Мақала
Адамзат тарихындағы ең ықпалды 100 фото (II топтама)
Ғасырлық тарихы бар атақты "Time" журналы адамзат тарихындағы ең маңызды әрі үздік 100 фотосуретті анықтаған болатын. Ізгі ниетті оқырман, өткен жолы сол үздік 100 фото алғашқы онын жариялап, түсірілу тарихы туралы танымдық ақпарат берген болатынбыз. Уәде бергендей, II топтамасын ұсынып отырмыз.
Бөлім: Фото өнер
Датасы: 05.04.2017
Авторы: Айымгүл Оралқызы
Мақала
Адамзат тарихындағы ең ықпалды 100 фото (II топтама)
Ғасырлық тарихы бар атақты "Time" журналы адамзат тарихындағы ең маңызды әрі үздік 100 фотосуретті анықтаған болатын. Ізгі ниетті оқырман, өткен жолы сол үздік 100 фото алғашқы онын жариялап, түсірілу тарихы туралы танымдық ақпарат берген болатынбыз. Уәде бергендей, II топтамасын ұсынып отырмыз.
Бөлім: Фото өнер
Датасы: 05.04.2017
Авторы: Айымгүл Оралқызы
Адамзат тарихындағы ең ықпалды 100 фото (II топтама)

Айымгүл Оралқызы

журналист


11. THE VANISHING RACE

ЖОҒАЛҒАН ЖОЛ

1904 жыл

Эдвард С.Кёртис

Дүниеден өткен
әрбір қария өзімен бірге қасиетті салттар мен дәстүрлердің бір бөлігін ала кетеді.

Эдвард С.Кёртис

Америкалық үндістер Америкаға жаппай қоныс аударудың құрбандары. Батысқа көшкен халық
үндістерді ата қонысынан қудалап, нәтижесінде, олардың саны едәуір азайып
тынды.

Америка құрлығының алғашқы
мекендеушілерін ұлы халық ретінде көрсету мақсатында Кёртис үндістердің тұрмыс-салтын, ұлттық киім-кешегі мен
дәстүрін зерттеумен айналысқан. Ол түрлі тайпалар туралы қазіргі таңда
теңдессіз аса құнды деректі ақпараттар қалдырған. Үндістермен етене жақын
болған 20 жылдан астам уақыт ішінде Кёртис
The North American Indian
аталатын үндістердің 80 тайпасы туралы 20 бөлімдік энциклопедия жасады.

Осындай ауқымды жинақтың ішінде Жоғалған жол аталатын
(Құрып бара жатқан нәсіл) сурет үндістер тағдырының бар болмысын беріп
тұрғандай. Суретте Навахо тайпасының салт аттылары қоныс аударып барады.
Алдында бағыттаушысы жоқ шаң басқан дала белгісіздікке сапар шеккен үндістердің
өзгелерге жем болған қиын-қыстау кезеңін дәл бейнелейді.

Өкінішке орай, Кёртистің энциклопедиялық жұмысы деректі
мәліметтерден бөлек, үндістерге қатысты стереотип пайда болуына да әсер етті.
Америкалық компаниялар туристер тарту мақсатында жойылып бара жатқан үндістерді
мұражай экспонатынша жұртшылық назарына ұсынуды жаппай қолға алды.
Кіндік қаны тамған жерден қорлықпен қудаланған халыққа сирек реликттей (Көне
өсімдік немесе жануар немесе олардың қалдықтары) қарау – оларды көңіл көтеруге
қолданатын тарихи клоундардай қатынас жасаумен тең. Бірақ, бөрілі байрақты ту
еткен қандас халықтың бұл жағдайы – шындық.

12. THE STEERAGE

САТЫ

1907 жыл

Альфред Стиглиц

Егер мен
түсірген барлық суреттер жоғалып кетіп, әлем мені тек “Саты” суреті арқылы
таныса, мен риза болар ем.

Альфред Стиглиц

Альфред Стиглиц — фотография өнерінің тәуелсіз өнер ретінде қалыптасып, оның өзіндік
эстетикасының пайда болуына әсер еткен өз заманынан озық туған тұлға.
Америкалық фотограф —пикториализм
бағытында жұмыс істеген шеберлердің бірі. Пикториализм —XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың
басында батыста пайда болған фотография өнерінің бір бағыты. Осы буын
өкілдерінің туындыларында кескіндеме өнеріне (
импрессионизм, прерафаэлизм, символизм, югендстиль, арт-нуво және т.б.) деген ерекше жақындық байқалады.
Мұндай артықшылыққа қол жеткізу үшін Альфред Стиглиц бастаған
пикториалистер айрықша әдіс-айлалар қолданған екен. 
Ұлы суретші Пабло Пикассо фотография өнерінің хас шедеврі саналатын “Саты” фотосуретіндегі
кубизмге ерекше іштартып,  
“Стиглиц екеуміздің рухымыз бір” – деген жоғары бағасын қалдырды.

13. COTTON MILL GIRL

МАҚТА ЗАУЫТЫНДАҒЫ ҚЫЗ

1908 жыл

Льюис Хайн

Фотографияның
түнекке жарық түсіріп,надандықты әшкерелей алатын қасиеті бар.

Льюис Хайн

Еңбекке ерте араласуға мәжбүр
болған Льюис Хайн Балалар еңбегін
пайдалану комитетінде фоторепортер қызметін атқару арқылы мұндай
бассыздыққа тойтарыс берем деп үміттенген. Шамамен 10 жыл, ол Атлант мұхитынан
Тынық мұхиты жағалауына дейінгі тұтас Америка Құрама Штаттары бойынша саяхат
жасады. Өнеркәсіпте жұмыс жасайтын балаларды фотосуретке түсіру үшін ол өзін
сақтандыру агенті, көпес, уағызшы және т.б. ретінде таныстырып, бала еңбегін
пайдаланатын зауыттарға енген. Онда Хайн кенші, тігінші, тиеуші, қоқыс тазалаушы
болып жұмыс жасайтын кәмелетке толмаған балаларды түсірген.

Фотографтың станог жанында тұрған
кішкентай қыз бейнеленген атақты суреті балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес
символына айналды. Осындай суреттер топтамасын автордың өзі «Адасқан ұрпақ (буын) галереясы» деп атады.

 

14. BLIND

СОҚЫР

1916 жыл

Поль Стрэнд

Қиын тағдыр оларды текті һәм өзгеден
ерек болуға баулығанын сезіндім.

Поль Стрэнд

Поль Стрэнд алғаш камерасын 12 жасында алған. Сол уақыттан бастап бұл өнерді деректі фотография классигі
Льюис Хайннан үйрене бастайды.  Оған
ұстаздық еткендер қатарында XX ғасырдың бірінші жартысында атағы жер жарған
Альфред Стиглиц те бар еді. Стиглиц 1916 жылғы жазбаларында өзінің әріптесі
туралы: «Стрэнд – Элвин Лэнгдон Кобюрн заманынан бергі фотографтар ішіндегі аса
маңыздыларының бірі», - деген пікір қалдырған.

Ақиқатқа ұмтылған Поль Стрэнд америкалық
эмигранттар тыныс-тіршілігін еш бүкпесіз жеткізуге тырысқан. Көшеде газет сатып
отырған соқыр әйелдің портреті де солардың қатарында.

Сондай-ақ, Поль – қазіргі таңда
аса танымал стритстайл бағытының
негізін қалаушылардың бірі.

 

15. BRICKLAYER

ТАС ҚАЛАУШЫ

1928 жыл

Огюст Сандер

Біз адамның еңбек еткеніне қарап
оның бақытты не бақытсыз екенін оңай анықтай аламыз. Ол адамның жүзіне өз ізін
қалдырмай кетпейді.

Огюст Сандер

Огюст Сандерстің фотосуреттеріне қатысты өзгеше қатынас қалыптасқан. Оның негізгі мақсаты да сол еді. Ол қарапайым дәрігер, аспаз, фермер сынды еңбек адамдарын фотосуретке түсіру арқылы әрбір тұлғаның болмысын ашуға тырысқан. “Біз адамның еңбек еткеніне қарап оның бақытты не бақытсыз екенін оңай анықтай аламыз. Ол адамның жүзіне өз ізін қалдырмай кетпейді” –дейтін Сандерстің еңбекші халықты бейнелеген портреттерін бағаламау мүмкін емес.

Оның Германияның Кёльн қаласында жұмыс жасайтын тас қалаушыны бейнеген фотосуреті – солардың бірегейі. Маңдай тері сорғалап тынымсыз  еңбектенуші жас жігіт ақадал еңбегінің арқасында еңсесін тік ұстап, қасқая қарап қалған.

Огюст Сандер осы іспетті фотосуреттерін жинақтап People of the 20th Century атты топтамасын шығарды. Ол – жеке адамдар бейнесін өнерге айналдыра білген нағыз портретист.

16. THE HAGUE

ГААГА

1930 жыл

Эрих Заломон

Жұрт Заломон
суретке түсірмеген шараның маңыздылығына сенбейді

Аристид Бриан, Францияның
премьер министрі

Эрих Заломон – қарапайым
жұртшылыққа саясаттың шымылдығын ашқан алғашқы саяси фоторепортер. Заломонның
“Гаага” аталатын фотосуреті – 1930 жылы өткен I Дүниежүзілік соғыс кезіндегі
герман репарациясына қатысты кездесудің куәгері. Таңғы 2-де дейін созылған
келіссөздерден шаршаған Сыртқы істер министрі фотографтың  Leica камерасының объективіне іліккен.
Суреттің London Graphic басылымына шығуы елеулі оқиғаға айналды.

Суретті көрген қарпайым адам өзін
темекі түтініне толы кабинетте саясаткерлермен бірге маңызды шешім қабылдап
отырған сезінді. Танымал тұлғаларды қарапайым ортада суретке түсіруді
қолданысқа енгізген Эрих Заломон саяси фотожурнализмнің бастаушысы ретінде де
өз есімін тарихта қалдырды.

 

17. BEHIND THE GARE
SAINT-LAZARE

СЕН-ЛАЗАР ВОКЗАЛЫНЫҢ АРТЫНДА

1932 жыл

Анри Картье-Брессон

Фотография
өнерінде бәрін сәттілікке тәуелді. Бұл жерде шарбақ бар еді, мен фотокамераны соның
арасына қыстыра қойдым. Бар болғаны бір-ақ секунд.

Анри
Картье-Брессон

Жылдамдық пен инстикт –Анри
Картье-Брессонның бойындағы таптырмас қасиет. “Сен-Лазар вокзалының артында” суреті –
фотографқа таптырмас осы екі қасиеттің өзара жанасқан шағының жемісі. Ол –жарық
пен қалып үйлесімділігін қас қағым сәтте сақтап үлгерген нағыз шедевр. Кинокадр
секілді визуалды эстетикаға толы суреттер жасау қабілетімен ерекшеленген. Мұндай суреттің ерекшелігі оның бір-ақ секундта түсірілуіне
қарамастан, детальдарға мән беруді ұмытпай, өзіндік стильді сақтай білуінде
болып отыр.

18. LUNCH ATOP A
SKYSCRAPER

ЗӘУЛІМ ҒИМАРАТ ТӨБЕСІНДЕГІ ТҮСКІ АС

1932 жыл

Белгісіз автор

Бұл суретті бір
көрген адам ешқашан ұмытпайды.

Кристин Рузель,
Rockefeller Center тарихшысы

Фотосуретте бір топ құрылысшы
темір арқалықтың үстінде тамақтанып, әңгіме-дүкен құрып отыр. Бірі шылым шексе,
екіншісі виски ішіп отырғанын көресіз. Мұның айрықша ештеңесі болмағанымен,
олардың 200 метр биіктікте отырғанын білген адам еріксіз таңқалады. Өйткені, 11
азаматтың бір де бірі қауіпсіздік белдігін тақпаған. Ұлы тоқырау жылдарында
жасалған аталмыш суреттегі құрылысшылар сол заманда өмір сүрген басқа да
адамдар секілді шарасыздықтан осындай жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Кадр
1932 жылы 29 қыркүйекте түсірілген, араға бір апта салып New York Herald
Tribune газетіне жарияланды.
XX ғасырдағы индустриализациялау
заманының символына айналған суреттің авторы 2003 жылға дейін белгісіз болып
келді. Соңғы зерттеу жұмыстары бойынша, оның
Чарльз Клайд Эббетс екені
белгілі болғанымен, бұл мәліметке күмән келтірушілер көп.

19. COUPLE IN RACCOON
COATS

ЖАНАТ ТЕРІСІНЕН ЖАСАЛҒАН ТОН КИГЕН ЕКЕУ

1932 жыл

Джеймс Ван дер Зи

Мен үнемі
адамдарды өздері қалағандай көркем, әдемі көрсетуге тырыстым .

Джеймс Ван дер
Зи

1930 жылдары өмір сүрген ақ
нәсілді америкалықтар үшін қара нәсілділер құлдан артық болмады. Олар
еленбейтін. Бірақ, камера объективіне үңілген Ван дер Зи мүлдем бөлек әлем
көретін. Әлемдік мәдениеттің айнымас бөлшегіне айналған қара нәсілділердің қадiр-қасиетiн
қорлайтындай карикатураларға қарсы тұру мақсатында фотограф олардың өмірінің
маңызды сәттерін суретке түсіруді алғашқылардың бірі болып қолға алған.

Ол жасаған ықпалды суреттердің
бірі осы “Жанат терісінен жасалған тон киген екеу”. Нағыз байларша киініп, аса
қымбат Каделлак көлігінде отырған адамдардың суреті көптеген қара нәсілді
жастардың “америкалық арманға” қол
созуына себепкер болған.

20. THE LOCH NESS
MONSTER

ЛОХ-НЕСС ҚҰБЫЖЫҒЫ

1934 жыл

Белгісіз автор

Шотландықтардың сенімі бойынша Лох-Несс көлінде құбыжық
мекендейді екен. Судың түбінде жүретін беймәлім жаратылыс иесін ешкім көрмеген,
оның қандай екендігі туралы ақпарат тек аңыз таратушылардың сипаттауынан ғана
белгілі.

Жоғарыдағы суретті кім түсіргені белгісіз. Оны 1934 жылы
Р.Кеннет Уилсон түсірді деген болжам пайда болды. Бұл болжам 1994 жылы сейілді. Зерттеу нәтижесі бойынша, мұндай
фотосурет жасауға Уилсонның екі сыбайласы көмектескен болып шықты. Ал, автордың
өзі фотография туралы былай дейді: “Құбыжық бар дегенге сенбеймін. Мен бар
болғаны көлде жүзіп бара жатқан жануарды суретке түсіріп алдым”.