Бұл тізімге кеңестік және ресейлік 20 фильм кірді, оның ішінде Сергей Эйзенштейннің алғашқы сериясы Біріккен Орталық киностудиясында (ЦОКС) жасаған «Қаһарлы Иван» фильмі бар. Аталған фильмдер кинематография ғылымының кандидаты дәрежесін алуға үміткерлердің міндетті түрде көруіне ұсынылады.
Естеріңізге сала кетейік, 1928 жылы Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы Халық комиссарлар кеңесінің жанынан Бүкілресейлік «Востоккино» тресі құрылды, оның мақсаты елдегі халықтың өмірі туралы фильмдер шығару, сондай-ақ ұлттық кино кадрларын даярлау болды. 1929 жылы Алматыда Қазақстанның әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени өмірі туралы бірнеше хроникалық фильм шығарған дәл осындай өндірістік трест жұмыс істей бастады. Олардың ішінде Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы туралы баяндайтын «Түрксіб» толықметрлі деректі картинасы болды. Фильмнің бірнеше нұсқасы бар, олардың біреуін 1930 жылы британдық деректі кинорежиссер Джон Грейсон жасаған.
- Кино – таңғажайып әлем. Парижде ағайынды Люмьердің алғашқы көрсетілімінен азды көпті 125 жыл өткенмен, бүгінгі таңда өнердің бұл түрі техникалық тұрғыда қандай жетістіктерге жетті десеңізші! Әрбір жаңа фильм ғажайып ретінде қабылданды және әлемдік киноның қалыптасуы мен дамуында үлкен маңызға ие болды. Мәселен, қазіргі Қазақстан аумағында түсірілген алғашқы «Түрксіб» фильмі ХХ ғасырдың басындағы деректі фильмдердің классигіне айналды», - дейді «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.
Бірнеше жыл бұрын қазақстандық продюсер Наргиз Шүкенова картинаға екінші өмір сыйлайтын идея ұсынған болатын. Қазақстандық музыканттар «Түрксіб» үшін арнайы саундтрек жасады. Еліміздің белгілі композиторы Қуат Шілдебаев отандық «Қазақстан Камератасы» оркестрінің орындауындағы музыканы жазды. Сондай-ақ, картинаны біртіндеп қалпына келтіруді жүзеге асырған Британдық кино институты үлкен үлес қосты.
Тарихтан:
*«Востоккино» тресінің негізінде батрақтың рөлінде Серке Қожамқұлов ойнаған «Дала әндері» және басты рөлде Хакім Дәулетбеков түскен «Жұт» көркем фильмдері жасалды;
*1934 жылы «Алма-Ата» киностудиясы құрылды;
*1941 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 жылғы 12 қыркүйектегі №762 қаулысымен Алма-Ата (көркем фильмдер) киностудиясы құрылды;
*Алма-Ата киностудиясының және көркем фильмдердің киностудияларының негізінде Біріккен Орталық киностудиясы құрылды, оның құрамына Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиялары кірді;
*1960 жылы 9 қаңтарда Қазақ КСР Мәдениет Министрлігінің бұйрығымен «Алма-Ата» көркем және хроникалық фильмдер киностудиясы «Қазақфильм» атауына өзгертілді.