Мақала / #студентСөзі
Лиро-эпостық жырлардың экрандалуы: фольклорлық элементтер кинодеталь ұғымы тұрғысынан
Бөлім: Кино
Датасы: 03.05.2017
Мақала
Лиро-эпостық жырлардың экрандалуы: фольклорлық элементтер кинодеталь ұғымы тұрғысынан
Бөлім: Кино
Датасы: 03.05.2017
Лиро-эпостық жырлардың экрандалуы: фольклорлық элементтер кинодеталь ұғымы тұрғысынан

Халық ең асыл, ең өшпес мұраларды алтындай сақтап, ғасырдан ғасырға, заманнан заманға жеткізеді. Асыл ой қазынасынан туындаған  мұра  халық қолына түскен соң одан әрі ажарлана, әсемделе түседі. Өйткені, халық бірнеше жүздеген жылдар ішінде оған өздерінің салт-дәстүрін, мәдениетін, барлық арман-мақсатын, шынайы  қиялын қосып, оны өмір елегінен саралап өткізеді. Осындай халық қиялынан туындап, заманнан заманға халық арасына кең тараған шығармалар лиро-эпостық жырлар болып табылады.  Қазақ киносының тарихында  экрандық шығарма заңдылықтарын сақтай отырып, ұтымды экрандалған лиро-эпостық шығармалар қатарына  “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” және “Қыз-Жібек” поэмалары жатады.  Жастар арасындағы мөлдір махаббат сезімін қоғамдық құбылыстарға  үйлестіре білген “Махаббат дастаны” және “Қыз-Жібек” фильмдері қазақтың ұлттық таным, салт-дәстүрін толыққанды жеткізе білген шығарма үлгілері ретінде бағаланады.

Халқымыздың осы сияқты мақтаныш етерлік  таңдаулы асыл мұраларының бірі, экран бетін 1970 жылы жарық көрген Сұлтан Қожықовтың “Қыз Жібек” фильмі. Қазақтың “Қыз Жібегі” өз халқымен бірге ғасырлар бойы жасап келеді. Ол қазақтың романтикалық ғашықтық жырлары ішіндегі ең бір көркемді әрі көлемдісі. Оны естімеген, сол махаббат жырына тебіренбеген кәрі-жас кем шығар. Қыз Жібек поэмасы қазіргі ұрпаққа сол кездегі кер заманды, халықтың арманын, ұлттық салты мен дәстүрін баяндайды. Сондықтан болар “Қыз Жібек”  ақынның жырында, әншінің әнінде, сахнада әлі күнге дейін өмір сүруде. Лиро-эпостық жыр  нұсқасында кейіпкер характерінің тереңдігі көрсете алар мысалдар өте көп. Бұның мысалдарын шығармалардың экрандық вариантында айқын көре аламыз.

“Қыз Жібек” фильмінің негізгі сюжеттік тармағы қазақ жеріне сырт жаулардың   шапқыншылығынан бастап көріністер береді. Фильмнің алғашқы кадрларында: қайғылы жұрт орны, аударылып жатқан ошақ, шаңырағы ортасына түскен қазақ үй, төңкерілген бесік, жаралы аққулардың қаны тамған іздері аса әсерлі. Қайғылы оқиғалардан көрініс беретін бейнелік қатар кадр сыртынан естілетін домбыра үнімен ұласады. Қайғылы кезеңнің куәсі болған тасқа қашалған жазулардың ірі пландары, келесі кадрлардың мазмұнын толықтырып тұр. Осы сияқты бірімен-бірі жалғасып жатқан қайғылы оқиға сипатындағы кадрлар, заман суретін мейлінше шынайы көрсетіп тұр. Экрандық шығарманың маңыздылығы—мұнда “Қыз Жібек” поэмасында негізгі желі болып табылатын екі жас арсындағы ғашықтық  оқиғасы дәуірдің әлеуметтік мәселесі деңгейіне көтерілген. Фольклорлық элемент тұрғысынан алғанда, махаббат сезімін мейлінше тереңдетер символика элементтері аса ұтымды келтіріледі. Сондай әсерлі эпизодтардың бірі- аққулар арқылы берілетін кадрлар.  Аққу—қазақ халқының ұғымында киелі құс патшасы, биік қасиет иесі. Сондықтан аққулар жұбы махаббат символы ретінде көрсетілген. Әсіресе, Жібектің ролі ұлттық салт-дәстүрдің небір әсем тұстарын көрсететін кейіпкерлердің бірі болып көрсетіледі. Мысалы,  сырт жаудың шапқыншылығына тойтарыс беріп, еліне жеңіспен оралған батырды Жібектің қарсы алуы әдемі дәстүрдің көрінісі болып табылады.  Жас актриса Меруерт Өтекешованың  табиғи сұлулығы мен актерлық дарыны Жібек бойындағы бар ерекшелікті мейлінше үйлесімді бере білген. Жібектің аузынан шыққан әр сөзі, сүйген жары Төлегенді сарғая күткен жүрек лүпілі, жасқа толы жанары—бәрі де ерекше үйлесім тауып, көрерменді еріксіз тебірентеді. Сол дәуірде көрініс беретін  қазақ халқының өз ішіндегі  алауыздық пен берекесіздік ортасында  Жібек мөлдір махаббаттың, адалдықтың, сұлулықтың, тазалықтың, тамаша  символы ретінде көрінеді.

Базарбайдың Төлегені (Құман Тастанбеков) фильмдегі ұлттық таным, дәстүрлік  жалғас ұғымы тұрғысынан алғандағы аса әсерлі бейнелердің бірі. Жастығына келбеті, ақылына ақылы сай жас батыр. Халық оны әке ұлы емес, халық ұлы деп санайды. Мысалы, “Шектіні шауып, олжалап кел”,—деген әке үкімін орындамай, ол әскерін қайырып жібереді де, қазалы елдің қайғысына ортақтасады. Бекежанмен жекпе-жекте Төлеген шынымен Жібектің сезіміне лайықты батыр бейнесінде дәл көрсетіледі. Осы жерде Бекежан мен Төлегеннің бір-біріне қараған көз қарастарынан кейіпкерлердің характерлерін ашуға ірі план басты роль атқарып тұр. Жібек үшін тартыс  көріністерінде Бекежанның ірі планмен алынған бет-пішінінен  оның қулығының, арамдығы мен орынсыз өр көкіректігінің белгілері айқын көрінеді. Ал Төлеген болса, жастық алғырлығымен Жібектің маххаббаты үшін күресуші адал жан ретінде бейнеленген. Осы жердегі Жібектің ірі пландағы көздерінен қаншалықты адалдық жеңсін десе де, іштей Төлегенді қалап тұрғанын байқауға болады. Фильмде Төлегеннің бар арманы елдің бірлігі, махаббат бостандығы, сонымен қатар Төлегеннің “Қайран қазағым-ау, дүниеден еншіңе тигені осы ма еді?”—деген сөзі өз заманының асыл арманы екенін көрсетеді. Төлегеннің жол серігі Ақбозаттың ролі психологиялық мағына беретінін айта кетсек жөн болар. Жібек пен Ақбозат—Төлегеннің аңсаған арманы мен жел қанатты серігі, бірінің қайғысын бірі асырып тұрғандай. Фильмнің осы көріністері қайғылы оқиғаны көрермендерге әсерлі жеткізе білген. Төлеген мен Бекежанның Жібектің жүрегін жаулап алу мақсатымен көрсетілген көріністерінде қазақ халқының салт-дәстүрлері, яғни атқа шабу, садақ ату, найзаласу сияқты әрекеттер көрініс алған.

Асанәлі Әшімов сомдаған Бекежанның бейнесі әдеби нұсқадағы кейіпкер фактурасына сай жасалған образдардың бірі. “Қыз Жібек” жырындағы Бекежан кинода сол қалпында көрсетілген. Өзімшіл, өр көкірек іші тар кейіпкер. Өзінше ел қамын, ру, тайпа намысын ойлағансып жүреді. Шындығында мұның бәрі өз қара басының қамы үшін жамылған шымылдығы, егер шымылдықтың арғы жағына үңілсек, өзінің сол патриоттық сезімін саудаға көздегенін байқаймыз. Мысалы, Төлегенмен бірге қалмақтарды жеңуі. Бұл әрине дұрыс, өз елін, жерін қорғап, басқыншыларды туған өлкеге жолатпау, бұл жалпы көзқарас. Ал, расында, Бекежанның түпкі мақсаты—Сырлыбай ханның алдында зор беделге ие болу, екіншіден Жібекті қайтсе де өз алақанынан жібермеу. Осы қара ой оны ақыры қылмысқа итермелейді.

Фильмде жеке детальдар, көркем табиғат, музыка ерекше орын алып отыр. Әсіресе табиғат пен музыканың бірлігі, дыбыстық қатар мен бейнелік қатар үндестігі фильмде жақсы шыққан. Кейіпкер сөйлемеген жерде оның айтар ойын, сезім толғанысын табиғат пен музыка өзі-ақ баяндап береді. Шеге мен Қаршығаның домбыра мен қобызда бірігіп ойнаған күйі неке қию салтанатының шаттығын асыра әсерелейді. Мысалы, Жібек пен Төлегеннің қазақ үй табалдырығын оң аяқпен аттап кірген сәттері, қарт аналардың екеуін отпен аластауы, ақ шымылдықпен жамылған ақ төсекте Жібек пен Төлегенді қақ бөліп тұрған әдемі әшекейлі күміс белбеу және осы неке қию салтанаттарының бірқатары режессердің ірі пландарды көбірек қолдануы арқылы қазақ халқының салтына,дәстүріне аса мұқият көңіл бөлгендігінің нәтижесі деп түсіну керек. Тым әсерлі шыққан эпизодтардың бірі - неке қию салтанатында Шегенің шерткен домбырасының үніне  адам да, аспан мен жел де, тіпті, кең дала тұтасымен толқиды. Фильмнің осындай көрнекті бейнелеу шешімдері мұндағы декорация, сауыт–саймандар мен киім үлгілері арқылы  фильмнің көркемдік құндылығын аша түседі. “Қыз Жібек” фильмінің драматургиялық шешімдері негізінен психологиялық моменттерге құрылған, ал осы психологиялық моменттерді әдемі музыка онан әрмен шырайландыра түседі,сонысымен де көрерменге ұмытылмастай әсер қалдырады.

Фильм соңында келтірілетін жоқтау әні, қаралы көш сипатын беретін дәстүрлі әуендер, қобыз бен домбыра үндері халқымыздың ежелгі психологиясына, салт-дәстүріне сай үндестік тапқан. Шеге роліндегі Әнуар Молдабековтың  аса жылдам қарқынмен берілетін іс-әрекеті кадр сыртынан естілетін  Нұрғиса Тілендиевтің өз орындауындағы  домбыра үнімен жарасымды үйлесім тауып тұр.  Композитор тарапынан фильмге арнайы жазылған музыка  фильмнің негізгі идеясын тереңдете түседі және сол арқылы кейіпкерлердің сезімдерін ашатын характерлік ерекшеліктері айқындалады.

“Қыз-Жібек” фильмі қазақ даласының әсем көріністеріне бай. Сонымен қатар ата-бабаларымыздан қалған архитектуралық ескерткіштер, мазмұнды жазуы мол жартастар, қол өнерлері,  жиһаздар сюжеттік оқиға таралымында жиі кездеседі.

Қазақ киносы тарихында ұлттық режиссура қолтаңбасының алды болып орын алған Шәкен Аймановтың  “Махаббат дастаны” фильмі де этнографиялық элементке бай “ҚызЖібек” секілді рухани сезімге толы. Сонымен қатар саяси әлеуметтік проблемасы қозғалған  терең лиро-эпостық еңбек. Әділдік пен зұлымдық, адалдық пен жауыздық, кейіпкерлер арасындағы күрес-тартыс, сол заманның сипаты Ш.Аймановтың “Махаббат дастаны” фильмінде көрінеді. Режиссура тұрғысынан алғанда  кинематографиялық заңдылықтарға аса бағына бермейтін бұл фильмнің кемшіліктері баршылық. Басты кемшілік—оперотор камерасының театр сахнасынан ауытқымайтындығы және үш-төрт павильиондарда ғана түсірілген көріністер. Мысалы,  ар-ұяты кемдеу Қарабай қазақ үйдің алдында, Қодар бай Қарабайдың малын айдап кеткендегі массовка, жартастардың арасында көрсетілетін Баян мен Қозының кездесулері сияқты эпизодтар, немесе, екі ғашықтың түссіз сұр көріксіз тоғай ішіндегі кездесетін тұстарын көрсететін көріністер фильм декорациясының жұтаңдығын байқатады. Фильм композициясында музыкамен әрлеу әдістері мен  операторлық ракурстар да тым әлсіз. Кинематографистік суреттеу әдістері бойынша кемшілік бар десек те, бұл фильмде  ұлттық таным үлгісі тұрғысынан алғанда бөліп қарастырар ерекшеліктері баршылық.

Жоғарыда аталып отырған фильмдерден ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлер қазақ халқының мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын есте сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұра үлгілерін байқаймыз. Қазіргі жас режиссерлерге осы туындылардан алар қазыналары мол.

Сізге қызық болуы мүмкін: