29 қараша Нұр-Сұлтан қаласы, Республика даңғ., 33а мекенжайы бойынша TSE Art Destination галереясында орын алатын БҰҰ-ның «Гендерлік негіздегі зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» ғаламдық науқанына арналған сурет көрмесі ашылды.
Бұл іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ Агенттіктері TSE Art Destination-мен бірлесе отырып ұйымдастырған.
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-әрекеттер» республикалық акциясы басталды. Әйел құқығын қорғайтын шара 10 желтоқсанға дейін жалғасады.
Халықаралық гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орай бұл шара елімізде жыл сайын атап өтіледі. 16 күндік акция барысында Қазақстанның 17 орталық аймағында жергілікті билік органдарының қолдауымен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған флешмобтар мен пікірталастық сессиялар өтеді. Шара барысында белсенділер мен құқық қорғаушылар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің жанайқайын тыңдап, олардың құқықтық білімін арттыруға көмектеседі.
«Әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық – бұл жаһандық індет. Барша әйелдер мен қыздарды қорлау – әрбір қоғамға түскен таңба. Бұл кез келген қоғам үшін инклюзивті, әділетті және тұрақты дамуға жол бермейтін үлкен кедергі. Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-шаралар өткізу арқылы біз әйелдер мен қыздардың құқығын қорғап, оларға деген құрметті арттырғымыз келеді. Ерлер мен әйелдердің тең құқылы екенін көрсетіп, негізгі құқықтарының сақталуын қамтамасыз етсек дейміз», деді БҰҰ бас директоры Антониу Гутерриш өзінің Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орай жолдауында.
Әйелдер құқығын алға тартатын шара әр елде әртүрлі үндеумен белгілі. Соңғы жылдары #MeToo, #НеМолчи, #TimesUp сынды көптеген өзге де қозғалыстар дүние жүзі бойынша әйел теңдігін қорғау мақсатында әлемдік деңгейде ұйымдастырылып келеді. Ал біздің елімізде бұл шара #Мені Естіңіздер: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жояйық деген тақырыппен қоғамға үндеу салады.
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың нақты ауқымы бізге әлі де белгісіз. Көп әйел тұрмыстық кикілжіңдерді іште сақтайды. Өз қиындақтарын айналасындағы адамдарға айтуға қорқады. Бір жағынан олардың бойында сенімсіздік көбірек, олар қылмыскерді жария етуден ұялады. Зорлық-зомбылықтың миллиондаған құрбаны шындықты жасырып келеді. Әйелдердің әрі қарай да жәбір көруіне жол берілмеуі тиіс», деді «БҰҰ-әйелдер» құрылымының атқарушы директоры Фумзиле Мламбо-Нгкука.
Қазақстанда жүргізілген статистика деректері бойынша, 2017 жылы Қазақстанда жасалған қылмыстың көбі әйелдердің зорлық көруіне қатысты болған. Оның ішінде 83% қылмыс сексуал сипаттағы зорлық іс-әрекеттермен байланысты болғандығы көрсетілген. Сондай-ақ көптеген әйелдер өмір бойы өз серігінің тарапынан физикалық, сексуал және психологиялық зорлық-зомбылық көріп келген.