
Сөз басы...
Жуықта Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының сахнасынан Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармасының желісімен қойылған осы аттас спектакльді тамашалаудың сәті түсті. Инсценировка авторы, әрі режиссері Данил Филиппович, суретшісі Дарын Қалпенов, қоюшы хореограф Вадим Дубовик.
Жасыратыны жоқ, Орталық Азия мемлекеттерінің көпшілігі бұл шығарманы сахналап, өзара өнер жарыстырып келе жатқаны белгілі. Өз кезегінде бізде театртанушы ретінде қырғыз, өзбек, қарақалпақ ағайындардың нұсқаларын көргендіктен, оларды өзара салыстыруға мүмкіндік бар.
Шыңғыс Айтматовтың кез-келген шығармасының негізінде өмірбаяндық өзек жатады. Басқаша айтсақ, өз өмірінің көріністерін тілге тиек ете отырып, күллі заманның тынысын тамыршыдай тап басып жеткізетіндігімен құнды. Ал, «Тарғыл төбет» философиялық астар-арнасы кең, суреткерлік пайымы айқын туынды екені талас тудырмайды. Шығарманың бірнеше дүркін Нобель сыйлығына ұсынылуы да сондықтан. Түркілік дүниетанымда теңіз – қауіп, белгісіздік, сонымен бірге, бұл шексіз мүмкіндіктер әлемі. Теңіздің әр бір толқыны тағдырдың бір белесі іспетті. Ал, теңізде жүзген желкенді кеме – адам деп қабылданады. Теңіз-тағдырда кеме-адам қалай жүзеді, бағытын өзі таңдайды деген астарлы метафора, нәзік символды оқимыз. Яғни, «Тарғыл төбет» повесіндегі негізгі күрес адамның өз тағдырын табуы, қиындыққа төзу, келер ұрпақ үшін адал қызмет ету деп жан-жақты тұжырымдай беруге болары қақ.
Шығарманың режиссерлік оқылымы жайында...
Еліміздің театрлық үдерісіне жаңадан аяқ басқан режиссер Данил Филипповичтің қолтаңбасымен жете таныспын десем артық айтқандық болар. Алайда, оның Жезқазғандағы Қожамқұлов атындағы театрда қойған «Макондо» спектаклі елеулі табысқа жеткенін жақсы білеміз. Сол себепті оның Шыңғыс Айтматов шығармашылығына қандай көзқараспен келгені бізді де қатты қызықтырды. Айта кететін жайт, «Тарғыл төбет» шығармасын режиссерге театр ұжымы ұсынған, ал режиссер бұл таңдаудан бас тартпапты. Данилдің түркітілдес халықтардың мифологиясына, тарихына алғаш қадам басып отырғандығы батылдық. Осы қадам спектакльдің өзіндік ерекшеліктерінің қалыптасуына әсерін тигізген. Туындыны көрермен жаңа аутсайдерлік (сыртқы), яғни, еуропалықтың көзқарасы арқылы қабылдайды. Бұл ретте режиссер аңыз-әфсананың тұрмыстық (материалдық) кеңістігіне көп көңіл аударған. Ол біріншіден спектакльге автордың өмірбаяндық көріністерін, нақтырақ айтсақ, әкесі Төреқұлдың «халық жауы» ретінде ұсталар кездегі оқиғаларды, кішкентай Шыңғыстың сол кезде басынан өткізген хал-күйін, тебіреністерін қосқан. Сахнадағы баяндалып жатқан спектакльдің уақиғасы мен шығарма авторының басынан кешкенін бір арнаға тоғыстырып, Кирискті бала Шыңғыс ретінде қарастырады. Бұлайша ой толғау шығарманың табиғатына жат емес, әрі Айтматов әлемін тануға өзіндік көзқарас. Бұл тәсіл жаңалық деуден аулақпыз. Себебі әр алуан режиссерлер автордың өзін кейіпкер ретінде спектакльге қосатынын байқап жүрміз. Қаншама Шекспирді, Гогольді, Абайды, т.б. көргеніміз бар. Ал, бұл жолы Данилдің Шыңғыс Айтматовты балалық шағынан бастап көрсетуі арқылы оның кішкентай күннен алған «өмірлік жарақаттары» арқылы суреттеуі туындыны қабылдауға кедергі келтірмегенін айта кеткен жөн. Бұл тәсіл қойылымының мазмұны мен формасы басқа бір көркемдік қырын ашуға себеп болады. Осылайша, режиссер «театрдағы театр» әдісі арқылы повестьтегі оқиғаны ғана баяндап қоймай, оны жазуға авторды не итермелген деген сұраққа жауап іздегені байқалады. Режиссерлік интерпретациядағы нақтылық спектакльдің мазмұны мен формасындағы нақтылыққа, нақты теңізді, нақты итбалықты, нақты кемені, т.б. тұрмыстық детальдерді көрсетуімен анықталады.
Режиссер ұсынған ойын ережесіне сай алғашқы көріністер кішкентай Шыңғыс-Кирисктің күрделі бір өзгерістердің белең алатындығын түйсіктік деңгейде сезген бала әлемін танытудан басталады. Сахнаның оң қапталында орналасқан балалар бөлмесінде ұйқысынан оянған жас жеткіншек, көршілес бөлмеде тілдескен әке-шешесінің «айттың ба?», «енді қашан айтасың?» деген диалогтарын естиді, бұл эпизод көрерменің көкейінде әр түрлі сезімдер ұялатады. Осы сахнадағы Төреқұл негізгі оқиғадағы Кирисктің әкесі Эмрайинге айналады. Режиссер өмірбаяндық естелік желісін сахналық оқиғаның өн-бойынан үзбей өткізіп отыруға тырысқан. Кириск-Музлук арасында өтетін сахнада да Музлуктың: «екеуіміз бір бола алмаймыз, әкем рұқсат епейді» деген мағынадағы сөзі «халық жауының баласына тұрмысқа шығуға әкем рұқсат етпейді» дегенді білдіріп тұрады. Қойылымның бел ортасында әкесінен қалған қолжазбаларды Кириск-Шыңғыстың тығылып отырып оқуы да осы режиссерлік ойдың бір айшығы. «Халық жауының» баласының басынан кешкен сұрқай өмірін осындай эпизодтық көріністер арқылы байқатып отыруы режиссерлік оқылымда жақсы қамтылған. Алайда, оқиға негізгі повесттің желісіне ауысқан сәтте, режиссер қосқан өмірбаяндық естелік желісі әлсіреп кетеді. Алғашқы мылтық ату сахнасында осы негізгі режиссерлік көкейкесті ой қисынды өрбуіне жетпей қалып жатты. Бұл көріністе басты идеяға тиісті екпін берілмегендіктен бірсыдырғы, үстірт ойналып кеткен.
Осы ретте, итбалықты атып алған Кирисктің бутафориялық итбалықты сахнадан алып шығуы спектакльдің рухани арнасын нақтылыққа, тұрмыстық шешімге итермелеп тұрғандай әсер қалдырды. Сол мақұлықты сахнадан көрсетпеуге де болатындай еді. Бұл көрініс спектакльдің көркемдік идеясын қарабайырландырып, жер бауырлатып кеткені рас.
Спектакльде режиссер теңіздің реалды бейнесін қарапайым қара целлофанды қолдану арқылы жасайды. Жарық пен музыкалық эффекттің сауатты берілуі сахнадан теңіз толқындарын көруге мүмкіндік берген, әсерлі көрініс болғанын айтуға тиіспіз.
Режиссер ұсынған шығарманың саяси астары спектакльдегі қасқырлар көрінісі арқылы да жеткізіледі. Бұл түз тағылары түкілер табынатын тотем ретінде емес, басты кейіпкердің жолында кездесетін қиындықтар, жамандықтардың белгісі ретінде қарастырылады. Бұл ой, әсіресе, қолына қызыл папка ұстаған Қорқау сахнасында айқындала түседі.
Режиссер шығарманың жанрын дөп басып таба алмаған айтқан дұрыс. Себебі актерлік ойын стилистикасында мелодарамлық реңк басым жатты. Басқаша айтсақ, шығарманың рухани биігі тұрмыстық детальдерге сіңіп, аласарып кетті. Біз спектакльден оптимистік сезімді емес, бойкүйездікті қабылдадық. Әрине, бұлай қоюға болмайды деуден аулақпыз. Бірақ алған әсер осындай. Жұмбақ қалған келесі бір режиссерлік шешім хореографиялық сахналардың бірінде кордебалеттің маска (бетперде) киіп шығу. Бұл жердегі би қимылдарының астары драмалық оқиғаның мәні мен мазмұнына жұмыс жасамағанын айта кеткен абзал. Осы тұста режиссердің айтар ойына қанықпай қалғанымызды айтар едік. Режиссердің музыкамен жұмысы жасауы, жарық берудің әдемі әдіс-тәсілін табуы қолдауға тұрарлық.
Қорыта айтқанда, режиссер өзінің еуропалық дүниетанымы арқылы Айтматов әлеміне деген жаңа көзқарасын жеткізуі өзіндік шығармашылық ізденістің жемісі дей аламыз.
Актерлік ойын туралы бірер ауыз сөз...
Қойылымда үлкен буын аға актерлермен иық тіресіп, жас өнерпаздарда шама-шарқылары жеткенше жұмыс жасап жүр. Орган роліндегі Қоныспек Бегайдаровтың актерлік шеберлігі жас санаткерлерге үлгі. Сахнагердің ойын бедерінен соңынан қалар ұрпағының қамын жеген данагөй ақсақалды көрдік. Оның сөз саптауы, қимыл-әрекеті, психологиялық тереңдікпен жеткізілген үнсіздікдікті ұстай білу қабілеті, ой-толғамдары өзінше бір шеберлік ұштар мектеп. Режиссер идеясынан туып жатқан рольдің штрих-детальдері бейненің мәні мен мазмұнын толық түсуге қызмет етеді.
Спектакльдің негізгі оқиғасындағы кейіпкерлердің қалың тұманда адасып, жол таппай жас Кириск үшін бірінен кейін бірі өздерін құрбандыққа шалатын басты эпизод өзара ұқсас шешілген. Сонымен қатар, Эмрайин – Маратұлы Қуаныш, Мылгун – Кенжеахметов Нұрлыбек және Кириск – Бегайдар Олжас арасындағы қарым-қатынас психологиялық тұрғыда жеткілікті ашылмай жатты. Тұщы судың қадірін, оның құндылығын, болашақ өмірдің көзі екендігін актерлер ұмытып кетеді. Табиғаттың тылсымымен сынаққа түскенде адамның рухы мықты екендігін көрсету жағы жетіспеді. Суға қаталап тұрса да келешек үшін, артында із қалдыру мақсатында жандарын қиған адамдардың биік рухын жеткізуде актерлердің жан құбылыстары, қақтығыстары кемшін болды. Өмір мен өлімнің арасындағы күресті көрсету барысында Кириск-Олжастың мелодрамалық актерлік әдіс-тәсілге түсіп кеткен тұстары бар. Музлук роліндегі Турсунова Диана өз ойын кестесінің шынайылығымен есте қалды. Жас бойжеткеннің бейнесін мейілінше жан-жақты ашып көрсете білді.
Премьера кезінде ырғақ пен өлшемнің созылып, қобалжулар болатыны белгілі, сондықтан болашақта актерлер осындай азды-көпті кемшіліктерді еркін еңсеріп кететіндігіне сеніміміз мол, бастысы ұжымның шығармашылық әлеуеті барын көрдік.
Сөз соңы....
Адам рухының жасампаздығын жырлайтын заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі негізінде сахналанған аталмыш қойылымның жаңаша оқылымы автордың өмірбаяндық естеліктерін арқау ете отырып, өткен мен бүгіннің арасындағы ұрпақтар байланысын көрсетіп берді. Көрерменге заманауи тілде жеткізілген спектакль олардың көңіліне серпін беріп, ойлантқанына кәміл сенеміз.
Театртанушы Меруерт Жақсылықова