Репертуарлық кинематографтың алғашқы дағдарыс жылдарында Жорж Мельестің ұйымдастыруымен кинокәсіпкерлер бірлестігі құрылады. Франциядан басқа мемлекеттерде де шағын киностудиялар бой көтере бастайды. Проекциялық аппараттармен жабдықталған режиссерлар, операторлар ел аралап, халықтың көп жиналған жерлерінде - жәрмеңкелер алаңдарында киносеанстар ұйымдастырады. Өндіріске жіберілген фильмдердің саны жағынан және көрермен арасына таратылуы жағынан Франция бірінші орында болғанымен де, АҚШ, Англия, Италия, Дания, Германия мемелекеттері де қалыса қоймайды. Фильмдер өндірісінің тәсілдері барлық елдерде шамамен ұқсас болды. Кино өнерінің қалыптасу жылдарының алғашқы онжылдығында ағылшындардың қосқан үлесі айтарлықтай еді. Француз кинокәсіпкерлерінен олардың айырмашылығы – ағылшындардың кино өндірісі бір ғана орталықта пайда болған жоқ. Лондон қаласынан басқа да ірілі-ұсақты орталықтарда кинофирмалар бір мезгіл аралығында жұмыс істей бастады. Ағылшын киносының пионерлері болып есептелетін кинокәсіпкерлер Уильям Фриз-Грин (1855-1921) және Джеймс Уильямсон (1855-1933) өздерінің киноөндірісін Брайтон қаласында ұйымдастырды.
Америка Құрама Штаттарында алғашқы киносеанстардың ұйымдастырылуы Европадан өзгешелеу болды. Көпшілік дем алатын арнайы салондардың (аркада) түпкі бөлігінде кинетоскоп орналасады. Мұндай салондарда кинобағдарламадан басқа да ойын-сауық түрлері ұсынылып отырды. Кинозал ретінде арнайы ашылған бірінші мекеме 1904 жылы Нью-Йорк қаласында пайда болады (мекеме қожасы – Адольф Цукор).
Кинематографтың алғашқы жылдарындағы 20-30 минуттық бағдарламасы бірте-бірте 1,5 – 2 сағаттық бағдарламаға ұласты: музыкалық кинокөріністер, хроника, әзіл-ысқақ көріністері, драмалық сюжеттер, табиғат көріністері, комедиялық көріністер, ғылыми фильм. Әр елдің кинобағдарламасы шамамен осы бағытта құрылып отырды. Жәрмеңкелік кинобағдарламаның негізгі екпіні – салондық мелодрама көріністерінен құрастырылды. Кинобағдарламаның соңы міндетті түрде апофез (суретшілердің көмегімен жабдықталған сахналық декорация немесе табиғи көріністер аясында кинокөріністердің барлық кейіпкерлері көрермендер алдына шығады) құбылысымен аяқталатын.
Жәрмеңкелік кинематограф тұсындағы фильмдердің тақырыбы негізінен күнделікті тұрмыс мысалдарынан алынып отырды. Алғашқы фильмдердің әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі сюжеттерінде автор өзінің ойын емін-еркін жеткізуге мүмкіндік алды. Жәрмеңкелік кино тұсында пайда болған фильмдерді өнер туындысы деп бағалауға болмайды десек те, осы жылдар тұсында халық арасына кең тараған алғашқы киносюжеттер адам бойында алуан түрлі сезім тудыратын ғажайып құбылысқа айналды.
Кинематографтың бастапқы сатысында пайда болған алғашқы ірі кинофирмалар («Пате фрер», «Гомон») бұған дейінгі ұсақ кинокәсіпкерлер қауымдастығының жойылуына себепкер болды. Бұл фирмалардың АҚШ, Россияда, Ұлыбританияда және басқа да мемлекеттерде филиалдары жұмыс жасай бастайды. Француз киносының «жәрмеңкелік кинематограф» кезеңі тұсында екі фирманың да өндірістік қуаты негізінен комедиялық фильмдер шығаруға бағытталады. Екі фирманың да өздеріне ғана тән арнайы белгілері болды және ол экранға шыққан әр фильмнің таңбасы болып табылды. «Пате» кинофабрикасының иесі алғаш рет кинопрокат жұмысын ұйымдастырады. 1908 жылдан бастап фрнацуз кино өндірісі тарихында жаңа кәсіби кезеңі басталады. Ендігі уақытта кино көрсетуге ыңғайландырылған арнайы стационар кинотеатрлар жүйесі салына бастайды. Кинопроекциялау аппараттарының күрделендірілген түрлері нәтижесінде фильмдердің сапасы жақсара бастайды. Коммерциялық прокат жүйесі жолға қойылады. Киношығарманың көркемдік сапасы артып, жанрлық түрлену құбылысы басталады. Кино өндірісі саласына танымал жазушылар, театр қайраткерлері тартыла бастайды. 1907 жылы «Фильм Д*АР» атты көркемсуретті фильмдер студиясы құрылады. Студияның өндірістік қуаты күн өткен сайын жаңа сатыға көтеріле бастайды: аз уақыт аралығында елдегі ең маңызды киноөндірістік орталықтардың барлығы дерлік осы студия құрамына енеді. 1908 жылдың 17 қарашасында жаңа студияның «Убийство герцога Гиза» (реж.Андре Кальметт) атты алғашқы фильмінің тұсау кесер рәсімі «Шаррас» кинотеатрында өтеді. Фильмнің жарық көруіне ат салысқандар қатарында Анри Лаведан басқарған француз академиясы және Париж қаласының ең үздік театры «Комеди Франсэз» болды. Фильмге музыканы жазған сол кездегі танымал композитор Сен Санс. Бұған дейінгі фильмдер өндіріснен тағы бір айырмашылық – студияның барлық фильмдеріне («Жизнь Иуды», «Смерть Улисса») сценарий жазуға кәсіби жазушылар шақырылып отырды.
Классикалық әдеби шығармаларды экрандауға бет бұрған жаңа студияның кинотуындылары жайында талай талас тудырған пікірлер көптеп айтыла бастады. Ең басты байқалған кемшілік – театр өнерінің элементтерінің басым болғандығы. Сол кездегі сыншылардың ортақ пікірінше «Фильм Д*АР» студиясының кинотуындыларын көркем жанрдың пайда болуында кәсіби драматургтер мен актер ойынының маңыздылығы тұрғысынан бағалау қажет. Өндірістік қуаты дәуірлеп тұрған жылдары «Фильм Д*АР» студиясы Шекспирдің, Дюманың бірталай шығармаларын экрандады.
Көркем фильмдер өндірісі саласында «Гомон» студиясы да қалыса қоймады. Бұл студияның «Фильм Д*АР» студиясы шығармашылығынан айырмашылығы, «Гомон» студиясы Люмьер фильмдері арқылы келген тәжірибені жалғастырып, негізінен реалистік жанрды көбірек меңгереді. Осы орайда әлеуметтік маңызды болып табылатын қоғамдық көріністерді сипаттайтын сериалдар түсіру жолға қойылады. Студияның өндірістік жоспары «Шындық өмір көрінісі» атты девиз негізінде жүзеге асырылып отырды және сонысымен де көпшілік көрермен көңілінен шығып жатты. «Гомон» студиясының барлық дерлік фильмдерінің режиссеры Луи Фейад (1874-1927) шығармашылығы француз киносының тарихында «Фейад натуралистік мектебі» деген атпен сақталды.
Сонымен, бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында француз киносы тарихында екі ағым қалыптасты: біріншісі – театр элементтерін тәжірибесіне кең пайдаланған классицизм ағымы («Фильм Д*АР» студиясы) және табиғи көріністі жақтаушылар – натуралистік мектеп ағымы (Фейад мектебі). Екі ағымның өзара айырмашылықтарымен қоса, оларды біріктіретін ортақ ерекшеліктері де бар. Ең бастысы – екі ағымның да алдына қойған мақсаты – көрерменді мейлінше көбірек қамту. Мысалы, көркем фильм түсіруге кәсіби сценарий жазылады. «Фильм Д*АР» студиясында шығарылатын фильмдерге сценарий классикалық әдебиет негізінде жазылады, «Фейад натуралистік» мектебінен шыққан фильмдерге арнайы сценарий (оригинальный сценарий) жазылады. Шығармашылық жағынан үндестік тауып жатқан екі мектеп ағымын бір арнаға тоғыстыруға талпыныстар да жасалынады. Сондай әрекеттерді жасағандардың бірі – кинематографистер мен жазушылар бірлестігінің көркемдік жетекшісі Альбер Капеллани болды.
Коммерциялық фильмдер өндірісі де жалғасын тапты. Сонымен қатар, 1908 жылдан бастап суретті мультфильмдер өндірісі де жолға қойылды. Көрермендерді кинозалдарға жинау мақсатында киношығарманың жаңа формалары іздестіріле бастайды. Әсіресе, көпшіліктің көңілінен шыққан кинотуындылар замандас жазушылардың детективтік шығармалары желісімен түсірілген сериалдар болды («Фильмы в эпизодах» айдарымен). Апталық сериалдардың жалғасы үзіліссіз өндірістен шығып жатты. Осы формада жарық көрген сериалдардың алғашқысы «Французский полицейский фильм» деп аталады. Сериалдардың бас кейіпкерлері – тыңшы (Ник Картер), айлакерлер (Фантомас), бұзақы баукеспелер (Рокамболь) болды. Сериалдардың қоюшы-режиссеры Викторен Жассе (1862-1913) кинорежиссураға тетардан келді. Мамандығы суретші-декоратор, киноға 1910 жылы келеді. Викторен Жассенің кинорежиссер ретінде түсірген алғашқы фильмдері комедия жанрында болды.
Француз киносының алғашқы жұлдызы Макс Линдердің (1883-1925) табысты шығармашылығы осы кезеңнен басталады. Консерваторияны актер мамандығы бойынша бітірген Макс Линдер театр сахнасында комедиялық рольдерді сомдайды, оның комедиялық актер ретіндегі шығармашылық жолы 1905 жылдан Пате киностудиясында жалғасын табады. 1910 жылдан былайғы үш жыл көлемінде Макс Линдердің дүниежүзілік шығармашылық турнесі өтеді. Оның «Макс – жертва Хинина», «Макс - виртуоз», «Макс – тореадор» фильмдері Европа елдерінің көптеген кинотеатрларында үлкен табыспен өтеді.
Сипатталып отырған кезең аралығында мемлекет тарапынан кинематографистерге шексіз еркіндік берілді, өкімет басындағы шенеуліктер кино саласындағы ешбір өндірістік мәселелерге араласа қоймады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында әлем бойынша алпыс мыңға жуық кинотеатрлар іске қосылды. Оның ішінде АҚШ – 15700 кинотеатр, Ұлыбританияда – 5000, Германияда – 2900, Россияда – 1300 кинотеатр жұмыс жасады. Көркемсуретті фильмдер өндірісінің жолға қойылуымен оларды көрсететін кинотетарлардың техникалық жабдықтау сапасы да жақсара түсті.
Қолданылған материалдар:
- Гуидо Аристарко «История теорий кино». М., "Искусство".1966
- Теплиц Ежи. История киноискусства. М.,1968-1973.
- Леон Муссинак. Избранное. М, Искусство. 1981
- Садуль Ж. Всеобщая история кино. М.,1958-1982.
- Киноэнциклопедический словарь. Москва., 1986г
- Комаров С.В. Великий немой. Из истории зарубежного киноискусства (1895-1930). – М., 1994.
- Ямпольский М.Из истории французской киномысли.,М,"Искусство" 1988 г.