Әлемді жайлаған пандемиядан кейін уақыт санағын алсақ, отандық театр өнерінің дамуы, алға жылжуы және театр өнеріне деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Орталық мегопалистерде шыққан «Махаббат қызық мол жылдар» (реж. Ф. Молдағали), «Гаухартас» (реж. А. Маемиров) спектакльдері қазіргі кезеңнің отандық театр өнерінің феномені деп атауға болады. Әлеуметтік желілердегі миллиондаған көрсетілім, сатылымның алғашқы сағаттарында sold-out болуы отандастарымыздың театрға деген ынтызарлықты оятқаны сөзсіз. Бұл эффект облыс тұрғындарының аймақтағы жергілікті театрдан осы іспеттес спектакльдерді іздеуі немесе сұрау серпінінің өзі қуантады. Осы кезекте, әр аймақ заманауи тілмен айтқанда өз көрерменіне сапалы әрі қызықты контент ұсынуда жақсы жұмыс істеуде.
Бір спектакльді көру үшін өзге қаладан келіп тамашалаудың өзі – театрдың дұрыс бағытта жұмыс жасатқанның белгісі. Көктемнің алғашқы айында Ертіс-Баян өңіріндегі Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» шығармасының желісі бойынша «Ұждан» спектаклін ұсынатынын жариялаған болатын. Режиссерлік-шығармашылық құрамның өзі біз үшін қызығушылық танытты. Өйткені спектакльдің режиссурасын мәскеулік Азамат Нигманов тізгіндесе, франциялық суретші маман Элле Ранше және пластика режиссері Илья Подчезерцев триосын құрады. Ж. Аймауытов театрының артисттерімен бірлесе бір қызық дүние алып келетініне сенім болды. Олай дейтін себебім 2021 жылы режиссер мен суретші тандемі Жезқазған қаласындағы Серке театрында «Жұт» спектаклін отандық назарға ұсынған болатын. Серке театрына жаңаша леп, жаңа тыныс бергенін біле отырып, осы тандемнің Павлодарда, алдымен қаншалықты театр артисттері мен көрермен үшін, оның ішінде мен үшін қызық болатынына сұрақ қоюмен болдым. Премьера күні жарияланған күні Павлодар қаласына жол тарттық. Көрдік... ойландық... ой түйдік...
Сонымен, спектакль туралы ой қозғап көрелік. Спектакль не туралы? Мәні мен мағына қандай? Және тағы сол сияқты сұрақтарға жауап іздеп ой толғап көрейін.
Мен үшін «Ұждан» спектаклі режиссердің түсінігіндегі «Жұт» спектаклінің ІІ-бөлімі, айтар ойының жалғасы іспеттес деп қабылдадым. Өйткені «Жұт» спектаклі сенім мен үміт туралы болса, «Ұждан» осы сенім мен үміттің жағдайы қандай екеніне ой толғайды. Спектакль «ар», «намыс», «сенім», «үміт», «ұждан», «ұят», «жауапкершілік» сөздерінің мағынасы мен халіне баға береді. Расында да, қазіргі кезде осы сөздердің құнсызданып бара жатқанын өкінішпен айтамыз. Ар-намыс, сенім, уәде деген бір кездері адамзаттың құндылығы ретінде саналса, қазіргі уақытта бірнеше әріптердің қосындысы ретінде ғана көрінеді.
Режиссер болып жатқан оқиғаның орнын анықтамайды. Спектакль декорациясы әр түрлі пішіндердің тізбегі, адам формасына сай емес орындықтар мен универсалды төсек сынды детальдарды көрерменнің фантазиясына ерік береді. Бірі адамның ішкі ойы, миы деп қабылдаса, бірі құдықтың іші деп қабылдауы мүмкін. Сахна ортасының биігінде орналасқан шеңбер формасындағы пішін құдық немесе бір жарық түсетін жол ретінде көрсетіледі. Мен үшін, бұл гигиеналық жинақтаушы (септик) ретінде қабылдадым. Оқиғаның болып жатқан жері лас пен боқ араласқан жер деуімнің себебі жоғары айтылған бірнеше киелі сөздердің осындай деңгейге жеткенін көрсеткен режиссердің қазіргі қоғамға берген бағасы деп бағаладым.
Әр көрермен өзінің геосаяси жағдайдан хабардар және интелектуалдық деңгейіне байланысты осы боққа толы контейнердің ішінде болып жатқан оқиғаға өз бағасын береді. Жалпы спектакльде метафоралық элементтер өте сәтті және өз орнында дұрыс пайдаланылды. Осы ретте пластикалық шешімдердің өте әсерлі шыққанын атап өткім келеді. Қолмен ұйымдастырылған алып жүйе машинасы өз жолында ешкімді аямайтынын, тіпті сол механизмді ойлап тапқан иесін де жұтып жіберуге дайын екендігін көрсететін пластикалық шешімдердің әр иірімі әсерлі. Жүйенің құлы болған адам өз досының терісін тірідей сыпыру, мыңның біреуі ғана болмай, сол мыңның біреуі болуына көнген адамның тағдыры қандай аянышты. Өзінің ойы бар адамдар бірден атылады, немесе ойы бар болса да әрқашанда қысқа арқан жіпке байлаулы екенін көрсеткен режиссер Азамат, қоғамның бір қарыс жіппен байланып отырғанын әдемі көрсетеді. Әсіресе финалдағы пластикалық сахна – үміт пен сенімнің қазіргі халінің ахуалын көрсетеді. Бір-бірін демейін десе, ұстатпайтын, қолдан ғайып болып кете беретін бұл әрекетте үлкен мән бар. Егер де режиссер Азамат «Жұт» спектаклінде үміт пен сенімнің бар болуының ықтималдығын айтса, «Ұждан» спектаклінде Азамат үміт пен сенімге ешкім демеу бола алмайтын көрсетіп отыр. Спектакльде қазіргі уақытта болып жатқан оқиғаларды көрсетумен қатар, сол зұлматтың басы 1920-1930-жылдардың оқиғаларымен ұштастырады. Расында да, сол зиялы қауымның репрессияға ұшырамай, ойлаған мақсаттарына жеткен кезінде қазіргі қоғамның қандай болатынын елестеткіміз келеді. Режиссер сол зұлматтың басынан қулықпен аман қалып, билікке жеткен ұрпақтың зиянын көрсетеді. Спектакль барысында режиссер қоғамның құлдық санадан арыла алмай жатқанын әсерлі жеткізеді. Осы ретте спектакльде бірнеше рет «Мен армын! Мен бармын! Мен тірімін!» деп айтылатын сөздерге «Халық әлі қалың ұйқыда! Олар өз таңдауын жасады» деп қойылымның идеясын, басты месседжін айқындап береді.Тіпті Брехттің жүйесіндей артисттер спектакль барысынан шығып (метод отчуждения): «Сендер осыған әлі де көніп қарап отыра бересіңдер ме?» деген көзқараспен халықпен интерактивке түседі. Болып жатқан оқиғаны түсініп жатыр ма екен деген сияқты диалогқа түскен әрекет көрерменді тығырыққа тірейтіні белгілі. Ал егер, ол сенімді түрде айтылатын болса, бір көрерменге бағытталған сөз барлық залға әсер етеді.Көрермен жауап беруге қысылады, үндемейді, жауап бермейді... Яғни, спектакль қоғамның өзекті мәселесін көтеріп отыр. Осы ретте Мағжанның «Мен жастарға сенемін», Міржақыптың «Оян қазақ» деп Алаш идеясын жырлағанына 1 ғасыр өтсе де, біздің әлі ұйқыда екенімізді түсінеміз. Өйткені спектакльде «Бала-биліктің» (бүлдіршін санасындағы басшының) қолындағы мансабы, билігі өзіне қажет емес, тіпті онымен не істеу керектігін білмейтін адамның қолындағы билік атом бомбасынан да қорқынышты. «Мен өзімнің бар байлығымды халыққа таратып беруді шештім» деуі - қандай күлкілі. Спектакль барысында бөтелке (құты) ішінде таза су адамның таза пейілі мен көңілі ретінде қабылдаймыз. Сәл уақыттан кейін сол құты ішіндегі таза суды басшының басына құяды. Кейін сол іші бос бөтелкемен ән айтқысы келетін әрекетінде іші бос адамнан таза әуен, пейілдің болмайтынын көрсетеді. Кейін сол әйнек құтыға қызыл түсті сұйықтық құйылып, ілінген бойда адамдар сол құтымен музыка жасауға тырысады. Қанға, мұңға толы жаннан қандай жақсы пейіл күтуге болады. Яғни, адамзат өзінің таза пейілін қанды агрессиямен толтырып, сол негативті әсермен өмір сүретінін көреміз. Қазіргі қоғамда іші негатив пен агрессияға толы адамдар жайдарлы адам болып өмір сүруді ойнайды. Екіжүзділік біздің өмірімізге араласып кеткенін адамның әлеуметтік желісінен көре аламыз. Әлеуметтік желіде әдемі өмірін көрсетіп жүрген адамдар өмірде ондай емес екенін көріп те, біліп те жүрміз. Күлесің де қорқасың. Әлде қорыққаннан күлесің бе? Мидағы диссонанстың болуы да осы.
Спектакльде басты немесе қосалқы рольдерден горі, ансамбльдік жұмысқа құрылған. Әр құрам мүшесі бір механизмнің маңызды бөлшегі. Әрекеттері нанымды, психофизикалық күйі дұрыс. «Ұждан» қойылымының бір кейіпкерінің теріс дамуы көрсету арқылы қоғамға көрсетілген зиянын ауқымын көрсетеді. Расында да, бізде қоғамның дамуынан гөрі тұлғалық даму үшін адам адамды аттап өтіп кете беретін, бір-бірін даттауға дайын екендігін білу өкінішті жағдай.
Тіпті финалдық сахнада кішкентай бүлдіршіндердің кейіпкерлердің костюмдері сияқты емес етіп көрсетуі жаңа толқынның келгенін Азамат тамаша көрсетеді. Ал ол жаңа толқын, жас ұрпақ қайда тұр? Боқ жинайтын септик ішінде! Тіпті көрерменге поклонға шыға отырып, алдыға жас ұрпақты емес, олардың жолын жауып өздері бірінші шығуда қандай астарлы ауқымды мән жатыр. Яғни, біз жас ұрпақтың болашағын кес-кестеп жауып қана қоймай, олардың бөлек шығуына жол бермейтін адамдардың барын екенін көрсетіп отырмыз.
Десе де, бір атап өтетін жайт бар. Егер де спектакльге дейін сахнада өнер көрсететін артисттер спектакльдің басты идеясымен ауырмаса, оны сезінбей сахнаға бос шықса, спектакль философиясы сұйылып кету қауіпі бар. Яғни, артисттің ішкі психофизикасы толы болу керек. Спектакльде көрерменмен диалогқа түсетін актер дирижер кейіпкерін де орындап, диалогқа тағы да түссе деген ұсыныс бар.
«Бұл ән, басқа әннен өзгерек» демекші, бұл спектакль басқа спектакльден өзге екенін рас. Павлодарлық әріптестеріміз үшін шын қуаныштымыз. Заманауи театр тілі, заманауи көркемдеумен қатар ұлттың философиясын бір ұлтпен ғана шектемей көрсеткені үшін орнымыздан тұрып «БРАВО!» деп айтамыз. Кейде біз өз ұлтымыздың шығармаларын бір мөлшерде, шектелген аумақпен белгілейміз. Алайда Абай Құнанбаев, Шәкәрімдей жауҺарлар бір ұлттың емес, барша адамзаттың асыл мұрасы. Осындай ұлы тұлғалардың философиясын бір ұлттың емес, барша әлемнің философиясы ретінде насихаттау – біздің парызымыз. Отандық театр кеңістігінде «Ұждан» спектаклінің дүниеге келуі қуантарлық жаңалық. «Ұжданды» көрген көрермен ұжданның не екенін бір ой елегінен өткізсе екен деген тілек бар.
Досхан Сәкенұлы
Ұлытау облысы, С.Қожамқұлов атындағы
Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының директоры