Мақала
Копродукция түрлері мен заңдылықтары
Бұл мақалада автор Копродукция ұғымына анықтама бере отырып, оның түрлері мен заңдылықтарын жүйелеп көрсетеді.
Бөлім: Кино
Датасы: 15.04.2018
Авторы: Зейнет Тұрарбекқызы
Мақала
Копродукция түрлері мен заңдылықтары
Бұл мақалада автор Копродукция ұғымына анықтама бере отырып, оның түрлері мен заңдылықтарын жүйелеп көрсетеді.
Бөлім: Кино
Датасы: 15.04.2018
Авторы: Зейнет Тұрарбекқызы
Копродукция түрлері мен заңдылықтары

Копродукция (co-production) - бірлескен өнім. Аталмыш термин медицина, экономика, құрылыс, өнер т.б. салаларда қанатын кең жайған. Мәселен, саясатта алғаш копродукция тұжырымдамасы 1970 жылы американдық политолог-экономист (2009 жылы экономика саласынан Нобель сыйлығының лауреаты - авт.еск.) Индиана университетінің зерттеушісі Элинор Остром бастаған академиялық топпен ұсынылған болатын (A.Realpe, L.M.Wallace, 2010:7). Зерттеу тобы қалалық қызмет көрсету жүйесінің нәтижелі болуы үшін азаматтардың қоғамдағы белсенділігінің артуы керектігін алға тартады. Негізгі идея - қала тұрғындарының мемлекеттік қызмет көрсету саласына жеке дара үлес қоса алатындығында. Мысалға, көшеде төбелесті көре сала полицияға қоңырау шалу (бұл қаладағы бұзақылық әрекеттерінің азаюына әсер етеді - авт.еск.). Демек, халықтың әрекеті мемлекеттік мекемелердің өнімділігіне әсер ете алады (S.Tuurnas, 2016:24). Элинор Остром «Crossing the Great Divide: Coproduction, Synergy, and Development» мақаласында: «Копродукция» терминін «тұрақты өндірушілер» (полиция мен медицина қызметкерлері, мұғалімдер) қауыпсыз, дендерінің саулығын қалайтын «тұтынушылар» арасында әлеуметтік қарым-қатынастың бола алатындығын түсіндіру үшін қолдандық» дейді (1996:1079). Осыйлайша, Остром үкімет пен жеке сектордың, үкімет пен азаматтық қоғамның арасындағы «үлкен алшақтықты жоюға» ұмтылады. Көптеген қоғамдық шаралардың қоғамдық, нарықтық және азаматтық үлес қосумен жүзеге асатындығын алға тартады (E.Ostrom, 1996:1073).

Аталмыш терминнің саясатта пайда болу себебі де 1970 жылдары әлемде белең алған «Жаңа мемлекеттік басқару» реформасымен тығыс байланысты. Реформаның басты мақсаты - мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыру болатын (S.Tuurnas, 2016:26). Бірақ реформаның алғашқы басқару тәсілдері тек 1990 жылдары ғана жүйеге ене бастайды. Ұлыбританияның басқару формасына енген жаңашылдықтар жаһандану ықпалы әсерінен АҚШ пен Канадаға әсер етпей қоймайды. Кейіннен бүкіл әлемде әкімшілдік-құрылымдық өзгерістер белең алады (Y.Şimşek, 2012:196).

Кино саласында «копродукция» - екі немесе одан да көп мемлекет өндірушілерінің бірлесіп фильм өндіруі. Киноөндірісінің бұл түрінде өндірушілер бірлескен өндіріс жасау мақсатында қаржы, өндірістік ресурстарын біріктірумен қатар, белгіленген ережелерге сай жұмыс істеу жайлы сөз байласып, келісім- шарт жасасады. (Morawetz, 2008:63; Aluko, 2015). Норберт Мораветтің тұжырымдауынша, кино әлемінде копродукцияның пайда болуының басты себебі жобаларды қаржыландыру мәселесін шешумен байланысты. Кейіннен копродукция құқықтық сипатқа ие болып, өндіруші елдердің әрқайсысының ұлттық өнімі болып саналатындықтан, сол елдің заңына сәйкес жеңілдіктерді пайдалануға құқылы болатын (Morawetz, 2008:66). Осылайша автор, кино өнеркәсібіндегі трансшекаралық ынтымақтастықта қаржыландырудың маңыздылығы мен кино саласына мемлекеттің араласуын маңызды екі фактор ретінде атап көрсетеді.

Копродукцияға аса көңіл бөлетін Еуропа елдері екені анық. Еуропа кинематографында копродукция 1950 жылдары бастау алып, 1960 жылдары тұрақты түрде өсіп, 1970-ші жылдардың соңында күрт төмендеп, 80-жылдары халықаралық бірлескен өндіріс саны тіпті азайып кетеді. Дегенмен, Еуропа елдері копродукцияның маңыздылығын және бірлескен кинофильмдер өндіру үшін ортақ құқықтық ережелерді әзірлеу қажеттілігін түсінеді. Осы мақсатта 1992 жылы Страсбургте «Кинематографиялық копродукция» туралы Еуропалық конвенция қабылданады. Келісімнің негізгі артықшылықтары мыналар: а) талаптардың икемділігі, жарналар (төлем - авт.еск.) балансы және әріптестер арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтылығы; в) әр түрлі жарналарды бағалауға арналған бағамдау жүйесі; с) Еуропа елдері қатарына кірмейтін өндірушілердің (продюсер - авт.ест.) пайыздық мөлшері 30-дан аспауы, тіпті АҚШ-тан да; д) өнімнің тілі Еуропа Одағының кез-келген елінің тілі болуы, сол себепті ағылшын тілін де қолдануға болады (Pardo, 2007:91-92).

М.Пендакур копродукцияны негізгі төрт санатқа бөліп қарастырады. Олар:

  1. осы елдегі мемлекеттік және жеке секторындағы копродукция;
  2. түрлі елдердің мемлекеттік және жеке секторындағы копродукция
  3. түрлі елдерден жеке капиталдық копродукция;
  4. шарттық копродукция; (Pendakur, 1990:195 )

Бір сөзбен айтқанда, автор копродукцияны отандық, халықаралық, жеке капитал, шарттық копродукция деп төртке бөледі. Шарттық копродукция негізінде АҚШ копродукция жүйесі жатыр. Себебі, автордың айтуы бойынша, АҚШта мемлекет тарапынан нақтыланған копродукция жайлы келісім-шарт түрі жоқ. Сол себепті АҚШ аумағында бірлесіп қаржыландырылған кез-келген өнім копродукция қатарына жатады. «Бұл жерде бірлесіп өндіру (копродукция) мен бірлесіп қаржыландыру арасындағы айырмашылықты айқындап алуымыз керек. Белгілі бір аудиовизуалды жобаға қаржылай ғана көмек көрcеткен тұлға, ұйым дайын өнімнің авторлық құқығына ортақтаспайды, демек одан түскен пайдадан үлесін алмайды. Копродукция болса - келісім-шартпен бекітілген, екеуара ортақ құқықты иеленуге мүмкіндік беретін жоба» (Morawetz, 2008:64). Міне, осы себепті де Пендакур АҚШ-тың копродукция өнімін бөлек бір түр ретінде қарастырған. Пендакурдың Тоусон Университетіндегі әріптесі профессоры Питер Лев те «The Euro-American Cinema» кітабында еуропалық және еуро-американдық копродукция арасындағы айырмашылықтарға тоқталып өтеді. Автор да Пендакур сынды еуро-американдық өнімді копродукцияның жеке түрі ретінде талдайды. Себебі олар нақты белгіленген үкіметтік келісімдермен бекітілмейді және өзара субсидиялау бағдарламаларын қамтымайды деп өз дәлелдерін келтіреді автор (Lev, 1993:33). Дегенмен Германия мен Солтүстік Еуропа елдерінде шартты копродукция жасалып жатады. Келісім-шартсыз бірлескен өндірістің басты артықшылығы - келіc-сөздердегі еркіндігінде. Ал, Франция мен Ұлыбритания сынды елдерде келісім-шартсыз копродукциялық өнім жасау тіпті мүмкін емес (Naarajarvi, 2011-62-63)

Соңғы жиырма жыл ішінде Оңтүстік Африка Республикасы кино өндірісіндегі копродукция өніміне кеңінен көңіл бөліп, шетелдермен келісім-шарттарының санын ұлғайтуда. Мәселеген ОФР Канада (1997), Италия (2003), Германия (2004) және Ұлыбритания (2007), Франция (2010), Жаңа Зеландия (2011) және Ирландия (2012) елдерімен копродукция ынтымақтастығы туралы келісім-шарттар жасасты. «Ұлттық кино және видео» қорының (nfvf.co.za) мәлімдемесіне сенетін болсақ, Оңтүстік Африка болашақта да ұлттық кино өнеркәсібінің мүддесі үшін копродукция негізінде өзге елдермен ынтықтастығын артыруды жалғастырмақшы (National film and video foundation). Неліктен? Себебі халықаралық копродукцияның артықшылықтары көп. Атап өтер болсақ, олар:

- Үлкен және жаңа нарық көзі;

- Қаржы ресурстарын біріктіру мүмкіндігі;

- Үкімет тарапынан ынталандыру мен субсидияларға қол жеткізу;

- Өнімдердің сапасын арттыру;

- Арнайы дағдыларға немесе жабдықтарға қол жеткізу;

- Жаңа тәжірибе көзі;

- Тиісті құзырлы органдарға қол жеткізу;

- Өз елін насихаттау;

Бүгінде копродукция өнімін жасау мен ынтықмақтастықты орнатып, продюсерлердің бір-біріне деген сенімділігін арттыру мақсатында жүздесу институттарының пайда болуы бірлескен өндірістің құрылымдық ерекшелігі болып табылады. Өзара қарым-қатынастарды дамытудың негізгі локомотиві - өнеркәсіптік жәрмеңкелер мен кинофестивальдерде ұйымдастырылатын кәсіби жиналыстар екені айқын. Еуропа киноөндірісіндегі ең ірі екі кәсіби сауда орталықтары - Берлин мен Канн кинофестивалі аясында өтетін Еуропалық кинофильмдер нарығы (EFM) мен Marché du Film.

Marché du Film 12 400ден астам салалық мамандар үшін маңызды кездесу орны болып табылады. Оның ішінде 3 900 өндірушілер, 3 300 өнімді сатып алушылар мен дистрибьюторлар және 1 000 фестиваль ұйымдастырушылары өзара іскери мүмкіндіктерін арттыру мүмкіндіктеріне ие болады. (Marche du Film). 2017 жылғы Канн фестивалі рекордтық көрсеткішпен аяқталды делінген фестивальдің ресми сайтында. Marche du Film 3 820 фильм ұсыныпты. 1500 фильм көрсетіліп, оның ішінде 710 аяқталмаған фильмнің алдын-ала көрсетілімі жасалған (Festival De Kannes). Осы сынды копродукциялық шаралар Пусан, Гонконг, Буэнос-Айрес, Париж, Роттердамда өтіп тұрады.

Әр мемлекет копродукция шарттарын мемлекеттің ішкі және кино туралы заңына сәйкес белгілейді. Мәселен көршілес Қытай елін алайық.

Қытай алғашқы копродукциялық серіктестігін 1979 жылы Жапония продюсерлерімен бастаған (YU, 2017:Oct.27). Бүгінде Қытай «Мемлекеттік баспа және басылымдар, радио, кино және телевизия басқармасы» (SAPPRFT) белгілеген копродукцияның үш категориясы бойынша жұмыс істейді. Олар:

Копродукция фильмі (Co-Produced Film) - қытайлық және шетелдік продюсердің бірігіп шығарған фильмі. Демек, толық мәнді (қаржыландыру, енбек және материалдық ресурстар, ортақ түсірілім, яғни фильмнің шығыны, пайдасы мен тәуекеліне ортақтасу) ортақ өнім.

Инвестициялық фильм (Assisted Film) - толықтай шетелдік инвестордың қаражатына қытайлық продюсер көмегімен түсірілген фильм. Бұл жағдайда қытайлық продюсер (бекітілген сценарий желісімен) тек ұйымдастырушы қызметін атқарады. Бұл түр фильмдер қытай өнімі болып саналмайтындықтан, өнім отандық фильмдерге жасалатын жеңілдіктерді пайдалана алмайды, құқықтық тұрғысынан фильмнің иесі инвестор болып саналады.

Кепілдендірілген фильм (Entrusted Film) - бұл жағдайда шетелдік тарап қытайлық өндірушіге фильмді толықтай продюсерлеу құқығын береді. Фильм басынан аяғына дейін қытай киноөндірісінің ішкі ережелері мен техникалық талаптарына сай өндіріледі. Бірақ, туынды толықтай шетелдіктермен қаржыландырылғандықтан, авторлық құқықты да шетелдік тарап иемденеді. Бұндай фильмдерді қытайлықтар ішкі нарықтағы импорттық өнім ретінде қарастырады. Сондықтар олар Қытайдың ішкі стандарттарына сай өнідірілгенімен, отандық фильмдерге жасалатын жеңілдіктер санатына кірмейді (China-İnternational Film Co-production handbook, 2-б).

«Қытай-шетел копродукция фильмдерін басқару» туралы ережелерге сай шетелмен жұмыс істейтін қытайлық орталықтар мен шетелдік студиялар SAPPRFT-тан («Қытайдың Мемлекеттік баспа және басылымдар, радио, кино және телевизия басқармасы») рұқсатнама алулары тиіс. Рұқсатнаманың жарамдық мерзімі екі жыл (China-İnternational Film Co-production handbook, 6-7 б). 2016 жылы «Қытайдың Мемлекеттік баспа және басылымдар, радио, кино және телевизия басқармасы» (SAPPRFT) 89 бірлескен өндіріске рұқсатнамалық келісімін берген екен. Бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 11 пайызға артық (Schwankert, 2017:Jan 31). Сонымен қатар, қытайлықтардың бекіткен заңына сай түсірілім тобы мен актерлар арасындағы шетелдіктердің жалпы саны үштен екіні аспауы керек. Ережеге сай фильмнің өңдеу кезеңі де (post production) Қытай шекарасында өтуі шарт. Өнделген дайын фильмді SAPPRFT бекітеді. Бекітілген фильмге өзгерістер енгізу үшін де SAPPRFT-тан рұқсат алу керек. Міне осындай жүйемен Қытай копродукция жүйесі жұмыс істейді.

Қорыта келе, осы мақала аясында копродукция ұғымымен, оның түрлері және көршілес Қытай елінің копродукция жүйесімен таныс болдық. Копродукция - әлемдік тәжірибеде өз-өзін дәлелдеген киноөндірісінің бір түрі. Қазақстанның кинонарығында әзірге мемлекет пен жеке сектор, яғни отандық копродукция түрі жұмыс істеуде. Бұл көбіне телеарналар мен жеке студиялар, «Қазақфильм» мен жеке студиялар арасында жүзеге асуда. Себебі, әзірге отандық кинопродюсерлеріміз ішкі нарық үшін еңбек етуде. Келешекте бізде де копродукцияның өзге де түрлері дамиды деген үмітіміз зор.

Қолданылған материалдар:

  • Schwankert S., «2016 Sets Record for Co-Production Permits in China», 2017,JAN 31, http://chinafilminsider.com/2016-sets-record-co-production-permits-china/
  • Festival De Kannes,http://www.festival-cannes.com/fr/festival/
  • Lev P., «The Euro-Amerikan sinema», Universiti of Texas Press, 1993, pp.161
  • Morawetz N., «The rise of co-productions in the film industry»; Submitted in partial fulfillment of the requirements of the University of Hertfordshire for the degree of Doctor of Philosophy, 2008, pp.219
  • Marche du Film, http://www.marchedufilm.com/fr/
  • Naarajarvi P., «International Co-Production and Collaborative Agreements, the Case of the Finnish Film Industry», Aalto University School of Economics, Doctoral dissertations, 2011-pp.165
  • National film and video foundation http://www.nfvf.co.za/home/index.php?ipkContentID=42.
  • Ostrom E., «Crossing the Great Divide: Coproduction, Synergy, and Development», World Development, Vol.24.No 6. 1996- pp.1073-1087
  • Pardo A., «Spanish co-production: commercıal need or common culture?» (An analysis of international co-productions in Spain from 2000 to 2004 ), Newcastle: Cambridge Scholar Publishing, 2007, pp. 89-127.
  • Pendakur M., «Canadian Dreams and American Control: The Political Economy of the Canadian Film Industry», Wayne State University Press, Detroit, 1990, pp. 321
  • Realpe A., Wallace L.M., «What is co-production?», Health Foundation, London,  2010- pp.18.
  • Şimşek Y., «Kamu  işletmeciliği reformu:  İngiltere, Kanada ve ABD’de kamu işletmeciliğine geçiş», Türk İdare Dergisi, 2012 - s.474
  • Tuurnas S., «The professional side of co-production», Tampere University Press 2016-pp.179.
  • Yu M., «International Co-production of Chinese Documentary Development», 2017, OCT.27, http://chinafilminsider.com/international-co-production-of-chinese-documentary-development/
Сізге қызық болуы мүмкін: