Мақала / #студентСөзі
«Тендерге түскен келіншек» - бүгінгі қоғам бейнесі
«Тендерге түскен келіншек» спектакліне көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 24.04.2017
Авторы: Аяулым Садвакасова
Мақала
«Тендерге түскен келіншек» - бүгінгі қоғам бейнесі
«Тендерге түскен келіншек» спектакліне көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 24.04.2017
Авторы: Аяулым Садвакасова
«Тендерге түскен келіншек» - бүгінгі қоғам бейнесі

Тендерге түскен келіншек бұл спектакльдің атауы естіген адамды қызықтырмай қоймайтыны анық. Неге? Бірден ойыма осы сұрақ келді. «Тендерге түскен келіншек» деп аты еліктіріп тұрған драмада тендерге түсетін кім? Таубайдың өз әйелі ме, әлде тайраңдаған ұлдың үйіндегі келін бе? Ал біреудің қойнындағы жа­рын саудалап жүрген адам кім? Бұл жасырын кейіпкер көрермен­дері­мен кездеспейтіндігімен де тартымды. Осы заманда қойнында жатқан жарын «тендерге» түсіріп қоятын азаматтар бар ма деген ой да мазалайды. Драмада бүгінгі күн оқиғасы бейнеледі. «Баланың жолында жан құрбан» дейді ата-ана. Бірақ , шаңырақты ортаға түсірген мұндай құрбандықта мән бар ма?! Бір ғана жағдай кейде күллі дүниенің күл-талқанын шығаруы әбден мүмкін. Айталық, көлік апаты. Сүттей ұйыған отбасы ұл өсіріп, үйлендіріп, немере сүйіп отырған шағында тағдырдың тәлкегіне ұшырарын білді дейсіз бе? Бір-ақ сәтте... көлігімен зулап келе жатып сол жалғыз ұл кісі қағып кетті. Сынақ: не ата-ана бір тәулікте 100 мың доллар пара беруі керек, не жалғыз ұл темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады. Бір айлыққа қарап отырған қарапайым жандар ондай ақшаны қайдан таппақ?

Ақшалының алдында бас идірген қу заман... 100 мың доллар­дың құны – бірін-бірі шексіз сүйетін, сый­лайтын, отыз жылдан астам отас­қан­ ерлі-зайыптылар­дың заңды некесін бұзды. Құрсағын жарып шыққан ұл үшін ана да, ұрпағы үшін әке де еріксіз көнді. Нәтижесінде адам қағып өлтірген ұл бостандыққа шықты, анасы өзіне баяғыдан ғашық бай мырзаның жарына айналды. Ал бұл жерде ең сорлаған – барынан айырылып, намыстан елдің бетіне қарай алмай, ел кезіп кеткен қайран әке.

Қойылымда бүгінгі замандағы құндылықтың өзгеруі, адамдардың соншалықты мейірімсіздігі, тіпті адам тағдырын пара шешетінін, бай мен кедей өмірінің айырмасы тұп-тура көрсетілген. Ең бастысы, бұл жерде көзге ұрмайтын, бірақ түйсігі мол жан сезетін бір идея бар: сахна ашылғанда – әткеншекте бала отырды, екі жақтан әке-шешесі тербетіп тұрды, жабылғанда да – сол әткеншек, бірақ онда шашы ағарған, өлі жанарлы ұл отыр, екі жағынан сұп-сұр киінген біреулер әлдилеп тұр. Мұнда айтып-жеткізгісіз трагедия жатыр. Қайы­рым­сыз ұрпақ! Баланы жөнсіз, шектен тыс әлпештеу дегеннің үлкен қателікке ұрындыратынын, нәтижесінде, мінеки, барын тосқан әке-шешеге ұлдың қайы­рыла қарамауына әкеп тірейтінін көр­сетіп отыр. Бала өмірдің тәттісін ғана емес, ащысын да көруі шарт. Жалғыз балаға барын үйіп-төгіп, басына көтерген ата-ана түбінде не тапты?! Бетінен қақпай, бауырдың қадірін білмей өскен әумесерден жылулық күту әурешілік емес пе?! Қойылымдағы жағымсыз кейіпкер болса да, әділ сөзді Жорабек айтты: «Жалғыз бала деп шолжаңдаттыңдар. Әлпештедіңдер. Же­гені артында, жемегені алдында. Ал, не көр­діңдер содан?!».

Драманың авторы – белгілі қаламгер Медеу Сәрсеке, қоюшы режиссері – Ораз­хан Кенебаев. Оқиға желісі қарапайым-ақ. Бірақ, сонысымен құнды. Күнделікті тірліктен боямасыз көшірілген.