Мақала / #студентСөзі
Ақан Сатаевтан тарихи кинотарту
Кинорежиссер Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" фильміне көзқарас
Бөлім: Кино
Датасы: 24.04.2017
Авторы: Ақнұр Əшірбаева
Мақала
Ақан Сатаевтан тарихи кинотарту
Кинорежиссер Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" фильміне көзқарас
Бөлім: Кино
Датасы: 24.04.2017
Авторы: Ақнұр Əшірбаева
Ақан Сатаевтан тарихи кинотарту

«Тәңірдің өзі қазаққа сыйға тартқан тәуелсіздіктің» арқасында, 26 жылдық тарих көшінде қазақ киносы бәйгеге қосқан тұлпар сынды алға қарай адымдап келеді. Кешегі кеңес тұсында айтуға тұрарлық фильмдердің саны саусақпен санарлықтай аз болды. Ал бүгінгі қазақ киносының қарышты әрі нық қадамы көңілді қуантады. Бұл да болса егемендігіміздің, еншімізді бөлек алып шығуымыздың арқасында.

Әлемдік кино өнерінде атағы жер жарып жатпаса да, «Жаужүрек мың бала», «Рэкетир», «Районы» фильмімен қазақ көрермендерінің жүрегіне жол таба білген режиссер Ақан Сатаев тарихи тақырыпта тағы да бағын сынап көрген болатын. Режиссердің бұл талпынысы текке кетпей, нәтижесінде қазақ киносының қоржынына «Анаға апарар жол» атты тарихи тақырыптағы кинокартина келіп қосылды. 2016 жылы тарихи драма жанрында түсірілген бұл фильм тәрбиелік, тағылымдық, патриоттық мәні бар деп бағалауға тұрарлық.

Фильмнің оқиға желісі өткен жүзжылдықтағы қазақ халқының басынан кешкен қиындық пен қасіретке толы ауыр кезеңдерін қамтиды. Ұзақтығы небәрі екі сағаттан тұратын бұл  фильмге жиырмасыншы ғасыр тарихы түгел сыйып кеткендей. Өткен ғасырдың алғашқы жылдарында Ілияс (Әділ Ахметов) есімді бала анасынан айырылып қалады. Тағдырдың жазуымен олар бір-бірінен ажырап, жан-жаққа шашырап кетеді. Бір-бірін қанша іздесе де таба алмайды.  Сол аралықтағы қазақ халқының көрмеген азабы болған жоқ, ұжымдастырудың қиындығы, ашаршылық, миллиондаған адамның өмірін жалмаған сұрапыл соғыс, жазықсыз жала жабу, лагерьде тұтқында ұстау сынды тағдырдың тауқыметін бірге тартты. Осы оқиғалардың барлығын біз Ілияс атты кейіпкердің көзімен көріп отырамыз.Тағдыр одан балғын балалық шағын, отбасын тартып алса да, өзінің анасы (Алтынай Нөгербек) мен ғашығына (Аружан Джазильбекова) деген махаббатын, сенімін, адамгершілік сынды асыл қасиеттерін ала алған жоқ.

Фильмдегі ең сәтті шыққан жұмыс ретінде оның атмосферасын атап өтуге болады. Әсіресе, соғыс кезіндегі бомбалар мен қанға боялған көріністер сол кезеңнің бейнесін көз алдымызға алып келеді. Мұндай көріністерді бізге көрсету арқылы режиссер бүгінгі бейбіт тұрмысымыздың қадірін түсінуге шақырғандай.

Фильмде өткен ғасырдың көп кезеңдерінің қамтылуы оның тарихи мазмұнын арттыра түскен. Алайда, бір ғана сюжеттің ізімен жүріп отыратын фильм оқиғасы көп кезеңдердің жүгін мойнына арқалағанымен, оларды тереңірек көрсетіп бере алмаған. Сол заманның тарихи шындығының бетін ғана түртіп өтіп отырған. Яғни, кадр сыртындағы дыбысты қолдану арқылы бір уақыттан екінші уақытқа өтуде өте жеңіл тәсілді пайдаланған. Фильм диалогтары кейде тым әдеби болып кетсе, ал кейбір тұстарында кездесетін сөздер ауызекі диалектіге ұқсайды. Ерекше метафоралар мен фразалар да кездеспейді. Сонымен қатар фильм эмоцияға толы. Оған бір тұстан фильмдегі диалогтар мен музыканы себепші ретінде көрсетсек, екінші тұстан актерлердің ойынын да атап өткен жөн. Актерлер өз бейнелерін кәсіби деңгейде жақсы сомдап шыққанымен, аздап тереңдік жетіспейтіндігі байқалып отырады. Костюмдер мен декорация мейлінше сол кезеңнің киімдеріне ұқсатып жасалса да, актерлер бетіне жасалған гриммдердің үйлесімді жасалмауы образдарды сенімсіз ете түскен.  Мысалы, ана бейнесіндегі Мәриямның жасы өзгерсе де кейпі өзгермейді.

Эмоционалды фильм түсірудің шебері болған Ақан Сатаевтың бұл фильмінде де патриоттық фильмдерге тән негізгі талаптар сақталған. Яғни, басынан көп қиыншылықтарды өткерген басты кейіпкердің өмір жолындағы күресі мен оны жеңіп шығуын көрсетуі арқылы көрерменге үміт сыйлайды. Қазіргі сәтте тарихи тақырыпта түсірілген фильмдер өте аз болғандықтан, Ақан Сатаевтың бұл фильмі қалың көрермен үшін қазақ экранына «тарихтан жасалған тарту» болды. Сондықтан да алдағы уақытта тарихи тақырыппен жұмыс жасауды қолға алып отырған режиссердан бұдан да жоғары деңгейде түсірілген тың туындылар күтеміз.