Мақала / #студентСөзі
«Оян, қалыңдық» спектаклі туралы ой
Бөлім: Театр
Датасы: 15.06.2023
Авторы: Ақжүніс Әшім
Мақала
«Оян, қалыңдық» спектаклі туралы ой
Бөлім: Театр
Датасы: 15.06.2023
Авторы: Ақжүніс Әшім
«Оян, қалыңдық» спектаклі туралы ой

Испан драматургі Федерико Гарсиа Лорканың «Қанды үйлену тойы» («Кровавая свадьба») пьесасын еліміздегі талантты режиссерлердің бірі Дина Жұмабай Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналады. Драмалық шығарманы қазақ тіліне аударған Нартай  Сауданбекұлы. Жалпы өзіміз байқап жүргеніміздей, Д.Жұмабайдың классикаға, шетел драматургиясына, аударма шығармаларға деген қызығушылығы басым. Мысалы, Еврипидтің «Медея» («Қаһар»), У.Шекспирдің «Ромео – Джульетта», «Макбет. Иллюзия», А.Н.Островскийдің «Найзағай»,  Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана», «Жәмила», т.б. Осының барлығында режиссердің түрлі көркемдік шешімдеріне куә боламыз.

Ал, оның жоғарыда біз сөз еткен спектакльдің атауын «Оян, қалыңдық» атаудағы мақсаты – басты кейіпкер болып табылатын Қалыңдықтың өз жүрегінің үнін емес, ақылының дауысын тыңдаса деген ойды алға тарту. Себебі,  пьесаның негізі қақтығыстары осыдан бастау алады. Негізінен шығарманың желісі XX ғасырда Испанияда орын алған шынайы оқиғаға құрылған. Қойылым экспозициясы Күйеу жігіт пен анасының диалогынан басталады. Бұл жерде біз Феликстер әулетінің олардың жақындарын өлтіргені туралы мәлімет білеміз. Ал, келесі сахнада Қалыңдықтың анасы жайында «күйеуін жақсы көрмейтін ол» деген сөздерді естиміз. Осы тұста автор Қалыңдық өз анасының тағдырын қайталайтынына сілтеме келтіргендей болады. Сахнада бой көрсетпей тұрып-ақ Леонардоның есімі көп аталады. Яғни, оның кім, қандай кейіпкер екені пьеса оқрыманына да, көрерменіне де интрига тудырады.

Д. Жұмабайдың идеясы бойынша шын сүйгендер махаббат үшін кез келген құрбандыққа бара алады. Осы тұжырым қойылымда айқын оқылады. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан режиссер бұл шығармасында көрерменге шынайы әсер ететін заттарды қолданған. Мұны роль орындаушылардың (кейіпкерлердің) жуынуы үшін суды, тортты кесу үшін пышақты қолдануынан аңғарамыз. Режиссер мен хореограф Гүлсая Тәуірханова би қимылдарын драманың мазмұны мен жанрына, спектакльдің атмосферасына сай қойған. Актерлердің әрбір қимылдары мен іс-әрекеттерінде өзіндік айтар ой бар.

Спектакльді қою барысында кейіпкерлердің тағдырын, олардың ахуалын көпшілікке нанымды жеткізу үшін Д.Жұмабай актерлерге еркіндік берген. Алғашқы премьералар кезінде өнер көрсеткен актерлік құрам кейіннен өзгеріп отырды. Мысалы, Жанар Мақашева орындаған Қалыңдықтың бейнесінде Бақытгүл Серікбаева және Мақсат Рахметов кескіндеген Күйеу жігіттің ролінде Қазыбек Төлен ойнайды. Негізінен жас актерлер жарасымды тандем жасай білген. Ал, Леонардо кейпіндегі Олжас Сахтың жас мөлшері кейіпкерге сәйкес келмейтінін атап өткен дұрыс. Жалпы роль орындаушылардың ішінде Ажал бейнесіндегі Динара Нұрболаттың ойынын ерекше атап өтсек болады. Актрисаның әрекет-қимылы, тоқтаусыз күлкісі, көпшілікке бірде қорқыныш тудыратын, енді бірде сынағандай немесе арбағандай қараған көзқарасы кейіпкердің мінез-құлықына сай келген. Оның орындықтардың үстімен жүріп, актерлерге жақындауы қойылымның соңы қайғылы оқиғамен аяқталатынын түсіндіреді. Сондай-ақ, кейіпкердің бетін қызыл түспен бояу арқылы режиссер қанды оқиға болатынын түсіндіргісі келген. Актрисаның спектакльдің басынан аяғына дейін сахнадан кетпей, сахналық серіктестерінің жанынан жүріп, бірде көрерменге тесіле қараған түрлі іс-әрекеті түбінде кейіпкердің өз мақсатына жететінін білдіреді.

Режиссер Леонардо мен Күйеу жігіттің өлімін қызыл түсті бояумен жеткізген. Осы тұста «осындай қанға бөккен қойылымның балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында қойылуы қаншалықты орынды? Ғабит Мүсірепов атындағы театр қазіргі таңда өз көрерменіне лайықты тақырыптарды сахналап жүр ме?» деген секілді сұрақтар туындайды. Дегенмен бұл әдістің ақталатын тұсы спектакль премьерасының сол күні ашылған Кіші сахнада қойылуы деп білеміз. Яғни, бұл жерде қойылатын шығармалар көбінесе эксперименттік бағытты ұстанады. Мысалы, «Қаһар», «Сырымды саған айтам…», т.б.  спектакльдерін атап айтсақ болады. Неге эксперименттік? Себебі, «Оян, қалыңдық» пьесанына арқау болған оқиға желісі қазақ қоғамы мен менталитетіне жат. Соған қарамастан бұл қойылымда көрермен халықтың қарасы азайған емес. Яғни, көзі қарақты көрерменнің қызығушылық білдіруі актерлердің ойыны мен режиссердің ұтымды шешімдерінің әсері екенін жоққа шығармаймыз.