Нұрғали Нүсіпжанов: Қазақ өнерінің менен алғанынан бергені көп

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжанов биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр. Осы орайда порталымыздың Қазақ ән өнерінің ақсақалымен өткізген сұхбаты.
Нұрғали Нүсіпжанов: Қазақ өнерінің менен алғанынан бергені көп
Нұрғали Нүсіпжанов (фото google суреттер жинағынан алынды)

сұхбаттасқан Гүлім Көпбайқызы

кинотанушы


Нұрғали аға, қайырлы күн! Сексеннің сеңгіріне шыққан Сіз өмірдің де, өнердің де біраз биігін бағындырдыңыз. Бұл жасқа жеткенде, жетпегенде бар. Біреуге аз болғанымен, біреуге әжептәуір жас. Өміріңізді өнеріңізбен өрнектеп, халқыңызды талантыңызбен әлі де таңғалдырып келесіз. Осы жолда түйген ойыңызбен бөлісе отырсаңыз.

Адам «адам» болып дүние есігін ашқасын, оның алға қойған мақсаты, жоспары, армандары мен тілек-ниеті таусылмайтын шексіз әлем іспетті. Бұл жерде осыған өнердің тікелей қатысы бар дер едім. Өнер – бір адамның немесе белгілі бір қоғамның өлшеп қойған өлшеміне еш симайды. Ол үздіксіз дами береді. Мәселен, спорттық жарыстардағы жаттығуларды тежеу мүмкін емес, жаттыққан сайын жоғары биіктерге шыға бересің, талап та зор. Өзінің өлшемдік заңдылықтары болғанымен, өнер де солай. Оның жақсы болуы, дамуы, өркендеуі, құлаш жаюуы еш тоқтамайтын үрдіс. Міне, сол себепті өнер жолына түскен әрбір жан шамасын біле отырып, соған шыдау керек. Өнердегі ең қиын нәрсе осы. Аспан биік, кең екен деп бос ұшуды армандау құр әурешілік, сен – құс емессің. Жер басып жүрген жан болғасын, өз өлшемін білген жағдайда ғана адамның өмірі тоқтамайды. Бұл тек эстрада өнерінде ғана емес, кино өнерінде де, сахна өнерінде де көрініс тауып жатады. Бір рөлді бірнеше адамға берсе, оның әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтыны анық. Біреу ескермеген немесе біреудің өресі жетпеген жағын екіншісі меңгеріп жатады. Әрине, бұл тұста табиғи дарын өз алдына болғанымен, кез келген дүние еңбекпен келу керек екенін ұмытпағанымыз абзал. Өнер жолында жүріп түйгенім сол, кез келген дүниені алынбайтын қамал деп қорқудың еш қажеті жоқ. Ең бастысы «нартауекел!» деп өнер жолына түскен жан өзінің межелі, қолым жетеді ау деген армандарына қолын жеткізіп жүрсе, елдің ықыласына бөленіп жүрсе болғаны. Өнердің жақсы тұсы сол – бір жерде тоқтап қалмайтындығы, қыр-сырының көптігі. Бұл жағдай өнер адамын өсіріп қана қоймай, өзіне тәнті етіп, үміттендіреді. Соған берік болу керек екендігін санасына сіңіреді.

Қатпары мол, қызығы мен қиындығы бірге жүретін өнер жолына келгеніңізге өкінбейсіз бе?

Өнерге келгеніме еш өкінген емеспін... Бала кезімізде ата-ананың алдына шығып концерт бергенде, мұғалімдеріміз бізді қоғамдық жұмыстарға қатыстырғандай әсер алатынбыз. Балалық арманым әнші болу, ән әлемінде қызмет атқару болғандықтан да болар. Өсе келе, есің кіре белгілі бір жетістіктерге жетесің. Оның артындағы қиындық тұстарын да аңғарасың. Десек те, Аллаға разымыз. Алпыс жылдай өз әлемімізде ақырындап тіршілік жасап келеміз.

Өнердің сіздің өміріңізге, сіздің қазақ ән өнеріне қосқан үлесіңізді қаншалықты бағалайсыз?

Өнердің атқаратын рөлі, талаптары шексіз. Күн өткен сайын өнер адамның санасын тәрбиелейтінін, оның тәрбиелік мәнінің жоғары екенін түсінудемін. Өнер – адамның санасын тазалыққа, ұлылыққа бейімдейді. Ал тәрбие дегеніміз – тоқтамайтын үрдіс. Бүгінде ұлттық танымымыз, ұлттық өнеріміз туралы көп сөз қыламыз. Адам тереңдеген сайын соның бәрі кесек-кесек болып көріне бастайды екен. Қазақ халқының өзіндік тарихы, ғасырлар  бойы қалыптасу заңдылықтары бар. Қаншама жылғы шашылып-төгілген тағдырына қарамастан өнерді бағалап, қастерлеп, сақтап қалды. Міне, осыны тереңінен меңгеруіміз қажет. Бүгінде жер шарындағы әлсіз ұлттардың өнерін айтпағанда, діні, тілі, ділі көз алдымызда жұтылып кетіп жатыр. Бұның өзі  саясаттан кем емес құбылыстар. Өзін дәріптегісі келетін үлкен мемлекеттер майда халықтарға, ұлыс-этностарға өзінің ізімен жүруге, қаңсығын соларға таңсық қылуға ұмтылуы тоқтамай келеді. Соған қарсы тұра білу керек. Қарсы тұру керек екен деп, соғыс ашудың қажеті жоқ. Осы тұста өзіңнің ұлттық тәрбиеңді, ұлттық қасиетіңді тереңнен біліп, соның ашылмаған қыр-сырын ашуға, зерттеп-зерделеуге тырысуымыз шарт. Егемендігімізді алғалы шүкір, қазақ өнеріндегі біраз дүниелердің беті ашылып, басқа қырынан танылып жатыр. Киелі қазақ өнері – ата-бабаларымыздан қалған үлкен аманат. Оны өмір бойы өзіміздің бойтұмарымыздай сақтап, күнделікті тіршілігіміздің, тәлім-тәрбиеміздің өзегі деп қабылдауымыз тиіс. Өйткені, өнердің араласпайтын жері жоқ. Тіршіліктегі саналы адамның рухы да, болмысы да сол өнерге байланысты. Әрине, бұл туралы көп айтуға болады. Қазақ өнерінің менен алғанынан гөрі маған бергені көп болды. Өз басым саналы ғұмырымды осы жолға арнағандықтан, қолымнан келгенше бұл жолдың дамуына үлесімді қосудамын.

Үлкен өнер мектебінен өттіңіз. Бүгінде сахна төріндегі аға буын өкілдерінің бірісіз. Өзіңізден кейінгі орта буын, жас толқынға қандай тәлім-тәрбие беріп келесіздер?

Иә, дұрыс айтасың. Бағыма орай өнердің де, өмірдің де үлкен мектебінен өттім. Үкімет біздің оқып-тоқуымызға, көзіміздің ашық болуына, ой-санамыз бен тәлім-тәрбиеміздің тереңдей түсуіне мүмкіндік берді. Біз жаңа еш нәрсе тауып жатқан жоқпыз. Бар дүниеміздің қыр-сырын тереңірек ашып, күнделікті қолдануға икемдеп, көпшіліктің қызметіне жаратудамыз. Бүгінде өзімізден кейінгі жастарға мына біреудің жолына түсіп, біреудің ұстанымы дұрыс деу оңай дүние емес. Оған адамның ішкі сенімі қажет. Мысалы, өз басым өзімнен үлкен азаматтармен, сол өнерде қызмет жасап жүрген жандармен қатарлас жүріп талай дүнеиелерге көзімізді жеткіздік. Оның өзінде де біреудің талғамы, танымы екінші біреумен сәйкес келе бермейді. Өйткені, әркімнің қабылдау мүмкіндігі, ой-пішімі, өресі әр түрлі. Тек уақыт өте бір дүниені екінші дүниемен ұлттық негізімізде салыстырғанда ғана ұлттық өнер өзінің келбетін, өзінің шапанын кие бастайтынын бірден аңғарамыз. Сол тұрғыда жұмыс жасап жатқан жандар да бірден көзге түседі. Шүкір, мен сондай арыстармен бірге сахналас болып, бірге қызмет атқарғаныма қуанамын. Бүгінде жастарға солардан түйген тәлім-тәрбиемізді, сабақтарымызды барынша беріп жатырмыз. Оларға да айтатынымыз осы мәселе. Міне, осы жолмен жүресің деп әркімді қолынан жетелеп жүру мүмкін емес. Бірақ, сол жолдың қандай қиындықтары бар, оның біз үшін қандай ұтымды жолдары бар екенін түсіндіруге міндеттіміз. Жалпы, өнерде әркім өз жолымен жүріп өтуі керек. Оның қиындығын да, парасатын да өзі түсінуі қажет деп санаймын. Бүгінде талантты, алғыр жастарды көре отырып,  болашаққа деген сеніміміз мол. Бірақ, әлі де болса бәрі сақадай сай, тау қопаратын, мұз жаратын деп айтуға ерте. Жастарымыз оқуын-тоқуын жетілдіру керек. Қазақ өнерінің нағыз гүлденетін, жарқырап күллі әлемде өзінің бойын тіктейтін кездері әлі келеді. Егемендіктің арқасында оқуға, қызмет істеуге, халқымыздың намысын ту қылып ұстайтын заман келді. Осының бәрі әлі-ақ өнердің өркендеуіне септігін тигізеді.

Өзіңіздің ізіңізді жалғаушы, ізбасар тұяғыңыз деп сенім білдіретін өнерпаздардан кімдерді атар едіңіз?  

Бірен-саран жастардың атын атағым келмейді. Үш-төрт жыл бұрын байқаған талантты жастар өсіп келеді, өнерлерін тамашалап жүрмін. Бүгінгі таңда сахнада жүрген біраз ұл-қыздарымыз өз жолдарын, бағыттарын тауып жатыр. Оған тәуба дейміз. Жалпы, адамды алды-артына қарамай мақтай беруді, көкке шығара беруді өз басым онша қаламаймын. Өнерпаз өз еңбегін жасап жүріп, өз қолымен, өз маңдай терімен соны ұққаны, сезінгені дұрыс. Көңіл деген – көк дөнен, бір мінсең шаба жөнеледі. Тоқтамай қалуы мүмкін... Сол себепті ойланбай от басып жататын кездер болады. Өнердің бір қасиеті сол, ойланған адамға оның салыстырмалы түрде көретін тұстары көп. Бір рет  қателессең, екінші рет оны қайталамауға тырысасың. Оқуға, үйренуге мүмкіндігің бар. Алланың өнер адамдарына берген ырызығы да сол шығар.

Өз замандастарыңызды сағынасыз ба?

Әрине, сағынам. Қаншама азаматтарымыз дүниеден өтті. Бүгінде жас емеспіз, алды-артымызға қарағанда қадау-қадау болып сиреп қалғанымыз тез байқалады. Шүкір, ауыз толтырып айтарлықтай еңбекті игеріп, өзінің артына айшықты таңбасын қалдырып үлгерген азаматтарымыз баршылық. Солар жастарға үлгі.

Әрине. Аға, бүгінгі қазақ эстрадасының бағытына деген көңіліңіз қалай?

Эстрада деген – ол басып қойған таңба емес. Сахнада істелініп жатқан  жұмыстардың бір ағымы. Оның ішінде классикамыз да, дәстүрлі өнеріміз де бар. Мәселе оны халыққа қалай жеткізіп, қандай мәнерде жан бітіру керек, оның қандай қасиетін ашу керек екенінде. Сахнаға жап-жақсы дүниені олпы-солпы қылып, керісінше ортанқол дүниені көркемдеп, әспеттеп шығаруға болады. Оның бәрі өнерге қызмет істеп жүрген адамның сол өнерді қалай меңгергеніне, қаншалықты жүрегімен берілгендігіне, оның түсінік-пайымы, ұстанымына, ішкі мәдениетіне байланысты. Әр адамға мынаны істе, ар жағына аттама деп айтуға болмайды. Өнерді шексіз деп отырғаным да сол. Әр суреткер, әр өнерпаз, әр орындаушы оны жан-тәнімен түсінуі тиіс. Несі жақсы, несі жаман, не жетпей, не артық болып жатқанын сезінуі керек. Сонда ғана өнер кәсіби өнерпаздың жан азығы болады.

Армансыз адам болмайды. Талай асуды бағындырған ағамыздың әлі де болса аласармаған армандары, тілегі бар шығар?.. 

Біз діттеген дүниемізді іске асырып жатырмыз. Арман соның ішінде десем дұрыс болар. Десек те, өмір болған соң сәл әттеген-ай болады. Шүкіршілік, ең бастысы еліміздің өнеріне, ұлттық дәстүрін дәріптеуге үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр. Қазіргі жастарымыздың біреудің өнерін қайталауы, біреуге еліктеуі уақытша дүние. Жылдар өте өз ұлтының өнерін дәріптеп, өз аудиториясын қалыптастыру керек екенін түсінеді. Әркім өз жолында өз биігіне жетеді. Сонда ғана ол өзінің ұлтын ұлықтайтын, елін, жерін ардақтайтын азаматтар болатынын түсінеді. Бір кездері тек осындай өлшеммен ғана жұмыс жасауымыз керек, әркімнің ойымен жүре бермеуіміз керек деген тәртіпті де көрдік. Қазір бәрінде еркіндік бар. Адам баласын Алла тағала жартақанда осы ғаламдағы бір игілік үшін, игі істерді атқару үшін жаратқан. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ата-бабамыздан қалған әдемі сөз бар. Адам жақсы сөзді айту үшін де жақсылыққа, жақсы істерге бейім болып жүруі қажет. Өнердің де көтеретін жүгі осы. Әр өнерпаз өзінің көтеретін жүгін, ой-арманын, мақсатын осы «өнер» арқылы халқына паш етіп жүрсе, бақыт та, ізгілік те, байлық та осында деп есептеймін. Қасиетті қазақ өнері өз тұғырынан түспесін деген тілегім бар.

Нұрғали аға, шынайы пікіріңіз бен көлдей көңіліңізге көп рақмет! Мерейтойыңыз тағы да құтты болсын! Қазақ өнерін дәріптеу жолында жасап жатқан әр еңбегіңізге табыс тілеймін!