«Ит» қысқаметрлі анимациялық фильмін түсіруге не түрткі болды? Сізді оған жетелеген не нәрсе?
Жамбыл обылысында қоғамдық дәретханадан табылған тастанды нәрестенің оқиғасы жаныма қатты батты. Және сондай оқиғалар көбейіп кетті. Осыдан кейін неге адамның өмірі соншалықты құнсызданып кеткен деген сұрақ пайда болды. Осы нәрсе жүрегімде түйін болып, ойландырғаны соншалық соңында дипломдық жұмысымның тақырыбына айналды. Қоғамға үндеу салатын дүние жасау керектігін түсіндім. Сөйтіп, фильмге осы идеяны арқау етіп алдық.
Сіздің ойыңызша, жақсы кинотуынды шығу үшін ең алдымен сюжеті ұтымды болуы керек пе, әлде техникасы ма? Қайсысы маңызды?
Мен үшін ең бастысы-сюжет. «Pixar» студиясының негізін қалаушыларының бірі Джон Лассатер: «Киноны ұлы ететін технология емес. Бәлкім оны ұлы ететін оның тартымды кейіпкері мен қызық оқиғасы» деп айтқан. Өзіңіз білетіндей, «Pixar» студиясы бүкіл әлемді 3D технологиясымен жаулап алған, сонымен қатар, «CG» яғни компютерлік графиканы ең алғашқы болып әлемге алып келген. Бірақ, сол адамның өзі технологияның маңызды емес, бастысы болып жатқан оқиға мен сол оқиғаны бастан кешкен кейіпкер маңызды дегенді алға тартады. Мысалға, «Disney» - дің екі фильмін салыстырып көрейік. Бұрынғы 2D технологиясымен жасалған «The Lion King»-ті алайық, ондағы сюжеті, драматургиясы, кейіпкердің, антигеройдың мінез-құлқы толықтай ашылған. Яғни, бұл жерде оқиға басталғаннан-ақ кімнің кім екенің, кейіпкердің проблемасын, оның мақсатын түсіне аламыз. Енді, бәріміз білетін жақында ған жарық көрген «Moana» мультфильмін алсақ. Бір қарағанда, кейіпкерлердің түр-әлпеті, шынайылығы, фильмнің көркемдік шешімі, әуені мен әндері керемет көрінеді. Өте ауқымды жұмыс. Бірақ, фильмді көріп отырғанда көрерменнің көңіліне ештеңе қонбайды. Жүректі селк еткізіп, ұмытылмас әсер қалдырмайды. Өйткені, фильмнің оқиғасы мен кейіпкерлердің мінез құлықтарында үйлеспеушілік көп кездеседі. Мысалы Мауйдің еш мақсатсыз өзімен өзі тыныш жатқан Тефитидің жүрегін (жасыл тас) ұрлауы. Немесе тасты орнына жеткізуге өз құдіреті жете тұра Теңіздің Монананы әурешілікке салуы және т.б. Технология қаншалықты мықты болғанымен, оқиға өзіне баурап алмаса, кейіпкерге жаның ашымаса, одан пайда жоқ. Сол себепті оқиға мен кейіпкер ең маңызды дүние деп ойлаймын.
Барлығымызға анимация жасау барысындағы қиындықтардың көп екендігі белгілі. Осы процесте сізге ұнайтын сәт?
Ең ұнайтыны оқиғаны құрастыру дер едім. Ертеңгі күні жасалатын жұмыстың алғашқы қадамы-сценарий жазу. Өзіңе оқиға шиеленістіруге, кейіпкерлер таңдауға, залым кейіпкерді құрастыруға толықтай еркіндік бересің. Бастапқы кезеңге үлкен мән берілуі керек деп ойлаймын. Бізде жас режиссерлер бастапқы кезеңге мән бергеннен гөрі, түсіру процесіне асығады. Дайындық кезеңі өте маңызды, осы жерде алдағы жұмысыңның дәні егіледі. Неғұрлым осы кезеңге мұқият болсаң, алдағы жұмысың ұмытымды, әрі ойдағыдай болып шығады. Сценарийді жазу, ондағы қателіктердің мінез құлқы, үйлеспеушіліктерді табу, оларды жою, толыққанды оқиғаны құрастыру – мен үшін ең қызығы осы.
Неліктен фильмдеріңізге сценарийді өзіңіз жазасыз?
Бізде көркем фильм сценарийстері баршылық. Алғашқы туындыларым «Көксеректі», «Итті» түсірген кезде анимациялық фильмге сценарий жазушыны таба алмадым. Сондықтан, менің ойымша анимациялық фильм сценарийстерін арнайы дайындау керек сияқты. Әрине, сценарийдің құрылым, жүйесі бірдей болғанымен, анимациялық фильмнің сценарийінде өзгешеліктер көп. Басында әрине, қиын болғаны рас. Оған себеп, сценарий жазу білмейтінмін. Уақыт өте келе білетін адамдардан сұрап, кітаптардан, ғаламтордан оқып үйрендім. Қазір сол білімімді сценарий жазу барысында қолданып келемін.
Мәселен, Хаяо Миядзаки өзінің шығармашылығында шығыс пен батыс мәдениетін қосу арқылы анимациялық фильм тудырған. Ал сіз анимацияңызды қай стильге жатқызасыз?
Мысалы, «Ит» фильмін жасағанда, менің ойымда, фильмді бір ұлтқа тән қылу мақсаты болған жоқ. Бастысы, адамгершілік кұндылықтарды дәріптейтін жалпыға ортақ фильм жасау болды. Менің ойымша тұрғылықты орын, ұлт, тіл деген сияқты маңызды факторлар бар болғандықтан, фильмнің стилі сюжет желісіне байланысты дер едім. Мысалы, мен алып тұлға Мұхаммед Али туралы фильм түсіруді жоспарласам, міндетті түрде басты рөлге боксшыны сомдауға ұлты Афро-Американдық адамның бейнесін аламын. Сол себепті бұл жерде ең бастысы-идея мен оқиға. Мысалға, «Kung Fu Panda» мультфилімінің кейіпкерлері жануарлар. Олар ұлтқа бөлінбейді ғой. Бірақ, фильмнің идеясы «Kung Fu Panda» жайлы болғандықтан, оқиға Қытайда болып жатқанын білеміз. Сол себепті, мен үшін фильмнің шығысқа не болмаса еуропаға тиесілі болуы маңызды емес. Ең бастысы фильмдерім ізгілікке шақырып, көрермендердің көңілінде ұмытылмас жақсы сезімдер қалдырса сол мен үшін маңызды.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағына «Disney», «Warner Bros», «Pixar», «DreamWorks» студияларының туындылары кеңінен таралып көрермен көңілінен шығып отыр. Отандық өнімге көрермен назарын бұру үшін қандай қадам жасау керек?
Сол студиялармен сапасы жағынан да, техникасы жағынан да, бәсекелестікке түсе алатын туындылар жасау керек деп ойлаймын. Өйткені, көрермен жоғары сапалы фильмдерді көріп үйреніп қалғандықтан, бірсарынды фильмдерді қабылдау оларға қиын келеді. Мысалы, француздардың, үнділердің түсіріп жүрген туындылары «Disney», «Pixar» студияларының фильмдеріне жетпейді. Сонымен қатар, балаларға ұнайтын, олар еліктейтін жаңа кейіпкерлер («қаһармандар») керек. Кейіпкердің мінезі, тарихы, миссиясы, артықшылығы мен кемшілігі болуы керек. Қатты айтты дерсіз, бірақ, бізде түсіріліп жүрген фильмдер жансыз құр сурет, оларды кейіпкер ретінде қабылдай алмайсың. «Disney» алғашында ханзада мен ханшайым махаббаты, олардың бірге болу жолындағы сан алуан қиындықтары жайлы, жалпы қиял-ғажайыпқа толы ертегілерді түсіргендігін білеміз. Және фильм түсіру барысында олар сюжеттің тарихтан немесе әдебиеттен алынғанына қарамастан оқиғаларды балалар психологиясына бейімдеп өзгертіп отырған. Сол сияқты неге «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанын алып, керемет махаббат туралы фильм түсірмеске? Бізде тарихты өзгертпеу керек деген қатаң қағида бар. Ал неге осы баршаға мәлім кейіпкерлерді қосып, балаларға нағыз махаббатың қандай болуы керек екенің көрсететіндей фильм түсірмеске?
Кішкентай кезден бастап анимация арқылы қандай тәрбие бере аламыз?
Анимация-үлкен идеологиялық құрал. Бұл өнер арқылы бүлдіршіндерді мейірімге, адамгершілікке, отансүйгіштікке, шыншылдық пен әділдікке, барлық ізгі қасиет пен жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуге болады. Бұл саладағы мамандар осы жауапкершілікті тереңінен сезініп, ұлтымыздың болашағы үшін аянбай еңбек етуі керек деп ойлаймын.
Өткен ғасырдағы қазақ анимациясына өзінің дара жолын салған Әмен Қайдаров атамыз бала тәрбиесінің түп қазығы боларлық тамаша туындыларды өмірге алып келді. Ал қазіргі жаһандану заманында анимацияда қандай тақырыптар қозғалуы керек?
«Біз бұл әлемді жақсы жаққа өзгертіп, өшпес із қалдыру үшін келгенбіз» дейді әлемге әйгілі Стив Джобс. Әр маман өзі жасаған еңбегіне зор жауапкершілікпен қарап, тек өзінің ғана емес, адамзаттың пайдасы үшін қызмет жасайтын дүниелер жасауы керек деп ойлаймын. Сол себепті қазіргі таңда, болашақ ұрпақты адамгершілікке, отбасы құндылықтарына, мейірімділікке жалпы бар жақсы қасиетке тәрбиелейтін анимациялық не болмаса көркемсуретті фильмдер түсірген жөн.
Анимация режиссеріне білім қаншалықты керек, әлде фантазияға сүйенгені жеткілікті ме?
Нақты мысал, тарихта аттары қалған атақты Стивен Спилберг, Джеймс Кэмерон сияқты режиссерлер арнайы білімсіз-ақ керемет туындыларды дүниеге әкелген. Анимация режиссерлеріне келсек, ол үшін талант пен білімнің қажет екені белгілі, бірақ өз ісіңді сүйіп, табандылықпен еңбек етсең жеткілікті. Арнайы білім алмасаң да, кітап оқып білім шеңберіңді кеңейтіп, тәжірбие арқылы шыңдалуға болады.