Алматыда Зейнеп Түсіпованың жеке көрмесі ашылады

2018 ж. 4 мамыр күні сағат 16.00-де Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Зейнеп Түсіпованың жеке көрмесін ұсынады.
Алматыда Зейнеп Түсіпованың жеке көрмесі ашылады
З.Түсіпова. Мысыр. Александрия қ. - "Қайтбай баба" бекінісі. 2001, к., м.б.

З.Түсіпова. Көктем. 1990, к., м.б.

З.Түсіпованың шығармашылық жолы ол өзі Алматы көркемсурет училищесінің театр бөлімін аяқтағаннан кейін 1970-жылдары басталды. Зейнептің өнерде таңдап алған жолы – табиғатты байыппен, пайыммен қабылдау және халықтық тұрмысты дәріптеу. 1948 жылы 7 ақпанда Жамбыл облысы Талдыбұлақ, қазір Ақтоғай ауылында туып-өскен Зейнеп үшін бұл заңды да. Ол өмірдің өткір шиеленістерінен бойын аулақ ұстайды, бірақ ол суретшінің көрмейтіндігінен емес, ол бәрінен бұрын табиғаттың жан-тіні туралы ойлардың таза әрі жермен шынайы байланыс орныққан жерде табиғат пен адамның үйлесіммен дамитын көрікті мекендерін тауып, соны жазады. Көбінесе халық дәстүрлерін сақтап қалған қазіргі ауылдардың өмірі оны өзінің тұрақты адамгершілік күшімен, адами қатынастардың қайырымдылығымен өзіне тартып алады. Мұны табиғатпен жарасым тапқан өмір деп білеміз. Суретші осының бәрін өмірдің өзінің ерекше символы, түйіні болған ауыл өмірінің кеңістігіне сыйғызады. Оның тікелей табиғаттың өзінен алып суреттеген пейзаждары табиғатты қабылдау күйі мен оның тәуелсіз болмысын, композициялық құрылымның еркіндігі мен табиғилығын даралап тұр. Зейнеп Түсіпова – жаны нәзік кескіндемеші, нағыз колористің өзі. Оның шығармашылығы тиянақты да тыңғылықты, өзі бар ықыласымен, құрметпен қарайтын  Қазақстан кескіндеме мектебінің дәстүрінде қалам тартып жүрген суретші. Осылайша,  ол ұрпақтар сабақтастығының сақталып қалуына қамқорлығын аямайды.

З.Түсіпова. Біздің аулада. 2011, к.,м.б.

Түсіпованың туындылары Ә.Қастеев атындағы ҚР  Мемлекеттік өнер музейінде, еліміздің көркемсурет музейлерінде, Түркия, Германия, Франция, Венгрия, Корея, Ресей, Қазақстан және тағы басқа да елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы. Ол «Сенеж», «Дзинтари» шығармашылық үйлерінде, Гурзуфта жұмыс істеді, 1991 жылы  Мозамбикте, 1993 жылы Сеулде, 2001 жылы Каирде өткен халықаралық көрмелерге қатысты.

«Тіршілік жыры» көрмесінде суретшінің 70-тен астам туындысы қойылады. Көрме 2018 жылы 27 мамырға дейін жалғасады.

Көрменің кураторы – Мукажанова Кульжазира