Бүгінде өзімізді тану үшін "біз кімбіз?" деген сұрақты қойған кезде зерттеулерде және жалпы әлеуметтік пікірлерде өткен шаққа үңілеміз. Біздің бүгінгі келбетімізден гөрі, кім едік деген этно сарынға түсеміз. Алайда, осы жоба аясында біздің "кімдігіміз" бүгінгі болмысымызда жатыр. Сондықтан талқылаудың негізгі сұрағы "Қазақ киносы біздің қоғамды, уақытты оқи алып жатыр ма?" болды. Бұл сұрақты Серік Апырымовтың "Бауыр" фильмі арқылы талқылап, Әннәс Бағдаттың модераторлық етуімен саясаттанушы Арман Әмір мен кинотанушы Еңлік Егеубаевамен бірге “біз кімбіз?" деген сұраққа жауап беруге тырысты.
Кино теориясының соңғы жылдардағы бағыты негізінен сезім мәселесіне көбірек ойысып жатыр. Амстердам университетінің кино және телевизия мектебінің профессоры Томас Эльзессердің (Thomas Elsaesser) "Кино теориясы: сезім арқылы кіріспе" атты лекциясында көрерменнің киноны көрген соң өз сезімін ешқандай фильтрсіз білдіруі фильмді түсіну үшін өте маңызды екенін айтады. Сондықтан алдымен көрермендерге өз сезімдерін, пікірлерін білдіруге мүмкіндік берейік деді Әннәс Бағдат.
Бұл фильм қазіргі ауыл өмірін шынайы көрсетіп отыр. "Бауыр" деген сөз қазақтың жанды әрі маңызды ұғымдарының бірі. Бұл сөздің мәнін Қуаныш Асылов есімді ақын жақсы жеткізген. Ол инженер, мастер, бас инженер және директор болып қызмет атқарып, қалада басшы болған. Оның "Әлеуметті ала-құла бөлмеймін, Барша жанды бауыр тартқым келеді" деген өлеңі бар еді.
Фильмдегі кішкентай Еркін есімді бала бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Ол ағасы үшін еңбек етіп, қой дайындап, тіпті қарызға батты. Бірақ ауылдағылар оған жанашырлық танытпайды. Ағасының безбүйректігі мен ұстаздың түңілдіргені мұңайтты. Соған қарамастан, баланың рухы мықты екені көрінеді. Ол бауырмалдықтың қаншалықты маңызды екенін сөзбен де, іспен де көрсетті. Бұл ауыл өмірінде кездесетін шынайы көріністер. Он жасар баланың қайсарлығына риза болдым. Фильмде драма да, үміт те бар.
Мен бұл фильмді бірінші рет көрдім. Маған ауыр тиді. Баланың тағдырына жылап қалдым. Бауырмалдықты тек осы баладан көрдік. Ол бүкіл ауылға бауырмалдық танытып жүр. Мен тұрған ауылда да осындай тағдырлы бала болды, және біз оған ауыл болып көмектесетін едік. Сондықтан мұндай жағдайдың бар екенін көріп, таңғалдым. Жүрегім ауырды.
Фильмді көргенде жалғыздықты сезінгендей болдым. Ауылда адамдар көп болса да, жалғыздық сезімі биледі. Бала жалғыз қалды. Анасы қайтыс болған соң, ағасының келуін күтсе де, жалғыздығы жалғасты. Адамның жалғыздығын терең сезіндірді. Бейтаныс, клоун кейпіндегі адам бір-екі эпизодта ғана көрінді.
Бұл жағдайларды оңтүстік өңірлерден естіп, көргенім бар. Мұнда анасы қайтыс болды, бірақ әкесінде жауапкершілік жоқ. Ең болмағанда, кішкентай баласын 18 жасына дейін қарауға болар еді. Әкелердің жауапкершілігі туралы ойландым. Басқа қалаларды білмеймін, бірақ біздің өңірде мұндай жағдайлар кездеседі.
Режиссер Серік Апырымов бізге "Бауыр" фильмі арқылы қоғамдағы адамның тағдырмен жалғыз қалған кездегі күйін, қоғамның бет-бейнесін көрсетті. Автор "бұрынырақ қазақтар мұндай болмаған" деген ойды айтады. Қоғамда да осы ой жиі айтылады: біз қазақты көбінесе жақсы жағынан айтамыз, жетімін жылатпаған дейміз. Осы мәселе қайдан пайда болды? Мүмкін, бұл постколониал синдром шығар, біз өткенді сакрализациялап отырған шығармыз деген Әннәс Бағдаттың ойын саясаттанушы Арман Әмір де қостайды:
"Постколониал синдром шынымен бізде бар. Өткенді романтизациялау, ұлы болғанымызды айту – Совет үкіметі орнаған соң, әсіресе ашаршылық, зұлмат жылдары ұрпақтар сабақтастығы үзілді. Сол кезде біз өте көп нәрсені жоғалтқанымыз жиі айтылады ғой. Бірақ, жесірін жылатпаған, жетімін жылатпаған, қаңғыртпаған деп айтқанымен, біз Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлиндердің романдарына жүгінсек, сол уақыттағы ахуалға тарихи факт ретінде қарамасақ та, сол уақытты бейнелеуге арқау болған белгілі бір оқиғаларға қарасақ, бұндай фактілер болды. Иә, ауылды романтизациялау бар, бәрі бір-біріне көмектесетін. Мүмкін, ондай болған да шығар. Әрине, бәрі жаман болды деп айта алмаймыз. Жақсы мен жаман қатар жүретін әлеуметтік феномен басқа да ұлттарда, мемлекеттерде байқалады. Бұл кинода айтылғандай ауылда жанашырлықтың болмауы бүгінгі әлеуметтік дағдарысты көрсетеді. Ауылда билік бар, мектеп бар, директоры бар, белгілі бір иерархия бар, полиция бар. Және де ол полиция да өз қызметін атқарып жатыр. Демек, ол ауылда мемлекет бар, оның ықпалы бар. Және сол билік көзі жалғыз тұрып жатқан балаға көмек бермеуі, қамқорлыққа алмауы бұл ең алдымен мемлекет функциясы. Ол он жасар баланы жалғыз қалдырмауы керек. Өз тағдырымен бетпе-бет қалдырып қоюы, әкесінің көмек беруін қадағалау қажет. Еңбектеніп жүрген он жасар баланың қалыпты нәрсе емес екені анық. Және оның болмауы – деградацияның бірінші көрінісі. Демек, мемлекет өз функциясын атқара алмай жатыр. Екінші көрінісі – жалпы сол ауыл тұрғындарының қоғамдағы мейірімсіздігінің көрінісі. Кино барысында байқағаным, балаға мейірім көрсететін 3-4 адам ғана бар. Ауылдан мейірім көрмейді, бірақ ауылдағы мешіт имамынан мейірім көреді. Және арадағы қоршаудың ар жағынан сөйлесіп тұруы бұл бір шекараны көрсетеді. Имам әрдайым дұрыс істеп жатырсың, азаматсың дейді. Ол қолдауды ауыл тұрғындарының ешқайсынан көрмейді. Және сол қолдау жасытпауы үшін үш кейіпкер бар. Бірақ олардың бәрі жолаушы: клоун, қойын іздеп жүрген бейтаныс және режиссердің өзі, қолында камерасы бар. Бір лейтмотив бар "жігітсің ғой, мықты болуың керек" деген. Философияда стоицизм деген бағыт бар, ежелгі антика дәуірінен келе жатқан. Сол стоицизмді көреміз. Бұл бала тағдырын стоиктерше көтереді, қабылдайды. Бұл тағдырдың соққысы нәтижесінде сынып қалмау, адалдықтан аттамау. Бұл стоицизмнің үйрететін нәрсесі. Еркін рухы сол стоиктерге жақын. Тіпті қайтыс болған адамнан алған қарызын барып айтуы, қайтаруы. Жаназада сол соқыр шалдың қарызын мойнына алуы – бұл қоғамдағы өз жауапкершілігі".
Кинотанушы Еңлік Егеубаева ауылдың тек түсірілім орны екенін, мұндай жағдайлардың кез келген уақытта, кез келген жерде болуы мүмкін екенін айтады:
“Жалпы кино тарихына бір шегініс жасасақ, Серік Апырымовтың алғашқы фильмі "Қиян". Бұл фильмде алғаш рет Совет үкіметі кезінде ауылдың болмысы қандай екенін көрсеткен. Мүмкін кей жерде басқаша болған шығар, бірақ сол локал жерде бұл нағыз реализм болатын. Ауыл қалай бейнеленді? Жазық жер, топырақ жоқ, гүл жоқ, тоқал тамдар. Өте нашар кейіпте көрсетілген. Бірақ ол жерде бір нәрсе болатын - адамдар бір-бірін тастамайтын. Ішіп кеткен досын қандай болса да үйіне жатқызатын. Ал "Бауыр" фильмінде ауылдың сакрализациясы емес, мүлдем ауыл туралы да емес. Адамдардың бір-біріне қарым-қатынасының қаншалықты нашар күйге түскенін, қаншалықты мейірімсіз болғанын көрсетеді. Бұл жағдай ауылда көрсетілгенімен, қаланың әр түкпірінде де болып жатыр. Яғни ауыл тек фильм түсіретін локация ғана, басқа еш функцияны орындап тұрған жоқ. Ауылым өлең төсегім деген емес, жай ғана оқиға ауылда өтіп жатыр. Бұл барлық жерге қатысты оқиға”.
Кез келген кинотуындының құрылымын оның кейіпкерлері құрайды. Кейіпкерлердің болмысы бар, атқарып жатқан функциялары бар. Бұл фильмде кейіпкерлердің бір-бірімен байланысы туралы кинотанушы Еңлік Егеубаева былай дейді:
“Жалпы бірінші сұрақ Еркін кім? Ол қандай бала және ол бала ма? Бұл сұрақ қызық. Былай ойлап қарасаңыз, бұл режиссердің өзінің кемелденген шағына келгендегі рефлексиясы деп қарауға болады. Бірақ баланы ұстайтын бір нәрсе бар - ең басында естеріңізде болса, мұғалімнің желкесіне оқ тиеді ғой, сонда былай дейді: 'Ұятың болса тұр орныңнан, намысың болса... адамның обалына қаласың'. Бұл үш кілт сөз: ұят, намыс, обал. Бала осы құндылықтарды бойына сіңіріп келе жатқан бала. Сондықтан ол орнынан тұрды, директорға барды. Тіпті бармай-ақ қоюына болар еді. Бала өзі дұрыс деп табатын жолды таңдады. Енді ағасымен байланысын қарайық. Ағасы қандай рөл атқарады? Ағасы Еркіннің өміріне еш жаңалық әкелмейді, қуаныш әкелмейді. Еркіннің фильмде қуанатын жалғыз тұсы бар: ағасы келгенде қуанып құшақтайды, 'аға, жақсы жеттің бе?' деп риясыз қуанады. Сосын жылайтын бір жері бар: ағасы кетіп қалғанда иттің жанында өзі жалғыз отырғанда жылайды. Ағасы келіп күресуді ғана үйретті. Еркін ағасы келгеннен кейін қарыз ақшасын сұрай бастайды, анасына құран оқытады, белгілі бір әрекеттерді орындай бастайды. Сонда ойлаймын ағасының рөлі өміріндегі күресуді үйрету. Бұл өмір қатігез, сен өз позицияңды қорғау үшін күресу керек дегендей.
Ағасы бір қарағанда тасжүрек, қатыгез сияқты көрінеді. Екеуі бір ата-анадан шыққан, бірақ екі түрлі. Бірақ ағасы да құрбан ғой. Ағасы қаладан келді. Қала оған не көрсеткенін біз білмейміз, иә, ауыл қала демейік, барып келген жері. Сондықтан ағасын да түсінуге болады. Оның да отбасылық травмасы бар. Қалада қандай травма болғаны белгісіз. Ол тіпті психологиялық тұрғыда әлі бала, жиырма беске толмаған, санасы, мінезі толық қалыптаспаған.
Директорды алатын болсақ, мектепті немесе жүйенің бір моделін емес пе? Кейіпкерлер, оның ішінде директордың образы туралы Арман Әміров бір қызық жағдайды байқаған. Директор оқушыларға: 'Мен сендер сияқты жалаңаяқтарды адам қатарына қосу үшін жүрмін' деген пікірді айтады. Өзіне солар үшін жауапкершілік алуы бір Ғайса пайғамбардың адамдар күнәсін арқалап жүргені сияқты. Әлеуметтік дағдарыс дегенде, осы тұрғыда байланыстардың үзілгенін байқаймыз. Еркін әкесін сапарда деп айтады, бірақ одан бас тартады, оның басқа әйелі бар екенін біледі. Ағасының өмірінде Еркін жоқ. Әкесімен баласы, ағасы мен бауыры арасындағы байланыстың үзілгені көрінеді. Көрші мен көрші, ауылдастар мен баланың арасындағы байланыстың үзілгені, әділетсіздік болып, кішігірім ауыл көрінісінде қоғам үлкен дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді. Бұл Еркін мысалында өзін қалай ұстау керек екенін көрсетеді”.
Кейіпкер ретінде тек актерлер емес, мектепті де алуға болады. Онда жүйенің, тәртіптің, заң мен құндылықтың болмауы көрінеді. Шындап келгенде, мектептегі мұғалімдердің өздері әлімжеттік жасайды. Оны біз оқушылардың іс-әрекеті мен сөзінен байқаймыз. Мысалы, басты кейіпкер "Менің атым Еркін Ғалым. Мен мектепті жақсы көремін" дейтіні бар. Ол мектептен әлімжеттік пен әділетсіздік көре тұра, осындай сөз айтады. Бұл ретте маған Қазақстандағы мұғалімдер мен шенеуніктер еске түседі. Саяси науқан, биліктің бюрократиялық тапсырмалары кезінде, тіпті бірінші президент ауысқанда, көзіне жас алған шенеуніктер мен жарыса пост жазған мұғалімдер есімізде. Өзі теперіш көретін билікке жағыну формасы қалыпты болып кеткен. Осы фильмдегі контрастілі эпизодтар біздің өміріміздегі де сондай қым-қиғаш оқиғалар мен құндылықтар қайшылығын көрсетеді.
Осындай бір қайшылықтың бірі молдаға да қатысты. Бір қарасақ, балаға мейірім танытқан, үміт беретін кейіпкерлердің бірі ауыл мешітінің имамы. Бірақ марқұмның қарызын ауылдастары кішкентай Еркінге жүктегенде, еш қарсылық білдірмеді. "Балиғат жасы" деген ұғым діннен келді ғой. Ол адамның заң жүзінде толық қабілетті деп танылатын және өз әрекеттері үшін жауапты болатын межесін білдіреді. Ал Еркін балиғат жасына толмаған бала, сонда өзінің де емес, бөгде адамның жауапкершілігін балаға артқанда, молда еш қарсылық танытпады. Бұл жерде жауапкершілік тек адамның істеген ісіне ғана емес, көре тұра істемеген ісіне де қатысты екенін аңғартады. Бұл тұрғыда, қазіргі жағдайда, түрлі келеңсіздікті көре тұра, әділетсіздік пен заңсыздықты біле тұра үндемей қалған қоғамға да жауапкершілік артуға болады.
Әрине, бұл жерде осы ойды режиссерге таңа алмаймыз. Ролан Барттың “Автордың өлімі” (La mort de l'auteur) атты эссесінде айтылғандай, ол тіпті маңызды емес. Көрермен ретінде біздің түсінуіміз әлдеқайда маңыздырақ. Сондықтан осы ойды әрі өрбітсек, бұл тек қоғам ғана емес, буын туралы да айтылады. Болашақ буынға да біздің артатын, жүктейтін жауапкершілік тым ауыр.
Еңлік Егеубаева: “Серік Апырымов бұл сұхбаттарында айтқаны бар: бұл оқиға тікелей менің буыныма қатысты деп. Ол кісі 60-шы жылдары туған, бірақ бұл 70-ші жылдары болған оқиға емес шығар. “Бауыр” фильмінде бір кейіпкер бар, ауыл сыртында қой бағып жүрген атты ма, әлде жолаушы ма, белгісіз. Сол атты жолаушы өткен шақтан келген адам сияқты. Кино тілімен айтқанда, Серік Апырымов өз балалық шағындағы адамдар арасындағы тазалықты емес, бұрынғы өткен заманда болған 'тазалықты' аңсайтын сияқты,” - дейді.
Еркін көнбіс адам. Ол қайдан шығады? Фильмнің басында еден жуып жатқан әйел “аяғыңды сүрт” дейді. Тоқта демеуінше, Еркін сүртіп тұра береді. Бұл баланың психологиялық мәселелері шығар. Бірақ Еркін деп атаған балада еркіндік жоқ. Ол қалауымен, өз таңдауымен есейген жоқ. Әкесі жоқ, шешесі жоқ, қамқор болар панасы жоқ балада тек тіршілік ету қамы бар.
Кейіпкерді мемлекетпен, ұлтпен параллель жүргізіп көрсек, “қазақ” ұлтының атауына қатысты түрлі нұсқалар бар. Қазақты еркін жүрген, азаттықты бәрінен жоғары қоятын ел болды дейміз. Бірақ шындап келгенде, қазір бұл еркіндік тек иллюзиялық, формалды тұрғыда ғана сияқты. Мұндай күйге жеткізген не? Еркінді де, қоғамды да көнбіс болуы. Еркін ұмытылған емес. Директормен де, соқыр шалмен де, басқалармен де саудаласып көреді. Бірақ нәтижесінде сәл де болса жеңілдікке қол жеткізеді. Дегенмен қандай нәтижеге жетсе де, мұны қабылдау бар кейіпкер бойында.
Яғни кез келген әрекетті жасағанда қандай шартта дұрыс болады деген көзқараспен жасайды. Қойды союы, көршілерді шақыруы, салт-дәстүрді сақтау – яғни солай болуы керек. Ағасы мен бауыры арасында қарым-қатынас жақсы болуы керек. Ол ақша жинайды, қолынан келгенше әрекеттенеді.
Жалпы шығармашылықта, кинода, автордың өзінің балалық шағына арналған туынды жазбаған авторлар жоқ. Бұл әлем киносына да қатысты. Кейбірі сәтті шығады, кейбірі сәтсіз. Серіктің де бұл туындысы балалық шағына арналған. Апырымов қазақ киносында "қазақ жаңа толқын киносы" деген ұғым бар. Сол толқынның негізгі эстеті Серік Апырымов деп ойлаймын. Апырымовтың "Қиян", "Ақсуат", "Аңшы" болсын, негізгі фильмдерінің кино тілі мен көтерген тақырыптары біз туралы, біздің әр кезеңдегі айдентикамыз туралы. Өзіңді, қоғамды тану үшін Серік Апырымовтың фильмдері өте маңызды. Шетелден келіп, Серіктің оралғандағы фильмі осы.
Әдетте, сырттан келіп, елге оралғанда күнделікті көріп, сіңіп кеткен нәрселер байқала бастайды. Ал шетелде жүргенде елге деген сағыныш маздай бастайды. Мүмкін, адам балалық кезін, туған ортасын идеалдандыра бастайтын шығар. Бұл фильмді режиссер 53 жасында түсірді. Балалық кезіне деген ностальгия сезіледі. Бірақ фильмдегі Еркін бала емес, сол елу жастан асқан режиссердің өзі деген ойға келдім деп түйіндейді ойын Әннәс Бағдат.
Серік Апырымовтың "Бауыр" фильмі – режиссердің балалық шағына деген сағыныш пен өткен замандағы тазалықты аңсауының көрінісі. Бұл фильмде қазақ қоғамындағы әлеуметтік және моральдық мәселелер айқын көрсетілген. Еркіннің көнбістігі мен еркіндік иллюзиясы, ауылдағы әлімжеттік пен әділетсіздік арқылы, режиссер қоғамның қазіргі жағдайын, оның құндылықтарының қайшылықтарын, және болашақ буынға артылатын ауыр жауапкершілікті талдайды. Апырымовтың туындылары, әсіресе шетелден оралғаннан кейінгі фильмдері, қазақ айдентикасын терең түсінуге және қоғамды тануға маңызды үлес қосады.