Мақала / #студентСөзі
Ар алдындағы адалдық
Ф.Шәріповтің "Тұлғалық өсу трениңі" фильміне пікір
Бөлім: Кино
Датасы: 16.07.2021
Авторы: Ақерке Қамашбек
Мақала
Ар алдындағы адалдық
Ф.Шәріповтің "Тұлғалық өсу трениңі" фильміне пікір
Бөлім: Кино
Датасы: 16.07.2021
Авторы: Ақерке Қамашбек
Ар алдындағы адалдық
Дулыға Ақмолда

«Ылғи ізденіс үстіндегі режиссер бола отырып, әр жобадан үйренетіні барын айтады, ал олай болмаған жағдайда, шығармашылығының трагедиялық сәті де сол болмақ» –  деген еді  бірде Фархат Шәріпов. Кезінде қалың бұқараның көңілінен шыққан «Қызғылт қоян» табысын місе тұтпай, шеберлігін шыңдап келген режиссер 23-ші Пусан халықаралық кинофестивалінде шығармашылығындағы шоқтығы биік «Тұлғалық өсу трениңі» туындысын көпшілік назарына ұсынған болатын.

Оқиға өмірде де, мансапта бағы ашылмаған аутсайдер Қанаттың төңірегінде өрбиді. Фильмде режиссер адамдардың із-түзсіз жоғалуы тәрізді еліміздегі түйткілді әлеуметтік мәселені түйін еткен. Жеңіл жүрісті қыз ұшты-күйлі жоқ болып, бәлки түбіне жеткен зұлмат түні онымен соңғы мәрте беттескендер - біздің протагонист пен антагонист. Фильмнің шебер көркемдік шешімдерден кенде емесі шүбәсіз. Бауыр еті баласын таппай шырылдаған ананың жай-жапсарын, өзге ананың толқыныстары арқылы жеткізу ұтымды шешімдердің бастамасы тек.

Сюжеті соқырға таяқ ұстатқандай аян, алдын ала байқап-бағамдауға, болжап білуге болатын кино - еңбір парықсыз дүние, сірә. Ал аталмыш картина сценариі едел-жедел әшкере болатындай қарабайыр емес. Фильм бойына камера объективі Қанаттан алшақ кетпейді, ішінара қысқа кадрларда ғана бас кейіпкер бой көрсеткен жоқ. Бұл деген сөз, автор осы ішінара кадрларды акценттеп отыр. Айталық, алғашқы кадрда беймәлім әйелдің зарлы жасына неліктен екпін салынғанын, кейіннен өтпелі кейіпкер көлік жүргізушісін ірі планға алудың не қажеті барын бірталай уақ ұқпайсың. Ілесе, кадрлар өзара мәндесіп, оқиға арасындағы дәнекерге айналады. Еміс-еміс құлағың шалатын коуч-тренердің лекциясындағы іліп аларлық сөздер, теледидардағы жаңалықтар дауысы іспетті детальдар фильм драматургиясын сүйемелдеп отырғандай. Жөзекшенің бір қарағандағы мардымсыз сөздерін де елеген жөн. Өйткені әрбір кадр құрылымы жете ой елегінен өткізіліп, егжей-тегжей детальдарға ден қойылған. Қайсыбір кадрды алып қарасаңыз, сюжетпен ұштаспайтын таңсық ой таппайсыз, оқиға желісі жүйелі тұтастыққа ие.

Әдетте мұндағыдай бәсең динамика, камераның аса қозғалыссыз қарқыны зерігу емес, серігуге келген жалпақ жұртқа жақпай жататыны бар. Ал баяу қарқындағы сол таспаны бір демде көріп шығарлықтай ету кірпияз еңбек. Эпизодтардың бүге-шігесіне дейін қарастырылуы фильм серіппесін ұстап тұр. Сонымен қатар Александр Плотниковтың ерен еңбегі: жеделсатыдағы эпизодта камераның ораналасу бұрышы, теледидардың айнада шағылысуы мен кадр композициясы оператор еншісінде. Атмосфера тудырып отырған суық түстер орынды қолданылған. Пессимистік сарынға малынған фильмдегі күңіренген күңгірт реңкті қала басты кейіпкердің ішкі ахуалын нақтылап тұрғандай, тұнжыраңқы. Неге десеңіз, кейіпкер діттегеніне жетіп, бағы ашылғанда, барабар күн шуағы да шашылады. Ең ақырғы сценада ағаштың гүлдегенін ірі планда көре алдық. Ағаш – «өсу» символы. Осы орайда фильмнің «Тұлғалық өсу трениңі» аталуына шебер анықтама берілгені көрерменді бейтарап қалдырмасы хақ.

Дулыға Ақмолда мен Ержан Тусуповтың дуэті әртүрлі әлеуметтік таптардың мықты контрастын туғызып отыр. Кейіпкердің шешесінің дертке шалдығуы сюжетке аса әсер етпегенімен, ем-домына келгендегі екі тараптың шарасы – әлеуметтік теңсіздік көрінісі. Әсемсігендер болса, қалтаның қалыңдығына қарай әспеттеуде. Қанаттың аясынан алыстамай-ақ, автор қоғамдағы құлдыраған құндылықтарды сынға салады. Бойжеткеннің жоқ болуы сынды қомақты проблемадан, бүгінде жоқ болған Кирова-Ленина көшесіне дейін қамтылған диалогтар бүгінгі күн әлеуметінің бейнесін берді. Фильмде қоғам – тұтас кейіпкер. Оқиға соңында бас кейіпкердің ішкі конфликті шешіледі, ал қоғамдағы проблемалардың еш сейілмегенін түсінесің де қаласың.

«Көктің түсі – көк» демекші, бүгінде белең алған айдан анық сюжетті фильмдердің сиреуіне сеп болып, әлеуметтік потенциялы мол туындылардың экранға келіп жатқаны құба-құп. Отандық киноға сөзсіз серпіліс әкелген Фархат Шәріповті ұлттық режиссурада оқ бойы озық тұрғандардың бірі деуге толыққанды негіз бар. «Тұлғалық өсу тренингі» - қоғамда үстем құндылықтармен қаныққан диалогтар, саяси сатира, қоғам тамырын дөп басатын өрескел әлеуметтік тақырыптардың өзіндік мәнерде өрбітілуі және әлбетте, өмір. Өмір кейіпкерлерге бұл жолы, «Ар алдындағы адалдық па, тұлғалық өсу ме?» деген сауалын қойыпты.

Сізге қызық болуы мүмкін: