«Айка» фильмі «Оскардың» қысқа тізіміне енді

Режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмі "Оскар" жүлдесінің "Үздік шетелдік фильм" номинациясына іріктеп алынған тоғыз фильмнің қатарына енді.
«Айка» фильмі «Оскардың» қысқа тізіміне енді
Фото www.inform.kz сайтынан алынды

Бұл туралы америкалық жүлденің ресми сайтында жарияланды.

"Айка" фильмі Қазақстан атынан ұсынылып отыр. Кино әлеміндегі ең беделді сыйлыққа "Айка" картинасымен бірге тағы сегіз фильм үміткерлер қатарында. Ол қатарда: Мексика елінен  режиссер Альфонсо Куаронның "Рим" ("Roma") фильмі, Канн фестивалінің жүлдегері Жапон режиссері Хирокадзу Корээданың "Дүкен ұрылары" ("万引き家族") картинасы, Польшадан режиссер Павел Павликовскийдің "Қырғиқабақ соғыс" ("Zimna wojna") фильмі, Ливаннан "Капернаум" ("كفرناحوم"), неміс картинасы "Never Look Away" ("Werk ohne Autor"), Даниядан "Айыпты" ("Den skyldige"), Колумбиядан "Birds of Passage" ("Pájaros de verano") және Оңтүстік Кореядан "Burning" ("버닝") картиналары бар.

АҚШ киноакадемиясының жүлдесі үшін бес номинант 22 қаңтарда жарияланады. "Оскар" жүлдесі  24 ақпанда табысталады.

"Айка" фильмінде басты рөлді актриса Самал Еслямова сомдайды. Естеріңізге сала кетсек, Самал Еслямова 71-ші Канн кинофестивалінде "Үздік актриса" номинациясын жеңіп алған.

Ақпарат: https://tengrinews.kz сайтынан алынды.