссура бойынша мамандандырылған магистранттың фильмін көріп, талдап, бағалап мейлінше объективті баға бергендей болдық. Мен осы жолы ешбір диплом қорғаушы бакалавр мен диссертация қорғаған магистрдің атын атамай-ақ қояйын. Бұл жас мамандар легі қазақ киноөнері мен телевизия саласына қосылатын білікті және дарынды суреткерлер легі деп білемін. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының профессорлық – оқытушылар құрамының және ұжымының қажырлы және нәтижелі еңбегінің қорытындысы!
Осы ретте магистранттардың таңдап алған тақырыбы, жазған диссертациялық еңбектері бүгінгі кино саласы, кинотану ғылымы үшін қаншалықты өзекті деп білесіз?
Магистранттар дайындау әр оқу орыны үшін өз болашағын ойлағанмен тең сияқты көрінеді маған, себебі, олар өнертану магистрі деген ғылыми дәрежеге ие болады. Бұл бағытта тақырыптық жаңалықтар да жоқ емес, мысалы оператолық сала бойынша диссертация қызықты орындалған екен, магистрдің өзінің де студент жастармен жұмыс істегісі келетіні көрініп- ақ тұр. Актерлік өнер бойынша жалпылама тақырыпқа қорғалынған диссертациялар келешекте нақты өнер иелеріне арналса жақсы болар еді. Мысалы, "Нұрмұхан Жантуриннің киноролдері" делінген диссертация болса қандай қызығушылық болар еді! Т.с.с.
Магистранттардың өз жұмыстарын қоғау барысына көңіліңіз толды ма? Олардың өз тақырыптары бойынша ізденісіне, жасаған жұмыстарына, ашқан ғылыми жаңалықтарына, жасаған қорытындыларына және қорғау деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
Ғылыми жаңалық ашу үшін ізденіс ауқымды болу керек! Зерттеу кемсіндеу. Диссертация санатына лайық, бірақ таңдай қағарлық күй
кешетін себеп жоқ. Әлде біз үшін магистрлік диссертация дегеннің салмағы дұрыс сезілмей жатыр ма?! Бірақ талаптар нәтижелердің жоғарырақ болғанын қалайтын сияқты.
Өткен жылғымен салыстырғанда билғы бітіруші студенттердің жұмысында ерекшеліктер байқала ма? Тақырыптық және жанрлық тұрғыда.
Жылды жылмен салыстыру абырой әкелмейтін сияқты. Мүмкін де емес. Салыстыру деген өте субъективті пікір болғандықтан биылғы дипломдық фильмдерде кино өнерінің табиғатының, жаратылысының құрамына тереңірек үңілу және киноөнерінің өзіндік тілінің даму барысына жаңалық қосу ізденістері молайған дер едім. Осыған байланысты бірқатар оқу бітірушілер киноөнерінің
мазмұндық, драмалық (немесе керісінше комедиялық) сипаттарына менсінбеушілікпен қарап киноөнерінің ең негізгі тұтынушысы (қызығушылық танытушысы) көрермен екеніне немқұрайдылықпен қарайтыны айқын байқалады. Негізінде жоғары оқу бітіруші киноөндірісін игергенін, киноөнерінің суреттеу құралдарын қолдана білетінін дәлелдеп беруі керек сияқты. Ал кино тілін дамыту (вклад в развитие киноязыка) болашақ өнерпаздық- шығармашылық жұмысымен байланысты болғаны дұрысырақ па деймін. Фестивалемания деген дерт студенттер арасына залал бағыт еңгізіп бара ма деген қауіп бар. Бірақ шығармашылық дұрыс! Тақырып та сол - жаман тақырып болмайды, тақырыпты игере алмаушылық жиі кездеседі.
Бүгінгі таңда кино саласында сапалы жұмыс атқара алатын продюссер мамандары күннен-күнге ерекше сұранысқа ие болып келеді. Осы мамандықтар бойынша бітірушілердің дипломдық жұмысы қалай қорғалды? Сапасы қалай?
Продюсер деген маман иесін дайындау біз үшін әлі көп ойланатын мәселе. Оны арт-менеджерлер құрамына енгіземіз деген қатерлі сөздер құлаққа шалынды. Ізденіс бойынша ма, әлде кездейсоқ жағдайда ма Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы осы мәселе бойынша өте дұрыс бағарлама-бағдар жасаған: кино және телевизия режиссурасы мен продюсерлігі деген! Бірақ білім беру барысында біржақтылық жеңіп кеткен – қалыптасқан пікірді үдете түсуге жол берілген: продюсер шығармашылықтың адамы емес деп осы бағытпен қабылданған студенттерді курстық және дипломдық фильм жасаудан шектеткен. Қате!!! Әлем тәжірибесі керісіншені айтып келеді емес пе? Кино ғана емес бүкіл өнер продюсерден басталады. Ал қалыптасқан пікір ол социалистік көзқарасың қалдығы ғана. Социализм кезінде ұлттық республикалар киномамандарын даярлай алмайды, ол олардың қолынан келмейді деген пікір тәртіпке айналған болатын. Тәуелсіздік пен егемендік әркімнің қолынан әрнәрсе келетінін дәлелдеді. Сол себептен кинотелепродсерлерді режиссура арқылы дайындау ол Т.Жүргенов Ұлттық өнер академиясының жаңалығы! Қазіргі бітіргендерге тағар мін жоқ емес. Бірақ оған олар кінәлі емес.
"Көркем фильм режиссурасы", "кино және ТВ операторы", "дыбыс режиссурасы" және «Кино және ТВ дродюссерлік режиссурасы» секілді мамандықтың студенттері дипломдық жұмысты орындауда өз ара қаншалықты тығыз жұмыс істей алып жатқаны байқалады?
Кафедрааралық қатынас бірлікке бағытталмаған. Бұл менің құзырымнан тыс жай.
Кино саласының бірнеше мамандықтары бойынша бітіруші жастардың жұмыстарын көрдіңіздер, бағалап қорытынды жасадыңыздар, жалпы бүгінгі жас мамандарға қарап ертеңгі қазақ киносының деңгейін қалай бағамдар едіңіз? Бүгінгі жастар арқылы ұлттық киноның жарқын болашағын елестете аласызба?
Әйгілі Ньютон физика пәнінен қанағаттанарлық деген баға ғана алған адам екен. Жарқын болашақ – арман. Бітірген бакалаврлар мен магистранттар Сіздер мен біздер сияқты сол арманның иелері. Бақытты болу өздеріне байланысты, біз тілекшіміз!
Өзіңіз тәжірибелі кинорежиссер, кинодокументалист ретінде осы сала бойынша маманданып, бітіріп жатқан жастарға қандай ақыл-кеңес, ұсыныс айтар едіңіз. Жас киногерлер ендігі шығармашылық жолында неге көңіл бөлуі керек?
50 жылға жуық өмір кинөнеріне арналғаннан кейін Сіз қойып отырған сұрақ тынымсыз мазалайды. Ең алдымен жас маман халқыма не керек деген сұрақтан бастауы керек еңбек жолын. Әркім өз өмір жолының құрылысшысы, осыған байланысты әлем жаңалықтарынан алшақ болмай үйренуден шаршамау керек. Үйрен де жирен. Сен де бір кірпіш боп қалан. Осыны айтқан Ұлы қандасымыздың мұңын түсіну бірінші талап, қалғанын айлығыңа байланысты ұйымдастырасың дер едім.
Кино және телевизия саласы бойынша өзіңіз куә болған түрлі мамандандықтардың оқыту сапасын, болашақ жас мамандардың қарым қабілетін, білім деңгейі мен шығармашылық қуатын бұдан да жоғары деңгейге көтеру үшін не істеуіміз керек, жастарға не жетіспейді, оқыту барысы бойынша қандай да бір ұсыныстарыңыз бар ма?
Жылау бізің әдетімізге айналған. Бірақ кино мен теледидар салаларына мамандар дайындау жаңа басталып жатқан өте жауапты іс - ертеңгі қазақ азаматының рухани дүниесін қалыптастыратын солар. Материалдық базасыз, құрал-жабдық болмай білгер маман дайындау мүмкін емес. Әскери адамды қарусыз, сурет арқылы өжет отан қорғаушы маман ету нәтижесіз жұмыс. Өкініштісі кино мен телетехника да қару-жарақ сияқты өте қымбат тұрады. Ал қазақ жастары технологияны игеруге келгенде ешкімнен кем емес екенін менсіз де әлем біледі. Не істеу керек дегенде көзден еріксіз жас шығады... Тағы бір айта кетерлігі сабақ беретін адамдардың да білімі мен тәжірибесін жетілдіріп отыру, формалды күйден бағдарлы бағытқа көшу керек.
Сұқбатыңызға рахмет!