Мақала / #студентСөзі
Оның аты – Ұлпан
Бөлім: Театр
Датасы: 02.10.2024
Авторы: Ұлпан Шеріхан
Мақала
Оның аты – Ұлпан
Бөлім: Театр
Датасы: 02.10.2024
Авторы: Ұлпан Шеріхан
Оның аты – Ұлпан

Ғасырлар қойнауында сапырлысып жатқан «өнер»  атты майдан қашан да алапат өзгерістер мен толассыз тәжірбиелерге мұқтаж. Олай болса, әр сахнагердің өнерге, оның ішінде театрға әкелген жаңашыл көзқарасы мен өзіндік қолтаңбасы, қазіргі  қоғам айнасы болуы заңдылық емес  пе?

Бүгінде, қазақ театрында өткен тарих пен салт-сананы жаңғырта отырып қойылым сахналау сәнде. Бұған дейін мүлдем болмады дей алмаймыз бірақ, бәрімізге белгілі әлем классикасынан күдер үзбей Шекспир мен Чеховты, Гоголь мен Брехты қою қалыпты болып кеткенін жасырмау керек. ХХ-ғасырдағы қазақ жазушыларының шығармалары жаңаша түленіп, тың  қиял-оймен өзгеріске ұшырап көрерменге жол тартуда. Өнер ордасының  қабырғасында білім алып жүрген жас режиссерлердің айтуынша: «қазақ әдебиетіндегі толғанысты сахналауға қарағанда, әлем классикасын сөйлету әлдеқайда жеңілірек»-мыс. Расында, ұлт тарихы дегеніміз кез-келгеннің тісі бата бермейтін үлкен жауапкершілігі бар жүк.

Қазақ классик жазушысы, әдебиет сыншысы, көркем аудармашы Ғабит Мүсіреповтің есімін алған өнер ордасы бүгінде драматургтің «Ұлпан» шығармасын Г. Балпеисованың режиссерлігімен көрерменге ұсынуда. Айта кетсек, Г. Балпеисованың алғашқы жұмысы Мәскеу қаласындағы Вахтангов театрының «Жаңа сахнасында» 2016 жылдың қаңтар, наурыз және мамыр айларында И. Буниннің әңгімелеріне негізделген «Парижде» спектаклін дербес жұмысы ретінде қойған болатын. Осылайша, өз қолтаңбасын тыста жүрып қалыптастырған ол, қазақ тарихы мен болмысынан да қапы қалмау мақсатында С. Сейфуллин театрында М. Әуезовтің «Қарагөзін», Қ. Қуанышбаев театрында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы көрпеш-Баян сұлуын» сахналап, өнер бәйгелерінде жүлделі орын алып үлгерген. Бұл спектакльдерінде айрықша ден қоялық бейнелер деп Баян сұлу мен Қарагөзді айта аламыз. Күллі қазақ жұртын әйелдері арқылы көрсетуге тырысқандар қатарына «Сибан жұрты» деп ұрандатқан «Ұлпан» образы да келіп қосылды.

Автордың айтпақ болған ойын толықтыру мақсатында суреткер спектакльдің жанрын «қыр суреттер» деп атаған екен. Бұл дегеніміз, көшпелі қазақ жұртының қырдан бел асып, мызғымас дәстүрімен соңынан  із қалдырып ауыл өмірінің қара  түтінін көрсету мақсатында қойса керекті. Десек те, қара қазаны қайнаған ауыл өмірі түгілі, әйел жанының өмірі қалай бір күнде өзгергенін жетесіне жеткізіп көрсетпеді десек, артық емес. Мәселен: Қазақ биінің даласында орын алған дүрбелеңді қызыл отқа өртенге «моншамен» көрсетуге тырысқан, бұл үзінді-сахна спектакльдің темпоритмін түсіріп алғанын аңғаруға болады. Сонымен қатар, өз  шығармашылық жолында «ер мен әйел теңдігін» қатаң ұрандайтын режиссердің бұл үрдісінен бет бұрмағанын келесідей сахнадан көреміз: Ұлпанның авансценаға шығып Шынармен сырласар тұсында оған Есенейдің және қайын атасы мен күйеуі Мүсірептің атын дауыстап атауға үгіттеген тұсынан әйел теңдігін және көнеден келе жатқан ата-салтқа теріс пікірін байқаймыз. Бұл сахна арқылы қазақ қыздарының еркіндігі мен үнін жеткізгісі келгенін бірақ, бұл тәсіл сәтсіз шыққанын айтқымыз келеді.

Тарқата айтсақ,  басты кейіпкер Ұлпанның отызға тақаған орта жасын Толқын Нұрбекова сомдады. Бұған дейін, ешбір қойылымда басты рөлде бой көрсете қоймаған актрисаны бұл образда көру таңдай тақылдатты. Ұлпанның қылықтылығы мен көркем бейнесін, елді аузына қарата сөз сөйлеуін дөп келтірген. Дегенмен, қойылым бойы бұл кейіпкердің өзгеріссіз бір сарында дамығанын көреміз. Мысалы: «Есеней» атағына ие болмас бұрынғы қалпы мен, елі елжірей қараған «Ақнардың» арасында еш айырмашылық көрінбеді. Демек, актрисаға аталған тұсымен қайта дайындық жүргізу артықтық етпейді.

Әсет Иманғалиев

Ер мінезді Артықбайдың жалғыз қызының он тоғыз жас шамасын Рабина Белгібаева ойнады. Екі айдан аса дайындық уақытын да «ел анасы – Ұлпан» образын табу және оны әртістік бойына сіңіру оңай болмағаны көрінді, сырттан келген актриса екені партнерлік жатырқаулардан байқалды. Алғашқы күні  болған премьералық көрсетілімнен қобалжулар мен  шатасуларды байқаймыз, әрине көш жүре келе түзелер деп сенеміз. Ал енді, Есеней аға-биді  Әсет Иманғалиев сомдауға тырысты. Бірақ, біз жас иісті аңсаған және қойылымның басынан аяғына дейін дамыған «өкшеқұл» образын байқаймыз. Автордың сипаттаған нағыз би-болыс, «ақ дегені-алғыс, қара дегені-қарғыс» ысқырығы жер жарар Есеней батырдың қауқары 3,5 сағат ішінде бой көрсетпеді. Әсет мырзаның өз кейіпкерін түсінбегені ме, әлде оған берілген тапсырма осылай болды ма ол енді кезекті сұрақ. Сонымен қатар, ерекше харизмамен көзге түскен Еменалы рөліндегі Елубай Нариман. Ескілікті тұрмысқа әбден үйренген, кертартпа «Ата-бабамыз киіз үйде туған, сонда өлген» деп ол қасарып жалғыз отырады. Ұлпан оны елмен бірге көшіреді. Осы образ арқылы «іштен шыққан жау жаман» деген түсінікті бергісі келген режиссердің үміті ақталды дей аламыз. Әртістің, қалың көрерменнің қошеметіне ерекше бөленуі, оның жаңа қырының ашылғанына дәлел. Онымен қоса, Түрікпен Мүсіреп кейпінде көрінген Ерден Жақсыбек режиссердің кезекті Б.Брехтың «эпикалық театры» көрініс тапқан кейіпкері болды. Ол дегеніміз автордың өзін спектакльге қосу. Өмірде прототипі бар жандар екендігін және соны баяндаушы ретінде қосқанын аңғаруға болады.

Қазіргі кездегі жас, заманауи режиссерлердің үрдісі бойыншы драматургтің жасаған кейіпкерлерін өздігінше өзгерту мен көтерер тақырыбын ауыстыру кең етек жайғанын ескерсек постдрама театрының элементтерін көре аламыз. Сонымен қатар "алыстату эффектісі" ойламаған жерден шығатын іс-әрекетті көрсетудің бірден- бір тиімді жолы. Мәселен: біз бұл көріністі кейіпкері Шынарды сомдаушы Анар Әділова мен Гүлжамал Қазақбаеваның әр кезде сахна бұрышынан шығып көңіл аудартуын дәлел ете аламыз.

Сонымен қатар, "оқшаулану" ұстанымы, бұл  актердің бейнеге деген қарым- қатынасын білдіруге көмектеседі, яғни "төртінші қабырға" деген сахнаны көрермен залынан бөлетін кедергіні жоюға арналған. Және де актермен көрермен арасында байланыс құруға мүмкіндік берген бұл жағдай – еуропалық театр мәдениетінде дәстүр ретінде қалыптасып кетті. Бұл көрсетілген сахна үзінділері арқылы режиссердің сырттан келгенін байқау қиын емес.

Қойылымда жиі кездескен «символдық» әрекеттер – марал мен қасқыр бейнесі болды. Бұл жердегі жас әрі сұлу марал деп Ұлпанды меңзеген болса, Есенейді аш азулы қасқыр ретінде көрсетуге тырысқан. Бұл тұжырымды еркек мінезді Ұлпанның жас күнніндегі аңға шығып, аңшы Мүсірепке айтқан мына сөздерінен байқаймыз: «бұл марал менікі тиісуші болма, оны ауылдың бәрі біледі» деуінің астары, Артықбайдың сұлу жас қызының бой жетіп, айнала түгелмен көз тігіп жүр дегісі келгендей. Келе-келе Есеней Ұлпанға Есеней, Ақнар деп ат қояды. Есеней дегені − бұл символ. Бұрын бұл елдің көсемі мен едім, енді сен болдың дегенді аңғартады. Ақнар деп атау себебі қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар!

Спектакльдің үлгісі аниме мультфильмдерінен алғанын және декорация мен әннің үйлесімділігі еріксіз еске Диснейді түсіреді. Бұл элементтердің қойылымда алар орны үлкен емес, бір-ақ эстетикалық бояу бергені байқалды.

Қорыта келсек, сынамақ  бар жерде көзқарастар тоғыспай жатуы заңдылық, дегенмен бұл қойылымның көзі қырағы көрерменге берері қаншалықты өзекті және сахналық ғұмыры ұзақ болмақ па? Енді бұл сұрақ жауабын келер күннен бірге көрмекпіз.