Мақала
Ә. Өмірбекұлының заманауи қойылымдарындағы өзгешелік («Дон Кихот» спектаклі негізінде)
Бөлім: Театр
Датасы: 06.02.2024
Авторы: Әйгерім Хайрбег
Мақала
Ә. Өмірбекұлының заманауи қойылымдарындағы өзгешелік («Дон Кихот» спектаклі негізінде)
Бөлім: Театр
Датасы: 06.02.2024
Авторы: Әйгерім Хайрбег
Ә. Өмірбекұлының заманауи қойылымдарындағы өзгешелік («Дон Кихот» спектаклі негізінде)

Испан жазушысы Мигель де Сервантестің төрт ғасыр бұрын «Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот» атты атақты романның барын жақсы білеміз. Бұл шығарма бүгінгі қатігез заманда пендешіліктен жиі аттап жүрген әр адамның жүрегіне махаббат, мейірім төккісі келетін өте адал кейіпкер жайында. Ақиқат жағында жүретін жасампаз кейіпкер Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасынан көрініс тапты. XVII ғасырда жазылған Сервантестің Дон Кихотын көреміз деп ойлағанымыз рас еді, бірақ режиссер бүгінгі күннің көрінісін көрсететін мүлдем өзгеше бағытқа бет бұрған. Яғни, өзгеше көрініс тапқан қойылымның режиссері – Әлібек Өмірбекұлы. Классиканы қазақ тіліне аударған әрі сахналық нұсқасының авторы – Мирас Әбіл.

Аталмыш спектакль шымылдығы ерекше атмосферада ашылды. Сахнаның қақ ортасына ледэкранның көмегімен бұрынғы бейнежазбаны кері айналдыру арқылы режиссер жаңаша көрініс ойлап тапқан. Стилі өзгеше, заманауи қойылымды тамашалайтынымызды бірден ұғынып отырдық. Оқиға сахнада шашылып жатқан киімдерге бір топ актерлердің жүгіріп келіп, өздеріне шақ келетін өлшемді таппай ерсілі-қарсылы жүруінен басталады. «Мынау менікі, мынау сенікі» деумен ары-бері теңселіп жүріп алады. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Сахна саңлақтары» атты еңбегінде актер мамандығы туралы анықтама беріп өткен: «Артист – адамның назарын тез аударатын, еліктіргіш мамандық. Бұның өзі осы өнердің көрерменге тікелей эмоциялық әсер беріп, психологиялық жағынан сахна мен көрерменнің қоян-қолтық араласып кетуі» [1, 115 б.]. Расымен, бар назарымыз актерлердің сахнада не істеп жүргендерін ұғу болды. Байқағанымыз киімдер арасындағы қара шапанды ешқайсысы кигісі келмей, түрлі деталь ойлап тауып жатты. Актриса Айнұр Болат «шапанның түймесі жоқ» - деп сахна сыртынан костюмерлерді іздеп біраз жүріп алса, актер Нұркен Өтеуіл шапанды киген сәтінен күлуін тоқтатпай қояды. Бұл режиссер Әлібектің көрерменге актердің психологиясын жеткізуі ғана емес, болып жатқан оқиғанын прологы еді. Жанат Оспанов «Нина» деп, «Шағала» спектаклінен үзінді ойнап шатастырып жүрсе, Қуандық Қыстықбаев «бұл саған Чайка емес», «Дон Кихот!» - деп қара шапанды ашу үстінде қалай өзі киіп алғанын аңғармай қалады. Актер қателігін дер кезінде түсіне сала, жағдайдан шығу үшін өліп жатқан шағалаға өкіріп жылап бастайды. Сөйтіп, ешқайсысы Дон Кихот болғылары келмейді. Спектакль басталмай жатып, актерлік құрам қазіргі қоғамдағы шенді адамдардың жауапкершілік алғылары келмейтінін астарлы түрде көрсетуде. Осылайша сахнада жарты сағат уақыттан астам  улап-шулап жүрген бір топ актер, соңында сахна артына кетіп үлгереді. Актер Ержан Нұрымбет көп ішінен ерекшеленіп сахнада жалғыз қалды. Актер амалсыз Дон Кихот болуға шешім қабылдайды. Сервантестің Дон Кихотын ойнамақшы болып сыңай танытқанымен, режиссер барлық оқиғаларын бүгінгі күнге өзгертіп күрделендірген. Негізгі романның өзінде де оқиға желісі жетіп артылады әрі алты жүзден астам кейіпкерлері бар. Неге режиссер бұл шығарманы түрлендіруге бел байлады? Неге сахнадағы адамдар Дон Кихот болғысы келмейді? Сонша қашатындай ода қандай теріс қылық бар? Жалпы, Дон Кихот қандай адам деген сұраққа қысқаша тоқтала кетсек.

Пьеса бойынша салыстырмалы түрде оқиғалар тізбегін жазып өтер болсам,  бірінші бөлімнен үшінші бөлімге дейін Ла-Манчада мекен ететін жасы елудегі Дон Кихот өмір сүруі айтылады. Ол рыцарлық романдарды оқуға деген құштарлығынан, өзінің үйіндегі міндеттері мен шаруашылығына көңіл бөлмей кеткен. Көп оқитыны сонша миы кеуіп ақыры өңі мен түсін шатастырып алатын күйге жетеді. Бірде сүйікті романын оқып отырып, «жиһангер боламын» деп шешім қабылдайды. Содан, өте арық, кәрі жылқысын кітаптағы рыцарьдың жылқысы «Росинант» деп атайды. Еш ойланбастан жиһангер болуға жолға шыққан Дон Кихоттын көз алдына ғайыптан сарай көрінеді. Сарай ішіне кіріп тамақ пен сусын алғаннан кейін қожайын Дон Кихоттан алған заттарынын ақысын сұрайды. Осы тұста кітаптан бас алмаған Дон Кихот таңданып, бұл уақытқа дейін ешқандай рыцарьда ақша болмағанын айтады. Сарай иесі ақша жайлы біраз түсіндіргеннен кейін, есуастан тез арада құтылу керек екенін түсінеді. Сыртқа шығып Росинатты суармақ болып жүргенде, сарай иесінен рыцарьдың қылышы пайда болып, Дон Кихоттың желкесінен ұстап қуып шығады.

Төртінші мен алтыншы тарауларда Дон Кихот көпестерден баланы құтқармақшы болғаны үшін таяқ жейді. Соққыға жығылған Дон Кихотты аяп кеткен шаруашылық, тез арада кітаптарды өртеу керек деп шешіп, үйіндегі барлық  зиянды деген романдар мен әңгімелерді  өртеп шығады.

Жетінші тарау мен жиырмасыншы тараулар аралығында Дон Кихот есін жиып, аңғал фермер Санчо Пансаны жолға өзінің серігі ретінде бірге баруға көндіреді. Ол екі рет ойланбастан, адал есегін ершіктеп, серінің соңынан ере жөнеледі. Міне, пьесаның осы тұсындағы оқиғадан режиссер спектакльді бастаған. Пьесаның мазмұнына тоқталған себебіміз, бұл Мигель Сервантестін Дон Кихотын сахнадан көрмейміз. Көрмеуіміздің себебі, режиссер пьесадағы шым-шытырық тартысты оқиғалардын біразын қысқартып, өз пайым түсінігіндегі Дон Кихот сахналарын құрғандықтан деп түсіндік. Әшірбек Сығай өзінің Актер әлемі [2] атты кітабында: «Тарихи тақырып болсын, осы күнгі тақырып болсын алған обьектіміздің аяғына шыға алмай, кейіпкерлер санын да, шығарма көлемін де режиссердің бас салып, бас-көз демей қысқартып жатқаны. О бастан шағын оқиғаның өзіне іс-әрекетті көп беріп, драматургиялық жүкті тауып бере салу әлде қайда жеңіл. Бірақ драматургия тілге зәру, сөзге сараң» [2, 143б.] деп жеңіл дүниені қоя салудан аулақ болуға шақырады.

Режиссер қиялы бойынша Дон Кихотты «қазақ» деп алған. Тұтас кітаптағы Дон Кихоттың басынан кешкен қиындықтарын ұштастыра отырып, жеті табытты ортаға шығарған. Яғни, Әлібек қазақтың ең жанды жеріне тиетін тарихи оқиғаларды Дон Кихоттың басынан кешкен сәттерімен байланыстырғанын байқаймыз.

 

Актер Ержан Нұрымбет бес табытты ортаға шығарып, әр қайсысымен тілдесе бастайды. Бірінші: «Әлемдік картаға қазақ мемлекетін алып келген ұлы жиһангер. Он бесінші ғасырдағы жиһангерлік кітапта сіз туралы жазылмаған, «Керей» десек Әз-Жәнібектің есімін қоса айтамыз. Өйткені бұл кісі керейдің жолын жалғастырушы ұлы жиһангер. Қазақтын басын біріктіріп әлемдік картаға бекіткен. «Қазақ» мемлекетін құрған. Екеуіңізді қадірлейміз, сыйлаймыз. Сондықтан екеуіңізге арнап бір ескерткіш қойдық. Сосын бір көше бердік, дефис арқылы да бірге қолданамыз. Біздің жеріміз өте кішкентай, тар ғой. Одан қалса заманауи ұлылар өте көп. Саспаңыздар келесі жиһангер мен болам» -  деп хандықтан бергі тарихта орны бар ұлыларымыздың рухынан жиһангерлікке рұқсат сұрайды.

Келесі табытқа барып, «Әбілхайыр хан - ұлы мәмлегер жиһангер. Сол бір заманда жоңғар-қалмақ деген шапқыншы халықтын кесірінен біздің қазақ халқы жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Ал бұл кісі жиһангерлік тактика жасап қасымызда отырған орыспен мәмлеге келіп, орыстың қол астына кірдік. Кешіріңіз, сіз кішкене бір «посвящении решение» жасап, кешіріңіздер мен осылай орысша сөйлеп кетемін. Мен орысша сөйлесем өзімді сәл ақылды сияқты сезініп кетем. Мен білемін, сіздер таза қазақша сөйлейсіздер» – деп режиссер бүгінгі тіл мәселесін де көтеріп кеткен. Сонымен қатар, отар болудын қиыншылығын, орыстардың бізді аштықпен қырып, қазақ халқынын намысымызды таптағанын айтады. «Мың рет өліп тірілдік. Бірақ, сіз ұлысыз, сіздің орныңызды мен жалғастырамын» - деп сәл кідіріп барып келесі табытқа қарай беттейді.

«Абай Құнанбайұлы - жұмбақ бейнелі ұлы жиһангер. Тибет, кемелдену пәлсапасы, грек пәлсапасы бар, ал бұл кісі қазақ пәлсапасын жасаған ұлы жиһангер. Біз сіздің тақияңызды, шапаныңызды кидік. Бірақ жаныңызды түсінген жоқпыз. Боқтан сасық боласын өлсеңдағы.... болды біз сіздің ғұлама сөздеріңізді бір-бірімізге ақыл айту үшін пайдаланамыз. Бар болғаны, сол ғана. Сіз айтқан қазақ сол қалпында, біз өзгергіміз келмейді. Сіз айттыңыз есектін артын жуда мал тап деп. Бізге жәй айтуға болмайды, желкемізден ұстап, көзімізді шұқып, міне былай істе деп айтуыңыз керек еді. Сонда ғана түсінетін едік. Бірақ сіз ұлысыз, келесі жиһангер менмін» - деп әр қазақтың жанына тиетін, тарихқа мәлім мәліметтерді режиссер сахнаға шығарады.

«Мұстафа Шоқай 1913 жылы Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанған адам. Сталинмен тайталасқа түкен бірден-бір жиһангеріміздің бірі. Сталин бұдан қорыққан. Сондықтан да бұл кісінің басы үшін қыруар қаржы тағайындады және келесі табыт Әміре Қашаубаев жайлы.

«Әміре Қашаубаев қаршадай ғана бала, қазақтын үнін бүкіл әлемге жеткізген. Парижде бәрін орнынан тұрғызған «Балқадиша әнін» сахнада актер Нұркен Өтеуіл домбырасымен орындап шығады. Ержан Нұрымбет Әміренің жасырын хат беріп жібергеннен кейін, сол хат үшін есігінің алдына асып жазықсыз өлтіріп кеткенін айтады». Бұл тарихтағы шындықты әр қазақ, өнер майталмандары білсе де, ешкім күллі жұртқа мәдениет ордасында сахнаға шығып айтқан емес. Бұл режиссердің батылдығы келесі табытта да байқалады.

«Дінмұхаммет Қонаев жарқын бейнелі жиһангер. Халқымыз еркелетіп Димаш дейтін. Димекенді еске алсақ Алматыны еске аламыз. Режиссер «Сағындым, Алматымды әнін» айтқызып, көрерменді сағыныш сезіміне жетелейді. Сіз өлмеуіңіз керек еді. Ұлы жиһангерлер мен Сіздерден жиһангер болуыма рұқсат сұраймын» - деп соңғы жетінші бос табытты жерге тастап, жиһангерлер қатарына қабылдану сахнасын аяқтайды. Бұл табыт алғашқы премьераларда «соңғы ханымыз» деп көрсетілген еді. Кейін спектакльге өзгерістер еніп, алынып тасталды. Қалың көрерменге ең әсер еткен, көңілден шыққан сахна осы болды. Кез-келген адам бұндай батыл сөздерді, еркін түрде айта алмайтыны сөзсіз. Содан болуы керек, жастар арасында Әлібектің ойын құптайтын, стильін қабылдайтындар көбейді. Үлкен буын стильдік ерекшелік пен сөз саптауға қатты сын айтса, кейбіреуі спектакльдің драматургиясы жоқ. Дон Кихот деген пікір қалдырып жатты.

Ары қарай, режиссер пьесаның желісімен сахнаға жануарлар кейпіндегі бір топ актерлерді шығарады. Олармен әдетте Дон Кихот өзі сөйлесіп жүретінін халыққа дәлелдеймін деп, әріп үйретіп әбден әуреге түседі. Жануарлар залға үңіле қарап, ештеңе түсінбей мәңгүрт күйде мелшиіп тұра береді. Бұнымен Әлібек жиһангер болуға талпынған Дон Кихот қоғамның көзін ашқысы келетіндей. Халық осы жануарлар сияқты ештеңе көрмейтін, түсінгісі келмейтін кейіпте.

Келесі төртінші сахнада күтуші әйелдің Дон Кихотты жиһангерлік жорыққа жібергісі келмейтіні жайында. Актриса Айнұр Бердімұхамбетова орындықта қуаты кеткен, ақ түскен шашта әрең демалып отыр. Ержан Нұрымбет зіркілдей сөйлеп, «Тыңдашы, ана жақта балалар өліп жатыр, түсінші мен көмек беруім керекпін» деп жаны шығып орындықтың алды артынан шықпай жүр. Күтушінің ойы Дон Кихотты ешқайда жібермеу: «өлсе өле берсін, мен өлем содан кейін қайда кетсеңде кете бер» - деп шашалып әрең сөйлей бастайды. Дон Кихот бұл сөздерді тыңдамай жолға шығады.

Бесінші сахна Дон Кихоттың диірмендермен шайқасы жайында. Бұл сахнада осы кезеңдегі қолында билігі бар әкім қаралар мен қарапайым адамдардың оқиғасын көрсетеді. Ортаға жайылған стол басына,  арьерсценаның ортаңғы тұсынан тойынып, теңселе әрең келе жатқан төрт бай келіп жайғасады. Сайқымазақ кейіпіндегі Нұркен Өтеуіл күшік болып үріп, министрлерге бірдеңе айтып түсіндіргісі келеді. Ал, төртеуі бір-біріне тілек айтысып, екеуіне мүлдем көңіл аудармайды. Екінші рет үре бастаса, тыныш отырған әкімдер тағы да тыңдамай қақырынып, гүрілдеп айғайлай жөнеледі. Жиіркенішті хәлге түскен байлар масайрап, үстел басына отыра алмай кетеді. Бай соңғы тілекті айтпақшы болып, үстелдің үстіне шығады. Енді сөзін бастайын деп қақырынып, бес жастағы баладай бұлданып, «айтпаймын» - деп тұрып алады. Ержан Нұрымбет: «айтыңызшы» - деп жалбарынып біраз тұрғанда, есектін ақырған дауысындай айғайлап түсініксіз бір-екі дыбыс шығарғанына, маңайындағылары «керемет» деп қол соғады. Бірін-бірі жетелеген министрлер үстел басынан алыстаған сәтте, 90 жылдағы радио қосылып Бибігүл Төлегенованың танымал Бұлбұл әні қосылады. Ортада төртеуі осы әнге билеп, сайқымазақ Нұркен Өтеуіл үстеріне ақ қарды шашып көңілдерін көтеріп жүреді. Дон Кихот байлардын көңілдерін көтеріп жүргенде төбелес шығып, дәл сол байдың үстіне күтпеген жерден күйсандық құлап кетеді. Екінші бай мәйітке қарап Дон Кихотқа ештеңе демей, құрмет білдіргенінен қазіргі билігі бар кей адамдардың бет бейнесін ашып бергендей болды. Бәрі кетіп, сахнада Дон Кихот әзіл айтады. «Күнделігі беске толған бала, күнделігін зиратта жатқан әкесіне алып келіпті» деп ессіз адамдарша күледі. Күліп тұрып, артынша жылайды.

Жетінші сахна Дон Кихоттың қарындастарының тұрмысқа шығуы жайында. Қарындастары тұрмысқа шыққысы келгенін айтқанда, Дон Кихот қарындастарынын аузын жауып, тыңдағысы келмейді. Анамызда тұрмысқа шықты, ақыры не болды? Күйеуі тастап басқа әйелге кетіп қалды. Бұны көтере алмай анамыз асылып өлген еді. Сендерді мен асырағанмын. Қарындастары Дон Кихоттын айтқанына мән бергісі келмейді. Ертеңін ойламаған үш қарындасы тойларының қалай өтетінін айтып, балаша мәз болып жүр. Осы сәтте: «аға, гүл әкеліп табыстайсыз, тұрсаңызшы» дегенінде Дон Кихот гүлді лақтырып жіберіп, рұқсатын бермегенін білдіріп үндемей отырып алады. Үшеуі Дон Кихотты тыңдамай, айтқандарынан қайтпай кетіп қалады.

Сегізінші сахнада Дон Кихот ескерткіш орнатады. Ескерткішті әлемдегі ең әділетті, ең ержүрек, батыл көсем «Ким Чен Ын» деп таныстырады. Ким Чен Ын - Солтүстік Кореяға басшылыққа келгеннен күннен бастап, халқы елден шығудан қалған. Бізге мәлім Солтүстік Кореяның қорғаныс әскері ғана жақсы дамыған. Халқының алты миллионнан астамы тамаққа зәру, әр екінші баласы көмекке мұқтаж. Ким Чен Ын халқына қатысты бірқатар ережелерді енгізген: «Тұрмыс құрмаған қыздары тек қысқа шашпен, әйелдері жиырма сегіз шаш үлгісін ғана қолдануға құқылы. Ер адамдары шаштарын бес сантиметрден артық өсірмеулері керек. Халқы бір уақытта тұрып әнұран айтып, салауатты өмір салтын ұстанулары қажет». Актер Ержан Нұрымбет Ким Чен Ын ескерткішінен рұқсат сұрап, төмендегі  партерде отырған адамның аяғындағы аяқ киімін шешіп алады. Бұл қылығын Дон Кихот «жанашырлық» деп түсіндіреді: «сенің осындай сасықтығынның кесірінен барлық әлемді ластап жатсын. Мен саған жақсылық ойлаудамын» деп ақталады. Ким Чен Ын өте сұлу адам, мен ең көрікті адамды сыйлаймын, жақсы көремін деп сөзін тоқтатып, тағы да партерге түседі. Ер адамның құлағындағы сырғаны жұлып алып: «бұның не, еркектер еркекше өмір сүруі керек» деп ойлаймын өмірлік ұстанымын білдіреді. Залдың артындағы отырмай тұрып қарап тұрған көрерменге көзі түсіп: «Сіз не істеп тұрсыз, сізге қызық емес па? Сізге қызық болмаса шығып кетіңіз? Шықпайсыз ғой, жақсы» деп адамдардан кешірім сұрап әлгі адамды қолына тапанша алып атып тастайды. Арьерсценадан бір топ актерлер шығып, қазір бәрін өзіміз алып тазалап тастаймыз» деп көрермендер көзінше көтеріп, қабырғадағы қанын тазалап алып кетеді. Бұл оқиғамен сол кезде орын алып жатқан: сұрақ-жауап алуға үйінен алып кеткен белсенді жастардың жазықсыз оққа ұшып жатқанын айтқысы келгендей. Залдағы оқиғалар тізбегіне қарап, Дон Кихотты адам өлтіргіш, нағыз жүйкесі тозған, қатыгез адам деп ойлап қаласын. Режиссердің философиялық ойы, мемлекет мүлкін бей-берекет талан-таражға салғандар мен тамыр-таныстыққа жол берген қоғам бейнесін сахнаға көрсеткісі келгенінде.

Ендігі зер салатын жайт, режиссердің актермен жұмысындағы артықшылығы. Әлібектің басқа режиссерлерден ерекшелігі, ол актерлермен қалай жұмыс жасау керек екенін жақсы біледі. Спектакльге дайындық барысында актерлердің өздеріне манифест жазуды тапсырады. Әр сахна ойындағыдай шығуы үшін бірінші актерлерге не ойнайтынын, қалай сезініп айту керектігін өмірлік мысалдармен түсіндіріп отырады. Бұл қойылымда режиссердің тапсырмасын жақсы деңгейде ойнап шығып, көзге ерекше түскен актер Нұркен Өтеуіл болды. Кейіпкерді кескіндеуінде нағыз актердің алып-ұшпа мінезі мен аңғалдығын көрсете білді. Екінші бөлімде ішімдікке масайраған адамның бейнесін шеберлікпен ойнап шықты. Сервантестің Санчо Пансасы байлық пен үлкен аралды иемденемін деп Дон Кихотпен жиһангерлік жолда өзінің мақсатына жеткен болатын. Спектакльде болса, араққа сылқия тойып жүрген және үйдегі балама не апарып беремін деген аянышты Санчоны ғана көрдік. Пьесада есегі жоғалып, іздеуге шыққанда сандық толы ақшаны Дон Кихот екеуі тауып алатын оқиғасы бар. Осы пьесадағы оқиға орнына сахнада Санчо өзінің ақшасын, былай айтқанда жиһангерлікке бірге шыққан еңбегін сұрау арқылы көрсеткен. Әр болып жатқан сахнадағы оқиғаны кез-келген Қазақстандағы соңғы жаңалықтармен байланыстыруға тырысқаны байқалады.

Біз Әлібектің алғашқы жұмысы «QoraZ» спектаклін талдаған кезде, пьесасы жоқ, өздері құрған оқиға желісін ғана талдап өткен болатынбыз. Режиссердің алдынғы жұмысымен салыстырмалы түрде қарасақ, Қораз спектаклі де Шекспир шығармаларынан алшақ құрылған болатын, сол сияқты Дон Кихот та әдебиет әлемінде орны бар Сервантестің шығармасынан бойын аулақ салған. Екі спектакльдің ұқсастығы: сайқымазақ, стол басындағы министрлер сахналары мен еркін, ауызекі, жалпақ тілде құрылғанында. Театр теоритигі Э.Бентли театр және драма туралы еңбегінде: «Соңғы жылдары шикі негіздерге сүйеніп, диалог құрамақ болған бекер әурешілікке куәгер болып жүрміз. Өйткені бәріміз сол сұрқай өмірдің құрсауындамыз. Сұрқай болғанда да, «өмірдегідей» дейтін күбір-сыбыр мен күлдібадам сөйлемдерден ұялмайтын болдық. Сондықтан да, таза өнер мен жәй өмірдің айырмашылығын талақ етуге бойымыз үйреніп алды» [3, 77б]. Драмаға ауызекі сөз аздық етеді, сөз арзандаса сахналық шығарманың негізгі сипаты «натурализмге» алып келеді. Өмірдің шындығын еңгіземіз деп жүріп, классиканың әдеби сөздерін тыс қалдыруға болмайды. Айтып отырған саяси көзқарастарын, театрға бет-бұрысын әдебиетсіз жалпақ тілмен бастаған режиссердің жұмысын сол кезде «көптүрлілік» деп танығанымыз рас. Бірақ, алдыңғысынан қарағанда осы жолғы жұмысынан айырмашылық көп күттік. Яғни, бұл дүниесі алдығысынан өзгешелеу болуы керек екендігі айтпаса да түсінікті. Қоғамнан тыс әдебиетті театрда жалпақ тілмен жеткізуді әдетке айналдыруда. Соңғы Түркістан облысында қойылған «Триптих» спектаклінде де, қатыгездік пен классиканы ауызекі тілде жеткізу мәнерін ұстанған. Шындықты театр арқылы жеткізуге болады, бірақ, театр заңдылығына сай режиссердің көркемдік ізденісі де болуы қажет.

Екінші актіде актер Қуандық Қыстықбаев елге көмектесетін, махаббат, жылу, мейірім сыйлайтын Дон Кихот болғысы келеді. Келесі сахнада актерлер музыкалық аспаптарды алып шығады. Дон Кихот олардан оркестр құрып, аспапта ойнауды үйретпек болады. Бірақ, бәрі құр әурешілік болды. Үшінші сахнада Инабат Әбенова үй қызметшісі кейіпінде Дон Кихотқа сезімін білдіреді. Спектакльде болмауы керек сахнада әр актер, актрисалар манифест айтады. Екінші сахнаның аяғында спектакльге қарсы шыққан актерлер шығады. Көрерменге қойылымның түсінігін айтып, Дон Кихотқа аналитикалық талдау жасап, актерлік құрам пікірі екіге бөлінеді. Біреу бұл спектакль қандай ой тудырады десе, екінші актер Дон Кихоттың қандай  адам екенін ашық түсіндіреді.

Спектакльдің соңында Ержан Нұрымбет: «Әлди-әлди, бөпем-ай ау, халықтын кейде алғысы, қарғыстан жаман екен-ай ау. Бөпем, бөпем бөпем-ай ау, не жазды екен көкең-ай ау. Адам бір нәрсенің құпиясын ашып, соның құпиясын ашқанда ол өміріне түкке пайдасы жоқ екенін түсінеді. Мен оған жиһангер болуға уәде бергенмін», - деп кішкентай үйдің ішіне кіріп, өзін атып өлтірумен спектакль аяқталады. Декорация мен киім үлгісіне зер салсақ, актерлердің тек ақ пен қара түсті киімде жүретінін байқаймыз. Классикалық шығарманың бүгінгі күнге көнбейтін кейіпкерлері болады. Заманауилық пен ескіліктің ортасын ұстап тұру соңғы кезде режиссерлерге қиынға соғып жүргенін байқап жүрміз. Декорацияның сан-қилы өзгеруі, алып қуыршақтар мен жануарлар бейнесін көрсету, бұрыннан Ресей театрларының барлық жекеменшік немесе мемлекеттік театрларында дамып кеткен. Сахналық шешім мен киім үлгісін, аспаптарды қолдану сахнасы және манифест айту мазмұны дәлме-дәл ұқсас спектакльдерді әлеуметтік желіден байқап жүрміз. Режиссер ұстазы Д.Крымовтың спектакліндегі: үлкен люстраны қою, бетперделермен жұмыс, киім үлгілері мен қанды оқиғаларды режиссер Әлібектің қойылымында да көрдік. Сондай-ақ ғаламтор желісіне жарияланған Ю.Бутусовтың «Барабаны в ночь» спектаклінің сахналық трактовкасына ұқсас екені байқалады. Ресей режиссері Юрий Бутусов жұмысы осыдан жеті жыл бұрын қойылғаны көпке мәлім. «Брехт жүйесімен» қойылған спектакльдердің режиссерлік шешімі мен атмосферасы бірдей болғаны алаңдатушылық тудыруда. Әлібекте бір бағытты ұстанудан гөрі еліктеушілік басым. Көзге көрінетін декорациялар мен мизансценалардың арасында ұқсастық бар. Біз режиссердің өткір мәселелерді ашық әрі батыл айтуын қатты қолдаймыз, тек сол көтерген өзекті проблемалары театр сахнасының табиғатына тән келсе екен дейміз. Бар болғаны осы.

 

 

Қолданылған материалдар:

  1. Сығай Ә. Сахна саңлақтары. – Алматы: Жалын, 1976 – 115б
  2. Сығай Әшірбек. Актер әлемі. – Алматы, «Ан Арыс» баспасы, 2008ж.Т 1 – 143б
  3. Бентли Э. Жизнь драмы. М.: Искусство, 1978.368с – 77б