Сұхбаттасқан: Антон
Долин
Қазақ
тіліне аударған: Жансая Зейнелғабетова
Т.Жүргенов
атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, ІІІ курс
Жапонияда
Мизаки (Hayao Miyazaki) әрбір жерде бар. Кез-келген универмагтан, жәдігерлік дүкендерден және
ескі-құсқы заттарға толы дүңгіршектерден міндетті түрде бірнеше Тоторо
ойыншықтарын, «Лапута: аспандағы қамал» (Laputa: castle in the sky)
мультфильміндегі роботтардан жасалған оттықтар, Навсикаи портретін немесе от
ібілісі Кальцифердің сөйлейтін салпыншағын табуға болады. Анда-мұнда –
лицензиялы өнімдердің барлық түрімен толтырылған арнайы мамандандырылған,
жанкүйерлік дүкендер бар. Олар киімдер мен аяқ киімдерге, косметикалар мен
зергерлік өнімдерге, сүлгі мен орамалдарға, плакаттар мен бөлшек бейнелерге,
бетбелгілер мен оригамиға толы. Әрине, сондай-ақ мультфильмдегі музыка және
сөзбен айтып жеткізе алмайтын көркем альбомдар: бүлдіршіндерге арналған
комикстер, ересек балаларға арналған мангалар, иллюстрация жинақтары, эскиздер
мен әрбір мультфильмдердің кадрлерге бөлінген суреттері кездеседі.
Апофеоз
– Үлкен Токионың батыс жағында орналасқан Митика қаласындағы бүкіл әлемге
танымал «Гибли» (Gibli) музей студиясында. 2001 жылы Хаяо Мизакидің жеке сәулет
жобасымен жасалған, саябақта орналасқан бұл сарай-қорық бірнеше жылдар бойы осы
ерекше ғұрыптың орталық ғибадатханасы болып келеді. Ол жерге жету оңай емес:
сол орында билет сатылмайды, оларға алдын-ала арнайы агенттіктер арқылы
тапсырыс беру керек. Билеттер өте ерекше: проекциялық аппаратқа салып, экранда
кеңейтілген түрде көруге болатын бір мультфильмнен алынған бір-екі кадрдан
тұратын пленканың бөлігі (маған «Жертеңіз ертегілері» (Tales from Earthsea) бұйырды).
Музейдің
бірінші ережесі: ешнәрсені суретке түсірмеу керек, тіпті журналистерге де. Тек
сырттан – онда да алысырақ жерден түсіруге болады. Үш қабатты, кең сарайдың
терезелері – мультфильмнің кейіпкерлері суреттелген түрлі-түсті әйнекті
витраждар (мұнда Хаку айдаһары, сыпырғыш үстіндегі Кики және студяның мәңгілік
тұмары – Тоторо да бар). Бірінші қабатта Мизакидің өзі және әріптестері арнайы
музей үшін түсірген қысқаметрлі мультфильмдер көрсетілетін кинотеатр
орналасқан. Сіз оны басқа ешбір жерде, ешқашан көре алмайсыз. Бірнеше ай ішінде
күні бойы тек бір мультфильмді ғана көрсетеді: сосын репертуар
ауысады. Маған «Короның ұлы күні» (Koro no dai-sanpo) атты үйінен
қашып кеткен күшіктің оқиғасына құрылған, заманауи мегаполис интерьерлерінде
есеюі жайындағы ғажап ертегіні көрудің сәті түсті.
Шатырда,
бұталар арасындағы тот басқан алып роботқа деген кезек болады. Тек сол жерде
ғана суретке түсуге рұқсат етілген. Шатыр астында мектепке дейінгі жастағы
балалар бір сағат бойы «Менің көршім Тоторо» (My Neighbor Totoro) мультфильміндегі
үлкен Мысық автобустың үстінде жорғалап жүрсе, үлкендер жәдігер және кітап
дүкендеріне кезекке тұрады. Негізінде, «Гибли» музейі тек ұлы аниматорға арналған
монографиялық көрме емес – оның тағы бір еңбегі: бұл жерде ойын-сауық түрінде
анимацияның қысқаша тарихы да айтылады. Мизакидан басқа да авторлардың құнды
эскиздерімен жабыстырылған бөлмелер (мұнда аниматордың жақын досы Юрий
Норштейннің Тұмандағы кірпісі мен Қасқырын әр жерден байқауға болады),
бояуларға толы залдар, сансыз проекторлар, оптикалық иллюзиялар, қақпандар
мен басқа да айлалы машиналар бар. Бұлардың қалай ұйымдастырылғанын
толығымен білу үшін бірнеше сағаттар кетеді.
«Гибли»
студиясының өзі он минуттық және екі станциялық жол аралығындағы қарапайым
жасыл қалашықта орналасқан. Мизаки қонақтарды өзінің студиясында, бір шетінде
ескі пеші бар ағаштан жасалған үлкен және қарапайым үйінде қарсы алады. Үш
аюмен суреттелген алжапқышты киген режиссер пешке отын лақтырып, кейін үстел
басына қонақтарды шақырады. Баспасөз агенті бұл сұхбат шебердің
карьерасындағы соңғысы болып шығуы мүмкін екендігін салтанатты түрде ескертеді.
Дегенмен, ол өзі тамаша көңіл-күйде.
Сіз тек балаларға арналған мультфильмдер түсіргеніңізді және әрдайым
түсіре беретіндігіңізді қырық жыл бойы айтып келесіз. Міне енді – тек қана ересектерге арналған «Жел күшеюде» (The Wind Rises) шықты.
Мен
бұған дейін де ересектерге арнап түсірген болатынмын, мәселен «Порко Россо» (Porco
Rosso)…
Менің
балаларым оны үш жасынан бастап көріп келеді!
Бұл
ата-аналардың мәселесі. Жарайды, «Порко Россо» балаларға да арналған
делік. «Жел күшеюде» шын мәнінде де, тек ересектер үшін. Бұл дерек маған
бірталай азап әкелген болатын. Мен үшін мультфильмді қандай көрерменге
арнайтынымды алдын-ала елестетпей жасау қиындық туғызады. Тіпті, мүмкін емес.
Әдетте, маған жұмыс орнымның жанында орналасқан «Гибли» студиясының балабақшасы
жақсы көмектеседі. Далаға шығып, балаларға қараймын да, не істеу керек екенімді
бірден түсінем. «Жел күшеюде» болса, басқа біреуге арналған; және мен ол басқа
біреумен таныс болмадым. Бұл тек қана психологиялық кедергі емес, сонымен қатар
прагматикалық кедергі. Болашақ көрерменді білмей, коммерциялық жетістікті
болжау мүмкін емес. Ал, ол өте қажет, себебі ол болмаса студия құрдымға кетеді.
Мен барлық күмәнімді продюсерге айттым, бірақ түптеп келгенде, «Жел күшеюде»
мультфильміне кірісуге көндірген сол болатын. «Әзірше, көрермендер кішкентай,
дегенмен олардың да бір күні есеюіне тура келеді. Сенің фильмің оларға
көмектеседі» – деді маған продюсер. Несі бар, мүмкін оныкі дұрыс та шығар. Мен
айналама қараймын да, шын мәнінде қиялға деген себеп күннен-күнге азайып бара
жатқанын көремін. Қазіргі қоғамның жағдайы мені қатты алаңдатады. Екінші
жағынан, дәл қазіргі таңда қиялға қажеттілік күрт өсті. Бұл парадокс – менің
фильмімнің негізі болып табылады. Сонымен қатар, мұқтаждыққа қарамастан, тек
коммерциялық өнімді жасай беруді қаламағаным. Продюсерлер мені «жетістік
бәрібір болады» деп тыныштандырады. Иә, жетістік болды. Тек залдарда кілең
қарттар отырды.
Бір
кездері «Болашақтан келген бала – Конан» (Future Boy Conan) атты алғашқы
мультфильміңіздің сценариі үшін «Таңқаларлық толқын» (The Incredible Tide)
повесін көшіре отырып, автордың болақты түнектендіргенін орынсыз санап, сынаған
болатынсыз. Енді сіз де өзіңіздің соңғы мультфильміңізді трагедиямен аяқтап
жатырсыз. Бұрынғы оптимизміңіз қайда кетті?
Ешнәрсеге
қарамастан әрі қарай өмір сүру керек. Оптимизм деген осы емес пе? 1945
жылы, соғыс аяқталғанда менің жасым төртте болды. Есейген сайын менің көз
алдымда Жапония тарихының соғысқа дейінгі кезеңінің бағалануы біртіндеп
өзгерді. Ол тіпті, болмағандай. Ол жылдарды жойып тастағандай, ешкім байқамауға
тырысты. Алайда, мен ата-анаммен сөйлесетінмін, олардың естеліктері сол
дәуірдің қандай ғажап болғанын дәлелдеп берді. Соғыстан кейін көрсетуге
тырысқандарындай күңгірт емес, ғажап, күн-шуақты, үмітке толы: менің ата-анам
бір-біріне ғашық болған кез. Сол кезде өмір сүрген, сүйген және үміттенген
адамдарды көрсеткім келді. Иә, әлем соғысқа дайындалып жатты, бірақ «Жел
күшеюде» мультфильміндегі кейіпкердің прототипі Жиро Хорикоши атты
авиаконструктор сол кездері өмірінің ең жарқын жылдарын бастан кешірді.
Бәлкім, сондықтан да болар, менің қиялымда ол соғысқа дейінгі жылдардың
басқа куәгері – Тацуо Хори атты өзінің туберкулезден қайтыс болғалы жатқан қалыңдығы
жайлы атақты «Жел күшеюде» повесін жазған жазушы-декадентпен бірігіп кетті.
Менің мультфильмімдегі Жиро осы екі тарихи тұлғалардың арасындағы
ортаңғысы болып келеді. Кейде, мен олардың Токио университетінің кафесінде
қалай кездейсоқ кездесіп қалатындарын көз алдыма елестетемін. Тацуо Хори Жироға:
«Ұшақтарың жақсы-ақ шығыпты!» дер еді. Ол оны милитаризмге және зұлымдық
күштеріне қызметі үшін айыптамас еді. Өйткені, ол кезде соғыстың түбі неге
әкеліп соқтыратынын көбісі елестеткен де жоқ қой…
Дегенмен,
сіздің қазіргі көрермендеріңіз бұл жайлы жақсы біледі.
Иә,
және мен үшін оларға өткен шақпен ақылгөйсу өте оңай екенін түсіндіру маңызды.
Біз жайлы да жарты ғасырдан кейін не айтылатынын әлі-ақ көре жатармыз.
Хори мен Жиро, мен көрсеткендей, екеуі де сол алаңдатқан дәуірде бақытты болған
және олар мүлдем пацифист болмаған. Сонда оларды тарихтан сызып тастау керек
пе? Мені соғысқа қарсы пафостың жетіспеушілігі үшін айыптауда, тіпті мені
нацист деп атайды. Ал, мен бар болғаны өтірік айтқым келмеген еді.
«Жел күшеюде» сіздің ата-анаңыздың замандастары
жайлы фильм. Онда әлдебір автобиографиялық нәрсе бар ма?
Менің әйелім Жироны айнымаған мен дейді. Тіпті, егіз
бауырың дейді. Ал, мен оған «бар болғаны екеміздің көзілдірігіміз ұқсас» деп
жауап беремін! Жоқ, Жиро мүлдем басқа болған. Менде оның Еуропаға саяхат барысында
түскен суреті бар: жап-жас, көзқарасында ұялшақтық, жанары көзілдіріктің ар
жағында жасырынған. Бет-жүзі жіңішке, жүдеу. Туберкулезбен сырқаттанып
жүргендей көрінетін. Мен ондай емеспін. Мәселен, «Гибли» студиясындағы менің
қызметкерлерім портретімді фильмдегі конструкторлық бюроның басшысына теңейді:
«Мен үшін ең жақсы ұшақ жасаңыздар! Қалай екенінде шаруам жоқ, жасаңыздар!»
(Күледі).
Менің жиендерім болса, сізді «Spirited
away» мультфильміндегі Камадзи атаға ұқсатады.
Иә, менің әрбір мультфильмімде, мен оларды жоспарламаған
болсам да, толып жатқан автопортреттер бар. Мұндайға баяғыда-ақ бой ұсынғам.
«Spirited away» мультфильміндегі рухтар мен
құбыжықтар, «Мононоке ханшайым»-дағы (Princess
Mononoke) орман құдайлары, «Менің көршім Тоторо»-дағы Тоторо мен қара
түйіршіктер қайдан алынады?
Бейсанадан. Мен оларды, қорқытып алмас үшін, талдамауға
тырысамын. Олар жәй ғана маған белгісіз жерден пайда болып келе қалады. Қызығы,
алғашқыда олардың түрлері қандай екенін білмеймін. Мен олардың өз-өздерін қалай
ұстайтынын, егер сөйлеуді білсе, қалай сөйлейтінін, нені ойлайтынын
елестетемін. Осыдан кейін ғана, біртіндеп сурет пайда болады. Мәселен, Сацуки
алғаш рет Тотороны кездестіретін автобус аялдамасында өтетін көріністе, ол ең
алдымен басқан қадам дыбысын, кейін аяғын, ең соңында өзін көреді. Бірақ, ол
қызға қарамайды. Сонда қайда қарайды? Мен осыны ойлай бастаймын да, оның
төбеге, қолшатырдың орнына қолданатын үлкен жапыраққа қарап тұратынын
түсінемін… Осылайша, ұсақ заттардан бейне қалыптасады. Әдетте ең басынан
бастаймын: осыған дейін ойлағанымның бәрін ұмытуға тырысып, мүлде жаңа дүние
жасаймын.
Ал кейін бұл жаратылыстар сізден тәуелсіз
бола бастайды. Тоторо ойыншығымен бүкіл әлем ойнайды. Жапонияда, олар барлық
жерде сатылып тұрады. Үдерістің сіздің бақылауыңыздан шығып кеткені сізді
алаңдатпай ма?
Мен оларды аямаймын да, көңіліме де алмаймын. Бұлай
болғаны тіпті жақсы. Жаратып, кейін ұмыттың. Дегенмен, біздің студия сапа
бойынша жоғары критериді ұстанады және әрбір ойыншықтың жасалу жолын мұқият
қадағалаймыз. Сонымен қатар, қай кейіпкерлер ойыншыққа айналып, қай кейіпкерлердің
айналмағанын бақылап отырамыз. Әрбір кейіпкерді бұлай пайдалана аламыз деуге
болмайды! Тотороға келетін болсақ, мен онымен байланысты бір іс-шараның өзін
мақтан тұтамын. Саяма қаласында акционерлері экологиялық таза қорық құрып
жатқан «National Trust of Totoro» бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келеді. Қоршаған
ортаны қорғау маңызды іс деп есептегендіктен, оларға Тоторо есімін қолдануға
рұқсат бердім.
Сіздің ертегілеріңіздің ерекше қасиеті –
зұлым кейіпкерлер мен жағымсыз кейіпкерлердің толықтай дерлік жоқ болуы. Тіпті,
оңбаған болып көрінген кейіпкерлердің де өздерін дәл солай ұстауының себептері
бар. Аяғында, көрермен оларды түсініп, олардың жағына да шығып кетуі мүмкін.
Бұл бір жапондық нәрсе ме?
Әлдеқайда орыстық! (Үстел үстіндегі Билибин альбомын ашты.)
«Василиса Прекрасная» есіңізде ме? Кейіпкер Жалмауыз кемпірге келеді – ал ол
болса қызды жеудің орнына, оны тыңдап, тіпті көмектеседі. Осыдан кейін оны
залым деуге келе ме? Әрбір сиқырлы тіршілік иесі тек қана мейірімді немесе тек
қана жауыз бола алмайды, ол күрделі болып келеді. Негізінде, жауыз біреуді
жасап, оны ертегінің соңында жеңе салу – катарсиске апаратын ең оңай жол. Ойлау
мүмкіндігі шектеулі және қиялы жетпейтіндер ғана осылай жасайды. Ал, мен біртекті
бағалауды ұнатпаймын: ақ пен қараға, жақсы мен жаманға бөлген маған ұнамайды.
Сол екінші дүнежүзілік соғысты алып қараңыз: Жапония өте көп зардап шекті,
бірақ басқалардың да алдында кінәлі. Сол кінәдан біз әлі күнге дейін айырыла
алмай келеміз. Осыдан кейін, қалайша біреуді жаман, біреуді жақсы деуге болады?
Мәселен, Италияда «Жел күшеюде» мультфильмінің кейіпкері барон Капрониді жауыз әрі
фашизмнің жақтасы деп есептейді. Мен болсам, оған бұлай қарай алмаймын. Мен
үшін ол зауыттар салып, жұмыс орындарын ашқан ұшақ жасаушы және қиялшыл адам. Оның
үстіне, баронның құрастырған ұшақтарын соғыс уақытында ешкім пайдаланбады.
Қажет болмады.
Үйреншікті жақсылық пен жамандық
қарсылығының болмауы, сіздің туындыларыңыздың діни астары жайлы ойлануға мәжбүр
етеді. Кейбір жерлерде буддалық сабырлылық сезіледі, сиқырлы
жаратылыстарыңыздан синтоизм көрінеді. Мәселен, Наушика оқиғасында («Жел Алқабынан
шыққан Наушика», «Kaze no Tani no Naushika») айқын мессиандық тамыр жатыр.
Сізге қай дін жақынырақ?
Анимизм. Маған көпқұдайлылық ұнайды, яғни бүкіл заттың,
құбылыстың және тіршіліктік жандануы. Дін ретінде анимизм аздап жұпыны көрінуі
мүмкін, бірақ ол шын мәнінде теңіздей өте терең. Осы арқылы кез-келген діни
сананың бастауына жетуге мүмкіндік пайда болады.
ерекшелігі – әйелдер мен еркектердің, балалар мен ересектердің толықтай теңдігі.
Бұл менің саналы шешімім. Кейбір жағдайларда бұл
айырмашылықтар өз мәнін жоғалта бастайды. Мен бұл жайлы «Жел күшеюде»
мультфильмінің сценариін жазғанда ойлағам: балалар мен ересектерді, әйелдер мен
еркектерді теңестіретін апат алдында өзіңді қалай ұстауға болады? Осыдан кейін, сол
апаттың өзі – 2011 жылы 11 наурызда цунами болды. Мен оны өз үлгім
бойынша 1923 жылғы Ұлы Канто жер сілкінісі етіп көрсеттім.
Сіздің көпшілік фильмдеріңіз ашық финалмен
аяқталады. Сол кейіпкерлермен әрі қарай не болатынын өзіңіз білесіз бе?
Туындыңыздың біреуінің жалғасын жасауға деген құштарлық болмады ма? Мәселен, біздің
үлкен ұлымыз бірнеше жыл бойы: «Порко Россо адамға айналды ма, жоқ па?» – деп
бас қатырып келеді.
Әрбір сюжеттің жалғасы болады. Бірақ, мен оқиғаны
көрермен әрі қарай өзі ойланып жалғасын тауып алады-ау деген жерде аяқтаймын.
Порко Россоға келсек, кейде мен оның жалғасын жасасам ба деп те ойлаймын.
Бірақ, мультфильм емес, манга түрінде. Мүмкін, қазір зейнетке шыққан шағымда
сонымен айналысатын шығармын. Негізінен тамаша хобби. Бюджет жайлы да ойлап
қажет емес. Натура таңдау үшін Италияға барып, жаңа ұшақтар саламын... Порко
Россоны бұрынғыдағыдай шошқа мұрнымен елестетемін. Тек, мұрты жылдар өте
келе ағарған.
Көп адамдар сіздің мультфильмдеріңізді
көргенде жылап жатады? Ал, сіз өзіңіз кинода жылайсыз ба?
Мен «Жел күшеюде»-ні көріп бітерде көз жасымды көл
қылдым.
Ал, басқалардың фильмдерінде?
Жалпы, мен кино көрмеймін. Теледидарды да қоспаймын.
Смартфондарды да қолданбаймын. Маған көбінесе кітап немесе қандай да бір
көрменің каталогын ақтарған ұнайды.
Сіз жақында өзіңіздің режиссерлік
қызметіңізді аяқтайтыныңыз жайлы хабарладыңыз. Бұл болашаққа деген
пессимизмнен бе?
Басты себебі өте қарапайым. Әрбір мультфильмді мен
шамамен бес жылдай дайындаймын. Одан кем емес. Мұнымен қатар «Гибли» музейінің
жұмыстарын да алып жүруге тырысамын. Дегенмен, анаған да, мынаған да көңіл бөлу
өте қиын. Ертеректе, қырық жасымда, мен бір жыл ішінде бір мультфильм жасап үлгеретінмін.
Алайда, қазір менің мұндай мерзімге бейімделуге шамам келмейді! Мен
күннен-күнге қартайып барам. Ең қорқыныштысы, менің қызметкерлерім де қартаюда.
Тура осы бес жылға олардың жұмыс орындарының сақталуына қалай ғана сенімді бола
аламын? Жасаған мультфильмім студияны құрдымға жібермесін қайдан білем?
Басқа студиялар әрбір нақты жобаға қызметкерлер жинайды, бірақ «Гибли»
олай ұйымдастырылмаған. Біз бір кемеде жүзіп келеміз және ендігі жерде капитан
жауапкершілігін өз мойныма алатын жағдайда емеспін. Жағдай жылдан-жылға қиындап
барады. Біз, продюсерлермен бірге, бізге лайықты мұрагер бола алатындай жаңа
аниматорлар буынын тәрбиелеуге тырыстық… Ол қолымыздан келгеніне соншалықты
сенімді емеспін. Мен біздің болашақ үшін қорқамын. Ең дұрысы кету шығар. Осылай
әділірек болады.
Мультфильмдеріңізде
өзіңізді толықтай көрсете алдым деп айта аласыз ба?
Менде жобалар мен ойлар өте көп, алайда, кеткеннен мен
қынжылмаймын. Көптеген идеяларым күңгірт. Нақты бір жобаны қолға алғанда, олар
тұжырымдала бастайды. Менің қазіргі басты ісім – «Гибли» музейіндегі «Сатурн» (Saturn)
кинотеатрына арнап қысқаметрлі мультфильмдер түсіру. Ол жерде мен коммерциялық
нәтижесі жайлы ойланбаймын, өзімнің қалағанымды іске асыра аламын! Қартайған
шағымда менің ішім пыса қоймас. Оған қоса, музей үшін көрмелер ойластырып отыру
керек, әйтпесе бір ғана тұрақты экспозиция іш пыстырып жібереді.
Сізді қолдан салынатын анимацияның болашағы
алаңдата ма? Сіз сияқты және сіздің «Гибли» студиясындағы әріптесіңіз Исао
Такахата сияқты адамдар кетіп барады. Ал бүкіл әлем негізінен толығымен
компьютерлік мультфильмдерге ауысқан.
Анимацияның болашағы, шынымды айтсам, мені аса қатты
алаңдатпайды. Ал, өткен уақытта мен ол үшін қолымнан келгенінің бәрін жасадым. Мені
бәрінен де Жапония кез-келген сәтте араласып кетуі мүмкін үшінші дүниежүзілік
соғыс мүмкіндігі алаңдатады. Шығыз Азия елдері бұдан қорқады. Менің ойымша,
қорыққандары да негізсіз емес. Қолдан салынатын мультфильмдерге келсек, «Гибли»
музейі үшін мен сөзсіз тек соларды ғана жасаймын. Біздің кинотеатрда
компьютерлік анимацияға рұқсат жоқ. Мен өзімді ағаш жапырағында бар қиындықпен
күресіп, тыныш қана жорғалап келе жатқан жұлдызқұрттай сезінемін. Мұндай
жұлдызқұрттың сезімін компьютер арқылы қалай жеткізуге болады? Сол ағаш
жапырағын қалай көрсетуге болады? Менің ойымша, тек қаламмен қағазға салу
арқылы ғана.
Бір кездері, жас кезіңізде армандаған
авиаконструкторға бармағаныңыз үшін өкінесіз бе?
Өкінуін өкінемін, тек оған деген менің дарыным болған жоқ
қой... Ал, армандауды әлі күнге дейін жалғастырып келемін. Мен ультразаманауи,
бірақ өте баяу, байсалды, әдемі ұшатын ұшақты елестетемін. Негізінде, бұл
мүмкін. Тек барлық замануи ереже, заңдар мен шарттар мұндай машинаны
құрастыруға жол бермейді. Ал, оның қандай керемет боларын қиялдаймын: Жол
үстінде тұрсың, кенет басыңды көтеріп қалсаң, аспанда асықпай осындай ұшақ
қалқып жүр. Ғажап!