Сұхбаттасқан: Нұргүл Абдулла
Сізге оқырмандар қызығады. Сіздің шексіз талантыңызға тәнті болады. Ал сіз кімді, қай жазушыны биік шың деп көресіз?
Өзіме дейінгі ұлылардың бәрі ұстаз. Шексіз талантыңызға дегендегі «шексіз» деген сөзді алып тастасақ ренжімеймісіз?
Л.Н.Толстой мен М.Әуезовті жазушылықтың шыңы, әдебиет әлемінің алыптары деп ұғамын.
Сізді осы керемет, құпиялы, сан қырлы әдебиет әлеміне жетелеген кім, қандай шығарма және қай жазушы?
Әкем – Қажығалым Қажыбайұлы Мұқанов. Әкем Абайды пір тұтты, М.Әуезовпен сусындады, Дулат Бабатайұлымен шер бөлісті. Мен де әкем сияқты болғым келді. Әдебиетке құмарлық, әдебиетпен өмір сүру, тағдырымды әдебиетпен ұштастыру әкеден қалған. Әкем өмірінің соңғы сәтіне дейін Құран Кәрімді қолынан тастамаған кісі. Тақуа болып өтті, дүние мен мал-мүлікті малданбады, кітап жинап өтті. Құран сөзін менің әкемдей түсінген қазақ баласы некен-саяқ болар. Ол кісі тәпсірлерді ақтарып отырып, Құран сөзінің терең мағнасын шығарып отыратын. Есеп шығарғанда, шешімін тапқан адам қалай қуанса, менің әкем де дәл солай бақытты болып отыратын.
Көп ақыл айтып көрмепті, бірақ мінезіміз ұнамаса, мініміз болса Абай сөзімен бас көтертпестей етіп, ұялтып тастайтын. Мұндай сөзден кейін өз-өзімізге ұзақ уақыт келе алмай есеңгіреп қалатын едік.
Қазіргі таңда, Роза Мұқанова десе, журналисттер дереу «Мәңгілік бала бейне» шығармасы жайлы сөз қозғай бастайды. Ал оның экрандалған бейнесі, «Қыз жылаған» фильмі болса, тіптен аты шулы киноға айналды. Біз сіздің берген бірнеше сұхбаттарыңыз арқылы фильмнің сіздің көңіліңізден шықпағанын байқаймыз. Ал егер де осы шығарма қайтадан экрандалса, сіздің көзқарасыңыз?
Театрда да, кинода да «Мәңгілік бала бейне» қайта қойылып, қайта экрандалып жатса қуанамын. Шығарманың мәңгілік өмірінің өзі осыған саяды. Толстойдың «Анна Каренинасының» ХХ-ғасырдағы киносы мен ХХІ ғасырдағы американдықтардың экрандаған нұсқасын көрдім. Маған соңғы нұсқа қатты ұнады.
«Мәңгілік бала бейне» шығармасынан кейін, оқырмандардың қызығушылығын арттырған шығарма «Мысықтар патшалығы». Сонымен қатар осы драманы танымал театр режиссері Болат Атабаев театр төріне әкелсігі келіпті. Өкінішке орай, бұл жоспар уақыт өте келе аяқсыз қалды. Бұның басты себептері кейіпкерлердің мысықтар болуы. Ал егер де, сіздің осы тамаша драмаңыз театрда да емес, кинода да емес, мультфильмде көрініс тапса, қалай қарайсыз?
Ал, «Мысықтар патшалығы» өз қойылымын күткен шығарма. Уақыты келген кезде қазақ сахнасынан бой көрсетер деген үміттемін.
Осы шығармадағы қай кейіпкерді өзіңізге жақын тартасыз?
Марғау... Марғауды түсінетін сияқтымын. Патшалықта Марғаулар аз, Құндыздар көп.
Шәкірттің қуанышы ұстаз болса, ұстаздың мақтанышы шәкірт. Әрине егер де шәкірт сол мақтанышқа лайық болса. Қазіргі таңда сіз ұстаздық етіп жүрсіз. Ұстаздық қоғамы сіздің көңіліңізден шыға ма және де өзіңізге қарап бой көтеріп келе жатқан шәкірттеріңіз жайлы не айта аласыз?
Үміт күттіретін шәкірттер бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Шәкірт тек дәріс алып жүрген университет студенттері ғана деп білмеген жөн.
Шәкірттің қуанышы – ұстазы. Өзіңіз де шәкірттер тәрбиелеп, сүйікті ұстаздардың бірі ғана емес, бірегейі болып отырсыз. Ал сіздің өміріңізде ерекше орын алатын ұстаздарды айтып бере аласыз ба? Мысалы, мектеп кездегі және студент шақтағы.
Ұстаз деп өзім пір тұтқан адамды айтқаным жөн болар. Қарасөзде – Тәкен Әлімқұлов, қобызда - Ғалия Қабышқызы.
Суреткер ретінде, сізге не арзан, не қымбат және не алыс, не жақын.
Сөз - арзан, Ой - қымбат. Жастық – алыс, Қарттық – жақын.
Көптеген өнер иесі «Өнер Алланың сыйы, адам бойына табиғаттың дарытқан ерекше қасиеті» деген пікірде. Сонда нағыз суреткерді табиғат жарата ма, әлде нағыз суреткер суреткер болып қалыптаса ма?
Алла жаратады, орта, қоғам қалыптастырады.
«Өнер негізі – дін» деген пікірге қалай қарайсыз?
Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с. хадисінде: «Тәңір сұлу – сұлулықты сүйеді» депті. Өнерге ынтық болуымыз, құмартуымыз сұлулыққа деген құштарлықтан туса керек. Өнер – сұлу, қарабайыр пендеге жалынан да сипатпайды. Өнер иесін өзі ғана таңдайды. Егер өнер Сіз бен Бізді таңдаса бақыттылардан болар едік.
Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийә-и» шығармасын аудару барысында бұл еңбектегі әңгімелер ислам дініне деген түсінікті толықтырып, сіз үлкен жаңа есіктің ашылғанындай сезімде болдыңыз ба? Әлде бұл құпияға толы тарих сізге тансық дүние емес пе?
Қасиетті Құран Кәрімді 30 жасымда оқыдым, бірақ түсіне алмадым. «Қисса-сүл-әнбияны» оқығаннан кейін қасиетті Құран Кәрімді түсініп оқуға мүмкіндік ашылды.Бірақ мен ұға алмаған жұмбақ Құран Кәрімде өте...е...е көп. Қасиетті кітапты оқу - өзгеру. Қалыптасып қойған адамға өзгеру оңай ма... Абайша айтқанда «боқтың қабы болған» бұ пендеге әп-сәтте мұсылман болу мүмкін бе..? Сананы өзгерту – болмысыңды, табиғатыңды, ойыңды өзгерту ғой.
Біз осы тәржімаланған тамаша туындының түп нұсқасының тарихын әңгімелер жинағының алғы сөзінен таныстық. Ал Аударманың шығу тарихы мен шығар алдындағы аудармашы автордың жеке басындағы толғанысты әңгімелеп берсеңіз.
«Қисса-сүл-әнбия» қазақ тілінде аударылмаған екен. Моғол-шағатай тілінен татар тіліне аударылған нұсқасы 100 жыл бұрын жарық көрген екен. Мен «Қисса-сүл-әнбия» кітабын оқығаннан соң осындағы ғажайып сюжеттерге қызықтым. Аударғым келді. Аударған еңбегім еш кетпеді, қасиетті Құран Кәрімді оқып, түсінуге үлкен жол ашылды.
«Жазушы, драматург, суреткер жанның әлемі өзге маман иесінің әлемінен өзгеше ме? Әлде барша адам баласы бір әлемде өмір сүре ме?» - өзіңіздің пікіріңізді айтсаңыз.
Суреткерді өнер тудырушы деген дұрыс. Жазушы да, суретші де, композитор да - өнер тудыратындар, өнерді жаратушы, өнерді жасаушы деп білемін. Ал актер, музыкант, әнші, күйші –орындаушылар. Суреткер мен орындаушының арасы жер мен көктей. Сол себепті суреткердің жаратылысы да, табиғаты да, өмірі де тағдыры да өзгешелеу. Тобырға таңсық, ісі мен мінезі де оғаштау, жұртты үркітіп алатын «-» (минусы) көптеу келеді.