Қапар Әдемі Қадырқызы
ҚазҰӨУ, кинотану, III курс
Анимация өнеріне қалай келдіңіз?
Мен мүсінші болуды армандағанмын. Әсіресе, сурет салуды жақсы көретінмін. Мектепті бітірген соң, 2004 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының анимация бөліміне оқуға түстім. Сол кезде емтихан қабылдап жатқан Ләззат Қожақова менің акварельмен салған қырық шақты жұмыстарымды көріп, оқуға түсесің деп жігерлендірді. Осылай анимация режиссурасына келдім. Армандаған, қалаған мамандығыма келіп түскенімді бір айдан кейін сезіндім.
Алғашқы түсірген фильміңіз туралы айтып өтсеңіз. Қандай қиыншылықтармен кездестіңіз?
«Құстар қайтып барады» әнінің негізінде экологиялық тақырыпты көтеретін «Үзілген жапырақ» атты дипломдық жұмысымды түсірдім. Сол кезде Қазақстан Президенті қоры өткізіп жатқан байқауға жобамды жібердім. Кейін менің дипломдық жұмысым осы қордың стипендиясын ұтып алды.
Бұл алғашқы тәжірибем болғандықтан, әрине, көп күш салдық. Қиналған кездер де өтті. Ол кезде біз бірінші аниматикті, сосын фильмді жасау керек екенін түсінбедік. Монтаж кезінде керексіз кадрлар мен кейбір кадрлардың жетіспеуі сияқты кемшіліктерді кездестірдік. Сол себептен кез келген анимациялық фильм жасау үшін алдымен раскадровканы, сонан соң аниматикті, кейін ғана өндіріске жіберген дұрыс.
Анимациялық фильмге қандай анықтама берер едіңіз?
Анимация – керемет дүние. Кез келген анмациялық фильм жасау үшін адам жан-жақты дамыған, дүниетанымы кең болуы керек. Тек суретші ғана емес, сонымен қатар режиссерлік шеберлігі мен музыкалық сауаттылығы болуы керек әрі компьютерді жетік меңгеруі шарт. Анимация – синтездік өнер. Онда суретшілік өнер, драматургия, музыка, актерлік шеберлік сияқты өнер саласына байланысты мамандықтар бір-бірімен тоғысқан. Анимацияда шектеу болмағандықтан, өнердің барлық саласын қамтыған өнерлердің сұлтаны дер едім.
Ел болып, еңсе көтергенімізге ширек ғасырдан асып барады. Осы кезеңдегі Қазақ анимация өнері көбінесе қандай басты қағидаларға негізделді және қай бағытта дамыды?
Тәуелсіздік алғаннан бастап 2002 жылға дейін экономикалық, саяси жағдайларға байланысты анимация өнері бірде тоқырап, енді бірде фильмдер түсіріліп жүрді. Тек Әмен Қайдаровтың еңбегі мен жанашырлығының арқасында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында анимация кинорежиссурасы мамандығы, кейін «Қазақфильмде» академиялық анимациялық киностудиясы ашылды. Әмен Қайдаровтың салып кеткен жолының арқасында «Қазақфильм» киностудиясында мемлекеттің тапсырысымен анимациялық фильмдер түсіріле бастады. Өйткені, анимациялық өнерге көп қаржы, күш пен уақыт қажет. Осындай фильмдерге «Қазақфильм» киностудиясы демеу болып, мемлекет тарапынан қаржыландырыла бастады. Ермек Аманшаев киностудияның басшысы болып тұрған кезінде анимация саласына өте жақсы қолдаулар болды. Жыл сайын 10 минуттық 5-7 анимациялық фильмдер шығарылып отырды. Әлбетте, сан бар жерде сапа да болады. Фильмдер санының көбеюі біртіндеп сапалы дүниелердің пайда болуына әкеліп тіреді. Нәтижесінде, «Ертөстік пен Айдаһар» атты алғашқы толықметрлі фильм дүниеге келді. Алайда, бұл фильмді сәтті шықты деп айта алмаймын. Қазіргі уақытта «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» атты екі толықметрлі фильмдер өндірісте. Ол фильмдер наурыз айында Қазақстанның бүкіл кинотеатрларына жол тартады деген ойдамын. Бұл Тәуелсіздігіміздің 25-26 жыл аралығындағы жетістігі.
Анимациялық кинорежиссура мамандығы бойынша қазіргі таңда Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Шымкет қаласындағы Ә. Қастеев атындағы колледжде және Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде (алғашқы аниматорларды Адай Әбілданов екеуміз қабылдадық) шәкірттер тәрбиеленіп жатыр. Осы оқу орындарын тәмамдаған түлектер бүгіндері Әмен Қайдаров салып кеткен жолды жалғастырып келеді. Яғни, мамандардың саны жыл сайын көбеюде.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағына «Disney», «Warner Bros», «Pixar», «DreamWorks» студияларының туындылары кеңінен таралып, эфир уақытын өз елінің идеологиясы мен ұлттық мінезі, менталитетімен толтыруда. Балаларға арналған «Балапан» арнасы да өз аудиториясын қалыптастырды. Ал, осы арнадан көрсетілетін анимациялық фильмдер туралы не айтар едіңіз?
Балаларға арналған «Балапан» арнасындағы анимациялық фильмдер сапа жағынан әлсіз болса да, көрермендер арасында қызығушылық туғызды. Дизайнер, архитектура сияқты мамандықтарды бітірген, анимация саласына қызығатын адамдар жеке киностудиялар ашып, тапсырыстар қабылдап, соның арқасында «Балапан» арнасында сериалдар шығып жатыр. Бірақ, олардың сапасы көңілден шықпаса да, бәсеке бар жерде, сапа да табиғи түрде пайда болады. Соңғы кезде сапа жағына да назар аударыла бастаған сияқты.
Қазіргі қазақ анимация өнерінде қандай мәселелер бар? Сізді не мазалап жүр?
Мемлекет тарапынан қолдау болмаса, анимациялық кино ешқашан дамымайды. Мысалы, әр ата-ана өзінің баласы жан-жақты жетілуі үшін ештеңесін аямайды. Сол сияқты, өсіп келе жатқан ұрпақтың жетілуі үшін анимация саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, оны қамқорлыққа алып, ұрпақ тәрбиесіне мән беретін фильмдердің түсіріліміне демеу болуы керек.
Заманауи тақырыптағы қандай фильмдер түсірілуі керек?
Біз бала кезімізде естіген ұшпа кілем, барлық әлемді көрсететін шар сияқты ертегілер қазіргі заманның балалары үшін қызықты болады дегенге сене бермеймін. Өйткені, бүгінгі таңда оның барлығы мүмкін дүние екендігі белгілі. Қазіргі балалардың көпшілігі ғарышқа, атыс-шабысқа құрылған фильмдердің қаhармандарына еліктейді. Сондықтан, өзіміздің мифологиямызды, эпостық жырларымызды, ондағы батырларымызды заман талабына сай жаңғырту керек. Яғни, балалар еліктейтіндей «бренд» дүние жасаумыз қажет.
«Қазақ мультфильмінің кейіпкерлері балалардың есінде жақсы сақталмауының себебі жарнама мен PR-дың жетіспеушілігінде» деген пікір бар. Бұл туралы сіздің көзқарасыңызды білгіміз келеді.
Жарнама мен PR-ды жасау үшін көрсететін дүние болуы керек қой! Отандық өнімдер жоқ емес, бар. Бірақ, ұзақтығы аз болғандықтан телеаралардан көріп үлгермейді. Телеарналарға 100-200 бөлімді сериалдар түсірілуі керек. Кішкентай көрермендеріміз сериалдарды күтіп көріп, басты кейіпкерлеріне - «каһармандарына» еліктейтіндей болуы қажет.
Болашақта түсірілетін фильмдеріңізде қандай тақырыпты қозғағыңыз келеді? Бұрын көрмеген қандай кейіпкерлерді көре аламыз?
Біздің мифологиямыз, аңыздарымызды арқау етіп түсіретін өнімдер жоспарда бар. Қазіргі уақытта бір сценарийді жобалап жатырмыз. Бірақ, әзірге құпия.
Бізге ұлттық дүниелер қажет. Өйткені, біз ешқашанда Еуропа мен АҚШ сияқты елдердің фильмдерімен бәсекелестікке түсе алмаймыз. Сол себептен, ұлттық дүние жасауымыз керек. Мысалы, «Қыз Жібек» эпосын бүгінгі заманға сай етіп түсірсек, ұлттық дүние шығатыны сөзсіз. Барлығы ұрпақ үшін екені белгілі.
Өзіңіздің шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айта кетсеңіз...
Қазақ ұлттық өнер университетінде анимациялық кино режиссурасы мамандығына алғашқы талапкерлерді 2012 жылы қабылдадық. Сол шәкірттеріміз бүгінгі таңда пісіп жетіліп, анимациялық қысқаметрлі:«Жерұйық», «Тағдыр туралы хикая», «Ертегілер елінде», «Көжектер»; толықметрлі:«Күлтегін», «Мұзбалақ» атты ірі жобаларға қатысып, өз мүмкіндіктерін тек қана жақсы жақтарынан көрсетіп келеді.
Сонымен бірге, 2016 жылы Республикалық «Қарлығаш» атты анимациялық кинофестивалінде студенттерім Мейіржан Сандыбай (4 курс, фильмнің режиссері), Қыдырбаев Сұлтан (3 курс, қоюшы суретші) мен Баян Әділбек (3 курс, аниматор) «Көксерек» атты анимациялық фильмімен «Үздік студенттік фильм» номинациясын қанжығаларына байлады.
Осы жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің 5-курс студенті Ертай Раушан Әбдікәрімова Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры стипендиясының иегері атанды.
4-курс студенті Қыдырбаев Сұлтанның «Таң атты» курстық жұмысы Беларусияның XІX кезекті Халықаралық «Анимаевка-2016» фестивалінде конкурстық жұмыстар қатарына өтіп, каталогына енді. Бүгінгі таңда ол жеке киностудия құрып телеарналарға арнап сериалдар түсіріп келеді.
2017 жылы Мейіржан Садыбайдың «Ит» атты анимациялық фильмі XІІІ халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде «Ең үздік қысқаметрлі фильм» номинациясы бойынша гран-при иеленді.
Тағы бір студентім Сақиолла Қасиет 4-курс оқып жүрген кезінде ҚР мен ҚХР бірлесіп жасаған «Бала Абай» анимациялық сериалының қоюшы-режиссері және қоюшы-суретшісі қызметтерін сәтті атқарды. Қазіргі таңда «QAZART media» атты киностудиясын құрып, жасаған анимациялық жұмыстарының сапасы Үнді және Украина елдерінің анимациялық студияларынан озып, Швейцарияның «Альпы тауы» атты 3D форматтағы 33 сериялы анимациялық фильмін жасап жатыр. Бұл дегеніміз қазақ анимациясының әлемдік нарықта бәсекелестік қабілетке ие екенін көрсетеді.
Көптеген студенттерім Республикалық олимпиадалар мен конкурстардан жүлделі орындар иеленді. Міне, осылардың бәрі ұстазы болған мен үшін де, университетіміз үшін де үлкен мақтаныш.
Жас режиссерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
Шәкірттер мен жаңадан ізденіп жүрген жастарға айтарым – тынымсыз еңбектеніп, үнемі ізденістер жасалуы қажет. Дипломдық жұмыспен шектеліп қалмай, шағын болса да, үнемі фильмдер түсіріп, оларды кинофестивальдерге жіберіп, қатысып отыру маңызды.
Әңгімеңізге көп рахмет!
Қазақ, әлем анимациялық киносы бойынша Жәнібек Нұрбекұлының ұнатып көретін және ең таңдаулы деген фильмдері:
- «Тайны Коко» – бүгінгі таңдағы ең сүйіп көретін фильмі;
- «Спирит» – студент кезінде ұнатып көрген фильм;
- «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» – ұлттық анимациялық фильмдердің ең таңдаулысы;
- «Гадкий Я» – комедия жанрындағы ең ұнаған фильм;
- «Синдбад» – 2D краскалық дүниенің көрсеткен фильм;
- «Томм и Джерри» – бала кезімде ұнатып көрген фильм;
- «Песнь моря» – кәсіби шығармашылық ізденіс пен көркемдік шешім жағынан ұнататын фильм;
- Франция елінде өтетін «Анси» фестивалінің жұмыстарын асыға күтіп, көремін. Өйткені, онда ең мықты аниматорлар өз фильмдерін жіберіп, бақтарын сынап жатады.