Мақала
Қуыршақтармен кездестік
7-желтоқсан «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубында Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қуыршақ театрының әртістерімен шығармашылық кездесу өтті. Кездесу жайында студент пікірі...
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 08.12.2017
Авторы: Дамир Амантай
Мақала
Қуыршақтармен кездестік
7-желтоқсан «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубында Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қуыршақ театрының әртістерімен шығармашылық кездесу өтті. Кездесу жайында студент пікірі...
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 08.12.2017
Авторы: Дамир Амантай
Қуыршақтармен кездестік

Дамир Амантай

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, II курс


Oner.kz порталының Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанынан құрылған «Көзімнің қарасы» аталатын мәдени-танымдық клубы бар. Бұл клуб
қандай да бір өнер саласындағы, яғни кинодағы, театрдағы, музыкадағы,
әдебиеттегі, бейнелеу өнеріндегі және т.б. аянбай еңбек етіп жүрген адамдарды жиі-жиі
шақырып, олармен шығармашылық кездесу ұйымдастырып тұрады. Соңғы кездесуде Академия
студенттері блогер және журналист
Назгүл Қожабековамен, оның алдында қазақ анимациясының аға-буын өкілдерімен жүздескен еді. Бұл жолы Алматы қаласындағы Мемлекеттік
Қуыршақ театрының дарынды әртістерімен жолықты. Кездесу аталмыш театрдың
актрисасы және Қазақстанның еңбек сіңірген аритсі  – Сәбила Абуеваның 70 жас
мерейтойы және сахнада еңбек етуіне 50 жыл толғанына орай
ұйымдастырылған болатын.


    Енді кездесудің өзіне тоқталып өтейік. Сағат 11:40
болғанда, кездесу өтетін кинозалға төменгі және жоғарғы курс студенттері
ақырындап жинала бастады. Олармен бірге біршама ұзтаздар да келді. Сөйтіп, он
бес-жиырма минут ішінде кинозал кәдімгідей толып қалды. Қабырғада ілулі тұрған
колонкалардан құлаққа жағымды музыка ойнап, ерекше бір атмосфера жасап, алдыда өте
қызықты кездесу болатынын сездіріп тұрды. Ақыры кездесу басталып, Сәбила
Абуева мен аппақ түсті, әп-әдемі форма киген Қуыршақ театрының әртістері - Болат
Момынжанов, Марал Тәуекелова, Құралай Исмагулова, Мақсат Камалов, Арай
Сақтағанова және Арайлым Байырбекова кинозалға кіріп келді. Тура сол сәтте
іште отырған барлық студенттер орындарынан тұрып, шапалақты аямай ұрып, қонақтарды
зор құрметпен қарсы алды. Қонақтар да студенттерге сәлем беріп, сахна төріне
жайғаса кетті. Қол шапалақ басылып, кинозал тынышталған кезде Қазақстан Республикасының
Еңбек Сіңірген Қайраткері және Қуыршақ театрының көркем жетекшісі – Оразәлі
Ақжарқын-Сәрсенбекке алғашқы сөз берілді. Ол кісі Қуыршақ театры туралы, Сәбила
Абуева туралы кішігірім кіріспе сөз сөйледі. Одан кейін жүргізуші рөлін өзіне алып,
ортаға Қуыршақ театрының әдебиет бөлім меңгерушісі, театртанушы – Жазира
Ахмет шықты. Жазира ханым қонақтарды таныстырып, Қуыршақ театры жайлы азғантай
тарихи мәлімет айтты.

Қуыршақ театры – арнайы жасалған қуыршақтар арқылы
көрініс қойылатын театрдың бір түрі екен. Ал қуыршақтарды «кукловод» аталатын
актер қимылдатып, кейде сөздерін сөйлеп, оларға жан беретін көрінеді.

Алматыдағы Мемлекеттік Қуыршақ театры – еліміздегі ең
алғашқы қуыршақ театры болса керек. Ол 1935 жылдан бастап қазіргі таңға дейін
істеп келеді. Тұңғыш режиссерлері – «Алдар Көсе» және «Өтеген батыр»
қойылымдарын дайындаған Қазақ драма театры әртістері Қапан Бадыров пен Сейфолла
Телғараев. Алқашқы қойылымдарды музыка жағынан көркемдеген – Латиф Хамиди және
Борис Ерзакович. Театр таяқ қуыршақтан бастап (актер екі таяқ арқылы қуыршақтың
қолдарын қимылдатады), қолға киіп ойнайтын киілмелі қуыршақтармен, қазіргі
заман ағымындағы күрделі-марионеткалармен (үстінен жіп немесе сым темір арқылы
қозғалтады), және соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен
жабдықталған көрінеді.


    Бұл мәліметтер, қысқаша болса да, студенттердің назарынан
тыс қалмады. Бірақ Қуыршақ театрына деген шын қызығушылықты әртістердің кинозал
сахнасында ойнап берген «мини-қойылымдары» оятып жіберді. Бұл да біздің елдің
әдеті ғой. Біз қайда қонаққа барсақ да, құр қол бармай, міндетті түрде
сыйлықпен барамыз. Қуыршақ театрының әртістері де сол. Өзіндік бір силықпен
келді. Әрбір мини-қойылымды қызықтыра, ынтықтыра, қуандыра, жан-дүниелерімен
беріліп ойнап берді. Залда отқан халық әсіресе «Шығыс биіне», «Сыған Биіне»,
«Майкл Джексонға» сүйсіне қарады. Ал қуыршақтар сүйкімділіктің нағыз дәлелі
болып шықты. Түрлеріне бір қарағаннан жүрек елжіреп кетеді! Бірақ таңғаларлық
нәрсе – әртістердің өз жұмыстарына деген махаббаты. Олардың театрды жақсы көретіндігі,
қуыршақтарға қамқорлықпен қарайтындығы, бір-бірімен деген үйлесімділігі бір
көргеннен байқалып тұрды.

Сәбила Абуева

Сәбила (Қарашаш) Абуева – әртістердің арасындағы ең
үлкені, сол себепті ең көп айтқан, ең көп ой бөліскен сол кісі болды. Суық мінезді
емес. Ресми тілде де сөйлемейді. Өте қарапайым адам. Адаммен емін-еркін
тілдеседі, күлдіре әзілдейді, сұрақ қойған адамға жылы жүзбен қарайды. Белгілі
бір тұлға болса да, өз әжеңмен сөйлескен сияқты күйде боласың.

Болат Момынжанов. Жазира Ахметтің айтуы бойынша, Қуыршақ
театрының ақсақалы. Аталмыш театрға автобуспен келіпті (бұл, әрине, Болат
мырзаның өз аузынан шыққан әзіл). Шебер кукловод қана емес, әралуан анимациялық
картиналарға, әсіресе «Балапан» телеарнасының мультфильмдеріне дубляж жасайды
екен. Өзі аз сөйлейсе де, дәл сөйлейді. Біраз уақыт үнсіз, әріптестерін тыңдап
отырады да, бір мезетте үш-төрт сөз әзіл айтып, бүткіл залды күлдіреді.
Табиғатында адамды өзіне тартып алатын ерекше бір қасиет бар.

Марал Тәуекелова, Құралай Исмагулова, Мақсат Камалов,
Арай Сақтағанова, және Арайлым Байырбекова. Шектеулі уақыттың салдарынан, бұл әртістер залда
отырған жұрттың алдында толықтай ашыла алмады. Бірақ өздерінің дарынды адам
екендерін, және тоқтамай еңбектенетіндерін көрсетіп кетті. Енді студенттер Қуыршақ
театрына дәл осы әртістерді жықынырақ тану үшін баратын шығар. Себебі
потенциалдары көрініп тұрды...


    

 Енді қорытындыға келейік. Қуыршақ театрының әртістерімен кездесу
студенттерге қандай пайда әкелді? Студенттер одан қандай түйін түйді?

Біріншіден. Олар өнердің жаңа түрімен танысты. Әрине,
қуыршақ театрын «жаңа» деуге келмейді. Ол сонау Ежелгі Мысыр, Ежелгі Грекия,
Ежелгі Рим деген алпауыт мемлекеттердің кездерінде пайда болған. Бірақ студенттер
үшін бұл шынымен де бұрын-соңды көрмеген жаңа бір құбылыс болды. Және оны
студенттер ұнатты.

Екіншіден. Қуыршақ театрында жұмыс жасау – өте ауыр іс
екен. Осы себепті, бұл салаға театр режиссерлері, драматургтер,
суретшілер, қуыршақ жасайтын адамдар асалықты келе бермейтін көрінеді. Бірақ
сонда да Антон Зайцев, Рүстем Жаныаман сынды еңбектеніп жүрген режиссерлер бар
екен. Жалпы, Қуыршақ театрында шығармашылық жағынан дамуға, кәсіби тұрғыдан өсуге
деген үлкен ниет бар. Бірақ нағыз проблема – маман адамдардың аздығы.

Үшіншіден. Қазіргі таңда қуыршақ театры мамандарын
дайындайтын жоғарғы оқу орындарының аздығы. Кездесуде әртістер осыны айтып
өтті, және «Көбейсінші!», «Ашылсыншы!» деген тілектерімен бөлісті. Ойлап
қарасақ, шынымен де, қуыршақ театры жайында академиялық тұрғыдан базалық білім
берілгені дұрыс сияқты. Әйтпесе авторлық жұмыспен де, режиссерлік жұмыспен де
әртістердің өздері айналысатын көрінеді.

Төртіншіден. Кездесу талай студентке болашаққа байланысты
ой салды. Қонақтар: «Қиналып жатырмыз, бірақ тоқтағымыз келмейді, әрмен қарай
жасағымыз келеді!» дейді. Демек, бұл адамдар өздерінің кім екендерін, не
қалайтындарын, нені мақсат ететіндерін, және ең бастысы, не істеп жатқандарын,
не істегелі жатқандарын жақсы біледі. Демек, студенттерге де осы сұрақтардың
жауабын анықтау керек.

Бесіншіден. Кеңес Заманында Қуыршақ театрына балалар көп
келіпті. Ал қазір, көрермен саны сол кездерге қарағанда аз екен.
Сәбила Абуева бұның бірнеше себептеріне тоқталып өтті. Бірақ ол кісінің
айтуынша, ең басты себеп бүлдіршіндер емес, ата-аналар көрінеді. Ата-аналардың
не қолдары тимейді, не қалаймы, не бомаса олар театр жайлы ештеңе білмейді.
Сөйтіп, балаларын әкелмейді.


    

 Сонымен, Қуыршақ театрына не үшін барған жөн, және не
үшін балаларды апарған жөн? Себебі Қуыршақ театры көңіл көтереді және қуаныш
силайды. Онымен қоса, балаларға өнегелі, мәдениетті, адамгершілігі мол, және
интелегентті адам болып қалыптасуға ықпал тигізеді. Ал үлкендерге баланың
жанын, баланың психологиясын түсінуге көмектеседі.

Егер Қуыршақ театрына барамын және інімді, қарындасымды,
сіңілімді, т.б. апарамын деген адамдар болса, әртістер «Қуыршақ пен Бөлтірік»,
«Қуыршақ думан», «Қаңбақ шал» сынды қойылымдардан бастауға кеңес береді.