Алматыда «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты кітаптың тұсаукесері өтті

Алматыда «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты кітаптың тұсаукесері өтті
2021 жылғы 21 мамыр, сағ. 11.00-де Н. Дәулетова атындағы залында белгілі кинотанушы, көрнекті ғалым, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Бауыржан Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек – бүкіл саналы ғұмырын қазақ киносының өзекті мәселелерін зерттеуге арнаған көрнекті ғалым. Қазақстандағы кинопедагогиканың және кәсіби кинотану мамандығының негізін қалаушылардың бірі.
Қазақ анимациялық, көркем суретті киносына арналған ғылыми еңбектері мен отандық кино өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығымен (1978), КСРО Кинематографистер одағының сыйлығымен (1985), «Құлагер» ұлттық кинематографиялық сыйлығымен (2008) марапатталған.
Кітапта Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері туралы әр жылдары баспасөз беттерінде басылған мақалалары мен сұхбаттары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері жинақталған. Сондай-ақ ұлттық киноның туын көтерген көрнекті ғалым, кинотанушы, өткір ойлы сыншының өмірі мен шығармашылығы, азаматтық ажары мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттерінің, дос-жарандары мен туған-туыстарының естеліктері берілген.
Кітаптың құрастырушылары – Бауыржан Нөгербектің жары, белгілі театртанушы Гүлжаhан Бекхожина және ұлы, кинотанушы, PhD докторы, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті Баубек Нөгербек.
Онлайн режиміндегі шараға Өзбекстаннан, Қырғыстаннан кинотанушылар, Б.Нөгербектің шәкірттері қатысты. Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова құттықтау сөзбен ашты.
Кешті Б.Р.Нөгербектің шәкірті, Қазақстандағы алғашқы кинотанушылар шеберханасының (1993-1997) түлегі, ақын, журналист  «Қазақ және Шалқар» радиолары Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы жүргізді.
Тікелей эфирде З. Бекхожина, Г. Әбікеева, Қ. Халықов, Т.Муканова, Ғ. Әбілдина, Д. Манабай, Б.Қалымбетов, Г. Көбек, Н. Мұқышева, Г. Толомушева, Б. Бауыржанұлы және т. б. сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Жыл сайынғы үздік кинотанушы студентке тағайындалатын Бауыржан Нөгербек атындағы  шәкіртақы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ІІ курс студенті Әлихан Төреновке табысталды.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Б. Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Бауыржан Нөгербек» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Қатысушылар: өнер және кино қайраткерлері, Б.Нөгербектің достары, отбасы және т.б.
29-сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында кітаптың алғашқы тұсаукесері өтті.