Көрмеге В.В. Стерлигов пен Т.Н. Глебованың соғыс жылдарында Алматыда жазған тамаша графикалық жұмыстары (акварельдер, қарындашпен, тушьпен, қаламұшпен салынған суреттер) қойылады.
Алматы осы екі көрнекті суретшінің шығармашылығында ерекше орын алады. Владимир Стерлигов майданда алған қатты жарақатынан кейін госпитальда емделу үшін 1942 жылы маусым айында осында келді. Татьяна Глебова сол жылы алдымен әкесінің, одан кейін ұстазы П.Н. Филоновтың, соңында анасының қазасынан кейін құрсауда қалған Ленинградтан Алматыға эвакуациямен көшіп келді. Бірлескен болашағы әлдеқашан айқын болған Стерлигов пен Глебова нақ осы Алматыда кездесті. Көрікті Іле Алатауының етегінде орналасқан қалада олар бастарынан өткен ауыр сынақтан кейін өздерінің тағдырларын өзгертуге үміт оты жанып, мүмкіндік алды.
Осында оларға өздерінің бойларындағы қажыр-қайратын қалыпқа келтіріп, көркемдік өмірге белсене араласудың зор сәті түсті. Вдадимир Стерлигов амалсыз үзілістен кейін, қайтадан сурет салумен және кескіндемемен айналысып, көркемсурет училищесінде бейнелеу өнері тарихы мен перспективадан сабақ бере бастады. Кеңес Одағы Суретшілер одағының мүшесі ретінде 1942 жылдың маусымынан 1945 жылдың 3 қарашасына дейін Қазақ КСР Суретшілер одағының есебінде тұрды. Татьяна Глебова киностудияда костюм жөнінде суретші болып жұмыс істеуге кірісіп, осы студия суретшілерінің есептік көрмелеріне ұдайы қатысып тұрды. 1944 жылы қыркүйек айында Стерлигов пен Глебова Қазақстан Суретшілер одағында «Этюдтегі айлар» бірлескен көрмелерін өткізеді.
1945 жылы Ленинградқа оралған Стерлигов пен Глебова Алматыда бастары түйісіп, одан осы Алматыда қалған Р.В. Великанова, П.Я. Зальцман, Н.И. Харджиев, Д.И. Митрохин, М.М. Аксельрод сынды тағы да басқа әріптестерімен арадағы қатынастарын үзбеді. Олар өздерінің хаттарында сурет салуға өздері үшін «тыныш әрі жайлы» – «жұмақтың төрі» болған Алматы туралы жиі еске алып отырды. Олар достарына «күн мен таза ауа, ағаштар мен таулардың» және жайқалған гүлдің телегей-теңіз молдығы жетіспейтінін жазды. Олар өздерінің тұрған жерлерін хош иісі жайлап кететін Алматының алмасы салынған сәлем-сауқаттарға қатты қуанып, осынау бір «киелі қасиеті бар» ғажайып алманы жегендерін жазатын. Стерлиговтің сөзімен айтқанда, Алматы олар үшін «өмірлерінің жұмақта өткен бөлігі» болды.
Владимир Васильевич Стерлигов (1904-1973) – Ресей өнеріне баға жетпес үлес қосқан, ХХ ғасырдағы Петербургтің көрнекті суретшілерінің бірі. Ол шығармашылығын Казимир Малевичтің шәкірті ретінде, ұстазының жетекшілігімен кубизм және супрематизм принциптерін үйренді. Кейіннен, ХХ ғасырдың 60-жылдарында ол кескіндемеде «тостаған күмбезді жүйе» деп аталатын өзінің жеке тәсілін жасады. Кескіндеме, қондырғылы графика және кітап графикасы жанрларында оның таланты жарқырап көрінді. Владимир Васильевичтің кәсіби және рухани тәлімгерлік қасиеті болды. Оның айналасына «Стерлигов мектебі» – шәкірттері мен ізбасарларының тобы шоғырланды. Бұл – күні бүгінге дейін өз ұстазының бірегей тәсілінен тоқтаусыз шабыт алып жүрген, қазіргі талантты да танымал көптеген суретшілердің басын түйістірді.
Татьяна Николаевна Глебова (1900-1985) – өз шығармашылығында классикалық орыс авангарды дәстүрлерін сақтап, әрі қарай жалғастырған Павел Филоновтың шәкірті. 1926 жылдан 1932 жылға дейін «Аналитикалық өнер шеберлері» тобының мүшесі болды. 1927 жылдан «Чиж» және «Еж» журналдарында кітап иллюстраторы болып еңбек етті. 1941-1942 жылдары Т.Н. Глебова құрсауда қалған Ленинградта тұрып, шығармашылығын жалғастыра берді. Ол қоршаудағы қала тұрғындарының табандылығына сенімді тарихи айғақ болған «Құрсаудағы Ленинград» топтамасын жазды. 1960-жылдардан В.В. Стерлиговпен бірге тостаған күмбезді кеңістіктің жаңа пластикалық теориясын жетілдіру жолында бірге жұмыс істеді. В.В. Стерлигов қайтыс болғаннан кейін, қылқалам шеберінің идеяларын өз шығармашылығында жетілдіріп, оның шәкірттерінің бойына сіңірді, сөйтіп Т.Н. Глебова кескіндемеде өзінің жеке көп көзқарастылық, ұшып жүрген формалар, рухани түс принциптерін қалыптастырды.