Алияр Нұрәділ: Қазір жастарға мүмкіндік көп

Алияр Нұрәділ: Қазір жастарға мүмкіндік көп

Өнер – өмір мектебі. Осы бір қасиетті өлкеде елеулі еңбек етіп жүрген шығармашылық иелері турасында түгесілмей сыр шертуге болады. Қазақ руханиятын байытуға үлес қосып жүрген сахнагерлердің жалғасы жас буын артистер болуы заңды. Ойшыл Әбунасыр әл-Фарабидің «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін» деген пайымын негізге алсақ, жас буынның таным-түсінігі, азаматтық көзқарасы қай кезеңде де маңызды. Бүгін өнер өлкесіндегі жастардың бірі, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының жас буын артисі, еңбекқор, талапшыл, талантты Алияр Нұрәділмен сұхбаттасып, көзқарас-пайымын білуге тырыстық.

Алияр мырза, қайырлы күн! Қуыршақ өнері қызық та күрделі құбылыс. Бүгінгі театр үдерісінде нағыз әмбебап, жаңашыл ұжым екендеріңізді дәлелдеп келесіздер. Әр адамның бағына бұйыра бермейтін өнер жолына қадам басқаныңыз үшін кімдерге борыштармын деп ойлайсыз? 

Қайырлы күн! Әрине, біріншіден бізді жаратқан, бойымызға өнерге деген талпыныс дарытқан Аллаға, талпынысымызды байқап, қолдау көрсеткен ата-анама және кәсіби тұрғыда білімімді жетілдіруде жол ашқан Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіндегі ұстазым Майса Омарбекқызына борыштармын. Ұстазымыз бізді артист ретінде ғана емес, адами құндылықтарды сіңірген маман болуға баулыды.

Артист ретінде қалыптасуыңызға олардың қандай септігі тиді?

Мақсатымызды айқындауға, бала армандардың шындыққа айналуына, бағыт-бағдарымызды нықтауға әрбірінің тигізген әсері зор. Кез-келген шығармашылық иесі үшін жол сілтеушінің маңызы зор деп ойлаймын.

Бүгінде балалармен қатар, ересектерге де спектакльдер сахналап келесіздер. Бұл процесс сіздерге қаншалықты қиын немесе жеңіл? Спектакльде роль сомдау барысында ең бірінші неге мән бересіз?

Иә, біз бір күнде балаларға арналған бірнеше спектакльдер ойнап, кешке ересек көрермендер үшін қойылымда ойнайтын кездеріміз болады. Сонымен қоса жаңа спектакльдерге де дайындықтар жүріп жатады. Осындай шығармашылық қарбаластан керісінше ләззат аламыз. Роль ойнағанда образды ашуға мән беремін. Балалар қойылымдарында қосалқы кейіпкерлер болмайды. Әр кейіпкер, жан-жануар, құс, адам болса да балалардың есінде қалатындай образ болуы тиіс. Қуыршақ театры артистері екі есе жауапкершілік сезінетіні сондықтан. Қуыршақтармен бірге өзімізді де жан-жақты көрсете білуіміз қажет.

Театр өнерінде «героиня» деген термин бар. Сіздің түсінігіңізде героиня қандай болуы қажет? Қазіргі қазақ театрлары мысалында кімдерді айтар едіңіз?

Иә, негізі бұл сахна өнерінде жиі айтылатын, талданатын түсінік. Бірақ, мен осындай түсінікпен сыйласуға қарсымын. Дегенмен, адамгершілік пен өнердің ортақ тұсын тауып, сан түрлі бейнелерді сомдап жүрген талантты артист-әпкелеріміз, замандастарымыз бар. Мен еңбекқор, жан-жақты деп Ажарлым Мағзұм, Гүлбахрам Байбосынова, Арайлым Байырбекова сынды актрисаларды айтар едім.

Ең алғашқы қойылымда ойнаған сәтіңізде біраз жүрексінген боларсыз? Әлде жастық жігермен қобалжудан қуаныш басым түсті ме?

Ең алғаш балаларға арналған «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» қойылымында өнер көрсеткен болатынбыз. Жастықтың буы ма, бұрындары көрермен ретінде келіп жүрген театрдың сахнасына шыққаныма деген қуаныш сезімі басым болды. Кішкентай көрермендерімізді қуанта алатынымыз, барлық бағытта тәжірибе жасай алатын қуыршақ өнерінің шексіз мүмкіндігін көре алатыныма деген сезімдермен қобалжуды да ұмытып кеткен секілдімін.

Сізбен замандас-қанаттас әріптестеріңіз, жалпы жастар сахнаға қандай жаңа сарын әкелудесіздер? 

Жалпы өнер саласын қазір арзан дүниелермен шатастырып жүрміз. Театр өнері бұл кәсіби білім, ішкі интелектті талап ететін мөлдір өнер. Талаптанып жүрген талантты, ізденіс үстіндегі қаншама достарымды, әріптестерімді білемін. Қазір бізге мүмкіндік көп. Бәрі қолжетімді. Соларды жан-жақты пайдаланамыз деп ойлаймын. Жас буынның жетістіктері уақыт өте театр мамандары мен көрермендердің бағасымен анықталады.

Соңғы уақытта өзіңіз көрген, қатты ұнаған, тебіренткен қойылымдардың бесеуін ата десе, қандай қойылымдарды атап шыға аласыз?

В.Полунин «Снежное шоу», Жас сахна театры «Мой маленький Оскар», Нұр-Сұлтан Жастар театры «Жер мен көктің арасы» және Филипп Жантидің барлық спектакльдерін үздік деп есептеймін.

Сізге қай бағыт, жанрдағы қойылымдарда ойнаған ұнайды?

Комедия жанрындағы спектакльдер ұнайды. Артист табиғатының ашылуына, кәсіби өсуге деген үлкен мүмкіндіктер осы жанрда болады деп ойлаймын.

Ал, бүгінгі Қуыршақ театрында қандай жанр кемшін деп есептейсіз?

Артист роль, жанр таңдамайды ғой. Бірақ, айтқанымдай бізде комедиялық элементтері басым спектакльдер аз. Болашақта сахналанады деп ойлаймын.

Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!