Мақала / #студентСөзі
«Кішкентай ханзада» спектаклі
Бөлім: Театр
Датасы: 16.06.2023
Авторы: Аяулым Бекбау
Мақала
«Кішкентай ханзада» спектаклі
Бөлім: Театр
Датасы: 16.06.2023
Авторы: Аяулым Бекбау
«Кішкентай ханзада» спектаклі

Үстіміздегі жылдың 3 маусым күні Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің балаларға арналған «Кішкентай ханзада» ертегі-повесі Пермь Мемлекеттік өнер және мәдениет институтының түлегі Дмитрий Курочкин режиссурасымен қойылды. Режиссер шығарманың атауын «Кішкентай ханзаданың оралуы» деп өзгертіпті. Олай өзгерген себебі балаларға арналып қойылғандықтан деп ойлаймыз.

Сақтандыру инспекторы Жан Марк пен Мари Марктың бес баласының бірі Антуан де Сент-Экзюпери 1900 жылы 29 маусымда Францияның Лион қаласында дүниеге келген. Кішкентай кезінде әкесі дүние салғанымен ол үшін балалық шағы тәтті естеліктерге толы болған. Ол арман жетегінде жүріп, балғын шағын мәңгі жүрегінде сақтады, тәтті естеліктерін өзінің шығармаларында қолданды. Мысалы, кішкентай ханзаданың бейнесін кітап бетінде суреттегенде сол естеліктері көмекке келгені анық. Экзюпери өзінің осы шығармасын Германияның Францияны жаулап алған 1940 жылдары жазыпты.

Бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ бізден кейінгі өскелең жастар болмақ. Қоғамда сол жастарға тәлім-тәрбие берудің жүгі ата-ана мен мектеп табалдырығынан бөлек балалар әдебиетіне түсетіні сөзсіз. Ел аузындағы аңыз әңгімелер мен ертегілерді ұштастыра отырып жазып шығу оңай емес. Жалпы әдебиетте баланың психологиясына, қабылдауына ауырлау, түсінік-танымына мүлде жат шығарма көптеп кездесетіні белгілі. Демек, айналасын енді танып келе жатқан бүлдіршінге лайықты шығарма жазу тым қиын. Дегенмен дәл қазіргі уақытта балаларға арналған шығармалар сан жағынан мүлдем аз. Әр жылдары жарияланып отыратын мемлекеттік байқауларға келіп түскен немесе жеңімпаз болған шығармалар қалың оқырманға жетпейді. Осы олқылықтың орнын толтыру керектігі осындай мәселелерден туындап отыр.

Жоғарыда атап өткен қойылымда ұшақтың қозғалтқышында ақау пайда болып, ұшқыш механиксіз және жолаушыларсыз ұшып, өз планетасынан мың шақырым қашықтықта жатқан Сахара шөліне қонуға мәжбүр болады. Сол тұста кішкентай ханзада мен Ұшқыштың кездесуінен басталады. Ханзада өзінің жердегі болған шытырман оқиғаларын көрерменге баяндайды. Осы тұста спектакльге қатысушы актерлер балалармен жақсы байланыс жасайды. Яғни, роль орындаушылардың бүлдіршіндермен байланыс орнатуы қойылымның маңызын аша түсті. Сонымен қатар Ханзада өзінің жер планетасындағы раушан гүлі жайлы әңгімелеп жатқанда сахнаға шыққан глобус тәріздес жердің пішінінде жасалған реквизит жақсы көрініс табады.

Жалпы сөзімізге тұздық болып отырған «Кішкентай ханзаданың оралуы» қойылымындағы режиссердің ізденісін айтар болсақ, Д. Курочкиннің шешімі бүлдіршіндерді қызықтыра алмады. Жалыққан көрермендердің арасында ұйықтап отырғандары да болды. Себебі, спектакльдегі көркемдік элементтер балалардың таным-түсінігіне қиындық тудырды. Қойылымда кішкентай ханзада күніне он рет күннің батуына қарауды жақсы көретінін айтады. Осы тұстағы күннің бұрынғысынан кеш батып, таңның жүзі ерте көрінетін жерін балалардың ұқпағанын олардың бір орында отырып, қозғалыссыз қалғанынан байқадық. Осы екі минуттың өзі спектакльдің темпо-ритімін түсіріп алғандай.

Ал, Д. Курочкиннің сахналық жүйемен (инсценировка) жасаған жұмысын айтар болсақ, шығармадағы түпкі ой сақталғанымен сахнада әрекетке қарағанда бос сөз тым көп. Демек, автордың шығарма жазудағы өзіндік стильдік ерекшелігі мен жанры сақталса да повесттің астары толық зерттелмеген. Мысалы, қойылым кезіндегі «Маңызды нәрсені көзбен көре алмайсың» деген Ұшқыштың сөйлемі балаларға жетті деп ойламаймыз. Бұл актерлердің өз кейіпкерлерімен дұрыс жұмыс жасамағанын аңағртады. Көрерменнің басым бөлігі кішкентай балалар болғандықтан роль орындаушыларда тек қана ойнап шығу ұстанымының болғаны байқалып тұрды.

Дегенмен спектакльде өнер көрсеткен екінші құрам актерлеріне қарағанда бірінші құрам өнерпаздар ойынының әлдеқайда жоғары болғанын атап өткеніміз жөн. Нұрбол Құмарша қимылының ептілігімен, нанымдылығымен, бет-әлпетіне өзгеріс беріп тұрған мимикасымен кішкентай көрермендердің езуіне күлкі әкелді. Ал, Нариман Елубайдың жарқын даусы мен кейіпкердің мінезі әдемі ұштасқанымен тембрі дөрекілеу естілді. Актердің ойыны мен сахналық бейне үйлеспегендіктен Н. Елубай өзінің ойынына сендіре алмады. Осы тұста режиссерге де, актерлік құрамға да премьераға немқұрайды қарамау керектігін баса айтқымыз келеді. Өйткені бұл сол шығарманың сахнадағы өмірінің басталуы болып табылады. Көпшіліктің рухани-мәдени тұрғыдан дамуы да, баюы да осы алғашқы қойылымнан бастау алады.

Қорыта айтқанда, театрдың бұл спектаклі көрерменнің көңілінен шығуға тырысты. Бүлдіршіндер үшін актерлермен, яғни ханзадамен байланыс орнатып, қойылған сұрақтарға жауап беру қызықты болды. Әрбір көрермен есейе келе өмірдегі, қоғамдағы немесе күнделікті тұрмыстағы көптеген мәселелерді ұмытып, көптеген жағдайларға мән бермейтіндігі жайлы адамгершілікке толы шығармамен танысып кетті. Негізінен бұл – ертегі болып саналғанымен тек балаларды емес, үлкендерді де терең ойға батырып әлемге басқа көзбен қарауды үйрететін керемет туынды. Сөзіміздің соңын Антуан де Сент-Экюперидің «Үлкендер де кезінде алдымен кішкентай бала болған, бірақ көбісі бұл туралы ұмытқан» дейтін өз сөзімен аяқтауды жөн көрдік.