Мақала / #студентСөзі
Т.Қожағұловтың «Томирис» картинасындағы көркемдік ерекшеліктер
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 13.06.2021
Авторы: Ақерке Ибрагимова
Мақала
Т.Қожағұловтың «Томирис» картинасындағы көркемдік ерекшеліктер
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 13.06.2021
Авторы: Ақерке Ибрагимова
Т.Қожағұловтың «Томирис» картинасындағы көркемдік ерекшеліктер
Т.Қожағұлов "Томирис"

Портрет – айналада болып жатқан көптеген факторлар әсер ететін аса күрделі шығармашылық жанр. Тоққожа Қожағұлов өзінің бастапқы жұмыстарын портрет салудан бастағанын оның шығармаларынан байқауға болады. Автор кейіпкер образын ашу үшін түрлі амалдар қолданып, мұқият зерттеу-зерделеу жүргізіп, жинақталған материалдар мен алған әсерін ой елегінен өткізіп, таным-түйсігіне құлақ түре отырып тұлға сипатын жасайды. Сондай-ақ, жарық пен көлеңкеге баса назар аударады.

Суретте - Т.Қожағұловтың қызы Томиристің портреті. Өз жақын адамын бейнелегенде суретші ерекше кескіндеме стилін таңдайды. Автор өз туындысында Томирис образының көпқырлылығын, оның жан дүниесінің байлығын нақты ашып көрсете алған. Яғни, суретші Томиристі салу барысында оны жақын адамы ретінде ғана елестетпейді, керісінше, шығармасының басты кейіпкері ретінде сомдайды. Тіпті, қызын жай ғана бейне болудан алыстатып, образға айналдыруды місе тұтатын сыңайлы.

Портретке мұқият назар салсақ, арудың ұзын перне саусақтарының көмегімен күзгі алмаларға қол созып, өзіне алмақшы болғанын байқаймыз. Үстел үстінде тізбектелген өзге де алмалар бір-бірімен байланысқан тұтастай натюрморт сияқты, олар өзара ажырамайтын компонент құрғанының куәсі боламыз. Портрет жанрында қылқалам тербеген Тоққожа Қожағұловтың өзге суретшілерге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасының ерекшелігі де осында. Бір ғана портрет жанрының өн бойында ол өзіндік шеберлігінің көрінісін, натюрморт, пейзаж жанрларын да сыйдырта білді. Портретке қарау барысында көзімізге бірден Томиристің бейнесі түседі, себебі дәл орталыққа орналасқан портрет туындысы алдыңғы планның негізінде салынған.

Образды мінсіз етіп көрсететін шарттардың бірі түстердің дұрыс үйлесімділігі болса, автор түстерді қолдану барысында қателікке бой алдырмағанын байқауға болады. Суретшінің шығармашылық ұстанымына айналған С.Далидың: «Шығармашылықпен шұғылданардан бұрын көне суретшілер секілді сурет салуға және бояумен жазу шеберлігіне үйреніңіз, содан кейін барып өз ықтиярыңызбен жұмыс істеңіз, сізді барлығы құрметтейді», - деген ұстанымы оның Томиристі салуда бүкіл талап-тілектерді қанағаттандыратындай деңгейге жеткізіп, суретке барынша мән бергенін байқауға болады. Көбіне артқы планда шымқай көк, күлгін, қоңыр, жасыл сияқты қою түстерді көп қолданған. Десек те, ашық түстер де жоқ емес. Қыз қолындағы жеміс-жидектің, киім-кешегінің біраз бөлігінен сарғыш, ақшыл, қоңырқай тәрізді ашық түстерді кездестіре аламыз. Осы сәтте көкейде мынадай сұрақ туады: «Суретші түстерді таңдаған кезде көңіл-күйіне байланысты таңдай ма әлде олардың мағынасына мән бере ме?». Талдау барысында, негізінен, суретшімен осы тұрғыда әңгімелесуді жөн деп таптық. Соған сәйкес, суретшінің өзіндік сырларына қанығып, мынадай тұжырымға келеміз:

Түс – адамның ішкі болмысының көркем бейнесі. Суретшінің шеберлігі – осы сезіп түйсінетін сезімдерді түстік реңктерде ұтымды етіп көрсете алуында байқалады. Өйткені, ол туындың әдемілігімен, сәнділігімен, бояуларының қанықтығымен және ерекше сюжетімен көрерменді өзіне баурап алады. Түстерді көңіл-күйге қарай таңдау, оны мағынасына мән беріп таңдаудан гөрі оңайға түседі. Неге десек, суретші қандайда бір көңіл-күйдің жетегіне еріп бой алдырса, оның қылқаламынан туған шығарма да дәл сондай реңк береді. Ал, Томиристе түстердің бір-бірімен үйлесімділігі композицияны бір орталыққа жинақтап тұрғанын байқауға болады. Яғни, түстердің жарықтан артқы планда сәл қараңғыға ойысуы кереғарлықтың барын сездіреді.

Десек те, картинаның негізгі мазмұны он жеті-он сегіз жасар бойжеткен жайында. Қыз басындағы әдемі желек гүлдермен безендірілген сары телпек, анығында гүлдесте, оның сырт келбетіне үйлескен жарасымды киімі, батыс үлгісіндегі ою-өрнекпен безендірілген ұзын көйлегі оның тұла бойында үйлесім тапқандай көрінеді.

Картинаның сол жақ төменгі бөлігінде бір-бірімен шиеленіскен тамырлар – «Өмір ағашы» іспеттес. Бас-аяғы жоқ оның ұзын-сонар күре тамыры шексіздіктің, жастық шақтағы албырт сезімнің символымен тығыз байланыс тапқан.

Туындыда Томиристің еңсесі түскен көктемнің бір жабырқау күнінде жауын астына киетін сыртқы күртешесімен орманнан алма теруден қайтып, оларды ыдысқа біртіндеп салып жатқан сәті бейнеленген. Дегенмен, жалт қараған сәттегі оның солғын жанарынан жылт еткен үміттің шырағданы байқалмайды. Біртүрлі жабырқау, көңілсіз қараған бойжеткеннің образы – жарқ етіп бір сөніп, жанарындағы ұшқыны қайта жанғандай әсер қалдырады.

Туынды негізінен реализмге емес, мифтік ұғыммен жанасқанға ұқсайды. Әрине, қыз портреті шынайылықпен, реалистік тұрғыда салынған. Десек те, артқы планда бейнеленген жұмбақ орман тылсым күшпен, сиқырлы әлеммен байланысқандай әсер қалдырады. Бәлкім, бұл да суретшінің қиялынан туған өзіндік жетістігі болар? Туындыға қараған сәтте мүлгіген тыныштықты, бейнебір жан рахатын сезінгендей күйде боламыз. Кейіпкердің өң мен түстің арасында алма-кезек жүруі де міне, осында. Бұдан, Т.Қожағұловтың шығарманы жазудағы мәнері өзге суретшілерге мүлдем ұқсамайтынын аңғаруға болады. Яғни, қыз жанарына ұялаған көңілсіздік, сұрғылт түсті сары күздің келіп жеткенін аңғартатын сыңайлы. Десек те, ашық, жарқын реңкті түстермен көмкерілген түрлі-түсті бояулар оның жүзіндегі көңілсіздікті жуып-шаяды. Картинада бедерленген заттық деңгейлер арасында тепе-теңдік мейлінше сақталған.

Тоққожа Қожағұлов, қызы – Томиристің бейнесін асқан шеберлікпен, шынайы жазған. Картина ішіндегі тыныс-тіршілік, ондағы бас кейіпкер мен алма теруге барған жұмбақ орман бір-бірімен астасып, рухани үндестік тауып жатыр. Сондықтан болар, портретте суретшінің сол адамға деген жеке қатынасы, бар ықылас-зейіні көрініс табады. Кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, оған тереңінен үңілетін болсақ, оның тылсым мен жұмбаққа толы екенін аңғарамыз. Кез-келген адам көріп, түсіне бермейтін табиғи сұлулықты суретші жан дүниесімен көріп, көрермен көзімен жеткізді.

Бар-жоғы қағаз, акварельді қолдану арқылы суретші тың образды өз көрерменіне түсінікті етіп жеткізе алған. Автор артқы планда көгілдір аспанның бейнесін алыстан мұнартыпты. Бәлкім, бұл автор тарапынан жылулықтың сездіргісі келгендігінің нышаны болар? Аса сүйіспеншілікпен орындалған бұл шығармада қыз жанының сұлулығы, адам мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділік бейнеленген. Оның шығармасында басты бейнелеу құралы - жарық пен көлеңке кереғарлығы. Қыздың кенеп бетіне орналасу сипаты, оның мінезі мен көңіл-күйі, рухани дүниесі туынды желісінде анық, айқын суреттелген. Сонымен қатар, қимыл-қозғалысы мен дене қалпы, жәй-күйі берілген оның өзіндік образы суретшінің талғампаз екендігін білдіреді.Тоққожа Қожағұловтың әр сызықты, әр жағысты өз орнына қоя білетін жазу әдісі қызы Томиристің төл дүниесін, болмысы мен жан дүниесін, оның психологиялық ішкі әлемін зор сүйіспеншілікпен әрі шыншылдықпен шынайы етіп суреттеуге жағдай жасаған. Ол Томиристің бейнесі арқылы қарапайым қыздың жоғары адамгершілігін, қадір-қасиетін, рухани тазалығын және жанының жылулығын көрсете білді. Жеке тұлға мен оның артқы аясының үйлесімі шебердің өзіндік қолтаңбасын нәрлендіріп, көңіл-күй серпілісін күшейте түскендей. Автор тарапынан картинаға мұқиятпен баса назар аударып, әрбір детальға мән беріліп, көп күш жұмсалғандығы көрініп тұр. Суретшінің шеберлігінде мін жоқ. Томиристің өзіне тән мінезін ашуға көмектесетін артқы пландағы артқы аяға суретші жасыл реңді күңгірт бояуды жиі таңдайды. Осы жағдайда жұмбаққа толы күңгірт ая құпия тылсым ойларға жетелейді.

Тоққожа Қожағұлов Томиристің бет жүзіндегі мінез-құлықты, эмоциялы сезім құбылысын, қоршаған ортаға деген оның өзіндік көзқарасын, композицияның орналасу орнын, қыздың өзіне ғана тән тұрысын, бір сөзбен айтқанда картинадан алған әсерін өз дүниетанымымен, сан түрлі қылқалам бояуларымен рухтандыра білді. Қорытындылай келе, Томиристің сыртқы ұқсастығы мен рухани дүниесінің үйлесім табуы суретшінің түпкі мәнінің тереңдігіне бойлауында жатыр дегіміз келеді.