"Қыздар, жігіттер мынау "Ес-аймақты" еріккеннен ашқанымыз жоқ. Оған бас болған мен, шынын айту керек. "Ес-аймақ" деген – қазақ театрының бастауында тұрған үй. Біздің ірілеріміз, керемет карифейлеріміз осы "Ес-аймақтан" шықты. Семейдегі Ес-аймақтан бастады..."
Әшірбек Сығай
Сарыарқа төріндегі өнердің қарашаңырағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ай сайын тұрақты түрде жарық көретін «Шабыт» журналына үш жыл толып отыр. Мәдени жаңалықтар мен студенттер, оқытушылардың еңбектерін жариялап отыратын баспа бүгінде өз аудиториясын, оқырманын қалыптастырды. Осы тұрғыдан журналдың редакторы, кафедрамыздағы «кинотану» мамандығының түлегі, өнертану ғылымдарының магистрі Гүлім Көпбайқызымен сұқбат құрған едік.
– Гүлім, қайырлы күн. Бәрімізге аян, кафедрамыздың түлектерінің бірісің. Іздеріңді басып келе жатқан біздер үшін қашан да қазық. Студенттік кезің қалай өтті? Осы жылдар аралығында мамындығыңа деген түсінігің қаншалықты қалыптасты?
– Студенттік жылдар... Қадірін білгендерге бұл бір ғажап кезең. Ең таза көңілдердің табысып, танысатын уақыты.
Құндылығы сол – көзді ашып-жұмғанша зу ете қалады. Кеше ғана студенттік қатарға қабылдап жатса, бүгін қолыңа дипломды табыстап, «өмір» мектебіне шығарып салады. Осы екі аралықта уақытты барынша пайдаланып, талпынысыңды арттыра отырып бойыңдағы жігеріңді жана білсең, жаныңа өмірлік достар тауып, ұлағатты ұстаздарыңмен шығармашылық қарым-қатынас орнатсаң – студенттік өміріңнің бос өтпегені. Саған берілген төрт (кейде одан
да көп) жыл қара терге малынбай бос күлкіге, құр жүріске құрылған болса – өкініші өзіңе.
Сарыарқаның төсінде алғашында тек музыканттар мен актерлерді ғана дайындайтын оқу орны 2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университеті болып атауын өзгертіп, көптеген жаңа мамандықтардың шымылдығын түрді. Сол жылдары студент болып келген біздер, нағыз шығармашылықтың буы қайнап жатқан қазанға топ ете қалдық. Жаңа оқу орны... Жаңа таныстық... Жаңа топ... Жаңа мамандық... Тіпті, факультетіміздің өзі жаңадан ғана құрылған. Ал, елестете беріңіз. Бұған дейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында қазығы қағылып, қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп қалған «кинотану», «театртану», «кинотеледраматургия», «өнертану» мамандықтары енді елордада өз жұмысын бастады. Бұл – аталмыш мамандықтар үшін үлкен жауапкершілікті әрі қажырлы еңбекті талап етті. «Мен – артистпін, мен – музыкантпын, мен – режиссермін» – деп, сахнаға «атойлатып» атып шықпайтын мамандық болғасын, көптің көзіне көп түсе де бермейді. Алайда, сол мамандарға пікір айтатын, жазатын болашақ «танушылар, сыншылар» біз болғандықтан, әр қайсымызға оқу мен жазудың, көру мен талдаудың, талқылау мен сараптаудың қыр-сырын үйретуде аса білімдарлық пен қырағылық, көрегендік, әдеп пен талантты ұштастыра білетін кәсіби педагогикалық шеберлік қажет еді. Ол қажеттілік барынша өтелді, өтеліп те келеді. Себебі, біздер «сен тұр, мен атайын» деген ұстаздардың алдынан өттік. Кешегі дәрісі бүгінгісіне ұқсамайтын, ертеңгісі одан да маңыздырақ Әкім Тарази, Әшірбек Сығай, Бауыржан Нөгербек, Роза Мұқанова, Еркін Жуасбек, Болат Сүлеев, Әсия Сүлеева, Әубәкір Сүлеев, Назира Мұқышева, Инна Смайлова, Ардақ Кеңесова сынды ұстаздардың берген білімдері, үйреткен амалдары, айтқан ақылдары сені еріксіз «әдебиетке, киноға, театрға» баулиды, ғашық етеді, ақыры, сол өнермен «ауыртады».
– Дұрыс айтасың. Кезекті сұрағым, оқу ордамызда ай сайын студенттердің ұйымдастыруымен шығатын «ШАБЫТ» журналы хақында. Кезінде Әшірбек Төребайұлы өзіңді осы журналға бас редактор қылып бекітті. Бүгінде журналдың жұмыс жасап келе жатқанына төртінші жылға аяқ басты. Журналдың құрылу тарихы туралы кеңірек айтып берсең. Және мақсаты қандай?
– Иә, қош делік, қызыққа толы студенттік өміріміз сырғи-сырғи соңғы курсқа да келіп жетті. Бұл аралықта ұстазымыз Бауыржан Рамазанұлы айтпақшы: «халық артисінен» «қайраткерлікке» ауған шағымыз. Оқыған-түйгеніңді саралайтын, өзіңе есеп беретін жыл. Өткен үш жылға көз жүгіртсек, курстас студенттердің жеке концерттеріне, спектакльдеріне барыппыз. Әр түрлі фестивальдерге, конкурстарға қатысып жеңімпаз атанып, университет тарихында қалып жатты. Ал, осы аралықта біздер, яғни «өнертанушылар» не бітірдік? Мамандықтың ұшқалы отырған алғашқы қарлығаштарымыз... Оқу орнымызға қандай пайдамыз тиді? Мұрағатқа не қалдырып барамыз? Артымызда келе жатқан ізбасарларымызға қандай үлгі көрсеттік? – деген сауалдар ойымды бір сәтке шарпып алғаны хақ. Иә, сараптамалық мақалалар жазылмады емес, жазылды. Республикалық басылымдарда, ғылыми конференцияларда жарияланып жатты. Дегенмен, ол өзің үшін. Ал, оқу орның үшін қандай пайдаң тиді?.. Мәселе осында еді. Серігің қалам болғасын, неге өнер ордамыздың ішінде өтіп жатқан әр шараның басы-қасынан табылып, соны қағаз бетіне түсіріп, қасымызда жүрген оқытушылардан сұқбат алып, әр түрлі тақырыпта жазылған мақалалардың басын біріктіретін университеттік газет ашпасқа деген ой келді. Не керек, бұл ойды бірден құптаған жандар да қасымыздан табыла кеткені. Қағаз бетіне түсіре салысымен, қашан да студенттерге жанашырлық танытып, қанатының астына алып жүретін ұстазымыз Әшірбек Сығайұлына бет алдық. Сондағы Әш ағамыздың ректор Айман Қожабекқызының қабылдауынан бірақ шықққанын айтсаңызшы. Міне, сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Неге дерсіз? «Оқудан тыс қоғамдық жұмыстарға араласқан дұрыс. Ақыры газет ашайық дейсіздер, неге екі тілде жүретін журнал ашпасқа? Қаржыландыру жағын бізге қалдырыңыздар. Жұмыс жасау барысы сіздерге қалсын», – деген ректордың сөзі әлі күнге есте. Бұл – Әш ағаның студенттердің бос жүрмесінші деген ақ адал жанашырлық ниеті болса, Айман Қожабекқызының университет үшін жасалып жатқан жайттарды әркез қолдауының нәтижесі деп білеміз. Сол күннен бастап, университеттік «ШАБЫТ» журналының негізі қаланды. Ағалар алқасы, тұрақты тілшілер қатары бекітіліп салтанатты түрде тұсауын кесіп, ұстаздарымыз ақжол тілеген еді. Содан бері... иә содан бері үш жылдан асып, төртінші жылға қадам басып отыр. Өнерге байланысты ақпараттардың жаршысы, бүгінгі студент – ертеңгі мамандардың жұмыстарын тұрақты түрде жариялап отыратын «ШАБЫТ» журналының бүгінде өз алдына жеке редакциясы, шығармашылық тобы, тұрақты оқырманы бар. Ерекше айтарлық жайт, алғашқы екі жыл бойы журналдың жарық көруіне белсенділік танытып, тұрақты жұмыс жасаған: Камила Габдрашитова, Қуат Ежембек, Мирас Әбіл, Балжан Бекмағамбетова, Арман Айтжан, Ахат Азтай, Досжан Аяған, Мерлан Рымжанов, т.б. студенттерді ерекше атап өткеніміз жөн. Олардың тырнақалды жұмыстарын, еңбектерін елемеу мүмкін емес. Көзге көріне бермейтін қажырлы еңбекті, өзара ұйымшылдық пен ауызбіршілікті талап еткен «ШАБЫТ» журналы – әр түрлі мамандықтағы жалынды жастардың басын бір арнаға тоғыстырды. Бүгінде жоғарыда атап өткен бір топ жастар оқу орнын бітіргенімен, ай сайын тұрақты жұмыстарын журналға шығаруды дағдыға айналдырған. Ал, ұйымдастырушылық жағын екінші толқын жүзеге асырып отыр.
– Марқұм Әшірбек Сығайдың студенттерге демеу болып, үнемі қолдау көрсетіп жүргенінен хабардармыз. Сол қамқорлықты сезіне алған жанның бірі өзіңсің. Саңлақ сыншы Әшірбек Сығайдың өздеріңе қалдырған аманаты қандай?
– Кез келген іске о бастан түрткі болып, жаны жастарға жақын әрі қандай бастамада болмасын жол ашып беретін жанның болатыны анық. Біздер үшін ол – аса құрметті ӘШ ағамыз еді... Жаңадан ғана жұмысын бастап жатқан редакцияға әр кез бас сұғып, ақыл-кеңесін беріп, әрқайсымызды жігерлендіріп қана қоймай, жүрген жерінде ауызынан тастамай айтып жүретін тұғын. Оған бәріміз де куә. «ШАБЫТ» журналынан, «ЕС-АЙМАҚТАН» басқа да асып жатқан шаруасының барын жақсы білген біздер, қашан да ағайымыздың көңілінің кеңдігіне, жүрегінің жылулығына, бойындағы жігеріне іштей сүйсінумен, таңданумен жүруші едік. Өкінішке қарай, шығармашылық байланысымыз ұзаққа бармады... Десек те, Әш ағаның аманаттап кеткен дүниесіне қиянат жасауға біздің еш құқығымыз жоқ. Ұстаз алдындағы, мамандық алдындағы парызымызды өтемесек, тоқтатпасымыз хақ.
«Ес-аймақтың» кезекті бір жиынында Әш ағаның ашынып айтқан сөзі бар. Естіген құлақтың ұмытпағанын ескерсек, ал естімеген жандар үшін осы тұста тағы бір еске салып өткім келіп отыр: «Қыздар, жігіттер мынау «Ес-аймақты» еріккеннен ашқанымыз жоқ. Оған бас болған мен, шынын айту керек. «Ес-аймақ» деген – қазақ театрының бастауында тұрған үй. Біздің ірілеріміз, керемет карифейлеріміз осы «Ес-аймақтан» шықты. Семейдегі Ес-аймақтан бастады. Өз профессияларыңды өздерің сыйламасаңдар кім сыйлайды? Сондықтан айғайлатпай, ойбайлатпай, міндет қылмай «Ес-аймақ өтеді» деген хабарландыру шықты ма асығыңдар. Қоғамық белсенділіктерің жоғары болмай, тек «кинотанумен», «театртанумен» адам бола алмайсыңдар. Күн көре алмайсыңдар. Ертең бала-шағаң болады, ата-енең болады. Саған алты жерде жұмыс істеуге тура келеді. Қай кинотанушы, театртауншы кино мен театрмен өмір сүріп жүр?.. Киноның түрі анау, театрдың түрі мынау. Жылына шыңғырып екі-үш фильм, спектакль шығады. Халтура! Оны жазсаң өзің «халтурщик» болғаның. Тәжірибелі адам болғасын айтып отырмын. Мұғалім боласың сөз жоқ, редакцияда жұмыс жасайсың сөз жоқ, телевизияға барасың сөз жоқ, радиода істейсіңдер. Сөйтіп күн көресіңдер. Мына жерде отырған ұстаздарың жоққа шығармайды бұл пікірімді. Сондықтан біздің елде таза театртанумен, таза кинотанумен жұмыс жасаймын десеңдер далада қаласыңдар. Сол себепті қоғамда белсенді өмір сүру үшін осындай шараларға араласыңдар. «Шабыт» журналын неге шығарып жатырмыз? Не бізде журнал жоқ па? Елімізде журнал жетеді. Бірақ, оқу орнында студент бос жүрмеу керек. Студенттік творчество болу керек. Журналды шығарып отырған редакторына, балаларға рақмет. Кімге кедергісін жасап жатыр ол? Рахат қой, студент «творит». Бұлары ертең әдетке, дағдыға айналады. Гүлім, саған үлкен рақмет. Ал, менің балаларым келесі жылы кітап шығарады. Студент кезінде кітап шығару өте қиын нәрсе. Бұл айтуға оңай. Ондағы жұмыстар газет-журналдарға шығып, мойындалуы керек. Жұрттың талқысынан өту керек. Мен оның бәрін әдейі жасаймын. Өйткені, студент пісуі керек. Студент – салп-салп етіп, балпылдап босқа жүрмеуі керек. Барып кел, шауып кел, дайын жатақхана, дайын ас. Жұмыс істеу керек. Осы кезден дағдыланыңдар. Мен қараймын, көбі бейхабар. Ауызда сағыз, қолда телефон. Қайдағы кинотанушы? Қайдағы театртанушы? Қайдағы актер? Өнерде жану керек, өртену керек. Өлер алдында жүру керек. Міне, сонда ғана бірдеңе шығады. Асанәлі Әшімов сахнада ойнайтын кезде ешкіммен сөйлеспейді, тамақ ішпейді. Самарқау ғана сөйлеседі. Себебі, ол жұрттың алдына шығады. Міне, мамандықты қалай бағалау керек. Ол сахнаға шығар алдында өзін реттейді, жүйелейді. Сонымен өмір сүреді. Көрерменмен кездесу үшін өзін аямайды. Контакт іздейді. Ал, қазір не? Көп студент аспайды, саспайды. Болмайды былай. Жаныңдар, жаныңдар! «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, кім жанады лапылдап?», – деп Назым Хикмет не үшін айтты?.. Бәріңе лапылдап, өртенуді тілеймін».
Шынтуайтында сөздің ашығы осы болса керек. Жағдайыңды жасап отырған ортаңа бүгін пайдаңды тигізбесең, ертең тигізем деу бекершілік шығар, сірә. Сондықтан да өнер ордамыздағы өнертанушылардың бастамасымен, ұйымдастыруымен жарық көріп отырған басылым – жасарға жұмыс, істерге ермек табылмағандықтан жарық көрген дүние еместігін әрқайсымыз санамызға сіңіріп, миымыздың қатпарларына жазып қойғанымыз абзал.
– «ШАБЫТ» журналының болашағы қандай болмақ? Және
журналға деген қандай ниет-тілегің бар.
– Бүгінге дейін журналда жарық көрген мағыналы әрі мәнді, тұщымды әрі тың дүниелер дәстүрлі түрде өз жалғасын табады деген үміттемін. Жазушы Әкім Таразидің: «Шабыттықтарға шалқар шабыт тілеймін!» деп берген батасын үкілейтін болсақ, «Шабыттықтардың» шабар жолы әлі де ұзақ дегім келеді. Шарықтай бер!
– Көп рақмет!