Мақала
ІІ Халықаралық Бішкек кинофестивалінде ұсынылған Орталық Азия фильмдері
   11-15 маусым аралығында өткен Бішкек халықаралық кинофестивалі Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан жиналған 11 көркемсуретті фильмді ұсынды.
Бөлім: Кино
Датасы: 25.06.2024
Авторы: Еңлік Егеубаева
Мақала
ІІ Халықаралық Бішкек кинофестивалінде ұсынылған Орталық Азия фильмдері
   11-15 маусым аралығында өткен Бішкек халықаралық кинофестивалі Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан жиналған 11 көркемсуретті фильмді ұсынды.
Бөлім: Кино
Датасы: 25.06.2024
Авторы: Еңлік Егеубаева
ІІ Халықаралық Бішкек кинофестивалінде ұсынылған Орталық Азия фильмдері

Фильмдердің алуан түрлілігіне қарамастан, оларды біріктіретін жалпы тақырып немесе құндылықтар бар деп айту қиын. Әрине, фильмдерде әйел бейнесін басты назарға шығару талпынысы бар, дегенмен, әйел бейнелері көбіне ер режиссерлердің призмасы арқылы жасалған («Қыз алып қашу», «Өзбек қызы»).

Биылғы жылы ұсынылған фильмдердің ішінде Қазақстан туындылары көзге түсті. Алайда, фестивальдің іріктеу критерийлері екі түрлі ойға жетелейді: комиссия сапасына қарамастан барлық Орталық Азия елдерінің фильмдерін ұсынуды көздеген немесе халықаралық байқауға баса назар аударған.

Фестивальдің Орталық Азия байқауында жүлдеге ие болған үш фильмді қарастырайық:

Қазақстаннан Орталық Азия байқауына Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу» және Шарипа Оразбаеваның «Тұл» фильмдері қатысты. Бұл фильмдер байқауда басым түскенімен, кемшіліктері жоқ емес. Қазақстандық екі фильмді біріктіретін ортақ оқиға – отбасыға оралу. Дегенмен, бұл оралу екі кейіпкер үшін де көңілсіз, ауыр оқиғаға айналады.

Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмі бағдарлама фавориттарының бірі болғаны сөзсіз. Бұл фильм дебюттік жұмыс үшін сәтті орындалған жұмыстың бірі. Әрі оқиға жергілікті тұрғындарға да, Орталық Азия елдеріне де ортақ бола алады. Фильм әжесімен бірге тұратын тұңғыш немере және оның әжесі қайтыс болғаннан кейін ата-анасына оралуы туралы. Отбасылық қатынастар тақырыбын қозғай отырып, кейіпкердің ата-анасымен кездесуге және жаңа өмірге бейімделудің күрделі жолын көрсетеді. Фильм туралы ретімен:

11 жасар Ерсұлтан (Ерсұлтан Ерман) әжесімен бірге тұрады. Баланың әжесімен бақытты сәттері көп деп айту қиын. Ол әке-шешесіне бару үшін тұз жинап, кірпіш құйып, жұмыс жасауы тиіс. Бала ауыр жұмыстан көз ашпайды, себебі бар арманы – ата-анасымен кездесу, олармен бірге болу. Режиссер баланың құлшынысын, еңбекқорлығын көрсеткісі келгені байқалады, алайда, фильм контексінде аямай ауыр жұмысқа салу – көрерменнің эмоциясын шақыру үшін жасалған тәсіл ме деген ой келетіні жасырын емес. Оған себеп, баланың әрбір әрекеті көңілсіз аяқталады. Режиссер ұл баланың есею кезеңін екі кезеңге, бөлікке бөліп көрсете отырып, фильм арқылы жергілікті халықтың отбасы институтында проблема көп екенін көрсетеді: жақын адамдардың ашылып бір-біріне сезімін айта алмауы, үлкендердің көзінде бала тұлға емес, көмекші құрал ретінде жүруі, бір отбасыда тұрып сыйыса алмау, соның салдарынан өзін жақын адамдарынан бөтенсу.

Асхат Кучинчиреков баланың тағдырына өмірдің бір бөлігі деп қарап, ешқандай мағына салмайды әрі Серік Апрымовтың «Бауыр», Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограммасына» сілтеме жасайды. Оқиға 90-жылдары өтіп жатса да, режиссер басынан өткен оқиғаға рефлексия жасай алмағанын, әлі де өзімен бірге осы жүкті арқалап жүргенін титрда жазады. Бәлкім сол себепті фильмде бүгінгі заманның көріністері мен құндылықтарын, жаңа кино тілін таба алмайсыз.

Жасөспірімдер тақырыбын Шарипа Оразбаеваның «Тұл» фильмі жалғастырып, ата-ана жауапсыздығы мен балаларға жауапкершілік жүктеудің ауыртпашылығын, сондай-ақ қазақ қоғамындағы әйелдердің алдында тұрған проблемаларды көтереді.

«Тұл» фильмі – көруге өте ауыр драманың бірі. Ата-ананың жауапсыздығы, жауапкершілікті балаларына арту – фильмнің негізгі тақырыбына айналады. Аяулым да Ерсұлтан секілді ата-анасынан алыс, мектеп-интернатта тұрады. Оның тіпті үйіне қашан барғаны белгісіз. Көп уақыт интернаттан шықпаған Аяулымды анасының алып кету себебі әкесінің өлімі еді. Отбасына қайтып оралған соң түрлі сұмдықтың куәсі болады. Ешқандай махаббат, жылулық жоқ үйде өсіп, интернатта тәрбиеленіп жатқан Аяулым жақын адамының өлімін де күнделікті хабар алғандай естиді. Интернатта Аяулым жалғыз болса да қауіпсіз еді.

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін қиындық көбейіп, қарыздан құтылу керек болады. Кезекті қарыз сұрап келген адамға қарызын қайтара алмай, онымен төсектес болып, 4-5 айдан кейін аяғы ауыр екендігін біледі. «Күйеуі жерленбей жатып бөтен еркекпен жүрді» деген сөзден қорқып, түсік жасатуға бел буады. Әйелдің баратын барлық жерінде қызы Аяулым еріп жүреді. Түсік жасатқанда да Аяулым анасының қасында болады. Дәл осы түсік тастау сахнасына румындық жаңа толқын киносы «4 ай, 3 апта, 2 күн» фильмі референс болғаны анық. Денеңді түршіктіретін румындық фильмде оқиғаның кейіпкеріне айналсаң, «Тұл» фильмінде қорқынышты ситуацияның куәгері ғана боласың. Кейіннен жатырдан шыққан шақалақ пен оны «алысқа алып кету керек» Аяулым фильмнің финалында берілген «Қаңтар» оқиғасымен логикалық байланыс жасайды деп күтесің. Алайда, режиссер бұл қанды оқиғаны өтпелі оқиға ретінде береді және Аяулымның митингке куә болуынан басқа ешқандай рөл ойнамады. Осындай жағдайда оқиғалар орынды қолданылғаны құп болар еді.

Қырғызстандық «Белек» фильмі – өте тиянақты, әр дүниені ойластырып түсірілген жинақы фильм. Оның жинақы болғаны соншалық еркіндікті сезбейсің. Бастан-аяқ фильмді идеал күйге жеткізуге тырысқан әрі автор мақсатына жетеді де. Бірақ, бұл ұқыптылық шынайылықтан алшақтатып жіберді.

Бұл фильмде де кішкентай бала басты кейіпкерге айналады. 9 жасар Арно бес қыздың ішіндегі екінші бала, әрі сол үйдің ұлы боламын деп өзін құрбандыққа шалатын кейіпкер. «Белек» сөзі – қырғыз тілінен аударғанда «сыйлық» деген мағынаны береді. Осыған сәйкес, фильмде үш түрлі «сыйлықты» көруге болады: алғашқысы – жеті жасар бас кейіпкер Арноның ерніндегі мең. Бұл ерекшелікті көргендердің барлығы «Құдай айтқаныңды орындайды» деп тамсанады. Расымен, Арноның аузынан шыққан әр сөз орындалады. Әкесінің өлімі де Арноның құпия тілегі еді және өзін осы үшін кінәлі сезінеді. Екінші сыйлық – Иманның әйелі Ұлтуарға дайындаған білезігі. Бұл білезік жай сыйлық емес, Ұлтуар ұл бала дүниеге әкелсе ғана берілетін сыйлық. Ал үшінші сыйлық – Ұлтуар мен Иманның үйінде ұл баланың дүниеге келуі. Фильмнің атауы осы «сыйлық» жайында. Шын мәнінде, фильмде ұл немесе қыз туатынын режиссер көрсетпейді, дегенмен кинодағы көркемдік шешімдердің барлығы ұл туатынын алдын ала айтады: финалда Ұлтуардың қолында білезіктің болуы, Арноның ұл болады деп болжауының бәрі ұл балаға қатысты. Яғни, фильм қыз баланың, әйел адамның теңдігін, олардың қоғамдағы, отбасыдағы маңызын айтады десек те, фильм ұл бала, ұрпақ жалғастырушы – Құдайдың сыйлығы ретінде қабылданады.

Фильмдегі Ұлтуар, Сандажоқ, Ұларно (Арно), Жаңыл сынды есімдерді қолдану және бұл есімдер қыз балаларға ұнаймытынын, есімдерін ауыстырғысы келетінін көрсететін сахналардың барлығы еріксіз күлкі тудырады. Ал ұл балалардың немесе ер адамдардың тек жағымсыз кейіпте көрсетілуі, әйелсіз еркек ішкіш, ал балалары тәрбиесіз, көргенсіз болады деу – стереотипке ұрыну. Сол секілді фильмде аз халыққа тән тұмса табиғатты, көшпенді өмірді көрсетіп, ол өмірді идеализацилау Орталық Азия фильмдеріне тән комплекс.

Бішкек халықаралық кинофестивалінде ұсынылған Орталық Азия фильмдерінде біртұтас тақырып немесе құндылық болмаса да, бұл фильмдер отбасылық қатынастардың, гендерлік мәселелердің және өзгермелі өмір сүру жағдайларына бейімделудің маңыздылығын көрсетеді. Бұл көркем фильмдер көрермендерге ой салуға, әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуға және өзгерістер енгізуге шақырады.