2018 жылдың 18 маусым күні, Нью-Йорктегі Ұлттық өнер клубының Гранд галереясында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Еуропа мен Азияның қиылысында: Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінен ХХ ғасырдың жауһарлары» көрмесі ашылды. Көрме Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің АҚШ Орыс-Америкалық қорымен бірлесуінде, Вашингтондағы Қазақстан Елшілігі мен Нью-Йорктегі Қазақстанның Бас консулдығының белсенді қолдауымен ұйымдастырылды. Көрме америкалық көрерменге 1930-1970-жылдардағы Қазақстан өнері коллекциясының ең үздік үлгілерін ұсынады. Қазақстандық жетекші шеберлердің 30 шығармалары қазақ-көшпенділерінің мәдениеті, тарихы мен тұрмысымен таныстырады.
Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Елшісі Ержан Қазыханов: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Дональд Трамп 2018 жылдың қаңтарында Ақ үйде кездескен кезде, екі елдің көшбасшылары екіжақты қарым-қатынастардың жаңа дәуірін, ынтымақтастықтың кең ауқымын, соның ішінде, мәдени байланыстар мен халықтық мәмілегерлікті нығайтуды және дамытуды көздейтін 21-ші ғасырдағы біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Біз Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы байланыстарды кеңейту үшін мәдениет саласындағы алмасуларға барынша жағдай жасауға ниеттіміз және біздің америкалық достарымыз бен серіктестерімізге Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі жауһарларының көрмесі ұнайды деп үміттенеміз».
Көрмеде ұсынылған әр жауһар Қазақстанның мәдени мұрасының зор байлығын айқындайды және қазақ халқының өмір салты жайында қызықты оқиғаларын баяндайды. Экспозицияны 1984 жылы музейге есімі берілген тұңғыш ұлттық суретшілердің бірі Әбілхан Қастеевтің шығармалары ашады: «Бүркіт ұстаған аңшы» (1935), «Ұжымшардың сүт фермасы» (1936), «Халық ақыны Жамбылдың портреті» (1937) және басқалары. Николай Хлудовтың «Бұқа үстіндегі бала» (1907), Ольга Кужеленконың «ҚазақКСР халық әртісі Роза Бағланованың портреті» (1957), Мария Лизогубтың «Халық шебері» (1961) және басқа туындылары қазақстандық кескіндеменің дамуына Қазақстанға бұрынғы Кеңес одағының әр түрлі өңірлерінен келген суретшілердің үлкен үлес қосқанын дәлелдейді. Көрмеде ХХ ғасырдың 50-60-жылдарындағы қазақстандық кескіндеме мектебі Молдахмет Кенбаев, Камиль Шаяхметов, Арий Школьный, Гүлфайрус Ысмаилова, Айша Ғалымбаева, Сабыр Мәмбеев және Иван Остеренконың туындыларымен ұсынылған. Айша Ғалымбаеваның «Дастархан» натюрморты (1959) отбасы-ошақ қасының иесі әйел болып табылатын қазақ киіз үйінің жайлы жағдайын білдіреді. Қонақтарды күтіп тұрған мерекелі, мол дастархан қазақ қонақжайлылығының нышанына айналды.
«Алпысыншы жылғылар» — 60-70-жылдардың соңында өздерін таныта білген қазақстандық суретшілер тобының шартты атауы. Салихитдин Айтбаевтың «Жас қазақтар» (1967), Шаймардан Сариевтің «Шопан» (1969), Әбдірашит Сыдыхановтың «Айтыс» (1969) және «Қойлардың шомылуы» (1971), Бексейіт Түлкиевтің «Дастархан», Тоқболат Тоғызбаевтың «Қызыл аядағы натюрморт» (1967) шығармалары Нью-Йорктегі көрмеде қазақстандық кескіндеме өнерінің осы бірегей кезеңін ұсынады.
Сондай-ақ, көрмеде Жанатай Шарденовтың «Медеуге барар жол» (1969), Тұрсын Әбуовтың «Домбыра бейнеленген натюрморт» (1967) және Ғани Баяновтың «Кеш» (1977) туындылары ұсынылады.
«Менің терең көзқарасым бойынша, өнердің нақ өзі халықтың болмысын, философиясы мен руханиятын білдіруші болып табылады. Бұл кішігірім көрме арқылы біз белгілі бір дәрежеде болса да әлемді мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнерімізбен таныстырғымыз келеді. Және бұл әлемдік мәдени кеңістікке ену үрдісінің тек бастамасы ғана деп білеміз», - дейді Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры, профессор Гүлмира Шалабаева.
Клара Исабаева – баспасөз қызметінің жетекшісі