
“Иран”спектаклі – тек театр қойылымы емес, ол адамзаттың ішкі әлеміндегі күрделі сұрақтарға жауап іздейтін философиялық саяхат іспеттес. Бұл қойылымда әрбір кейіпкердің сөзі мен үнсіздігі, қозғалысы мен тыныштығы бір-бірімен байланысып , көрерменді терең ойға батырады.
Спектакльдің басты тақырыбы – адам мен қоғам арасындағы қатынас, дін мен еркіндік, шындық пен жалғандықтың шекарасында жатыр. Еуропа елдерінің жоғары өкілдері, білікті ғалым, дінтанушы, саясаткер, журналисттері мен ирандық әйел Иран және Тау Шығыс елдерінде орын алып жатқан мәлімдемелерін Еуропаның қақ төрінде – Данияда жария етеді. Жер шарының көптеген бөлігіне батыс демократиясының сай еместігі, білім мен ақпарат алу айырмашылығы, адам кұқығы, шынайы еркіндік, еркіндікті шектеуші еркіндік, бақыт кұпиясы, суицид, тұлға ұғымы, әлемдегі түрлі қисынсыз рейтиңтер, шындық сынды Таяу Шығыстағы адам құқықтарының тапталуы тақырыптары конференцияда басты назарға алынады.
Құдай ұғымы және айтылған ақпарат қанша жерден ащы естілгенімен, өзін жоғары санат санайтын жиынға қатысқан спикерлер, тыңдармандар санасында коғамға пайда келтіріп отырмыз деген жалған ойды береді. Әрине, әр тұлғаның ойы әр түрлі және белгілі бір қалыпқа сала алмаймыз. Өмірде де дәл солай, тек көзқарасымызды білдіре аламыз, дұрыс-бұрысын өзіміз шешеміз. Ол бірақ қай бағыт? Сол жағы маңыздырақ. Режиссердің шебер шешімін осы тұста аңғаруға болады. Әрбір кейіпкер өз көзқарасын білдіргенде, оның сөзі тек жеке пікір ғана емес, бүкіл қоғамның үнсіздігі мен шу арасындағы теңгерім іздейтін ізденіс болып табылады.
Қойылымның режиссері Әсел Мұрат және шығармашылық топ әрбір рөлді айқын зерттеп, өз кейіпкерлерінің ішкі әлемін ашуға тырысты. Олардың әрбір қозғалысы, тынысы, қадамы, сахнадағы сәті көрерменге ерекше әсер қалдырады. Бұл спектакль тек Иран туралы емес, ол бүкіл әлемдегі адамзаттың қазіргі жағдайы туралы ойлануға шақырады. Әрбір көрермен өзіне қажетті жауапты осы қойылымнан табатыны сөзсіз, себебі, ол адамзаттың өзіне деген іздеген сұрақтары мен көтерген мәселесін, шеше алмаған тұсын нақтылайтын сахнадағы көрінісі.