Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында "Желдірме. Күйлер мен әндер" кітабының тұсаукесері өтті. Шараға "Президент және халық" газетінің бас редакторы Марат Байділдәұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ермұрат Үсенов, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Амантай Бергалиев, Нұржан Жанпейіс, Саян Ақмолда, К.Байсейітова атындағы РҚМММИ директоры Бахтияр Абдрашев, Ж.Елебеков Колледжі директоры Мырзахан Қадыров, Асылбек Кенигесов, Бауыржан Бекмұханбет және т.б. өнерсүйер қауым қатысты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория студенттері Сымбат Абдуахаб, Дастан Қазкенов, Арнай Надырханов, Ерасыл Есбердинов Әшірәлі күйлерінен шашу шашты.
Аталмыш кітап Шу өңірінде өткен күйші-композитор, ақын, әрі әнші Ә.Шаңқожаевтың 100 жылдық мерейтойына орай күйлері мен әндері жинақталған, өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған алғашқы еңбек. Еңбекте күйші өмірбаяны мен ұрпақтары, тегі мен туған жері туралы мағлұматтар берілген. Сондай-ақ, қолда бар музыкалық мұралары нотаға түсіріліп, жаңа үлгіде қайта ұсынылды. Кітап орындаушылар мен ғылым, білім саласындағы мамандар мен өнерсүйер көпшілік қауымға арналады.
Кітапты баспаға дайындап, редакциялаған, күйлер мен әндерді нотаға түсіріп, құрастырған - Нұркен Әшіров. Жинақ "Қазақ кітабы" баспасынан басылып жықты. Көлемі 144 бет.
Әшірәлі Шыңқожаев – күйші, әнші, ақын, композитор. Бойына бірнеше өнерді тоғыстырған дарын иесі 1920 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылында дүниеге келген. 12 жасында шешек ауруына шалдығып, екі көзден айрылған. Зағиптығына қарамай, Алла берген дарынымен қара домбырасын серік етіп, ел арасында аты шығып әнші-күйші Әшірәлі атанады. Оның шығарған туындылары елге, отанға, балаларына, табиғаттың құбылыстарына арналған туындылардан түзілді. «Көтерліген тыңым», «Колхоз биі», «Шоқпар», «Қой күзету», «Тентек боран», «Жайлау» күйлері аты айтып тұрғандай ел-жер, табиғат тақырыбына арналса, «Балдырған», «Бөбегім» сияқты туындылары балаларына арналды. «Бейбітшілік әуені», «Ой толқыны» күйлері философиялық, ойлы туындылар, «Тойға шашу» - Кенен Әзірбаевтың мерейтойына, «Тойға тарту» - Қазақстанның 30 жылдығына, «Тойбастар» күйі де елдегі келелі оқиғаларға байланысты шығарған арнаулары болды. Жетісудің атақты күйшісі Байсерке Құлышұлы салған сара жолдың жалғастырушысы болғанымен, өз алдына бөлек қолтаңбасын қалдырған ерен күйші бола білді. Қос жанарынан айрылып қалса да, көкірегі сайрап тұрған дарын иесі өле-өлгенше қара домбырасын қасынан еш тастаған емес. Күйшінің күйлері алғаш өткен ғасырдың орта шенінде 1950-60 жылдары фольклорлық экспедиция мүшелерінің жазып алуымен танылды.