Нұрқанат Жақыпбай: Бұл абыройға оңай келген жоқпыз, үлкен еңбек жасалды

Актер, режиссер, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын адам» ұлттық сыйлығының иегері, «Еңлікгүл –2016», «Сахнагер – 2017» ұлттық театр сыйлықтарының иегері Нұрқанат Жақыпбаймен қазақ театрында өзі қалыптастырған «Пластикалық театр» жөнінде сұхбаттасқан едік.
Нұрқанат Жақыпбай: Бұл абыройға оңай келген жоқпыз, үлкен еңбек жасалды

сұхбаттасқан: Мәншүк Тәшімова  

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Театр және кино бөлімінің ғылыми қызметкері,

театртанушы


Сіз бүгінгі күні театр қалыптастырған пластика дегеніміз не?

Пластиканы жәйдан-жәй жасай салмаймыз. Ол неге не үшін істелді, осы спектакльге қандай көмек бере алуы мүмкін, осыбір актіге көмектесе алама? –  деген сұрақтардың төңірегінде саналы түрде арнайы дайындықпен жасау керек. Ал қазір пластиканың жөні осы екен деп, қалай болса солай жасау бар.  Оқиға желісімен мүлдем қабысып тұрған жоқ не болмаса монологқа, екі кейіпкердің қарым-қатынасына түкте көмектесіп тұрған жоқ, тек музыканы қосып билесе болды бұл пластика деп ойлайды. Ол пластика емес. Тіпті спектакльге мүлдем қарама-қайшы боп шығатын кез де бар. Пластиканы міндетті түрде ұғу керек. Ол үшін сенің санаңда мәңгі өлмейтін музыка тұруы керек. Спектакльдің формасына рластика бағындырылуы керек. Менің ол жағынан біраз хабарым бар деп ойлаймын. Мені де ешкім үйреткен жоқ, өзім іздендім, пластикасын спектакльге автор арнайы жазған сияқты боп тұрады. Мен спектакльді бастамас бұрын соның бәрін миымнан өткізіп, әбден пісіріп алам, ойланып, толғанам. Музыкасы, пластикасы қандай болуы мүмкін. Мәселе билеуде тұрған жоқ, тып-тыныш тұрып та пластика жасауға болады. Жалғыз мойынмен, көзбен, бұрылып та, неге бұрылдың?. Мысалы реніш пен ұрыс кезінде, немесе махаббат пен сезімде адам әр түрлі поза ұстап тұрып қалады, тіпті сен оны өзің байқамауың да мүмкін, бірақ ол пластика. Ішкі жан-дүниең сыртқы бейнеңе әсер етеді. Отырасыңба, қисаясыңба, аяғыңды көтеріп тұрасыңба, қолың да әр түрлі болып қимылдап пластика бересің. Үнсіз қалу да пластика, өйткені сен үнсіз тұрғанмен ішкі дүниең қайнап жатуы мүмкін. Неге үнсіз қалдың? Сол үнсіздікті мен пластикамен, дене қимылымен толтырамын, ол қабысып жатады, міндетті түрде көрерменге әсер етеді. Осы мәселені өте көп зерттеген адаммын. Мен мұны жасай отырып, өзімді көрерменнің орнына қоямын. Егер мен көрермен болсам соны қабылдарма едім, түсіне қоярма едім, түсінбеспе едім? Өзім қандай әсерде болар едім? Қарама-қайшы әсерде боламба, ұнатқан әсерде ме бәрін түгел ойланып жан-дүниемнен өткізем. Сонда әр спектакльді жасағанда ұтылмайтындығыма көз жеткізем. Пластика маған қарабайырлықтан қашуға көмектеседі. Күнделікті тұрмыстағы заттарды (мысалы диван стол, қасық т.б. барып жуыну, тарану, бояну т.б.) спектакльде пайдалануды саналы түрде алып тастадым. Сахнада осы будафорлық заттар немесе бұйымдар тұрмайды, бірақ қойылымдарда сол тұрмыстық заттардың барлығы интонация мен қимыл-қозғалыстар арқылы жасалып, көрерменге білініп тұрады. Сөйлеу қабілеттілігі, манерасы бұл да «Интонациялық пластикаға» құрылған. Осының бәрін ұғыну керек. Кейбір жас режиссерлер сахнадағы оқиға түсініксіз болса жаңалық аштым деп түсінеді. Интернеттегі көргенін қазаққа аудара салатын кездер кездесіп жүр. Ал ол қазаққа түк те жарасып тұрған жоқ керісінше өрескел болып тұр. Кейбір театртанушылар мынау жаңалық екен деп жазып жатады. Жас режиссердің дұрыс түсінбей жасап отырғанын көрмейді, байқамайды. Ол пластиканың дұрыс емес екенін режиссерден де артық біліп тұруы керек. Қазақ сахнасына мықты жас режиссер келді деп айтып жазып жатады. Ал, мен оның дұрыс емес екенін көріп, біліп тұрамын. Жас режиссердің қай жерден алғанын немесе көшіргенін біліп тұрып іштей қынжылам. Мүмкін содан әсерленіп өз жолын тауып кетер деп үндемейтін кездерім болады.

Осындай «Пластикалық театр» қалыптастырсам деген ой сізге қайдан келді?

Мен актер болып, Ғ.Мүсірепов театрына жетпісінші жылы қабылданған едім. Кейін Мәскеудегі Щепкин атындағы училищеде оқыдым. «Таганкадағы театр», М.Захаровтың «Ленком» театрларына үнемі барып, спектакльдерін көріп таңқалатынмын. Сонда «Шіркін-ай бізде осындай режиссер болса соңынан қалмай үйренер едім, сонда рөл ойнасам» деп армандайтынмын. Театрым болса деп армандадым, іштей дайындалдым. Бүгінгі менің жасап отырғанымды кезінде Ю.Любимов жасады. Өз шәкірттерімен бірге бөлініп «Таганкадағы театрды» ашып дербес отау құрып түрлі эксперименттерге барды, пластиканың түбіне жетіп жемісті жұмыс істеді. Сондай бақыт мағанда бұйырды. Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрын тастап Астанадан өз шәкірттеріммен «Жастар театрын» ашуға тура келді.

Яғни бұл ашқан театрыңызды асқан жаңалық емес дейсізғой?

Иа, бұл жаңалық емес, кезінде Мәскеуде көріп тұшынған дүниемді қазақыландырып, өзімше тамырландым. Өзім армандаған қазаққа тән театрға қол жеткіздім. Мысалы, Әзірбайжан Мәдиұлы жалпы қазақ театры ашылғалы бері реформа жасаған адам. Қазақ театрына, қазақ режиссурасына жаңа театр алып келген реформатор. Соған еліктеп қазақтың басқа да режиссерлері шыға бастады. Е.Обаев, Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев т.б. одан тағы ілесті, арасында мен де бармын. Қазақ театрында бір жаңару болу керек деген ой келді. Театр үнемі дамып отыруы керек. Тәуелсіздік келді, компьютер, интернет. Қызықтыру керек, ол үшін форма іздедім. Сол форманы пластикадан таптым. Жастардың жан-дүниесіне жақын, қабылдауына оңай. Жастарға айтқаннан көрсеткен дұрыс, сонда олар өздері-ақ артыңнан қуып жетіп отырады. Сол себептенде музыка мен пластиканы үйлестіру керек болды. Мен сұмдық жаңалық аштым деп есептемеймін, бірақ өзімше бір жол таптым. Мақсатым соны өз халқыма жеткізу. Ал менің театрым қазір бүкіл қазақ театрына әсер етті, театрлар өзгерді. Осылай істеуге болады екенғой деген ұғым туды. Бірақ оның труппасы оған дайын емес, ал менің труппам дайын, мәселе осында.

Өзіңіз егіп, өсіріп баптаған жемістеріңіз ғой

Иа, өйткені өзім дайындап шығардым. Өз шәкірттерім. Қалай илесемде олар үйренген, үйретілген. Мен спектакльде хорды пайдаланып едім, көп театрлар хорға көшіп кетті. Сол хор баяғыдан-ақ болған. Хор деген не? Бірігу керек, балаларды біріктіру керек болды. Бірінің күніне-бірі байланғанын сезінеді, олар өз бетінше жұмыс істей алмайды. Отыз адам әнді бірдей айтып, нотаны бірдей тыңдап ести білуің керек, әйтпесе құрисың. Төрт, алты дауысқа бөлінеді, өзіңнің партияң тұрады. Ұқыптылық керек. Театр ешқайда кете алмайды, бағынады, сондықтан коллективизм пайда болады. Не айтсаңда көнеді. Бір театр жасау үшін режиссер керек. Мықты режиссерсіз театр болмайды. Ол режиссер барынша ізденуі керек.

«Айман-Шолпанда» бала күнімде жайлауда көрген оқиғаны көрсеткім келді. Ата анам мені ұйқтатып кеттім деп ойлайды ал мен ұйқтамай шөптің арасында тасада жатып, болып жатқан қызықтың бәрін көріп жататынмын. Айтыс басталатын. Киіз үйдің ішінде әйелдер жағы, сыртында ерлер дөңгеленіп отырып қызық думан басталып кететін. Онда айтыс, ән, қалжың, бәрі де бар. Дәл сол көрініске би қостым.

Дәл осындай дүниені рок-опера деп жүрміз. Айырмашылығы қандай?

Айырмасы жоқ, бұл қазақтың рок-операсы дей аламыз. Операға келмейді, бірақ көрерменге өте жақын. «Қыз Жібек» бұрын опера болған, біз оны мюзикл жасадық. Қыз Жібек» шет елде сұранысқа ие. Жақында Түркия сұрады барып келдік. Енді Ресей,  Қытай, Литва, Оңтүстік Корея сұрап отыр. Әлемде ең үлкен екі мюзикль фестивалі бар, бірі – Нью-Иоргте, екіншісі –Оңтүстік Кореяда. Бүкіл әлемнен мюзикльдер келіп қатысады. Қазіргі кезде рейтинг жағынан бірінші ағылшындар, екінші біздер тұрмыз. Өзіміздің қарапайым ғана «Қыз Жібекпен». Мюзикль орталығындағылар біздің өнерімізге таң қалады. Олай болатыны Мюзиклде балетін кәсіби балерондар мен балериналар билейді, әндерді вокалисттер айтады, хорларын хоровая капелла айтады. Ал бізде қазақтарда осының бәрін труппа актерлері жасайтынына таңдай қағысып жатады, бесаспап екендіктеріне. Бір жағынан мақтануға болады, екінші жағынан кез келген студентті шығаруға болады, егер педагог жан-тәнімен жұмыс істесе. Оны мен ылғида дәлелдеп отырам.

Ал енді педагогикалық жағына ауыссақ. Сол шәкірттеріңізді дайындауда не жұмыстар істедіңіз?

1984 жылы өзімнің ұстазым Рабиға Қаныбаева апай мені ұстаздыққа шақырды. Асқар Тоқпановта екінші педагог болдым. Төрт жыл оқытатын актерлік топтың бірінші жылы этюдтан басталады. Екінші – үзінділер, үшінші жыл – бір актыны дайындаса, төртінші жылы толық дипломдық жұмыс ойналады. Мысалы мен этюдтан бастағанда, күнді пластикамен жасағым келеді балалармен. Күн күледі немесе жылайды. Бұлт адамның мінезіне айналып кетеді, найзағай болады, от өрт болады, өрт шоқ болады, шоқтан күлге айналады, жаңбыр төгіп, өсімдік шығады тағы басқа. Мұның бәрін неге айтып отырмын, менің осы пластикамен жасатқанымды халық әртістері Асқар Тоқпанов, Рәбиға Қаныбаева, Хадиша Бөкеева, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріповалар бастаған ұстаздар қауымы қолдамады, кафедра жиналысына салып талқылап тіпті болмайды деп кесіп тастады. Топ студенттерімен дайындаған семестрлік жұмыстарымның тас-талқанын шығарып ұрсатын еді. Ал соңғы сөзді бергенде «Мен бәрібір осы пластиканы жасаймын, түбі пластикаға келесіздер, бірақ сіздер оны түсінгенде мен алға озып жеткізбей кетем» дейтін едім. Кейін жеке курс берді. Бәрібір миымда пластика тұрады. Қандай өнер бар сол өнердің бәрі қаз-қатар тұрып алады. Неге бұл балалар акробат болмасқа, неге айтар ойлары хорға айналмау керек, неге табиғатқа, құсқа айналып кетпеуі керек деген ойлармен көпшілік сахналар қоса бастадым. Фольклорлық туындымыз жоғалып кетпесін деп алғаш рет «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мюзиклін жасадым. Республика сарайында көрсетіліп, театртанушылар Бағыбек Құндақбайұлы, Әшірбек Сығайлар пікірлерін білдірді. Спектакльді талдап талқандады. Сахнадағы пластиканы әрі-бері шапқылаудан аспағанын айтып жақтырмағанмен, кейін келе түсініп, жылы пікірлерін өз рецензияларында жазып жатты. Б.Құндақбайұлы ағамда мойындады, түсінді. Сын естіген сайын қайраттандым, іздендім, жақсы дүниелер тауып алдым, ал қазір ол кісілерге рахмет айтамын. Алғаш рет сыналмағанда сол бойы өспей қалып қоярма едім кім білсін? Мақталсам дандайсып құрып кетер ме едім? Бірақ жақсы спектакль екенін көріп, іштей сезіп жүрдім... Бір мақтауға зәру болдым. Мақтаса екен, еңбегімді, не жасап жүргенімді түсінсе екен деймін бірақ мақтамайды. Студенттерімнің көңілі көтерілсе екен деймін, өйткені олар менімен бірге көп еңбек ететін. Ал, мен болсам өзімді-өзім қайрай түсем. Ақыры армандаған театр бұйырды. Педагог үшін студент жәй ғана дәріс тыңдаушы емес, ең қажетті затыңа айналуы керек. Өйткені актерсыз театр болмайдығой. Жақсы спектакль шығару үшін сенің труппаң өміріңе айналуы, педагог ретінде сендіре білуің, олар саған соншалықты риясыз көңілмен сенуі керек. Әрине тәрбиелеу бар, сенің шыққан ойыңның жалғасы солар болуы, үзілмеу керек ол жалғасып жатуы жөн іс.  Бәрі еңбектенгенімнің арқасы ғой деп ойлаймын. Өте қатыгез емеспін, бірақ өте жоғары талап қоямын балаларыма. Ауыл-ауылдан келген қазақтың балалары көп нәрсені білмей келеді, сындыру, бұрау, тәрбиеге көндіру оңай шаруа емес. Аудиторияға таң ертең кіреді балалар, содан жаттығу, үстеріндегі тер сіңген жеңіл киімдерін төрт жыл бойы шешпей күндіз-түні еңбектенеді. Студенттерім дәлізге бей-берекет шықпайдыда, өйткені оларға нақты тапсырмалар берілген. Мен студенттермен не жасап жатқанымды түсінген соң оларда аса қызығушылық пайда болады. Сабақтан бекер қалмайды, өйткені бір күн сабақтан қалған бала басқаларға ілесе алмай қалуы мүмкін екенін бірінші курстан түсінген. Екінші курстан бастап сол еңбектену студенттерімнің өміріне айналады, бұл жағдай театрға барғанда да жалғасын табады, кейде актерлер театрға қонып та қалатын кездер болады. Біраз демалып түнгі үштерден таңға дейін өздері тағы да қосымша жұмыс істейді. Сол ерен еңбектің арқасында қазір олар абыройлы болып отыр, елге танымал, қай жерге барсақта құшақ жайып қарсы алады. Қай облыс, қай мемлекетке барайық сарылып қарсы алады. Спектакль қойғансоң қайтарып жібермейді, соңына дейін алып қалып сыйлап жатады. Біздің театрдың сол театр мерекесінде жүруінің өзі олар үшін престижно (қол жетпес арман), мәртебе, бедел екенін сезініп тұрамыз. Бұл абыройға оңай келе қалған жоқпыз, үлкен еңбек жасалды, жеке басыңдағы өміріңді ұмытуға тура келеді. Қазір интернет арқылы тез тауып алады бізді және өзімізге тікелей байланысқа шығады. Фестивальдерге шақыртулар өте көп қазір, таңдаймыз, барамыз, кейбіріне бара алмайтындығымызды айтып кешірім сұраймыз, уақытқа, жағдайға байланысты. Бүгінгі күні бізге еліктеу көп, ол да жақсы, қуантады. Жастар сезе бастады, біріксек, ұйымшыл болсақ, бір жағадан бас шығарсақ, бір жеңнен қол шығарсақ  тұшымды дүниеге қол жеткізе алады екенбіз деген ойға қалды. Біздің көрермендеріміз негізінен жастар. Оларды өнерімізге иландыру, артыңнан ерте білу үшін талмай жұмыс істейміз.

Сіз хореограф немесе балетмейстер емессіз, ол кісілермен қалай жұмыс жасайсыз?

Балалардың мықты болуы үшін хореограф мамандардың да еңбегі зор. Оларға мен түсіндіремін, қандай пластика керекекенін. Кейбір пластикалық қимылдарды шамамен қалай болуы керектігін көріп тұрамын. Музыкасын өзім табамын. Осындай қимыл-қозғалыстар немесе екі-үш қабатты планда пластикалық қимыл жасалуы керек деген сияқты нақты тапсырмалар беремін. Нақсы мақсаттар мен міндеттер жүктеймін. Олар жұмысқа кіріседі, репетицияқа қатысып көремін, өз ойымды білдіремін. Балалар акробатикамен, цирк өнерімен айналысады. Кейбір жерінде сальто, акробатикалық  жаттығулар жасап, ауада айналып өнерлерін көрсетуі спектакльдің көркемдігін арттыра түседі.

Студенттеріңіз немесе актерлер таңертең аудиторияға келгеннен бастап не істейтінін рет-ретімен айтып беріңізші?

Алдымен тренажерлік жаттығулар жасайды. Бұлар денені шынықтыратын, қиын жаттығулар. Денені созып, бұлшық етті шынықтыратын ғана жаттығулар емес бұлардың ерекшелігі қиындығында. Олар студент кезінде ауырсынып, қиналғанмен денесі шыныққаннан кейін ол кәдуілгі жаттығуға айналады. Ал сырт адамына өте қиын. Бұл шынығулардың бәрі спектакльдер барысында өте қажетті. Кезінде Жақыпбай өз студенттерімен ғана жұмыс істейді, сырттан бітіргендерді жолатпайды деген сөздер шыққан. Ол менің жұмысқа алмағанымнан емес, мәселе біздің жасаған жаттығулар мен дайындықтарға шыдай алмағаннан өздері кетіп қалатындығында. Мен келген актерге труппаға ілесіп кетуге арнайы уақыт мерзімімен мұрсат беремін, түсіндіремін. Ол труппамен бірге жұмыс істеп көреді де ілесе алмайтынына көзі жетеді. Он күнге шыдамайтын жағдайлар бар.

Өзімнің тоқпағыма көнгендер қалады дейсізғой?!

Өйткені бұл театрдың балалары студент кезінен шыныққандар. Сол шеберлікке жетпейтінінше тыным таппайды, соны үйренуден басқа ой келмейді.

Келесі этапында балалар дауыстарын шынықтырып, ән айту қабілеттерін шыңдайды (распевка). Вокал сабағына барады. Оған хор қосылады. Репертуарды өзім таңдап беремін. Қандай ән айтуы керектігін шешемін. Бес, алты дауысқа дейін бөліп айтуын міндеттеген соң хормейстермен бірге жұмыс жасалады. Хормейстер де осы жерде көп ойланып кәсіби маман ретіндегі жұмысын атқарады. Бәрін ойластырып, нотаға жазып дайындықпен келеді. Сосын пластикалық жаттығулар жасауға кірісеміз, классикалық би жаттығулары жасалады. Түрлі жағдайдағы оқиғаларға құрылған актерлік шеберлікті шыңдау бітпейтін еңбек. Осының бәрі рет-ретімен орын алып бағалау процесі қатар жүреді. Әркез балалардың еткен еңбегін саралап, ой айтып пікір білдіріп, әр күнгі жасағандарын  бағалап отыру ұстаздық борыш. Ертесіне тағы да тексеру, шыңдау басталады. Бұлардың бәрі тынымсыз еңбектен тұрады, оны көзбен көріп, ішпен сезу керек.

Станиславский жүйесінің дене пластикасымен байланысқан жері қандай?

Ол кісі көбінесе ішкі пластика жөнінде көп айтқан және соған көп мән берген. Ішкі пластика адамның ішкі ойлау қабілеттілігі. Бір сағаттың ішінде сен бүкіл әлемді ішкі пластикалық оймен шарлап шығасың. Мәселен сен рөлді бірінші іштей жасап аласың, қалай қозғалып қалай қарайтынын, қалай отыратынын. Сыртқы пластикаң ішкі пластика не айтса соны жасайсың, солай тұрып қаласың, егер сен ішке сенетін болсаң. Егер жауыңа атылатын болсаң сен іштей дайындаласың оған, жұдырығыңды түйесің, пышағына ілініп кетпеуді ойлап тұрасың, бұл жағдайдан шығуды, өлтіріп қоймауын, сен одан бұрын қимылдауыңды ойлайсың. Осының бәрі ішкі пластика бойынша жүзеге асады.

Бағыбек Құндақбайұлы, Әшірбек Сығай ағайларымыз, сөз пластикасы, ой пластикасы, тіпті әндеде, қимылда да пластика бар деп айтып отыратын кезінде.

Иа, соның бәрі ішкі пластикамен тікелей байланысты. Мәселен бұрын қойылып жүрген, күнде оқылып жүрген шығарманы пластикамен адам танымастай өзгертіп, мүлдем басқаша етіп қоюға болады.

Яғни, сіздің ойыңызша Станиславский жүйесі дамып жатыр, әр режиссер өзінше жетілдіреді дейсіз?! Әрине барлығы да Станиславский жүйесінің негізінде жасалып, әр режиссер бүгінгі күні өзінше шешім шығарып көркейту үстінде. Вахтангов, Мейерхольд, Акимов бәрі де Станиславскийдің шәкірттері ғой. Басында сонда жұмыс істеп ақырын өзінше жол тапты. Алыс шет елдердегілердің бүкіл актерлерінің армандайтыны осы жүйе арқылы орыс мектебінен өту. Бұл Станиславский жүйеге келтірген үлкен мектеп. Өйткені орыс мектебі шындық мектебі.

Пластикалық спектакльдің ерекшелігін тағыда мысалмен қалай түсіндіресіз? Бірде мен Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» деген романын оқыдым. Сосын авторға пьеса жазып беруге қолқа салдым, керемет қойылым шығаруға сұранып тұрғанын айттым. Ол екі акт етіп жазып берді, мен оны қысқартып қырық минуттық спектакльге айналдырдым. Адамның, суретшінің ішкі жан дүниесін пластикамен бердім. Сұлу қыз бен суретшінің кездесуінде сөз айтуға емес, ішкі жан-дүниесін жеткізуін білдіруге шығады. Ғашық болса сөз айтуы керек деген сенім бар, ғашықпын деп айтпайды, керісінше ынтық адамдар бір-біріне деген сезімін білдіре алмай қиналады. Ал мен осы мөлдір сезімді пластика арқылы жеткізуге тырыстым. Абайдың ғашықтың тілі тілсіз тіл дегенін дәлелдеген екенсіз! Иа.Бірде Данияр Саламат деген жас драматург пьесасын алып келді. Мен өз бетімше өңдеп, пластикамен қойғанда автор өз дүниесін танымай таңқалды. Мен сенің дүниеңді осылай көрдім дедім. Жарты әлемді болмасада, ширек әлемді аралап келді ол спектакль. Біраз жетістіктерге жетіп фестивальдерден орын алды. Айтайын дегенім қазіргі кезде көп сөзділікті онша ешкім ұната бермейді. Ақыл айтудың ешкімге қажеті жоқ, көрермен шетінен ақылды, төзімі жетіп тыңдай бермейді. Құлақ лексиконы соншалықты өзгерген, шығарманы дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Техниканың дамыған кезі, заман басқа. Интернет пен жаһанданудың уағында қызық көп. Американдықтар мюзиклды неге ойлап тапты?  Заман өзгерді жаңа дүние керек болды. Опера мен драманың ортасынан шығарып мюзиклды ойлап тапты.

Мысалы біздің көрермен ұлы классиктерімізді тыңдап отыра алмайды деп ойлайсызба? Классиканың іздеушісі мен сұраушысы барлық уақытта табылады. Мәселен, бізде М.Әуезов театры ұлттық колоритті сақтап қалуы керек, осы сүрлеумен келе жатқан театр, ұлттық, дәстүрлі болып қалуы керек. Мұндай театрлар міндетті түрде керек. Мәскеудің «кіші театры» осындай дәстүрлі театрын сары майдай сақтап отыр. Ташкенттегі Ильхом, Қырғыздың мемлекеттік академиялық театры т.б. бар. М.Әуезов Қобыландыны совет заманында жазды. Цензураға байланысты ашық жаза алмай астарлатқан тақырыптары мен айта алмаған ойларына мән бердім, театрдың бағытына сай драмалық вариантын жасадым, ал өз театрыммен пластикамен рок-опера жасасам деген ойым бар. Әуезов театры актерлерімен бере алмаған жерлерімді өз театрымдағы актерлермен жеткізсем деп ойлаймын. Өйткені әр театрдың актерлері әр түрлі, бағыты басқа.

Қазіргі кезде сол жұмысыңызды жалғастырып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

Дәурен Серғазин деген балама сенім артып отырмын. Көзімнің тірісінде үйреніп ал деп қинаймын. Басқа адам бұл театрды түсінбеуі мүмкін, сондықтан сен үйрен деп қолқа салам.

Осы театрға келген алғашқы шәкірттеріңіз қырыққа жақындап қалды, енді олардың жағдайы отыз-қырық жылдан кейін қалай болады?

Қазіргі үйренгенін олар құлап қалғанша тастай алмайды. Мүмкін ұстаз болар, дәстүрлі спектакльдерде, киноларда ойнар, арғы жағын өз еркінше шешеді.

Үздіксіз еңбекке үйреніп қалды, демала алмайды. Ал, кейде шаршадық демалайықшы ағай деп өздері айтады, демалысқа да бірге барамыз, өйткені бірімізсіз-біріміз жұмыс істей алмаймыз. Бурабайға тауға шығып, Зерендіге көлдің жағасында жатып ән салып, атқа мініп, қыста Бурабайдағы ақ қарға барамыз, сырғанаймыз. Балалаларым біріне-бірі бауыр, әпке, қарындас, сіңілі секілді бауырмал. Бір-біріне жаны ашып тұрады, еш уақытта рөлге таласпайды, бірін-бірі жамандап келмейді, сол этикаға әбден дағдыланған, тәрбиеленген. Балалар арақ ішіп, темекі тартпайды бір жақсысы, жаман әдеттерге әуес емес. Студент кезден тәрбиеленген балалар болғандықтан ешқандай мәселе жоқ бізде.

Абыройларыңыз арта берсін, еңбектеріңіз жансын ағай!

Рахмет!