ІІ "Байқоңыр" Республикалық қысқаметрлі кинофестивалінің пресс-конференциясы өтті

5-қыркүйек күні "Тұран" университетінде ІІ "Байқоңыр" Республикалық қысқаметрлі кинофестивалінің дирекциясы мен БАҚ өкілдерінің кездесуі өтті.
ІІ "Байқоңыр" Республикалық қысқаметрлі кинофестивалінің пресс-конференциясы өтті

"Тұран" университетінде ІІ "Байқоңыр" Республикалық қысқаметрлі кинофестивалінің дирекциясы мен БАҚ өкілдерінің кездесуі өтті. Тілшілердің сауалдарына фестиваль директоры Ануар Кенжибаев, қазылар алқасының төрағасы Ахат Ыбраев, қазылар алқасының мүшесі, актриса Гүлнар Дусматова, іріктеу комиссиясының мүшесі Ержан Жұмабеков және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жобаларының аға координаторы Тимур Исмаилов жауап берді.

Кинофестиваль директоры Ануар Кенжибаев: "Биылғы жылы "Байқоңырдың" бағдарламасына жаңа екі номинация қосылды: "Үздік қоюшы-суретші" және "Қазылар алқасының арнайы сыйлығы". Тағы бір жағымды жаңалық – фестиваль қатысушыларының үздік фильмдері "ЕрАрна" телеарнасының эфиріне жол тартады. Сонымен қатар, жеңімпаздарды әдеттегідей алтын жалатылған бірегей мүсіндер мен диплом күтіп тұр" - деп сөз бастады.

Қазылар алқасының құрамында: продюсер Анар Қашағанова, рижессер және продюсер Эля Гильман, киносыншы Ғалия Байжангова, режиссер (І "Байқоңырдың" жеңімпазы) Шарипа Оразбаева, оператор Азамат Дулатов және қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов.

Гүлнар Дусматова фильмдерді бағалау туралы: "Актерлердің жұмысын жүрегіммен бағалайтын боламын. Көбіне, кинофестивальдерге қатысатын фильдерде кәсіби емес актерлер түсіріледі. Олардың көбі көрерменді өзінің табиғилығымен, өзгеше айтсақ, шынайылық сезімімен, ішкі тазалығымен баурап алады. Сол себепті, эмоционалды түрде бағалаймын: сенесің бе әлде сенбейсің бе" - деп түсіндіріп өтті.

ІІ "Байқоңыр" Республикалық қысқаметрі кинофестивалі 15-қыркүйек күні басталады және әдеттегідей Көк-Төбе демалыс саябағында өтеді. Екі күн ішінде үлкен экраннан қазақстандық режиссерлердің 39 фильмі көрсетіледі. Конкурстық бағдарламада 35 картина болса, конкурстан тыс 3 фильм.

Іріктеу комиссиясының мүшесі Ержан Жұмабековтың айтуынша, қатысуға өтінімдер елдің барлық дерлік аймақтарынан келген. Фестивальге қатысушылар арасында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Қазақ ұлттық өнер университетінің, "Тұран" университетінің, Нью-Йорк фильм академиясының, "Сталкер" және "Action" киномектептерінің сонымен қатар, Ә.Қастеев атындағы техникалық дизайн және бейнелеу өнері мектебінің түлектері мен оқушылары бар.

"Қатысушылардан көп нәрсе күтіледі. Бірінші кезекте, оператордың, суретшінің, режиссердің және актерлердің жұмыстарынан техникалық орындаушылық дәрежесін көргім келеді. Екінші, әрине, шығармашылық жағы – фильмде қандай оқиға баяндалады. "Байқоңырға" әртүрлі қалалар мен мектептердің фильмдері жиналыпты. Сол себепті, жастарды не қызықтырады және оларды не мазалайтынын білу қызық болар еді" - деп, қазылар алқасының төрағасы Ахат Ыбраев өз ойымен бөлісті.

"Байқоңырдың" конкурстан тыс бағдарламасында "48 сағат ішінде түсіру" конкурсына қатысқан 10 үздік фильм ұсынылады. Көрсетілім аясында, алғаш рет күзгі кинопрокаттың жаңалықтары ұсынылатын "Қазақстандық тұсаукесер" бағдарламасы енді.

Еске сала кетейік, "Байқоңыр" Республикалық қысқаметрлі кинофестивалінің ұйымдастырушысы – "Бродвей" кәсіби кинопорталы.

Көрсетілімдердің және іс-шаралардың толық тізімі мен кестесі кинофестивальдің baikonur.brod.kz ресми сайтында жарияланған.

Дереккөз: "Бродвей" кәсіби кинопорталы