Руслан Болатұлы Абдрафиков 1968 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында туған. 1987 жылы Краснотурьинск көркемсурет училищесін, 2014 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетін бітірген. 2007 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер қауымдастығының, 2014 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Петропавловск қаласында тұрып, сонда еңбек етеді.
Экспозицияда суретшінің 40-тан астам акварельдік жұмысы қойылған. Р.Абдрафиковтің ерекше жеңіл, мөлдір түсті және фотографиялық дәлдікпен орындалған пейзаждары мен натюрморттары көрермендерді таңғалдырып, бірінші кезекте, суретшінің жоғары шеберлігін көрсетеді. Руслан Абдрафиков іңір қараңғылығы ма әлде қысқы ашық таң ба, қандай да болса, табиғат құбылысының ерекше сұлулығын анық жеткізе біледі.
Суретші саябақтағы немесе туған қаласының көшелеріндегі әрбір ағашты, ағаш қоршауға қонақтап, бір-бірімен шықылықтаған құстарды, жаңбырлы күнде су бетінде елестеген ағаштардың жіңішке діңдерін мұқият түрде және ерекше сезіммен сипаттайды.
Натюрморт суретшінің шығармашылығында ерекше орын алады. Олар шынайылығы соншалықты, жылтыраған шай ыдысын қолыңмен ұстап көргің келеді, немесе шыны ыдыстағы шабдалылардың хош иісі сезілетіндей. Әрбір заттың фактурасын немесе жарық пен көлеңкенің ойынын шебер жеткізгені аса таңқалдырады.
Экспозицияда «А lа prima» техникасында, бір сәттік сезімді жеткізу үшін бір сеанста орындалған жұмыстары да қойылған. Олардан өткінші сәттерді сезініп, суретшінің сол уақыттағы жай-күйін түсінуге болады.
Руслан Абдрафиковқа туған өлкесінің табиғаты мен туған қаласының бала күнінен өзіне таныс көшелері шабыт береді.
Талантты суретшінің акварель әлемін ашатын, өмірдің қуат көзі мен түс сиқырына толы туындыларын ұсынатын «А la prima» көрмесіне қош келіңіздер!
Көрме 2017 ж. 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Гүлнұр Жұбанова – көрменің кураторы.