Мақала
«Кассандра таңбасы» футуристік трагедиясы жайында
Бөлім: Театр
Датасы: 12.04.2023
Авторы: Карима Аxан
Мақала
«Кассандра таңбасы» футуристік трагедиясы жайында
Бөлім: Театр
Датасы: 12.04.2023
Авторы: Карима Аxан
«Кассандра таңбасы» футуристік трагедиясы жайында

М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры сәуірдің 4-і күні көптен күткен премьерасын өткізді. Әдемілікті сүйетін театр қауымына премьералық атмосфера түзу аса маңызды болса керек. Есіктен кіргеннен безендіру мен қызметкерлердің құрақ ұшуы секілді көріністі іздеп келген біздің алдымыздан мамыражай режимде жұмыс істеп тұрған әкімшілік кездесті. Жалтақтай қараған күйі залға еніп кеттік. Той иесіне тартады демекші, режиссердің қарапайымдығынан болар. Хош делік, қойылым басталып кетті. Жарық сөніп, этика ережелерін дабылдап айтып жатқан сәтте драматургия еріксіз еске оралды.

Кассандра таңбасы…

Бір Шыңғыс үшін күллі қырғызды сыйлайтын қазаққа бұл шығарма алғаш танысқанда бүйірден бөлек шығып тұрғандай әсер берген. «Қош бол, Гүлсары…», «Арманым Әселім» сынды нәзік, лирикалы тақырыптарына үйренген оқырманға «Кассандра таңбасы» деген атау ерекше назарын аудартқаны тарихтан мәлім. Шығармаға арқау болған идея, оқиға орны, мәтін барлығы да Шыңғыс Айтматовты өзге қырынан көрсетті. Тарихына үңілсек, 1996 жылы «Тавро Кассандры» деген атпен жарыққа шығарған екен. Әуелде 1994 жылы «Das Kassandramal» Ф.Хитцердің аудармасымен неміс тілінде шыққан. Кейін араға 10 жыл салып «Кассандра тамғаси» (2014 жылы) С. Кораевтің аудармасында өзбек тілінде сөйледі.

Ал, театр тарихнда – Кассандра кім? Касса́ндра (Cassandra, еж.гректе Κασσάνδρα), Александра деп те атайды. Ежелгі грек мифологиясында троялық ханшайым. Аппалоннан пайғамбарлық қасиет алған, Трояның күйреуін көре алатын қасиетте болған. Аппалон Кассандра ханшайымға ғашықтығынан дарытқан қасиеті екен. Аппалон махаббатына кері жауап қайтармаған Кассандра қарғысқа ұшырайды. Сөйтіп, көріпкелдігіне ешкім сенбейтін қарғысты арқалаумен өтеді. Сонымен, Кассандра бір сөзбен айтқанда – бақытсыздық атына лайықтанып кетеді.

Қазақ тілінде – «қасірет», әлем тілінде – «катастрофаға» ұқсайтын бұл сөз жайында шығарма қалай өрбитіні қызығушылық оятты.

Шығарма жанры – футуристік трагедия.

Футуризм - модернизмнің бір ағымы.

Үйреншікті іс-әрекетке қарсы шығатын бүлікті ағым.

Автордың идея желісімен, сахналық нұсқасын жасап шыққан – драматург Мадина Омарова. Режиссердің айтуынша: «Мадина оперативті қызмет атқарады және менің ойымды бірден іліп әкетеді», - дейді. Инсценировканың сұлбасын өзі сызып, идея, линия, шешімдерді жіктеп айтқан соң Омарова драматургтік тілмен көркемдеп бергенін жасырмай айтты. Режиссердің еркіндігіне кедергі келтірмеген драматург ұжымдық өнердің алғашқы қағидасын мол орындапты. Романмен бір танысып, инсценировкамен екі танысқан бізге сахналық нұсқасы қызықты әрі едәуір қобалжытты. Режиссер қандай тың шешім алып келер екен, тақырыпты қаншалықты қамти түсер екен деген сауалмен қойылым көріп отырмыз. Шымылдық ашылғаннан сахнаға әруақ шыққандай ақ киімді, боз шашты ұзын-сонар монологын оқып, Азат Сейтметов шықты. Көрермен көзайымы болған артист сөзін түсінбесек те, осы уақытқа дейін көрсеткен текті өнеріне деген құрметпен сүйсіне қарап отырдық. Аспанға ілінген орындықтар мен қою қызыл матрацты сүйрей жүре айтылатын реплика, массадағы артисттердің синхроны төмен хореографиялық қимыл-қозғалысы, кейін матрацқа әр тексттен кейін жасайтын акробаттық трюк, академиялық театр артисттеріне жараспайтын деңгейде өтті. Уақытты ерекше бағалайтын қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, заманауи өнерде қалыптастырған жаңа бірлік (классикадағы 3 бірлік мысалында айтқаным) – «алғашқы сәттерде көрерменді өзіне баурап алу» орындалмады. Бірақ, бұл көріністердің өзінен режиссер құрған мизансцена оқылып тұр.

Азат Сейтметов

Актриса Мақпал Қасенованың сахнада тұрған камераға келіп, бағдарлама жүргізіп бастады. Асыра сілтеп ойнауы, қимыл еркіндігі сұлу бойына жарасып-ақ кетті. Асыра сілтегені соншалық техникалық құралы үзіліп кетті. Дегенмен, актриса ұсынылған тосын жағдайға төтеп беріп, жүргізушілік дикциядан айырылмай характерін ұстаған күйі сахнасын аяқтады. Мұндай техникалық сәтсіздік тағы да бір рет бой көрсетті. Пуанто байлаған актриса жон арқасына арқан байлап, балет қимылмен аспандата тербелгенде тас төбесіне жарық құлап кетті. Театр ғимараты жақын арада жөндеу жұмысына жабылатынынан хабар бергендей. Спектакльдің негізі «кассандра таңбасы» туралы сөз қозғау осы «шок шоу бағдарламасы» арқылы алғашқы түсінік берді. Халық енді елеңдей бастады. «Кассандра таңбасын» талқылаумен қатар, билік өкілдерін айта түсті. Бұл бір өз ретін тапқандай әсер қалдырғаны бар. Балаларды соңына ерткен Ақ ұлпаны (гелий газымен үрленген шар) білегіне байлаған Руна кейіпкер сахнада бой көрсетуімен жалғасты. Кей артисттер өзіне берілген кесек сөздерді жеткізе алмай жатса, Жанаргүл Жаныаманова талдырмаш қалпымен мылқаудың тілінде сайрай жөнелді. Бұл артисттің профессионализмі. Әр қимылы ақтап алардай, жанын салып жүрген басты кейіпкер, романның бір эпизодында ғана беріледі. Шығармадағы эпизодтық кейіпкерді алдыңғы планға шығарып, романның бір бөлігін ғана қойып жатырмыз деп ескерткендей белгі оқытқан режиссер, Руна кейіпкерін алып шығару үшін судо-аудармашы Бұлбұл Әуеловамен жұмыс істеген.

Жанаргүл Жаныаманова

Келесі бөлігіне келер болсақ, президент пен ғалымның дау-дамайы екі алып кеме түйіскендей катастрофа жасап тұр. Бірі тақтың құмарына еріп барады, екіншісі бір бала үшін бар баланы қыруға әзір тұр. Бұл өмірде біліп-білмей, жасырып-жария еткен күнәсі мол пендешілікті көрсетіп, әрі әлеуметтік-экономикалық ахуалды сахналауда. Сонда әрқайсымыз кассандара шаранамыз дегісі келе ме? Тіпті, ел басқарған билік те, зертханасын әлем еткен ғалым да. Осындай ойға қалдыра алған артисттер (президент Оливек Ордак - Әлихан Лепесбаев ; ғалым Роберт Борк - Ермек Бектасов) өз характер шығара алғанына дәлел. Кейіпкердің жауызды әрекетке келісуі ғибадатханада өтетіні діни түсінікте қытыққа тиетін тұс. Өз кезегінде бұл толық ақталған сахна. Шығарма шарықтау шегіне жеткенде сахна ақша бұлтқа айналып, ақ ұлпа көздің жауын алып кетті. Оған қосылған тұман ерекше сұлулық беріп тұр. Бұл кезде суретші Қуат Түстікбаев еңбегі режиссердің идеясын өсіріп кетіпті. Режиссер декорацияға келгенде де өз идеясын суретшіге таңдым дейді. Ұжымдық өнердің көрінісі дипломатиялық қарым-қатынаста әдемі сахна сала білді. Әуеден түскен аппақ шар мен гелий газы толтырылған шар (бірі төмен, бірі жоғары қалықтап) әр көтерген құрсақты әсерлі суреттеді. Кассандра таңбасы бар шарана. Шардың эффект бере жарылуы семиотикалық тұрғыда күйді баяндай оқып тұр.

Бұл әрекеттерге мылқаудың тілінде айтқандай: «... қасиетті кітапта жазылған. Өлтірмеңдер! Сөзбен өлтірмеңдер! Көзбен өлтірмеңдер!», - деп, Рунаның жанұшыра айқайға салып жеткізуі мақсатына жетті. Көңілге ұя салған сахна осы сәтте туды. Символдық реквизиттерге көңіліміз қатты ауды. Алма – әуелдегі мифология бойынша жұмақтан қудырған жеміс. Оны Президент барша халқына таратып береді. Күнә бәрінің бойына жетті. Алғаш аборт жасатқан Рунаға гүл алып келді. Алқызыл раушанды бір демде диадемаға айналдырып, байлап беруі де, басына үйірілген қайғы мен қасіретті суреттегендей. Режиссердің осындай әр символға мән бере, мағына тастай қолдануы профессионалдығынан сыр шертеді. Бұл мақала талдаудан бұрын спойлер болып кеткен де шығар. Шығарма өте ауыр. Салмағы батпандай. Мұндай дүниені қыз жанымен рухты театрға қойған Әридаш Оспанбаева нағыз жүректі режиссер. Әлемге әділетті қарауға тырысатын адал мінезімен өнерде орны ойылары да бек мүмкін. Кейде, байқаусыз әдейі істейтін тұстар болады ғой. Шығармаға тек христиан дінін алға тартып, өзге дінде де айтар осы ойдың барын алға тартпауында да бір сыр жатқан болар, бәлкім. Режиссермен тілдескенде христиан дініне акцент бергенімді жасырмаймын деді. Себебі, шығармамен танысқанымда бірден сол дінмен байланысын көрдім дейді. Бірақ, шығармадан өзге дін ағымы (буддизм, ислам т.с.с) үстіртін байқалып жатты. Бәлкім асығыстық, білкім мән бермеген де болар. Бірақ, дәл осы философия барлық дінге ортақ еді. Сөзімізді қорытындылай келе, «Ақыр аяғы абсурдқа да – логика керек» демекші, бұл шығармаға да бір нақтылық керек шығар.