"Ұмай" фильмі BIAFF-та жүлдеге ие болды

"Ұмай" фильмі Ұлыбританиядағы кинофестивальде екі бірдей жүлдемен марапатталды.
"Ұмай" фильмі BIAFF-та жүлдеге ие болды

Режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмай» атты қысқаметрлі фильмі British International Amateur Film Festival (BIAFF) Халықаралық әуесқойлар кинофестивалінде «Ең үздік фильм» және «Ең үздік сценарий» номинациясы бойынша топ жарды. Аталмыш туынды іс-шара аясында байқаудың үздік фильмдеріне берілетін Daily Mail баспасының арнайы сыйлығына да үміткер.

Өкінішке орай, ұйымдастырушылар Британ аралдарында коронавирустың өршуіне байланысты ең ауқымды әуесқойлар кинофестивальнің салтанатты кешін кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Бұл туралы кинофестивальдің ресми сайтында былай делінген:

«Өздеріңіз білесіздер, Ұлыбританиядағы кейбір іс-шаралардың мерзімі шегеріліп, кейбірі – мүлде шектетілді. Мамырдың 8-10 аралығына жоспарланған BIAFF-2020 фестивалін 2020 жылдың 16-18 қазанға ауыстыру туралы шешім қабылданды».

Фестиваль ұйымдастырушыларының өкілдері отандық кинотуындының түсірілім тобын жеңістерімен құттықтап, қазылар алқасының оң пікірлерін жіберді. Олар фильмнің басты рөлдегі актерлері Алмаз Ақылбай мен Гүлнар Сильбаеваның жұмысын жоғары бағалады. Сонымен қатар, қазылар алқасы оператордың кәсіби жұмысын, фильмнің монтажын және дыбыстық сүйемелдеуін ерекше атап өтті.

Қазылар алқасының атынан Майк Уитмен: «Бұл бірінші кадрдан-ақ көрермендерді қызықтыратын әдемі фильм. Жеңістеріңіз құтты болсын!» - деп құттықтады.

Еске салсақ, Іңкәр Әбдіраштың дебюттік фильмінің желісі өзімшіл актрисаны түбегейлі өзгертетін балалар үйінің тәрбиеленушісінің өмірін баяндайды. Картинаның продюсерлері Фархат Әбдірайымов пен Гүлшат Смағұлова болды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық бірлестігі түсірді.