- Меніңше, бүгінгі әлемде болып жатқан дүниелерді мифологиялық ойлау арқылы ғана нақты түсіндіруге болады. Рационализмнің ендігі қажеті шамалы. Жаңа кинематографтың архетиптік күші - фольклор негізінде жатыр. Біздің мәдениет министрлігі авторлық киноға қолдау көрсетіп отырғанына қуанамын, негізі солай болуға тиісті. Менің шығармашылығыма түсіністікпен қараған министрлікпен ынтымақтастықты жалғастыра берем, өйткені менің фильміме цензуралық шектеу қойылған жоқ, - деді фильмнің режиссері Әділхан Ержанов.
Халықаралық Мәскеу кинофестивалінің негізгі конкурсына қазақстандық фильмнен басқа 14 фильм іріктелген, олар: «12-ші адам» (реж. Харальд Цварт, Норвегия), «Солдат естелігі» (реж. Ким Джэхан, Корея), «Гаспар тойға барады» (реж. Антони Кордье, Франция), «Ашу» (реж. Серхио Трефо, Португалия), «Леонның жылы» (реж. Мерседес Лаборде, Аргентина), «Адасқандар» (реж. Дастин Финели, Жаңа Зеландия), «Бүркеу астындағы Неаполь» (реж. Ферзан Оцпетек, Италия), «Офелия» (реж. Клер Маккарти, США), «Ричард тозаққа қарай бет алды» (реж. Роберта Торре, Италия), «Айтары бар адам» (реж. Янис Нордс, Латвия, Польша, Литва), «Табандылық» (реж. Рашид Маликов, Өзбекстан), «Халеф» (реж. Мұрат Дюзгюноглу, Түркия), «Патша-құс» (реж. Эдуард Новиков, Ресей), «Ню» (реж. Ян Гэ, Ресей).
Ал халықаралық байқаудың құрамына режиссёр Анна Меликян (Ресей), продюсер Паоло Дель Брокко (Италия), актёр Джон Сэвидж (АҚШ) және қытайлық режиссёр Лян Цяо кірді.
Сонымен қатар аталған фестивальдің «Шеберлер» бағдарламасында «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен, отандық режиссер Серік Апрымов түсірген «Әкеге қоңырау шалу» атты фильм көрсетілетін болады. Естеріңізге сала кетсек, бұл картина Қазақстан киносыншылар қауымдастығы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінде екі бірдей жүлдеге – «Үздік режиссер» және «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» (актер Ерболат Оспанқұловқа табысталды) қол жеткізді. Одан бөлек, аталған туынды Ресейдің «Ника» атты киножүлдесіне үміткер болған.
Айта кетелік 40-шы МХКФ «Оскар» жүлдесін үш мәрте иеленген Швед режиссері Ингмар Бергманның 100-жылдығына орай, оның шығармашылығына арналған үлкен ретроспектива өтеді. Сонымен қатар, фестиваль аясында «50 жылға парапар екі апта» атты Канн секциясы фильмдерінің көрсетілімдері өтпек.
40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатында режиссер Ферзан Оцпетектің «Бүркеу астындағы Неополь» атты триллері көрсетіледі деп жоспарлануда.
Мәскеу халықаралық кинофестивалі – әлемдегі ең ескі фестивальдердің бірі. Оның негізі 1935 жылы қаланып, сол жылы Сергей Эйзенштейн қазылар алқасын басқарған. Бұл «А» санатындағы беделді фестиваль. МХКФ бағдарлама директоры мәдениеттанушы Кирилл Разлогов, іріктеу комиссиясын ресейлік режиссер Андрей Плахов басқарады. МХКФ президенті ресейлік режиссер, актер, Ресей Федерациясының Халық артисі Никита Михалков.
Айта кетсек, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әр жылдары түсірген фильмдері Мәскеу кинофестивалінде байқаудан тыс көрсетілген болатын. Мысалы, 2016 жылы Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі, 2012 жылы Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі, ал 2011 жылы режиссер Ғазиз Насыровтың «Гәкку» фильмі көрсетілді. Сондай-ақ, фестивальдың негізгі байқауына Абай Қарпықовтың «Фара» фильмі қатысып, Әмір Қарақұлов түсірген «Разлучница» фильмі 1991 жылы фестивальдің арнайы жүлдесіне иеленген. Сол жылдары байқаудың қазылар алқасы құрамында режиссер Шәкен Айманова (1963), режиссер Толомуш Океев (1973), жазушы Олжас Сүлейменов (1981), актриса Гүлнәр Дұсматова (2009), режиссер Ермек Шынарбаев (2011) болған.
Фильм жайлы: Фильмнің басты кейіпкері – өзін таппай жүрген, шаршау, бітпейтін аяздан үркіп қалған шляпалы ер адам. Кейіпкер өмірін қорқумен өткереді. Қандайда бір құдай – мүмкін түн құдайы – оның және басқа әлеуметтің үсітен ылғи да бақылап тұрғандай көрінеді және бұндай сезімдерді ата-бабалары басынан өткерген деп пайымдайды. Бұның түбінде мистикалық негіз бар.
Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
Жанры: Драма
Тілі: орыс және қазақ тілінде
Сценарий авторы және қоюшы режиссері: Әділхан Ержанов
Қоюшы операоры: Едіге Несіпбеков
Қоюшы суретші: Ермек Өтегенов
Продюсері: Серік Әбішев
Рөлдерде: Б.Жұманов, А.Тұрғанбаева, Е.Ержанов.
дереккөз: www.kazakhfilmstudios.kz