Тоққожа Мұқажанұлы
Қожағұлов 1984 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтының
көркемсурет-графика факультетінің «сызу, сурет және еңбек» мамандығын бітірген.
Еңбек жолын (1984-1987
жж.)
Жамбыл қаласындағы Жамбыл педагогикалық институтының жалпытехникалық
тәртіп пен еңбекке баулу факультетінде оқытушы болып бастады. 1987 ж. бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-де әр
түрлі қызметте жұмыс жасап, 2008 жылдан бастап кескіндеме кафедрасында
меңгеруші болып қызмет етеді.
Т.Қожағұлов Қазақстан сурет өнеріне 80 жылдардың ортасында келген
кескіндемеші. Бейнелеу өнері жанрында ең қиыны – портрет десек, суретші өзінің алғашқы
жұмыстарын портрет салудан бастаған. Портрет көптеген факторлар әсер ететін аса
күрделі шығармашылық акт. Суретші өз
туындыларында адамдар образының көпқырлылығын, олардың жан-дүниесінің байлығын
және интеллектуалды өмірін ашып көрсетеді. Тоққожа Қожағұлов жұмысқа кірісер
алдында құжат материалдарымен танысып, мұрағаттағы фотосуреттерді мұқият
зерттеп алып барып, өзінің ойын кенепке түсіреді. Осылайша, жинақталған
материалдар мен мұқият зерттеу барысында алған әсерін ой елегінен өткізе
отырып, суретші өзіндік тұлға сипатын
жасады. Сол себепті әрбір портретте суретшінің адамға деген жеке қатынасы, бар
ықыласы көрініс табады. Оның
шығармашылық галереясында қазақ халқының біртуар ұлылары – Абай, Жамбыл, М. Әуезов,
М. Мақатаевтың және т.б. бейнелері бар. Бұл шығармаларында автор қазақтың ұлы
тұлғаларының адамгершілік, жан жылуы мен
абыройын паш етті. Осы жерден сондай-ақ, халық батырларының («Қарасай-баһадүр»,
«Әйтей батыр») монументалды бейнесі, өз туғандары мен жақындарының портреттерін
де көруге болады. Өз жақындарын бейнелегенде («Әкемнің портреті», «Анамның
портреті», «Ұлымның портреті») суретші ерекше кескіндеме стилін таңдайды, жарық
пен көлеңкеге баса назар аударады. Зор сүйіспеншілікпен орындалған жұмыстарында
адам жанының сұлулығы, адам мен қоршаған орта арасындағы үйлестік бейнеленген.
Тоққожа Қожағұлов көпшілікке
негізінен портретші ретінде танымал. Портрет жанрымен қатар суретші
Қазақстанның керемет табиғатын, өзі туып өскен Хан-Тәңірі аймағын
бейнелеген. Шебердің шығармашылығында философияға толы
тақырыптық картиналар да ерекше орын алады. Олардың ішінде «Жалғыздық»,
«Тыныштық», «Жан дауысы. 1937 ж.» және т.б. еңбектері ерекше әсер береді.
Т.Қожағұлов облыстық,
республикалық, жалпы кеңестік және халықаралық көрмелерге тұрақты қатысып, КСРО
Суретшілер одағының жастар бірлестігінің мүшесі, Жамбыл атындағы, М. Мақатаев
атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Суретшінің шығармалары Қазақстан,
Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония және Балтық теңізі жағалауы
елдерінің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.
Көрмеге автордың 50-ден астам туындылары қойылды.
Қазақстан
Республикасы Мемлекеттік орталық музейі еліміздегі жетекші мәдени-білім беру
мекемелерінің бірі ретінде алматылықтар мен қала қонақтарын Қазақстандағы
бейнелеу өнерінің тарихымен және дамуымен таныстырып келеді.
Көрме 2017 жылдың 16 қазанына дейін жалғасады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіне қош келдіңіздер!
Анықтама телефоны: 264-46-50, 264-55-77