Мақала
Ұлт театрын басқару ісі қалай жүріп жатыр?
Бөлім: Театр
Датасы: 05.01.2024
Авторы: Диас Ахметнәбиев
Мақала
Ұлт театрын басқару ісі қалай жүріп жатыр?
Бөлім: Театр
Датасы: 05.01.2024
Авторы: Диас Ахметнәбиев
Ұлт театрын басқару ісі қалай жүріп жатыр?

Қазіргі Қазақстанның қоғамдық өмірінің барлық салаларында түбегейлі өзгерістер жалғасуда: нарықтық принциптерге негізделген жаңа экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени және басқа да қатынастардың қалыптасуы мен даму процесі жүріп жатыр.

Біздің қоғам өмірінің жаңа кезеңі өндірістің, білім берудің, мәдениеттің өсуі мен таралуының заманауи технологияларының жаһандық серпілісімен байланысты. Қазіргі кезеңде мәдениет саласында маманның көркемдік құндылықтарды (материалдық және рухани) құру процесін басқаруға және олардың мәдени қызметтер нарығына, атап айтқанда арт-менеджментке көшуіне мүмкіндік беретін білімнің жаңа саласы үлкен маңызға ие екендігі кездейсоқ емес.

Сондықтан да қазіргі таңда өнер нарығында арт-жобаларды басқарудың тиімділігін арттыру әдіснамасын зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

«Ұлт мәдениеті дегенде оқу-ағарту, ғылым-өнер саласы өзіне бір төбе. Республикамыздың зор Ғылым академиясы бастаған ондаған ниституттарымен, әлденеше ондаған жоғары дәрежелі оқу орындарының екеуі университет ұясына айналғаны әмбеге мәлім. Он миллиондап кітап, жүз миллиондап газет-журналдар шығаратын баспа орындарымен қатар, творчестволық одақтар, олардың мекені атанатын сәулетті сарайлар, театрлар қанша!» - деп «Қазақ театрының тарихы» кітабында сөз басын бастауынан мәдениетіміздегі театр өнерінің маңызын көрсетуден бастайды [1. 8 б.]. Қазақ театр мәдениетінің бастауы – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын биік деңгейде сақтап, дамытуға күш салудың маңызы орасан екені сөзсіз.

 

Ә

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры

Бүгінгі күнге дейін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының менеджменті ауқымды деңгейде көтеріліп, қозғалып көрмеген. Әрине, жалпы театрдың басқару жүйесін зерттеу оның пайда болу тарихынан бастау алады. Бұл тұрғыда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының тарихын, спектакльдерін, актерлік және режиссерлік жетістіктері негіз етілген: «Қазақ театрының тарихы. II-том»,  Смағұл Сәдуақасовтың «Ұлт театры», Қажықұмар Қуандықовтың «Тұңғыш ұлт театры», Бағыбек Құндақбаевтың «Уақыт және театр», «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына 40 жыл», «М.Әуезов және театр», Әшірбек Сығайдың «Театр тағылымы», «Толғам», «Жарнама алдындағы ой», Бақыт Нұрпейістің «Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915-2005)», Амангелді Мұқанның «Театр туралы толғамдар», Меруерт Жақсылықованың «Қазақ кәсіби актерлік өнерінің даму ерекшеліктері», т.б. отандық ғалымдардың еңбектері бар.

Театр өнерінің тағы бір ерекшелігі - оның бір сәттілігі: әр спектакль тек оны ойнату кезінде (сол сәтте ғана) орындалады. Мұның бәрі театр саласын басқарудың күрделілігін білдіреді.

Театр тарихына назар аударсақ та: «Қазақ театрының 5 жылдығы» деген мақаласында театр жұмысындағы жаңа бет алысты Орынбек Беков:

«Театр жұмысын жаңа құрылыс, жаңа қарқынға итермелеуге… театрда еңбекшілер ықпалы күшейтілді. Ескінің салт-санасын жырлайтын кітаптардың (пьесаның) орнына еңбекшілердің тап күресін, шаруа қарқынын, саяси-мәдениет жөніндегі өскендігін суреттейтін кітаптар шыға бастады… Рас, бұл пьесалардың түр, техника, көркемдік жағынан нашарлары да көп. Бірақ ең қасиетті жері өзіміздікі.

…Мазмұны бай табына балта шап, ескілікті жой, социалды құрылыстың қарқынын үдет, бытыраңқылықты қойып, халықты ұйымдастыр. Отанды қорға, мәдениетке ұмтыл, әлеуметшіл бол… Театр не істесе де, не істемек болса да бүгінгі ұлы жұмысымызға қанша пайдалы сұрау қойып істейтін болып отыр»,5 - деп жазды, Театр жетістігін, істеген қызметін талдай келіп, ол: «Қызылордада тұңғыш ойынға 30 адамға билет сатылып, 28 сом түсімі болған екен, осы күні театрдың 600 орны көрем деушілерге жетпей қалып отырады», - деп салыстыру фактісімен коллективтің бүгінгі өскенін көрсетеді», дейді Орынбек Бековтың басқару саясатын көрсетіп.

Қазіргі уақытта Мұхтар Әуезов атындағы театр өзінің театрлық қызметін жалғастыруда және әлі де Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үздік театрлардың бірі болып табылады.

Мұхтар Әуезов атындағы театрда ұлттық қазақ музыкасын, биі мен костюмдерін пайдалана отырып, көптеген қойылымдар жүзеге асырылды, бұл Қазақстан мәдениетін сақтауға және насихаттауға мүмкіндік берді. Жалпы, Мұхтар Әуезов атындағы театр-бұл өз дәстүрін жалғастырып келе жатқан және өңірдегі театр өнерін дамытуда алдыңғы қатарда тұрған Қазақстанның маңызды мәдени игілігі.

97 жылдық тарихы бар – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Қазіргі директор – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек. Академиялық дәрежесі бар өнер ұйымы үшін тағы бір үлкен дәрежемен пара-пар келетін атақ – Қазақстанның Еңбек Ері, Асанәлі Әшімовтың театрдың көркемдік жетекшісі болуы. Себебі, көнекөз ұлылардың мектебінен шыққан, асылдың сынығындай ақсақал театрдың ғана емес, бүкіл қазақ өнерінің абызына айналған десе де болады. Көркемдік жетекші театр ұжымында директормен қатар тұрады. Одан жоғары да емес, төмен де емес. Алайда шығармашылық тұрғыдан шешім қабылдар сәтте оның дауысы басым болады. Өткен бөлімдерде Голландия, Норвегия мен Ұлыбритания сияқты алып елдердің басқару формасын кесте түрінде көрсеттік. Ендігі кезек біздегі театрлар мехнизмін келді.

Театрда «көркемдік кеңес» жұмыс істейді. Ол жаңа қойылымдардың сырт көз сыншысы ретінде бағасын береді, кем-кетігін түзейді және театрдағы жаңашылдықтарға қатысты ойларын ортаға салып, бір шешім шығаратын мамандар тобы. Мәселен, Әуезов театрының «Көркемдік кеңесінің» төрағасы – Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов, одан кейінгілердің есімдерін тізбектеп шығайық: директор Еркін Жуасбек, директор кеңесшісі әрі режиссер Есмұхан Обаев, театр сыншысы Әлия Бөпежанова және әр маусымда алмасып отыратын театрдың шығармашылық бөлім қызметкерлері.

Бұл театрда директор репертуардың көркемдік және эстетикалық сауаттылығына, ұжымға және жалпы көрерменнің келуіне жауап береді. 2018 жылдың желтоқсанында театрға жаңадан басшылыққа тағайындалған Сәбит Әбдіхалықов «мен бұл ұжымды басқармаймын, сіздерге жағдай жасап, ақша табумен айналысатын менеджер боламын» деген болатын. Бірақ, осы схема бойынша көркемдік процесске араласпай, өз ықпалын жүргізбей, тек өз міндетімен айналысқан директорлер тобын әзірге көрсете алмаймыз.

Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында небәрі бір жыл ғана директорлық лауазымда болған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Сәбит Әбдіхалықовтың «Қазақ әдебиеті» газетіне, оның ішінде журналист Мәдина Серікқызына берген сұхбатында менеджерлік (яғни басшылық) қызметі туралы аз-кем тоқталған. «Әлем тәжірибесінде әл-ауқатын көрсетіп, талай түйінді мәселелерді түймедей шешіп келе жатқан мамандық – Менеджмент. Ал сол менеджмент саласының алғашқы қадамдарының бірі – жарнама. Оған күш беретін – бұқаралық ақпарат құралдары. Біз ТВ-радиомен және газет-журналдарментығыз байланыста жұмыс істеп, халықты театрға қызықтыру мақсатында, ел тарихының ертеңі үшін жасалатын ауқымды  жобаны қолға алмақ ниеттемін. Барға қанағаттан гөрі, алға жылжып, іздену, жаңарып, жанданып отыру – өнер ұжымдарына тән қасиет.

Сәбит Әбдімүтәліұлының айтуынша, директор – жақсы менеджер болуы тиіс. Оның сөзінің жаны бар. Себебі, әлем елдерінің тәжірибесін саралай келе, арт-менеджердің атқаратын қызметтері директордың атқаратын шаруаларымен ұқсас келетіндігін байқадық. Сөзіміз дәйекті болуы үшін менеджер ұсынған бірнеше міндеттерін осында іріктеп жаза кетейік. Оның айтуынша, кез келген көрерменді қызықтыру үшін жақсы қойылым ұсынылуы керек.

Артқа қарай аз шегініс жасап, жалпы театрдың дамуы туралы мысалдар келтірейік. Актер, режиссері, Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Театр Қайраткерлері одағының басшысы – Тұңғышбай Жаманқұлов біздің еліміздегі қалыптасқан жүйені тұрақты жұмыс істейтін, алайда міндетті түрде мемлекет тарапынан толықтай қаржыландырылатын репертуарлы театрлар жүйесіне теңеді.

Жалпы алғанда бұрынғы кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан басқару жүйесі, яғни көркемдік жетекші, бас режиссер деген лауазымдардың әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді. Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайын­да­лады да театрдағы эстети­ка­лық, репертуарлық, актерлік ойын мен жаңаша қалыптағы жас режиссураның дамуы­на үлкен кедергі келтіреді.

Ал жалпы басшылықты режиссерден басқа кез келген суреткер тұлғаға тапсырған жөн. Батыс елдеріндегі үрдісте, осындай теа­тр басқарушыны Интен­да­нт деп атайды, біздер де сол жүйені өз ғұрпымызға ыңғайлап, қажетсіз тұс­тарынан бас тартып, қазақы ұғым­мен театр төрағасы деп атасақ дұрыс болатын сияқты». Сонымен қатар, өзінің бір сұхбатында біздің еліміздегі театр менеджменті – билеттің жылдам сатылуымен, тек көрермендердің көптігімен бағаланып отыр, шын мәнісіндегі директор қызметіндегі адамға жақсы менеджер болу аздық етеді дегенді айтты. Оның айтуынша, бұл – қара жұмыс.  Мәселен, директор тек менеджер емес, әрбір қойылымның шығармашылық ұжымын, оның шығу тарихын және жалпы өнердің тарихын жетік білетін, басқарушы, ұйымдастырушы, сатушы маман болуы тиіс дегенді алға тартады.

Бұл бір көзқарас. Ал ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов театрда міндетті төрт нәрсе болуы тиіс деп атаған көрінеді. Олар: Әлемдік классика, Орыс классикасы, Қазақ классикасы және бүгінгі күннің мәселелерін көтеретін заманауи пьесалар. Өзінен кейінгілерге осы төрт тағанды бірдей ұстауды табыстап кеткен екен. Театрдың дамуының алғышарты ретінде аталмыш төрт тағанды атағанымен, еліміздегі  ұжымдық өнер заман талабана сай әр жыл сайын түрленіп, өзінше дамып отырған. Ал соның ішінде менеджмент түсінігінің қалыптасуы мен дамуын сипаттау бізге қиынға соқты. Себебі, елімізде штат бойынша арнайы арт-менеджер мамандар дәл осы салада қызмет етуі сирек. Алайда, арт-менеджердің қызметін бірнеше саладағы мамандар топтасып атқаратынына көзіміз жетті.

Ал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың пікірі төмендегідей:

Бүгінгі театр индус­трия­сы бізден дең­гейі биік менеджментті талап етеді. Сондықтан ұлттық өнер ака­де­мия­сын­да театр менеджерлерін дайындау ісі ке­зек күт­тір­мейтін мәселе. Неге десеңіз, театр ин­дус­т­рия­сын толық меңгерген, ме­нед­жмент жұ­мы­сын еркін игерген, шет тілін білетін менед­жерлер – кез келген теа­тр­ды режиссермен біріге отырып әлемдік аре­наға алып шығара ала­ды. Алысқа бар­май-ақ, бұған Ресей театр өнер академиясы (ГИТИС) мен МХАТ сту­дия-мектебінің тәжірибесі соның айқын дә­лелі. Осы оқу орын­дары тек ТМД аумағында ғана емес, шет мемлекеттердің талайына театр менеджерлерін дайындап беріп отыр [27].

Ал жалпы картиналармен сөйлейтін болсақ, төмендегідей қорытынды жасауға болады. Театр менеджменті бүгінде керек-ақ, десек те мемлекеттік театрлардың менеджменті әзірге кенжелеп тұр. Мәселен, шет ел тәжірибесінде директорлар немесе кемінде оның орынбасары айналысатын маңызды шаруаларды мемлекеттік театрларда баспасөз хатшылары орындап жүр. Атап айтар болсақ, қазір бизнестің  көзі – инстаграм желісінде екені бесенеден белгілі. Ал Әуезов театры оқырман саны жөнінен өзге әріптестерінен оқ бойы озық. 64 000 instagramm оқырманы мен 5000-ға жуық facebook парақшасында тіркелушісі бар. Мекеменің «көрермендерне қызмет көрсету бөлімінің» мәліметіне сүйенсек, көрерменнің 60 пайыздан астамы желілердегі сілтемеге өту арқылы билет сатып алады екен. Театрдың үлкен залы 731, ал кішісі 275 орындық. Парақшада кемінде 4000-5000 оқырман белсенділік танытып, түрлі байқауларға қатысып, достарымен бөліседі. Сонда күніне 400-ге жуық көрермен баспасөз қызметі жарнамасының арқасында жиналады деген сөз. Айта кетейік, билет бағасы 600-1500 теңге аралығында. Бұл – қазір тұрғынның қалтасына ауыр салмақ боларлық баға емес. Қолжетімді, рухани біліммен теңестіруге де болады.

Бұрынғы Баспасөз қызметі қазірде «Маркетинг және қоғаммен байланыс» бөлімі деп аталады. Аталмыш бөлімде «БАҚ-пен байланыс және қоғаммен байланыс» менеджерлері, Баспасөз хатшысы және дизайнер жұмыс істейді. Әлеуметтік желілердегі көрермен қызықтыратын, ұжымды әр қырынан танытатын түрлі жобалар ұсынып жатқан да осы бөлім. «Шымылдық сыртындағы шырақ», «Менің театрым», «Артистің қолтаңбасымен шақыру ұтып алыңыз», «Онлайн-сырласу» сияқты түрлі қызықты контенттерді ұсынуда. Әзірге қарашаңырақ ұжымы көрерменмен байланыс тәсілін жеңілдету арқылы, ең тиімді тәсілдерді қолдануда.  Ал БАҚ-пен байланыс бұрыңғыдай дәстүрлі түрде жүргізіліп отырады. Болып жатқан соңғы ақпараттарға театр артистері уақытыл пікір қосып, үн қатып, белсенділік танытады.

Менеджерлік ұғымды тек көрермен жинаумен шектелмесі анық. Мәселен, ұжымның жағдайын жектілікті деңгейде жасау да – үлкен менеджерлік тәжірибені талап етеді. Яғни, әр мереке сайын ұжымды осылай қуанту арқылы театр ішінде жылы атмосфера орнатып, тек көрермен үшін жұмыс істейтін өнер ұйымына айналдырған. Яғни, маркетинг пен менеджменттің бір айырмасы да осында. Менеджер белгілі бір өзі басқарып отырған ұйымның ішкі және сыртқы жағдайын жасауға міндетті. Ал маркетинг менеджердің қолданатын әдіс-тәсілдерін зерттейтін, жарнамалық білімдер жинағы деуге толық негіз бар.

  1. Барлық дерлік театрдың өз сайты бар. Қазірде сапасы сын көтермегенімен оны барынша театр өз пайдасына қарай өзгертсе болады. Мысалы, ақылы арнаға ауыстырып, ақша төлеген жазылушыларға толық сапалы спектакльдер, театр тарихына қатысты маңызды кітаптарды, ақпараттарға қол жетімді ету. Бұл қазірде өзіміз білетін kino.go, ivi.ru сынды каналдарға ұқсас етіп жасауға, қызықтыруға болады. Себебі, қазіргі театрсүйер қауым онлайн спектакльдер қарайды, онлайн кітапханалардан кітап алып уақытып үнемдеп үйренген.
  2. Театрға арнап, ақылы бағдарлама ашуға да болады. Ол - интеллектуалды ойындардан, музыка, подкаст, сұрақ-жауаптан, т.б. тұрады. Мұның барлығы қазірде бар адам қызығушылық танытатын, уақыт өткізуге ыңғайлы әрі пайдалы жоба болмақ.
  3. М.Әуезов театрының өз музейі бар. Бірақ ғасырға жуық тарихы бар театрдың қойнауын ғимараттың тек үшінші қабатының бір бөлігінде көрсетпей, бөлек музей етіп ашса да болады. Ұлт театрының мұражайы барлығын да қызықтырары сөзсіз.
  4. YouTube каналын дамытуға аса мән берсе. Қазірде барлық театрлар instagram, facebook, tik-tok желілеріне ғана назар аударады, YouTube-ті тек спектакльдерін жабық сілтемеде салуға ғана пайдалануда. Ал оны дамытса, спектакльдерден бөлек: подкаст, ойындар, сұхбат, тікелей эфир сынды т.б. тарих қойнауын сапалы дүниемен толтырумен қатар, маркетингтік жүйеге де әсер ете алар еді.
  5. Спектакльдерге балалармен келу – қазақ театр қоғамында күресіп келе жатқан ең үлкен мәселелердің бірі. Бірақ осы тұсты неге мәселе, театр мәдениетіне қайшылық деп қана қарамай, оны шешуде маркетингтік жол тапсақ.  Балаларға арналған ойын алаңы қазір барлық ресторан, кинотеатр, ТРЦ-ларда қамтылған. Ата-ананың балаға алаңдамай еркін біршама уақыт демалуына таптырмас мүмкіндік. Осындай бұрыштың театрда да болуы -балаларын тым ұзақ уақытқа тастай алмайтын, бірақ рухани азықты сағынған отбасылар үшін таптырмас шешім болар еді. Бұл жер - ойын алаңы ғана емес, аниматорлар жұмыс істейтін, баланы қызықтыра алатын мекен әрі театрға деген алғашқы қадамдарды үйрететін, махаббатын ашатын орын болмақ.

Қазіргі таңда  кез келген театр сияқты өнер ордасының басты қаруы – әлеуметтік желілер екені баршаға аян. Сол арқылы көрерменмен тығыз байланыс орнатады, жедел ақпарат таратады, жарнамалық афишалар жариялайды. Қазіргі театр көрермендерінің 40-50 пайызы билетті театр парақшаларындағы сілтемеге басу арқылы алатыны анықталды.

Жоғарыда аталған мәліметтер тек сыртқы факторларға ғана сүйеніп келтірілген. Оған қарап, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры кедергісіз дамып келе жатыр деп айта алмаймыз. Мысалыға, театр шаралары өткеннен кейін бірлі-жарымды басылымдар жариялап, бір телеарна түсіріп кетеді. Сонда театрда өтетін шара бір-екі БАҚ құралына ғана  маңызды болып тұр деген сөз бе? Біздің еліміздегі осындай өнер ордалары халық үшін қызмет ететін болса, БАҚ құралдары да халық үшін ақпарат таратпай ма? Барлық шаралар театрдың әлеуметтік желілерінде жарияланып, ұжым өзін-өзі ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. Егер театр өнерін алға дамытамыз десек, бұндай олқылықтардың орнын тез арада толықтыру керек. Әрине, алдымен мәселенің өзін жеке-жеке анықтау қажеттілігі туындап отыр.  Бұл жерден төмендегідей бірнеше үлкен кемшілікті атап өтуге болады:

Біріншіден, театр және оның баспасөз қызметі еліміздегі БАҚ құралдарына тәуелді. Салдарынан театр өзіне өзі әулеметтік желілер арқылы жарнама жасауға мәжбүр. Мәдени мекемелерде өтетін шаралар – елдегі жаңалық тарататын бұқаралық ақпарат құралдары үшін аса қызық емес. Қазір нарықтың заманы болғандықтан, экономикалық-әлеуметтік мәселелер – еліміздегі жаңалықтар қызметінің басты нысанына айналған. Кез келген мемлекеттік театрлардың баспасөз қызметіне жұмыс істейтін маманнан сұраса да, барлығы тегіс журналистерге бірнеше мәрте хабарласып, пресс-релиз жіберіп, күні-түні ақпараттық қолдау сұраумен айналысады. Тіпті болмағанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз бөліміне жібертуге мәжбүр болады. Сәйкесінше, министрлік бірнеше театрға  БАҚ құралдарын өздері хабарласып, жіберетін көрінеді.

Екіншіден, театрдың БАҚ құралдарына тәуелділігі өз алдына, мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «театрларға көңіл бөлінуі тиіс» деген тапсырма берген. Оның бұл тапсырмасы бойынша мәдениеттің кей саласында қызмет ететін қызметкерлердің айлық 50 пайызға өсірген. Оның өзінде де бұл табысы өскен қызметкерлердің қатарында театрда қызмет етіп жатқан, техникалық, сахна өңдеу, костюмер немесе қарапайым баспасөз қызметкерлері жоқ. Тек артистер мен режиссерлер, әдебиет және шығармашылық бөлімдерге ғана қосылған.