12 театр қатысқан сахна бәйгесі арқылы әр аумақтағы театрлардың хәл-ахуалымен біршама таныс болдық. Сонымен қатар, сахна өнерін дамыту мақсатында үлкен ізденісте жүрген театрларды да кездестірдік. Соның бірі Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры фестивальге «Ләйлі – Мәжнүн» спектаклімен қатысты. Қойылым үшін белгілі Тәжікстандық режиссер Барзу Абдураззаковты шақыртқан. Шетелден шақырылған режиссерден бөлек, бұл шығарманың Қазақстанда тұңғыш рет қойылып жатқанын да айта кету қажет. Поэманың негізі Низами Гәнжәуиден алынғанымен, спектакльде Хафиз, Мұхаммед Физули, Жалаледдин Руми, Шәкәрім Құдайбердіұлының өлең жолдары қосылған. Шығарманы сахнаға лайықтау мақсатында Таир Жароков, Тәкен Әлімқұлов, Ғали Омаров, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Дихан Әбіловтің аудармаларын да қарап шыққан екен. Театрдың бұл спектакльді үлкен дайындықпен бастағанын бірден аңғаруға болады. Сахна шымылдығы ашылысымен Шығыс халқына тән атмосфераны сезінуге болады. Сценография мен костюмдегі үйлесімдікті, сол халықтың ерекшелігін беретін көркемдік бар. Артық декорациясыз жасалған қойылымда, үлкен роль ойнап тұрған актерлер жүрген шеңбер болды. Барлық оқиға желісі сол шеңбердің бойында өрбитіндіктен режиссер мен суретші тарапынан ұтымды шешім табылған (суретшісі – Қанат Мақсұтов). Спектакльді одан әрі көркемдей түскен кларнет, қобыз, дарбука аспаптарының сүйемелдеуі болды (жетекшісі – Ерлан Бейсембаев). Табиғи музыка театр өнерінің жандылығын тағы бір дәлелдегендей керемет әсер қалдырды.
Б.Абдураззаков кез келген шығарманы терең зерттеп, оны актерлерге егжей-тегжейлі түсіндіретін режиссер. Суреткер қойылымның басты идеясы деп махаббат азабынан Мәжнүн атанған Каисқа – Олжас Жақыпбек екпін түсірген. Актер бала болып жүгіріп, ержетіп ғашық болып, махаббатынан алыстап азап тарқан кейіпкеріндегі өсу кезеңіне байланысты тез түрленіп отырады. Спектакльдің негізгі ойы - өмірге мән сыйлайтын, көркем ететін махаббат екенін жеткізе білді. Басты кейіпкерлерден жаңа есімдерді кездестіріп, олардың тұлға болып қалыптасып келе жатқанына куә болдық. Соның бірі, Ләйлідей сұлулығымен есте қалған – Инабат Әбенова есімді жас актриса. Талдырмаш сұлулығына талшыбықтай майыса билегені жарасып, бейне жасауда кейіпкерінің бар нәзіктігін, тектілігін көрсете алды.
Барлық оқиғаны баяндаушы дәруіштің де - Ержан Нұрымбет актерлік шеберлігін ерекше атап өту қажет. Өлең жолдарын мақамына келтіріп оқығанда нақ шығыс халқының ойшылынан қисса тыңдағандай сезім қалдырады. Сырттай бақылаушы әрі спектакльге қатысушы болып келгеніне қарамастан, бойында жасандылықтың ізі де білінбейді. Кішкентай қоңырау арқылы өз кейіпкерін жандандыра түскен.
Шеңберде Ләйлі мен Мәжнүн тұрғанда, оның ішіне Ибн-Салам – Жанат Оспанов кіре алмайтынын байқаймыз. Бұл Ләйлінің жүрегінде Мәжнүнді сақтауы, некелі жары болса да Ибн-Саламды жанына жолатпауы еді. Ж.Оспанов көп сөйлемегенімен іс-қимылы, көзқарасы арқылы барлығын сездіреді. Өз кейіпкерімен ақыл-парасаты жоғары адамның әйеліне ерік беріп, оны шыдаммен күте білгенін көрсеткен. Актердің оқыған монологынан кейіпкердің ішкі сезімін түсініп, оның да бақытты болуға құқы бар екенін мойындаймыз.
Барлық актерлер спектакльде өмір сүре білді. Сахнада өзін көрсете білетін, бұл ролінде де дара бола білген Мәжнүннің әкесі – Қуындық Қыстықбаев, аналық махаббатын, бір саты төмен жүретін әйел затын бейнелейтін Мәжнүннің анасы – Алтынай Нөгербек, хан қызының айтқанынан шыға алмайтын Ләйлінің әкесі – Мейрам Қайсанов сынды белгілі актерлер серіктестік құрған. Оқиға желісінің ауырлығына қарамай, оны тым созбай әдемі жеткізе білді. Бұл тұста шығарманы қысқартып, оны өз шешімдерімен көркемдеген режиссердің еңбегі үлкен.
«Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын бойынша ұжымға жеңіс алып келген, екі кейіпкерді қатар сомдаған – Ботагөз Мақсұтова болды. Шынымен де, актрисаның бір спектакльде бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі бейнені жасауы үлкен шеберлік. Актриса бұйырып сөйлеп үйренген ханның қызы мен көшеде жүрген, төменгі тап деп есептелінетін кезбенің бейнелерін нанымды сомдап шыққан.
Спектакльді іргетасынан бастап дәл қаланған үй деп есептейік. Салыстырмалы түрде кейбір үйлерден өте сауатты қойылған, актерлік ойындары мен режиссерлік шешімдері арқылы оқ бойы озық тұрғанын мойындауымыз керек. Қойылымды біртұтас көркем туынды деп бағаласақ, спектакльдегі қаншама еңбек пен ерекшелікті қоса бағалайық.