Театрдың әр кезеңінде өзіне тән өзектілігі мен жаңаша ізденістер болуы заңдылық. Сахна суреткерінің талғамы мен көтерген тақырыбы заманның талабына сай болуы жаңашылдық пен тың ізденіске бастайтын жол. Көзі қарақты көрерменге және театр ұжымына айрықша әсер ететін – режиссерлік қолтаңба. Ал, қолтаңба ұзақ жылдар бойғы тәжірбиемен қатар, үздіксіз білім алу арқылы қалыптасады. Қазіргі театр үдерісінде қызмет атқарып жүрген режиссерлер арасында өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен ерекшеленетін – Дина Жұмабай.
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуары испан жазушы-драматургы Федерико Гарсиа Лорканың трилогиясының соңғы бөлімі – «Йерма» спектаклімен толықты. Спектакльдің қоюшы режиссері – Дина Жұмабай. Режиссер осы уақытқа дейін Мүсірепов театрының сахнасында трилогияға кіретін «Қанды той» пьесасы бойынша «Оян, қалыңдық» драмасын және «Бернарда Альбаның үйі» спектаклін қойғаны белгілі. Міне, енді трилогия түгелденіп, көрермен назарына ұсынылды. Қойылымның тұсауы театрішілік «ALTYN SAQA» фестивалінде кесілді.
Испан тілінен аударғанда «Йерма» сөзі «Бедеу» дегенді білдіреді. Қойылымның негізгі өзегі – ауыл арасында тараған қаңқу сөздің сүттей ұйыған шаңырақтың шайқалуына әкеліп соққанын ашып көрсету деп таныдық. Қол қусырып, елдің жыртық-тесігін келеке етіп, өзінің жамауын бүтіндемейтін өсекші әйелдер қызыл даудың өртін лаулатып, жабулы жараны тырнады.
Басты кейіпкер Йерманы актриса Ақбота Рахат сомдайды. Бұл роль ізденімпаз актрисаның оң жамбасына дөп келгендей, себебі сахнадағы өмір сүріп жатқан бедеу әйелдің күйінішін, өзінің не қалайтынын білмейтін аңғалдығын, беймаз кейіпін дөп басып жеткізді. Ақбота «Бернарда Альбаның үйі» қойылымында Ангустиасты да жоғары деңгейде сомдаған. Қойылымның орталық кейіпкерінің бірі Хуанды актер Елдар Отарбай кескіндейді. Сахнагердің көрерменге жаңа қырынан ашыла алғаны режиссердің актермен жұмыс жасағанына дәлел. Басты кейіпкердің құрбысы Марияны сомдауға Динара Шымырбаева бекітілді. Режиссерлік шешімнің тағы бір ұтымды тұсы сол Йерманың алғашқы махаббаты – Виктор мен құрбысы Марияның отбасы құрып, сәби сүюі.
Жалпы спектакльде үш желі қатар дамиды. Біріншісі, Хуан мен Йерманың ортақ баласының болмауы. Екіншісі, Виктор мен Йерманың бақытсыз махаббат хикаясы болса, үшіншісі, ауыл өсекшілерінің дау шығарып, кейіпкерлерді бірін-біріне шағыстыру арқылы оқиғаны өршітуі. Виктор – Йерманың алғашқы махаббаты. Қосылмаған ғашықтардың желісі қойылымың шиеленісін арттыра түсті. Йерманың алғашқы махаббаты Викторды сомдаған актер Қазыбек Төлен. Қойылымның соңғы сахналарының бірінде нақтырақ айтсақ, махаббаты үшін күреспеген өкінішін режиссер Виктор мен Хуан арасындағы диалогтарында ашуға тырысқан. Кекете сөйлеп жаға жыртысып қалуы, сахна ортасындағы топыраққа толы алаңда Йерманы ортаға алып, екі шетінде ағаштар арқылы айқасып, талас-тартысқа түсуін Хуанның басында болып жатқан психологиялық күйзеліс деп түсіндік.
Қойылым басталған алғашқы минуттардан-ақ қызығушылықты оятатын декорацияны байқаймыз. Көрермен орындығынан төмен қазылған алаң, қара топыраққа толы. Бұл режиссерлік шешімді соңғы сахнада орын алатын Хуанның көрі ретінде қабылдай аламыз. Себебі, қойылым барысында Хуан күрекпен топырақты қаза бастайды, ұзаққа созылған көріністе көзіне жас алған, ер адамның бір өліп, бір тіріліп жатқан күйін көреміз. Д.Жұмабайдың сахналық қойылым костюмдеріндегі ерекшелік – біріңғай қара немес ақ түстерді шоғырландыруы, белгілі бір мақсатқа бағытталғанын аңғарамыз.
Қолданылған декорацияға семиотикалық талдау жасасақ: Қызғылт қалампыр – көбінесе жаназаға қойылатын гүл ретінде танымал. Бұл дегеніміз, қойылымның соңғы шешіміне аңдатпа ретінде қарастырылған болса, Йерманың бақсыға барғанда оның мойнын орай түскен жіптері – басты кейіпкердің тағдыр торына іліккенін, арам ойлардың арбауына байланғанын көрерменге астарлап жеткізуі деп аңғардық.
Ажал кейіпкерін Нұржамал Әбілқияс сомдады. Бұл кейіпкер трилогияның соңы өліммен аяқталатынын білдіруші рөл ретінде қарастырылған режиссерлік шешім. Бәрімізге белгілі, «Оян, қалыңдық» спектакльінде Ажалды Динара Нұрболат сомдаған болатын.
Әйел тағдыры қашанда жазушыларды алаңдатқан. Еврипидтің «Медеясынан» бастап санамаласақ, талай-талай әлемдік қаламгерлер нәзік жандылардың құпиялы дүниесінің жұмбағын ашуға талпынған. Г. де Мопассан, С. Цвейг сынды жазушылардың туындыларында әйел тағдыры жария болып, сан алуан психологиялық құбылысты бастан кешкен пенденің тіршілігіне куә еткен. Бұл тақырып қазақ жазушыларында ойландырмай қоймады. Ж. Аймауытовтың «Ақбілек», М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу», т.б. шығармаларда қазақ аруларының ауыр тұрмысы көркемдікпен суреттелген. Солардың бірі М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсінде» автор ішкі монолог арқылы Шолпанның жан дүниесін шебер бейнелейді. «Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау», деп ойлайтын еді Шолпан... Бала туса күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей болушы еді... Қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, деп қорқушы еді Шолпан». Тек бұл жерде Йерма мен Шолпанның айырмашылығы: Йерма бала болғанын күні түні тілеп, жаратқаннан сұрайтын болса, Шолпан керісінше, сәби сүйгісі келмейтінін ашып айтатын. Хақ тағаланың беретін сыйынан бас тартып, оны жамандыққа жорыды. Сондықтан да болар шығарманың аты «Шолпанның күнәсі».
Режиссердің ізденімпаздығына тағы бір дәлел – қойылымның шарықтау шегіне жете бергенде Йерма мен Хуанның ақ матамен орала қозғалыстар жасауы, белгиялық суретші Рене Магриттің «Соқыр махаббат» немесе «Ғашықтар» деп аталатын, картинасын еске түсіреді. Картинаның тарихы мен шығарманың сюжеті өте ұқсас екендігін аңғарсақ, астарлы мәнді түсінеміз. Режиссердің табан аудармай еңбек етіп келе жатқанына, еліміздің түрлі театрларындағы премьералары дәлел. Суреткерге сарқылмас шабыт, жаңа ізденістер тілейміз.