Мультипликация өнерінің атасы Ә.Қайдардың режиссерлігімен түсірілген «Айнакүн» (Солнечный зайчик) (1975), Қ. Қасымовтың «Өмір бұлағы» (2009) анимациялық туындыларының сценарий авторы, сондай-ақ «Батыр Баян» (1993), «Махамбет» (2007), «Жерұйық» (2010) секілді көркемсуретті, телевизиялық «Бір бала», деректі «Армысың, әз Наурыз» (1991), «Киіз үй» (1991), «Қағажу» (1991), «Мұң» (1997), «Сәтбаев: Ғасыр адамның толғауы» (2000), «Актриса апа» (2008), «Сағыныш» (2011, «Төзім» (2013), жақын арада қолға алған «Тұңғыш» атты фильмдерінің режиссері Мәскеудегі Бүкіл Одақтық мемлекеттік кинематографистер институтында кино және теледидар экономикалық факультетін аяқтаған соң, 1971 жылдан Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында басшылық қызметтің сан-қырында қызмет еткен. 1970 жылдары кино саласының мамандары өндірісте тапшы болғандықтан, 1980 жылдан бастап О.Сүлейменов, М.М.Әуезов пен Л.Ғалымжанованың ұйымдастыруымен республикамызда білікті жас режиссерлерді Мәскеу қаласындағы кинематографистер институты (ВГИК) С.Соловьевтің шеберханасына талапкерлерлерді жіберуге аянбай еңбек етті. Ол есімдер бүгінде елімізге ғана емес, әлемге танымал «Жаңа толқын» өкілдері. Ендігі кезекте толығырақ киностудиядағы мамандар жетіспеушілігінен туындаған мәселелер мен жетістіктер жайында Сламбек Тілеуғабылұлымен жүргізген сұхбатты ұсынамыз.
Сламбек аға, «Жаңа толқын» өкілдері қалай құрылды? Бұл идеяны ең алғаш кім қозғады?
Ең алдымен бұл жерде мынандай сәйкестік жайлы айтайын. Киностудияда біресе жоғары топ мамандары, біресе орта дәрежелі қызметкерлері жетіспейтін. Біз мамандарға зәру болатынбыз. Арнайы білімі бар адам жұмысқа жалтақтамай кіріспей ме? Және оның жанына «мынаны үйрет» деп ешкімге тапсырмайсың. Не керек режиссердердің ассистенттері мен екінші режиссерлер жетіспегендігі, қоюшы режиссерлер тапшылығымен қатар болып жатты. Мен өз басым осы кадр тапшылығынан көп қиналдым. Ләйлә Ғалиқызы Ғалымжанова Қазақ ССР мемлекеттік кинематография комитетінің төрайымы болып тағайындалғанда мен киностудияның директоры ретінде осы екі мәселені киноөндірістің ең өзекті мәселесі деп қойдым. Ләйлә Ғалиқызы осы мәселеге байланысты екі күннен кейін маған: «ассистенттер мен ұйымдастырушылар дайындауға ақшаны өзіміз табамыз, сен ол жұмысты бастай бер, режиссерлер мамандығын тек қана ВГИК-тен қабылдаймыз сондықтан мен Андрей Ермашпен (Москвадағы Госкиноның төрағасы) ақылдасайын» деді. Сөйтіп біз республика Мемлекеттік кинокомитеті жанынан (себебі қаражатты республика бюджеті есебінен жұмсайтын болды) «Кәсіби деңгейді көтеру курстары» деген атаумен режиссер ассистентері мен администраторлар дайындай бастадық. Сол кезде Комитет басшылығына Олжас Омарұлы Сүлейменов келді.
Қандай талаптар қойылды?
Біз ақпарат құралдары арқылы режиссерлік курсқа қабылдау туралы құлақтандыру тараттық. Үміткер тек жоғары гуманитарлық білімі бар, өздерінің шығармашылық жұмысын ұсынуы керек деген талап қойдық. Міне, содан курсқа келгендер ішінде Серік Апрымов, Дәріжан Өмірбаев, Ардақ Әмірқұлов, Рәшид Нұғыманов, Абай Қарпықов, Талғат Теменов т.б. болды. Көп кешіктірмей Алматыға абинуриент таңдауға Сергей Соловьев келді. Біз, Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен бірге (ол кісі осы кезде киностудияның бас редакторлығы қызметіне шақырылған болатын) алдын-ала таңдап қойған адамдарымызды көрсеттік. Іріктей келе ол кісі жоғары аталған адамдарды таңдап алды. Міне осылай ВГИК қатарына өтті.
Алексей Герман, Светлана Кармалита, Сергей Соловьев, Ираклий Квирикадзе, Александр Ким деген секілді кинематографистердің қазақ кино өнеріне қосқан үлесі қандай? Осы мамандар қазақ киносының дамуына қаншалықты әсер етті?
1970-1980 жылдың соңында Ш.Айманов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев, С.Қожықов, Ш.Бейсембаев сынды классиктеріміз іркес-тіркес өмірден озды. Бұл режиссерлердің қолтаңбасы бір-біріне ұқсаңқырайды. Бесеуі дүниеден өткеннен кейін «Қазақфильмде» мамандар тапшы болды, былайша айтқанда келімсектер көбейіп кетті. Жылдық жоспарды орындау үшін режиссер таппай тіпті, театр режиссерлеріне мұқтаж болдық. Орыс халқынан жіберген мамандардың ішінен мықты мамандар саусақпен санаулы ғана еді. Бірақ сұрағыңдағы аталған есімдер қазақ киносына үлес қосуының жеке дара себептері бар. Мысалы, ерлі-зайыпты Алексей Герман мен Светлана Кармалитенің келуіне режиссер Ардақ Әмірқұловтың құлшынысы көп болды, «Отырардың күйреуі» тақырыбына фильм түсіруді ұйғарған ол сценариін осы адамдар жазса деп талаптанды. Оған Мұрат Мұхтарұлының қатысуымен жүргізген келіссөздері ұйғарыммен аяқталып «Отырардың күйреуі» фильмінің жолы болды. Фильм жоғары сапалы фильмдер санатына еніп, осы күнге дейін көрермен санасына ортағасырлық өмір шындығы мен құм түйіршіктері сақтап қалған тарих үнін, адами қасиеттердің ерекшеліктері мен бейтаныс көріністерімен таңырқатып келеді. Бұл «Қазақфильм» студиясы жасаған тарихи фильмдердің ең үздігі деп есептелетіні бекер емес. Алексей Герман мен Светлана Кармалитенің қазақ киносына қосқан үлесі біздің Ардақ Әмірқұловтың қиялының берекелі тереңдікке жетуіне себепкер болғанымен құнды.
С.Соловьев әрине, біздің киноөнерімізге үлес қосқан басқа ел азаматтарының ішіндегі көш бастаушысы. Ол ұлттық киноөнерінің жарық жұлдыздары қатарына енген бір топ жоғарыда аталған азаматтардың ұстазы. Ал, Анатолий Андреев Ким – қазақ әдебиеті мен өнерімен тамырымен бірге туыстасқан өзіміздің қазақ жерінен шыққан әлемге «аса белгілі орыс жазушысы» деп танылған жазушы. Тырнақшаға алған сөздерім шындықтың ақиқаты! Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Әбіш Кекілбаевтың, Төлен Әбдіктің шығармаларын орыс тіліне аударған. Ең асылы – негізгі кітабымыз Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» орысшаға қайта тәржімалап екінші өмір сыйлап, ХХI ғасырда қайта сөйлеткен адам. Ал, киноөнеріне оны жақындатқан, қазақ экранымен туыстастырған Ермек Шынарбаев, оның шығармалары: «Кек», «Люся – менің қарындасым» атты кинофильмдерінің сценариін де Анатолий Кимнің өзі жазған. Жалпы осы сұрақта аталған бес адамның біздің киноөнердегі ізі ешқашан өшпейді деп ойлаймын. Ираклий Квирикадзе әйгілі совет кинорежиссерлерінің бірі Григорий Чухрайдың шәкірті, біздің қандастарымыз Қанымбек Қасымбеков пен Мәлік Якшимбетовпен бірге оқыған. Досы Мәлікке арнап «Өлместің оралуы» атты сценарий жазып, түсіруіне көмектесемін деп Қазақстанға келіп, біздің елімізге ғашық болып қалған суреткер. Қараойдың («Өлмес» фильмі түсірілген Балқаш көлінің жағалауына жақын ауыл, Бақанас еліне жақын) ауасы мен тұрғындарын жақсы көріп қалғаны туралы маған бірнеше рет айтқан. Ол осы күннің өзінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жоғары режиссерлік курста ұстаздық ететіні осының дәлелі. Шәкірттері болашақта бізді қуантатынына күмәнім жоқ!
Мәнді де мағыналы сұхбатыңызға рахмет! 70 жас мерейтойыңыз құтты болсын. Ұзақ жасаңыз!