Тәуелсіз Қазақстан киносына арналған кітап жарық көрді

Тәуелсіз Қазақстан киносына арналған кітап жарық көрді
*сурет RUAN баспасынан алынды

Бүгін, 30-қыркүйек күні, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі кинотанушы Гүлнар Әбікееваның «Тәуелсіз Қазақстан киносы. "Әрі қарай біз әрекет етеміз"» (Кино Независимого Казахстана. «Дальше действовать будем мы») атты кітабының тұсауы кесілді.

Аталмыш кітап 5 тараудан тұрады:

  1. «Барлығы қалай басталды? "Қазақ жаңа толқыны"» (Как все начиналось? «Казахская новая волна») (1986-1991)
  2. «Продюсерлік киноның пайда болуы» (Становление продюсерского кино) (1991-1997)
  3. «Тарихи сананың қалыптасуы» (Формирование исторического самосознания) (1995-2005)
  4. «Кинодағы ұлт құрылысы» (Нациостроительство в кино) (2005-2012)
  5. «"Тәуелсіздік балалары" буыны» (Поколение «Детей Независимости») (2013-2024)

Әр бөлім Қазақстанның кино әлеміндегі маңызды кезеңдерді қамти отырып, оқырманға жаңа мәдени бетбұрыстар туралы баяндайды. Еңбек журнал принципіне негізделіп, «Уақыт», «Кинопроцесс», «Адамдар», «Фильмдер», «Сұхбаттар» сынды айдарларға бөлінген.

Кітаптың тұсаукесеріне Р.Нұғманов, Л.Ахинжанова, Р.Әбдіраш, К.Шайқақов, Р.Қосай, А.Бейшеналиев, А.Жамбакиев, А.Кенжебаев, Е.Жұмабеков, К.Кадырбаев, Э.Шибанов, Ф.Танаева, Е.Егеубаева, О.Керейбаев қатысты. Бұл шара тек кітап таныстырылымымен шектелмей, тұсаукесерге жиналған киногерлер әрбір кинотуындының артында тұрған қызықты естеліктерімен бөлісті.

Кітап орыс тілінде жарыққа шықты. Автор Гүлнар Әбікеева алдағы уақытта аталмыш кітаптың қазақ және ағылшын тілдеріне аударылатынын айтты.

Кино Независимого Казахстана. «Дальше действовать будем мы»
Автор және құрастырушы: Гүлнәр Әбікеева
Корректор: Елена Кузнецова
Дизайн, мәтінді беттеу, Pre Press : «RUAN» баспа компаниясы
Дизайнер: Анастасия Таукелова


Гүлнәр Әбікеева - кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті. 2005-2013, 2022 жылдар аралығында «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің бағдарлама директоры болып қызмет етті. 

Кино туралы 14 кітаптың авторы, олардың ішінде "Cinema in Central Asia. Rewriting Cultural Histories" (Ұлыбритания, Майкл Роуланд, Биргит Боймерспен бірлесіп), "The Unknown New Wave of Central Asian Cinema" (Оңтүстік Корея, Ким Джи-Сеукпен бірлесіп), «Кинодом Махмальбаф» (Ресей) атты кітаптары шетелде жарық көрді. 

2016 жылы «Өнер және әдебиет кавалері» орденімен, 2021 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 

Гүлнәр Әбікеева халықаралық ФИПРЕССИ, НЕТПАК ұйымының және APSA киноакадемиясының мүшесі.