Almaty Series Festival аясында Series Mania фестивалі воркшоп өткізеді

Almaty Series Festival аясында Series Mania фестивалі воркшоп өткізеді

2025 жылдың 22–26 қыркүйегі аралығында Орта Азияда алғаш рет халықаралық Serial Bridges воркшопы өтеді. Бұл шара әйгілі француз фестивалі Series Mania және оның білім беру бөлімі Series Mania Institute бастамасымен ұйымдастырылып, Almaty Series Festival және Француз институтының (Institut Français) қолдауымен жүзеге асады.

Series Mania Institute жыл сайын сериал әлеміне енді аяқ басқан және бұл салада кәсіби жұмыс жасап жүрген мамандарға арналған воркшоптар өткізеді. Бағдарлама бұған дейін Рио-де-Жанейро мен Ыстамбұлда сәтті өткен болатын, ал 2025 жылы алғаш рет Орта Азияда – Алматы қаласында ұйымдастырылады. Воркшопқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінен сериал жобасымен жұмыс істеп жатқан 7 дуэт (сценарист және продюсер) қатыса алады.

Almaty Series Festival индустриялық фестивалінің аясында өтетін бұл бастама Қазақстандағы сериал өндірісіне арналған алғашқы іс-шара. Орталық Азия контентін жаһандық деңгейде ілгерілетуді мақсат етеді.

Воркшоп неге арналған?

Serial Bridges Central Asia (SBCA) бағдарламасының мақсаты – қатысушыларды халықаралық сериал нарығымен тереңірек таныстыру, олардың жобаларын жаһандық деңгейде ілгерілетуге атсалысу; еуропалық копродукцияларға дайындық, копродукция үшін серіктестер табу және халықаралық сарапшылар қатысатын сценарий шеберханаларын дамыту.

Бас жүлде – халықаралық форумға жолдама

Бағдарламаның қорытынды кезеңінде кәсіби қазылар алқасының қатысуымен питчинг-сессия өтеді. Нәтижесінде екі адамнан тұратын үздік команда (продюсер мен сценарист/шоурайнер) 2026 жылдың наурыз айында Францияның Лилль қаласында өтетін Series Mania Forum халықаралық форумына арнайы шақырту алады. 

Қатысу талаптары

Аталған елдерден үміткерлер воркшопқа қатысу үшін өтінім бере алады. Іріктеуге pre-production кезеңіндегі жобалар қабылданады. Әр дуэт сценарист (немесе шоурайнер) пен продюсерден тұруы тиіс және олар бірлесіп жоба бойынша жұмыс істеуі қажет. Бағдарламаға халықаралық сарапшылар қатысатын болғандықтан, қатысушы команданың кем дегенде бір мүшесі ағылшын тілін еркін меңгерген болуы тиіс.

Қосымша ақпарат, өтінім беру шарттары, мерзімдері мен формасы туралы мәліметтер Almaty Series Festival және  Series Mania -ның ресми Instagram парақшаларында қолжетімді.

 

 

БАҚ үшін байланыс:

Taishanova Aruzhan Talgatkyzy

Press Attaché, Almaty Series Festival

e-mail: taishanovaaruzhan@gmail.com

+7-(775)-491-12-10